Қымбатшылық жағадан, ақылы жолдар етектен...

Еркенұр ҚОНЫСБАЙ

24.05.2023, 09:39

797

Сайлау өтіп, шенеуніктер жайлы орындарына жайғасып алған соң еліміздегі қымбатшылық қайта өршіп, тіпті ақылы жолдардың көлемі де өсе түскені белгілі болып отыр. Әшейінде «кең байтақ жеріміз бар» деп мақтанғанымызбен енді Қазақстанның о шетінен бұ шетіне жету мұңға айналатын түрі бар.

1 479 шақырым жаңа жолда енді тек ақы төлеп қана жүреміз

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллиннің мәліметінше, биылға дейін республикада жалпы ұзындығы 2,2 мың шақырымды құрайтын 11 ақылы автожол учаскесі болған. Аталмыш жол 2013-2021 жылдар аралығында кезең-кезеңімен енгізілген жолдар еді. Атап айтқанда, 2013 жылы 211 шақырымдық «Астана–Щучинск» тұңғыш автобаны ақылы болды. 2019 жылы «Астана–Теміртау», «Алматы–Қапшағай» және «Алматы–Қорғас» бағытындағы жалпы саны 682 шақырымда көліктерден ақы жинау басталды. Ал  енді «Астана–Павлодар», «Қапшағай–Талдықорған», «Тараз–Қайнар», «Шымкент–Қызылорда», «Шымкент–Тараз», «Шымкент–Ташкент», «Щучинск–Көкшетау» аралығындағы жалпы ауқымы 1 479 шақырым жаңа жолда енді тек ақы төлеп қана жүру мүмкін болады. Былтыр қанды қаңтар оқиғаларынан соң елімізде ақылы жолдарға көшіру процесі біршама саябырсыған еді. Алайда биыл қайтадан ақылы жолдардың саны еселеп өсетіні белгілі болып отыр.

Негізі о баста билік 2025 жылға дейін 11 мың шақырымдық республикалық маңызы бар жолда ақы жинауға жанталаса кірісіп кетуді жоспарлаған еді. Алайда былтырғы қымбатшылыққа қатысты наразылықтар бұл жұмысқа біршама қолбайлау болды. Биыл қаңтар оқиғасы біршама ұмытылып, көзделген шенділер қалаған орнына отырып алған соң, ақылы жолдардың санын арттыру қайта қолға алынғаны белгілі болып отыр. Яғни Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті Алматының жаңадан салынып жатқан үлкен айналма жолы ақылы болатынын жариялады. Осы мақсатта аталған министрлік басшысының «Ақылы негізде «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы» республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолының учаскесін пайдалану туралы» жобасы әзірленді. Құжатқа сәйкес, «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының біршама бөлігі ақылы негізде пайдаланылады».

Комитет мамандары ақы төлегісі келмейтін көлік иелері үшін Алматы қаласы мен Алматы облысының арасын қосатын басқа да жолдардың барлығын нұсқады. Алайда олардың сапасы нашар.

Теміржол билеттері 80 пайызға дейін қымбаттаған

Жаз қазақтың демалысын алып, алыс жақынды түгендеп, шапқылайтын мезгіл. Бұл қымбатшылықтың дәл осы мезгілде қолға алынуы да қазақтың қалтасын қағып қалайық деген ниеттен туғандай көрінеді. Өйткені қатынас құралының бірі пойыз билеттерінің де айтарлықтай қымбаттағаны белгілі болып отыр. Ресми статистика Қазақстанда теміржол билеттерінің бағасы бір жылда 27 пайызға көтерілген. Әсіресе бағаның өсуін Шымкент тұрғындары сезінген. Оңтүстік мегаполисте пойызбен жүру құны шамамен 80 пайызға өскен көрінеді. Жетісу облысының тұрғындарына да теміржолмен саяхаттау тиімсіз болып тұр. Мұнда баға 47 пайызға өскен. Антирейтингтің үштігіне Қызылорда облысы кірген. Жалпы орташа есеппен алғанда плацкарт вагонымен республикалық қатынау 28 пайызға өскен, ал купемен жүру 27,5 пайыздық өсімді көрсетіп отыр.

Өз көлігімен шықса жанармайына шығынданғаны аздай, ақылы жолдарға да ақша төлейді. Пойыз билеті мынау, ұшақ билеті тіпті ұшып тұр. Онсыз да шетелде демалу арман болған қазаққа енді ел ішінде емін-еркін жүру де қиял секілді.

