«Қызыл сызықтағы» заңсыз үйлер тұрғындардың наразылығын тудырып отыр

Бифат ЕЛТАЕВА

21.07.2021, 09:45

2306

     «Қызыл сызық» үстіне  үйлер салу бойынша Алматы облысы Қайнар ауылдық округіне қарасты Жаңалық ауылы көш бастап тұр.  Шенеуніктер тұрғындардың қарсылығына қарамастан, «қызыл сызықты» көзге ілмей, жерлерді арзан бағада сатып, тіпті су құбырының үстінен үйлер салып тастаған. Бетімен кеткен бассыздыққа күйінген ауыл ақсақалы Дүйсенбек Жүнісов редакцияға шағымданды. Ол бұл жерлердің сатылуында үлкен сыбайластық бар деп күмәнданады.

— Бұл келеңсіздікпен алысқаныма 5-6 жыл болды. Бәрін бүлдіріп жүрген осында Мейрам Қасенов деген бұрынғы әкімнің жер сатқыш сыбайласы бар. «Қызыл сызық» па, судың үсті ме, заңды ма, заңсыз ба – қарамайды, жердің бәрін сатып жатыр. Бұның бәрін көруге көз шыдамай, ұлттық арнаны да шақырттым. Сол уақытта комиссия да келді. Бірақ бұлар комиссияға өтірік генплан жасап, көрсетті. Менде генпландардың суреті де бар. Өйтіп-бүйтіп, бұлар жобаның жартысын көрсетер-көрсетпестен қашып кетіп отыр. Олардың осындай өтіріктерін беттеріне басқаным үшін ауылдың жиырма шақты адамын маған қарсы айдап салып, соққыға жыға жаздады.

    Ал жағдайды басынан айтар болсам, Жаңалық елді мекенінде бұрын істеп кеткен әкімнің шешімімен бірқатар жер учаскелері тұрғын үй салу үшін берілген. Алайда сол жерде ауызсу құбырын ескермей, үй салып жатқан жер пайдаланушылар бар. Барлық құжаттары бар азаматтар тиісті тіркеу мекемесіне құжаттарын тіркетіп алған. Қарапайым халық қайдан біледі? «Заңды әкімнің шешімімен алдық» деп құрылыс жұмыстарын жүргізуде.  Ауданда құрылыс жүргізу үшін рұқсат қағазды ауданның сәулет және қала құрылысынан алады. Олар қайда қарап отыр? Ертең су құбыры жарылса, кім жауап береді? – дейді Дүйсенбек Жүнісов.

     Ауыл тұрғыны Арухан Әжікеева ауылға комиссия мүшелері келгенімен, үйінің алдындағы салынып жатқан нысанды көрмей кеткенін әділетсіздік деп санайды.

— Ауылымызда ауызсу құбырының үстінен үйлер салынып жатыр. Көршілер болып қарсы шыққанымызбен, құлақ аспайды.  Арықтың бойы мен су құбырының үстіне салынып жатқаны көзге көрініп тұр. Ол жер есігіміздің дәл алды десем де болады. Ештеңе салуға болмайтын «қызыл сызықтағы» жер болған соң, өзіміз де пайдаланбай келдік осы уақытқа дейін. Ал бұлар болса ойланбастан сатып алды да, үй салып тастайды. Таңғалғаным, менің де, көршілердің де есіктерінің алдына үйлерді жөнді-жөнсіз салуда. Дүйсен аға осы құрылыс басталмай жатып  шыр-пыр болып келеді. Ауылға комиссия келгенде, үйімнің алдындағы салынып жатқан үйді көрмей кеткен. Ол уақытта мен жұмыста болатынмын. Сол кезде Дүйсен аға маған «есігіңнің алдындағы салынған үйді комиссия мүшелері көрмей кетіп бара жатыр, өзің көрсет» деген еді.  Оны ести сала дереу үйге келіп, көршілерді жинап, комиссияны күтіп едік, олар келмей қойды, – деп қынжылады ауыл тұрғыны Арухан Әжікеева.

       Ал Қыдырбек Нұғыманов есімді ауыл тұрғыны да салынып жатқан үйлерге наразылығын білдіріп, белең алып бара жатқан проблеманың одан әрі өршіп кетуіне алаңдайды.

— Бір жағы «қызыл сызықтың», бір жағы» су құбырының үстінен үйлер салынуының қаупі зор. Егер су құбыры жарылса сусыз қаламыз, – дейді Қыдырбек Нұғыманов.

