Қымбат картоп: кім кінәлі - министрлік пе, әлде жергілікті билік пе?

Сайт әкімшілігі

20.08.2020, 13:27

572

Павлодарлық картоп ел тұрғындарына жақсы таныс. Дәмі тіл үйіретін, сапасы жоғары өнімді Нұр-Сұлтан қаласындағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерде жұрт жапа-тармағай талап алатыны да сондықтан болса керек. Күзде әр аймақтан Павлодарға жүк көліктерімен келіп, тонналап тиеп әкететіндер де көп. Алайда биыл сол «екінші нанның» бағасы сауда орындарында шарықтап тұр. Картоп құнының аспандап кеткені соншалық, құзырлы министрлік бекіткен шекті бағадан бірнеше есеге қымбат сатылуда. Ал шенеуніктердің қолдарынан бағаны өсірмеу жөніндегі меморандум жасаудан басқа түк келмей отыр.

Павлодарлық шаруалардың ерте көктемнен қара күзге дейінгі негізгі жұмысы – картоп өсіру. Биыл өңірдегі шаруашылықтар 1 миллион гектардан астам алқапқа тұқым салып, бүгінде алғашқы өнімдерді жинай бастады. Айталық, құрамына 98 шаруа қожалығы кіретін «Черноярский-2017» ауыл шаруашылығы кооперативі 600 гектардан картоп алуға кірісті. Кооператив басшысы Николай Надодевтың айтуынша, биылғы пандемия шаруаларға айтарлықтай қиындықтар тудырды.

«Төтенше жағдай кезеңі егіс науқанымен тұспа-тұс келді. Сондықтан Нидерландыдан картоп тұқымы кешігіп жетті. Бұл – бір. Екіншіден, теңгенің құлдырауынан тұқымның бағасы бірден аспандап шыға келіп, 400 мың теңгеге дейін жетті. Ол аздай, техникалардың қосалқы бөлшектерін нарықтан табу, сатып алу қиын болды. Соған қарамастан, тиісті жұмыстарды ойдағыдай атқардық», — дейді Николай Надедов.

Бүгінде бұл кооператив гектарынан шамамен 250 центнер картоп алып жатыр. Жалпы, облыс тұрғындарының картопқа қажеттілігі 115 мың тоннаны құрайды. Ал жыл сайын орта есеппен алғанда 500 мың тонна картоп жиналады. Яғни, жергілікті тұтынушылардың сұранысынан бес есе артық өнім болады.

Бірақ павлодарлық шаруалар өнімді күзде жаппай сатпайды. Олар картоптың бағасы қымбаттайтын қыс пен көктемді күтіп, өнімді көкөніс қоймаларында сақтайды. Баға өсті-ау дегенде ғана сатылымға шығарады.

Ақсу қаласының ауылдық аймағындағы «Тимур» шаруа қожалығының басшысы Тимур Мингазовтың айтуынша, биыл екі мың гектар суармалы алқаптан 50 мың тонна картоп пен көкөніс алу жоспарда бар. Қазіргі таңда өнімдердің алғашқы легі жиналып, дүкен сөрелеріне жөнелтілуде.

«Біздің шаруашылықта өскен көкөністерді еліміздің барлық өңірінен келіп алады. Әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларынан жиі келеді. Жақында өнімнің біраз бөлігі  Шымкентке жөнелтілді. Жалпы, біз жиналған өнімнің 30 пайызын ғана күзде сатамыз. Ал қалғаны жыл бойы сатылымға шығарылады. Оларды сол қалпында сақтауға көкөніс қоймаларының қауқары жетеді», — дейді шаруашылық басшысы.

Павлодарда картоп қазір де арзан емес. Статистикалық деректерге сүйенсек,  шілдеде картоптың бір келісі орта есеппен 135 теңгеге сатылды. Бұл маусымдағы бағадан 7,6 пайызға қымбат. Ал ҚР Сауда және интеграция министрлігі бекіткен құжатқа сәйкес, үшінші тоқсанда сауда орындарындағы картоптың бір келісінің бағасы 57 теңгеден аспауы тиіс еді. Іс жүзінде мүлде олай емес. Дүкендерде картоптың келесі бұл бағадан екі-үш есеге қымбат.  

Картоп Үкімет бекіткен әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің тізімінде болғандықтан, оның бағасын бақылау, реттеу, негізсіз өсірмеу – жергілікті биліктің міндеті. Алайда атқамінерлер баға мәселесіне аса бас қатырмайтынға ұқсайды. Өйткені павлодарлық картоптың қымбаттығына министрліктің өзін кінәлап шыға келді.

«ҚР Сауда және интеграция министрлігі бекіткен бағалар тым төмен. Сондықтан Павлодардағы картоп бағасы қымбат болып есептеліп отыр. Осыны ескеріп, құзырлы министрлікке шекті бағаларды қайта қарау жөнінде хат жаздық», — дейді жергілікті кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшылығы.

Олар картоптың бағасын реттеу үшін 3 мың тонна өнімді сатып алып, оны тұрақтандыру қорында сақтап, баға өскен кезде облыстағы 302 әлеуметтік сауда нүктесінде сатпақ. Сондай-ақ,  «Егістіктен – дүкен сөрелеріне дейін» қағидасы бойынша ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен 115 меморандум жасапты. Соның негізінде шаруалар картопты нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмен жеткізуге тиіс екен. Ал бұл меморандум іске асып, жергілікті шаруалар нарықты картоппен қамтығанға дейін тұтынушыларға өзімізде өсетін өнімді қымбатқа сатып алудан басқа амал қалмай отыр.  

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 26.05.2023, 18:00
Тоқаев Ақордада Абу Даби шейхін қабылдады
Бифат ЕЛТАЕВА 26.05.2023, 15:00
Жамбыл облысы: Отандық БАҚ саясаты
Сайт әкімшілігі 26.05.2023, 12:11
Алматы облысында энергия тапшылығы қалай шешімін табады?
Сайт әкімшілігі 26.05.2023, 11:00
Министр БАҚ пен журналистиканың жайы туралы айтты
Жарас ШӨКЕ 26.05.2023, 09:51
Қазақтың жерін саудалап жүрген кім?
Сайт әкімшілігі 25.05.2023, 12:24
Шымкент – 100 пайыз

Аңдатпа


  • Келген қазақ құжатсыз, туған бала тұрақсыз
    26.05.2023, 10:25
  • Қазақтың жерін саудалап жүрген кім?
    26.05.2023, 09:51
  • Құқығың бұзылса, депутатқа айтасың, депутат бұзылса, кімге айтасың?
    26.05.2023, 09:13
  • Ғинияттың 207 мың кемшілігі
    25.05.2023, 10:00
  • Орталық Азияның «отағасы» кім?
    25.05.2023, 09:31