Ақылы жолдардың қызығын кім көріп отыр?

Қыста Алматының айналасындағы ақылы жолдарға халықтың наразылығы жоғары болды. Өйткені тазартылмаған жолдар халықтың қауіпсіздігіне жауап бере алмайды. Осыған дейін де талай рет ақылы жолдарда ірі жол көлік апаттары тіркелген болатын. Сапасы мен қызметі талапқа сай келмейтін ақылы жолдар халықтың қалтасын қағып қана қоймай, құқығын да бұзып отыр.

Дәл қазір елімізде 2,2 мың шақырым ақылы жол бар екен. Былтыр  ақылы жолдан 20 млрд теңге табыс түскен көрінеді. Жолға жауаптылар жиналған қаражат жолдарды күтіп ұстау мен жөндеуге жұмсалатынын айтады. Алайда қыстай тазартылмаған ақылы жолдар, бұл сөздің бос сөз екенін көрсетеді. Ендеше, ақылы деген атына сай, көлік жүргізушілеріне ұсынылатын сапалы қызмет пен қауіпсіздік деңгейіне кім жауап береді? Мәселен, биыл бірнеше рет қар жауса да Алматының айналасындағы ақылы жолдар тазартылмады. Ақылы жолға жауапты құзырлы орындардың ешқайсысы жауапкершілікті мойнына алмаған соң ашынған халық әлеуметтік желі арқылы наразылықтарын білдіріп жатты.

Тағы бір айта кетер жайт, шетелде ақылы жолда ең алдымен қауіпсіздік мәселесіне басымдық берілген. Ал біздің еліміздегі қардан тазартылмайтын, дұрыс ойластырылмағандықтан, бетоннан салынған тас жолдардың кейбір бөлігінде көпір астындағы судан шыққан будың бетон үстін мұзға айналдырып, жиі көлік апатын тудыратыны көп айтылады. Әйтсе де ақылы жолдардан қаржы жинап алуды білгендер, көлік жүргізушілерінің сынын естімеген сыңай танытады.

Біз еліміздегі ақылы жолдар халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр ма, әлде құқығын бұзып отыр ма деген сауалды заңгер Берік Нұрмұхамбетке қойдық.

«Ақылы жолдар қазақстандықтардың құқығын бұзып отыр деп ойлаймын. Өйткені ақылы жол болғаннан кейін, яғни шет мемлекеттен алынған үлгі ретінде ол жерде тегін жол да болуы тиіс. Тегін жолдың сапасы дұрыс, ал ақылы жол одан да асып түсуі тиіс. Ал қазақстандықтарда таңдау жоқ, тек бір ақылы жол, сол себепті де бұл халықтың құқығын бұзады. Қазір ақылы жолдарға қарыз көлік жүргізушілерінің де саны артқан. Алдағы уақытта халықтың қалтасын қаққанымыз аздай, оларды қарыз етіп, оның үстіне қарызын өтемесе ақылы жолмен жүргізбей қою халық құқығын бұзу екені сөзсіз», – дейді.

Расында да ақылы жолдардың санын еселеп арттырғанша, сол ақылы жолдардың қызмет көрсету сапасына неге мән бермеске?!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 18:00
«Жасыл Қазақстан» экологиялық мәдениетімізді көтере ала ма?!
Жанна АХАТҚЫЗЫ 15:26
Әйел өз құқығын білуі керек
Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ 13:13
ҚАЗАҚПЫЗ ҒОЙ...
Нұрболат ӘЛДИБЕК 09:37
Жамбыл полициясынан досың болса, қалтаңда пышағың болсын
Сайт әкімшілігі 07.06.2023, 17:40
Маңғыстау туризм орталығына айнала ма?!
Еркежан АРЫН 07.06.2023, 14:15
QR-код: тұтынушының құқын қорғай ала ма?

Аңдатпа


  • 100 қойдан 180 қозы алу синдромы немесе Бейсембаев пен Жақыпов мектепке барады
    10:12
  • Жамбыл полициясынан досың болса, қалтаңда пышағың болсын
    09:37
  • «Көше сыпырғыш әкім» көшелі брифинг өткізе алмайды
    09:01
  • Біздің жауымыз – жалған статистика
    07.06.2023, 12:30
  • «Ескерткішті Назарбаевқа қойғанда, сен де депутат болар едің»
    07.06.2023, 11:00