Қытайдың шірімейтін, Ресейдің ірімейтін өнімдері қазаққа қауіп

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

18.03.2022, 07:28

2161

«Қаным қымыздан, жаным еттен», дейтін қазақтың бүгінгі тұтынып жүрген ас ауқатының таза экологиялық ас емес екені белгілі. Осыған орай, «Қазақстан үшін алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты талаптарды қатайту керек», – деп жүргендер де жоқ емес. Олай етпесек, ішкі нарықты гендік модификацияға (ГМО) ұшыраған өнімдер басып алу қаупі басым. Бұл саланы жете зерттеп жүрген  ғалымдардың айтуынша, қазірде Қытайдың шірімейтін көкөністері мен Ресейдің ірімейтін өнімдері ағазамызға үлкен қауіп төндіріп отыр. Цитогенетик ғалым Феруза Бекбосынованың айтуынша, бұл мәселе жеке бастың ғана проблемасы емес. Аңғарғанға, бұл қоғамның үлкен дертіне айналып барады.

Еуропа ГМО-сыз өнімді бағалай бастады, ал біз ше?

Феруза Бекбосынова алға тартып отырғандай, қазір әлем бойынша ГМО-сыз, яғни, таза өнімдер өте жоғары бағаланып отырған тұс. Ал біздегі қарапайым көпшіліктің дені бұл мәселеге аса мән бермей жүр.

– Зерттеулер көрсетіп отырғандай, біздің халықтың ГМО-ға келгенде, сауаттылығы төмен. Қазір сіздің өзіңіз дүкеннен өнім алып жатқанда, оған ГМО қосылған ба, қосылмаған ба, нақты тексеріп, зерттеп алмайсыз. Бағасы арзан, қолжетімділігіне бірінші кезекте қарайсыз. Сосын, қалтаңыз көтерсе, бітті, соны аласыз. Мен алысқа бармай-ақ, өзім білім алып келген Австралияны мысал етсем, Австралияда ГМО өнімдерге қатысты заң талабы қатаң. Олар азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше мән беріп отырғандықтан, ГМО өнімдерін сатылымға шығарғандарға салатын салық түрін өсірген. Олардың табиғи өнім өндіретін өндірушілерге деген ықаласы жоғары. Ал бізде сырттан келіп жатқан импорт тасқынына қатаң талап, тексеріс қойыла бермейді. Қазір дүкендерімізде самсап тұрған өнімдердің басым бөлігі гендік модификацияға ұшыраған өнімдер. «ГМО-сыз» деп, қаттама сыртында нақты жазылғанымен, бізде оны сатылымға шықпастан бұрын, нақты талап етіп, зерттейтін зертханалық база жоқ. Осыдан кейін, ішкі нарыққа мұндай өнімдер емін-еркін еніп жатыр, – дейді цитогенетик.

Ғалымның пайымдауынша, біз болашақта осы олқылықты реттеу үшін, алдымен, Қытай мен Ресейден келетін өнімдерге бақылау енгізгеніміз абзал. Азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты заңға өзгертулер енгізгеніміз жөн. Бұдан кейін барып, нақты өнімдердің сапасын бақылайтын заманауи зертханалық база құруға күш салу қажет.

  

 ГМО: созылмалы аурудың бастауы…

Жалпы, мамандар алға тартып отырғандай, қанша жерден ГМО адам өміріне қауіп төндіру үшін жасалмаған. Ол тек өнімдер суыққа төзімді, ыстықта былжырап кетпеуі үшін қолданылған әдіс десек те, мұндай өнімдердің денсаулыққа кері әсері жетіп жатыр. Бұл ретте, медицина ғылымының докторы, профессор Айдарбек Жанқабыловтың айтуынша, ГМО-ға ұшыраған өнімдер созылмалы дерттерді тудырып отырғанын әлем мойындап отыр.

– Зерттеулерге жүгінсек, соңғы 4 жылда азық-түлік өнімдерінен болатын аллергиялық ауруға шалдыққандардың деңгейі де күрт өскен. Негізінде, гендік модификацияға ұшыраған өнімдердің «жемісі» бір күнде білінбейді. Олар жылдар өткен сайын біліне бастайды. Атауының өзі айтып тұрғандай, гендік өзгертуге ұшыраған гармондар егілген өнімдер қанша жерден адамға зияны жоқ десек те, оның кері әсері болады, – дейді профессор.

Тарихына жүгінсек, бұл жүйені негізінде Қытай елі ойлап шығарды. Қытай үшін қазір 1,5 млрд-тан астам халықты асырау оңай болып отырған жоқ. Артынша, Ресейде бұл әдіс кеңінен қолдана бастады. Алпауыт елдердің азық-түлік тапшылығын жою мақсатында қолға алған осы әдісі біздің нарыққа да дендеп еніп кетті. Тіпті бүгінде балалар өнімдерінің кейбір түрлері де трансген өнімдер. Мұны ата-аналар ескеріп те жатпайды. Қарапайым халық гендік модификация дегенді ұғынбай жүр. – ГМО созылмалы аурудың бастауы. Мұның артында халықтың денсаулығы, яғни ұлттың саулығы деген мәселе тұрғандықтан, бұған бей-жай қарауға болмайды. Сондықтан гендік инженерияға қатысты заң талаптарын қатайту керек. Сол кезде бақылау күшейтіледі, – дейді Айдарбек Жанқабылов.

Еуропада егілмеген сиырдың бір бүйрегі 250$

Негізінен, мамандар алға тартып отырғандай, қазір әлемнің тәбеті ГМО-сыз азық-түлікке ауа бастады. Бұл ретте, мамандардың айтуынша,  Еуропада ГМО-сыз таза экологиялық жолмен өсірілген сиырдың бір бүйрегінің өзі 250 доллар тұрады. Сондай-ақ ол елде табиғи таза ет өнімінің бір келісі 300 долларды құрайды. Табиғи көкөністер мен жемістердің бағасы да осы шамалас, қымбат. Шетелдерде ГМО-сыз өнімдер бөлек, бір сөреде сатылса, табиғи таза өнімдер келесі сөрелерде, бөлек сатылады екен.

«Ал бізде барлығы қабаттасып, бірге сөреде тұра береді. Оның ішінен көпшілікке таза өнімді таңдап алу да қиынға соғады. Бұдан кейін қарапайым халық техникалық регламентті оқымай-ақ өнімдерді сатып ала береді. Мұның өзі бізде азық-түлік таңдауда сауаттылықтың жетіспейтінін білдіреді. Сондықтан болашақта осы мәселелерге қатты мән берілуі тиіс. Ұлттың саулығын ойласақ ұлттық экономика, сауда және интеграция министрліктері осы жайтқа мән беруі керек», – дейді мамандар.  

Тегтер: ГМО азық-түлік мәселе қауіпсіздік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
«2 градусқа дейін аяз болуы мүмкін»: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Бифат НҰРМАХАН 09:40
Солтүстіктегі солақай тірлік
Жарас КЕМЕЛЖАН 07:48
Қазақ кредитке кіріп тұрып қуанады
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 15:15
Балаларға арналған спорт секциялары ашылуда
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.05.2022, 13:35
Сот белсенділігі уақыт талабы
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 12:05
Жастарды қолдау маңызды

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01