Мәселені біржақты қарамай, ауыл тұрмысына, құрылысына жауапты мекемелерге де хабарласып, пікірлесіп көрдік. Алайда аудан әкімі Қайдар Әбдіханов бұл сұраққа құрылыс мамандары жауап беретінін айтып, басын ала қашты.

 Ал Талғар аудандық «Су құбыры» мекемесінің өңір басшысы Жұмабай Қасымбаев: 

— Жалпы, ауылда 38 шақырым жерді алып жатқан құбырлар бар. Бірақ оның қай жердің астынан өтіп жатқанын архитекторлар біледі. Біз тек жарылған құбырды жасаймыз және біздің міндетіміз – тек халыққа су беру, – деп қысқа қайырды.

  Әкім жауап бере алмаған сұраққа, мүмкін, құрылыс мамандары жөнді жауап берер деп, Талғар аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дәурен Мұқановқа да хабарластық. Әңгіме барысында олауылда рұқсат қағазынсыз үй салып жатқандардың бар екенін мойындап отыр.

— Үй салып жатқандарға алдын ала «құрылысты тоқтатып, рұқсат қағазын алыңыздар» деп хабарлама бергенбіз және нысандар тек жобамен салынуы керек деп, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіздік.  Кейбір үйлерін заңдастырмаған тұрғындар қазақылыққа  салынып, «үйлерді салып болған соң заңдастырамыз» дейді. Тағы бір айта кетерлігі, нысандардың салынуына байланысты халық арасында да әлеуметтік іріткі туындап отыр. Бірі құрылысқа келіссе, бірі келіспейді. Ал су құбырының үстінен үй салып жатыр дегенге толықтай келіспеймін. Өйткені су құбыры жер учаскесінен 1-2 метр арақашықтықта салынған, – дейді Дәурен Мұқанов.

   Ауылды жайлаған заңсыздыққа тек тұрғындар ғана емес, жер қатынастары бөлімінің де мамандары наразы екен. Себебі жер бөліміндегі мамандармен хабарласқанымызда, ешқандай заңсыздықты айта алмайтындай тұсау күйде екендіктерін былайша жеткізді.

— Жерді әкімдік оңды-солды таратып жатыр.  Су құбырының үсті мен «қызыл сызықтың» үстерінен заңсыз үйлер салынғанына наразы Дүйсен Жүнісовтің көтеріп жүрген мәселесі дұрыс. Бірақ оны тыңдап жатқан ешкім жоқ, тиісті орындар жауапсыздық танытады.  Бұл былыққан іс бұрыннан бері әлі жалғасып келеді. Ал су құбырының үстінен жер беру деген сұмдық қой. Ертеңгі күні су құбырлары жарылса, біріншіден, үй иесі үлкен зардап шегеді. Екіншіден, тұрғындар ауызсусыз қалады. Былайша айтқанда, алдыңғы жылдары ұшақ құлап, заңсыз салынған үйге соғысқан болатын. Сондай заңсыздықтың салдарынан жеті адам сотталды. Қаншама адам қаза тапты. Бұндай заңсыздықтар елімізде қашанға дейін жалғаса бермек? – дейді аты-жөнін жарияламауды өтінген маман.

    Бұл мәселені бізге дейін ұлттық арналар Жаңалық ауылына арнайы барып түсірген көрінеді. Содан кейін қанша адамның құрылыс жүргізуге рұқсаты бар-жоғы анықталып, кейбір заңсыз салынып жатқан нысандардың жұмысы тоқтатылған.  Бірақ бұл жауап әлі де толық қанағаттандырылды деп айтуға болмас. Себебі құрылыс мамандарының сөздерінен әлі де кейбір тұрғындардың құжаттарын заңдастырмай, үй салуының бәсеңдемегені байқалады. Мұндай жүйесіздіктің соңы неге әкелері белгісіз. Сондықтан «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, ортақ істің шешімін табу барысында тұрғындар мен құзырлы орындардың ашық пікірлесіп, ортақ шешімге келгенін жөн санаймыз. Бұл, жалпы, қоғамға пайдалы.

Тегтер: жер реформа комиссия ереже өкім

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еңлік АБАҒАН 13:22
Қарасай ауданы: Қоймалжың батпақ пен қою шаң
Нұрболат ӘЛДИБЕК 03.08.2021, 11:01
«Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 03.08.2021, 09:25
«Естімейтін үкімет» пен екпеге сенбейтін халық
Елеусіз МҰРАТ 03.08.2021, 09:20
Еріккеннің ермегіне айналған әлеуметтік желіге тәртіп керек
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 14:30
Қазақстандықтар қаржы пирамидаларына 21 миллиард теңге салған
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 12:04
Жаңа оқу жылы онлайн бола ма, офлайн бола ма?!

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58