01.07.2022, 12:15
2312
Орталық коммуникациялар қызметінде мамандар аймақ тұрғындарын үй жануарлармен жұмыс істегенде абай болуға және зиянкестерден қорғануға шақырды.
«Конго-Қырым геморрагиялық безгегін жұқтырғандардың көбі ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылды. Олардың 70% клиникалық белгілердің бар екеніне қарамастан, дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеген. Қазір тұрғындар ем қабылдап жатыр», – деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Оның айтуынша, облыста Конго-Қырым безгегін тарататын кененің 16 түрі бар. Нәтижесінде жыл сайын ауру тасымалдаушы кенелердің саны көбейген. Республика бойынша кене шағу көрсеткіші орташа 4,2 болса, облыста бұл көрсеткіштен асып кеткен.
Әлия Әбдіқайымова Конго-Қырым безгегінің мамыр және маусым айларында қауіпті екенін мәлімдеді.
Облыстық инфекциялық аурухананың бас дәрігері Айна Мұхамбетованың сөзінше, ауруханаға түскен науқастардың барлығы ауруды соңғы аптада жұқтырғандар.
«Ауруханаға түскен күннен бастап арнайы препараттар беріледі, күшейтілген 3 реттік зертханалық сараптама жүреді. Конго-Қырым безгегінің негізгі белгілері бас айналу, жүрек айну, безгек және іш өту. Бұлардан бөлек тіс пен мұрын қанауы мүмкін. Егер осы белгілер байқалса, бірден медициналық сараптамадан өту керек. Себебі ауру асқынып кетуі мүмкін», – деді Айна Мұхамбетова.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР