«Қыдырымпаз» Сұлтановқа қалай сенеміз?

Батыр ЖАСҰЛАН

15.07.2021, 09:23

2441

       Нарықтағы баға әлі түсе қойған жоқ. Асау ат секілді бас идірмей тұр. Шарықтаған бағаны қалай тоқтатуға болады? Мұның жолын біздің бас ауырта қоймайтын шенеуніктер айта алмайды. Себебін әлемдік азық-түлік тапшылығынан және биылғы құрғақшылықтан көріп отыр. Әйтпесе...

      Жыл басынан бері сәбіздің бағасы 175 пайызға көтерілді. Картоп ­– 75, күнбағыс майы – 21, пияз – 18, қант 10 пайызға қымбаттады. Баға өсті, бірақ қарапайым жұртшылықтың жалақысы көтерілген жоқ.

      Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов картоп пен сәбіз бағасына қатысты болжамын айтып, жұртшылықты таңғалдырды.

    – Сәбіз тапшылығы барлық жерде байқалды. Тіпті  Өзбекстанда да осындай проблема бар. Шын мәнінде біздегі баға  сәбіздің бір бөлігін импорттауымыздан пайда болды, өйткені картоп пен сәбізге көрші Өзбекстан мен Ресейден сұраныс туды. Қазіргі уақытта картоптың бағасы  түсті. Күзде  айтарлықтай бірнеше есеге төмендейді, – деді сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

       Күлкілі нәрсе. Күзде сәбіз бен картоптың бағасы төмендейтінін министр емес, кез келген қарапайым адам да біледі. Сұлтановтың бұл болжамы, негізінен, жас балаға кәмпит беріп алдарқату  қана. Мұндай болжам айту министрге үлкен сын. Одан да осыдан бірер ай бұрын «картоп пен сәбіз қымбаттауы мүмкін, оның себебі...» деп болжам айтып отырса, онда Сұлтановтың болжамына сенуге болар еді.

        Орталық коммуникациялар орталығында есеп берген Бақыт Сұлтановтың болжамдары журналистерді ғана емес, жұртшылықты да сендіре қойған жоқ.

    – Сәбіз бағасының шарықтауына елдегі егіс алқаптарының қысқаруы себеп болды, – дейді Бақыт Сұлтанов.

       Ал егіс алқабы неге қысқарды? Мұның себебі неде? Мұның бірін де айта алмаған сауда және интеграция министрінің сөзінде әлі де тығырықтан шығудың жолын таппай отырғаны байқалады. Қысқасы, биыл сәбізді аз еккен екенбіз. Бар себебі осы ғана. Соңғы 10 күнде картоп бар-жоғы 7 пайызға арзандаған. Бағаның соншалықты түсіп тұрғаны байқалмайды. Өйткені азық-түлік қауіпсіздігі және онымен халықты қамтамасыз ету жағы дұрыс жолға қойылмаған. Бірқатар сарапшылар биыл күзде азық-түліктің кейбір түрі 40 пайызға қымбаттауы мүмкін деп отыр. Мұндай жағдайда қайтпек керек?

     – Азық-түлік қауіпсіздігі – басты міндет. Біз бұған жол бермейміз. Қазір ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп жатыр. Біз дер кезінде шешім қабылдаймыз. Азық-түлік экспортына шектеу қойылуы мүмкін.

Құрғақшылық болса осындай шаралар қабылданады, – деді Бақыт Сұлтанов.

       Рас, азық-түлік экспортына шектеу қою белгілі бір дәрежеде баға нарығына ықпал етуі мүмкін. Алайда бұл уақытша шара ғана. Бірақ тығырықтан шығарар жол емес. Оның үстіне, экспорт азайса, бұл да экономикаға кері әсерін тигізеді.

       Ең басты мәселе осы уақытқа дейін ұйымдастырудың мүлде нашар жүргенінен туындап отыр. Аймақтарда көкөністерді сақтайтын көтерме-үйлестіру орталықтары салынған жоқ. Көкөніс қоймаларының жоқтығы бағаға тікелей әсер етіп отыр. 2020 жылы министрлік Алматы және Түркістан облыстарында көкөністерді сақтайтын бес көтерме-үйлестіру орталығы құрылатынына уәде берген. Көкөністер жыл бойы сонда сақталуы тиіс еді. Өкінішке қарай, қойманың бірі де салынған жоқ. Бұл жоспар тек  қазіргі болжам бойынша 2022 жылдары ғана жүзеге асайын деп тұр. Азық-түлік қоймасы аз Қазақстан енді осылай күнелте береді.

        Сұлтановтың болжамы бойынша 2022 жылы аймақтарда 24 көтерме-үйлестіру орталықтары құрылмақ. Отыз жыл бойы болмаған қойма енді салына қалмақ. Алаңдайтын, ашынатын мәселе.  Бақыт Сұлтановтың айтуынша, «осындай  көтерме-үйлестіру орталықтары көкөністерді сақтап, маусымаралық кезеңде қымбатшылықтың алдын алуға көмектеседі». Сауда министрі бұл мәселені осы уақытқа дейін неге ойластырмады? Неге мемлекет басшысының тапсырмасы уақытында орындалмады? Биыл салынуы тиіс көтерме-үйлестіру орталықтарының мерзімі тағы кейінге қалды. Бұдан шығатын қорытынды: халықты ойлап отырған министр жоқ.

        Былтыр оңтүстіктің фермерлері ерте шыққан капустасын өткізе алмай қор болды. Амалдың жоғынан кей жерлерде тегін беруге мәжбүр болды. Ал биыл керісінше жағдай. Азық-түлік тапшылығы байқалып тұр. Мұның барлығы бірыңғай стратегиялық жоспардың жоқтығынан. Мұндай қисынсыз әрекеттер қашанға дейін жалғаса береді?

Жалпы, баға тым қымбаттап кеткеннен кейін ақталып, халық алдына енді шыққан, оның өзінде, бүкіл жұртты дүрліктіріп жеті күн көрші елдерді аралап, ақыры түк таппағандай Өзбекстаннан шие сатып алып келген «саудагер» Сұлтановтың сөзіне сенуге бола ма, жоқ па? Бәлкім, Өзбекстанның шиесін Дубайға сатып, екі ортадан пайда тапқалы отырған Сұлтанов картоп пен сәбізді басқа емес, сол Дубайдан әкелем деп айды аспанға шығарып жүрмесе болды әйтеуір. Не де болса, күзде санайтын дүниеміз көбейетін түрі бар. Соның бірі осы «қыдырымпаз» министрдің уәдесі...

Тегтер: азық-түлік қымбатшылық инфлияция

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еңлік АБАҒАН 13:22
Қарасай ауданы: Қоймалжың батпақ пен қою шаң
Нұрболат ӘЛДИБЕК 03.08.2021, 11:01
«Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 03.08.2021, 09:25
«Естімейтін үкімет» пен екпеге сенбейтін халық
Елеусіз МҰРАТ 03.08.2021, 09:20
Еріккеннің ермегіне айналған әлеуметтік желіге тәртіп керек
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 14:30
Қазақстандықтар қаржы пирамидаларына 21 миллиард теңге салған
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 12:04
Жаңа оқу жылы онлайн бола ма, офлайн бола ма?!

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58