Қызың – алтын, ұлың – күміс

Амангелді СЕЙІТХАН

03.06.2021, 16:01

2013

      Дубайда бокстан кезекті Азия біріншілігі өтті. Қазақстан құрамасы сегіз алтын медаль алып, жалпы есепте топ жарды. Бас жүлденің бәрі де қыздарға тиесілі.

        Зар да айтылды, запыран да төгілді. Түңілгендер көп. Біріншілік қорытындысына зер салып, үңілгендер де бар. Қазақстан жалпы есепте топ жарса да, соған шаттанған кісі аз. Себебі түсінікті. Бас жүлдені тек боксшы қыздар иеленді. Тоғызы финалда өнер көрсетіп, Владислава Кухта екінші орынды місе тұтты. Ал Алуа Балқыбекова, Назым Қызайбай, Дина Жоламан, Римма Волосенко, Милана Сафронова, Валентина Хальзова, Фариза Шолтай және Ләззат Күнгейбаева бірінші орынға  тігілген ақшалай бәйгені қалтаға салды. Марина Вольнованың қола медаль алғанын да айта кетейік. Бір жарыстан мұнша медаль алу жаңалық. Рас, Қытай, Жапония, Корея, Таиланд секілді боксы дамыған елдердің құрлық чемпионатына келмей қалуы да біздің қыздарға теріс болған жоқ. Қисыны келіп, реті түсіп, қоржынды жүлдеге толтырдық. Қазақтың боксшы қыздарының жетістігі жылнамаға түсті. Азия біріншілігі тұрғанша осы рекорд ел аузында жүреді. Оны бұзу үшін төтенше бір ерлік қажет болатыны бесенеден белгілі. Сонша чемпион ұсынған жарысқа біздің ел неге өкпелі? Енді соған көшейік.

       Ерлер финалына дейін Қазақстан қабағына кірбің ұялаған жоқ. Бес бірдей жігітіміздің алтын медальды сарапқа салатыны шаттандырды, әрине. Төртеуі басты қарсылас – Өзбекстан спортшыларына қарсы шығатын еді. Кемінде екеуін ұтамыз деген дәме болғаны да жасырын емес. Тіпті кімдердің асығы алшы түсетінін де топшылап қойды біздің жанкүйерлер. Мамандар жақ ашқан жоқ. Көбі басын шайқады. Дипломатияны меңгергендері «енді бәрін ринг шешеді» дегенмен тоқталды. Ел күткен жекпе-жек те бар еді. Бұған дейін алты рет кездесіп, жеңісті кезек иеленіп келген Қамшыбек Қоңқабаев пен Бахадор Жалолов арасындағы бәсеке. Жетіншіде Қамшыбек желпінер дегенбіз. Бірақ Бахадордың былтырдан бергі жекпе-жектерін қарап, оның да шоқтығы биік екенін байқадық. Финалға бес жігіт шықты дедік қой. Енді солардың өнерінен не өнгенін еске түсірейік.

       Салған жерден Азия чемпионатының күміс медалін иеленген Даниал Сәбитті сөге алмайсыз. Қайта арқадан қағып, мақтау артық етпейді. Финалда ол алған бетінен тайған жоқ. Тайсақтауды табиғатына сіңірмеген, қорқудың не екенін әлі түсінбейтін албырт Даниалдың өзбек боксшысына шамасы келмеді. Барын салды. Жанып та кетпеді. Азу көрсетіп, соққыға соққымен жауап беріп, өзінің бокстан алар үлесі бар екенін байқатты. Айтпақшы, ай бұрын Сан-Петербор турнирінде Ресей құрамасының өкілі Игорь Царегородцевті де біраз сабаған еді. Алайда төрешілер ринг иесіне жақтасқандай болды. Көкек айындағы керемет боксты еске түсіргеніміз –  жасы он сегізден енді асқан Даниалдың, бұйыртса» бір-екі жылда ысыла түсетіні белгілі. Алда әлем чемпионаттары бар дегендей. Талабы таудай Даниал жеңіл салмақта олжа салған ағаларының жеңісті жолын жалғастырса құба-құп. Кешегі Кәрімжан Әбдірахмановтың, бергідегі Болат Жұмаділов деңгейіне жетеқабыл жұдырықтасса да, талай тауға шығады.   

     Сәбит финалда Нодиржан Мырзахметовпен жолыққанын білесіздер. Нодир – Азия чемпионы. Біздің Даниал біреудің атағынан қаймығатын жігіт емес. Қабағын болмаса да, басын жарды. Сүзісе кеткенде. Қаны сау еткенде өзіне қанша сенімді болса да, Мырзахметовтің мырс етпегені түсінікті. Лириканы жиып қойып, жекпе-жекті баста қайта айналдырсақ, төрешілер қара терге түспесе де, қайсысының басым екенін анықтау үшін бәсекеге өте мұқият қарағаны анық. Өзімізді жұбату керек болса, тап осы Азия біріншілігінде Сәбиттің күміс медалінде де алтынның қоспасы бар. Тағы да сол – барған жерінен олжа алған Орал боксы өкілінің келесі байрақты сында медаль үшін айқасатыны байқалып тұр. Ендеше Даниалдың құрлықтағы жүлдесі құтты болсын дейміз.

       Биылғы Азия біріншілігінде алтын медаль тағыну мүмкіндігі мол екі боксшы болса, соның бірі Абылайхан Жүсіпов екені даусыз еді. Тіпті финалдық бәсеке басталғанда да оның жеңетініне шүбә келтірмедік. Сүзіскенше. Сүзуді кімнің бастағаны маңызды емес. Құйқаның шыдас бермегені жабырқатты.  Қарсыласы Бабоусман Батыров та осал емес. Оның үстіне Дубайдағы жекпе-жекке тыңғылықты дайындықпен келгені анық және қазақ боксшыларының ұрыс жүргізу тәсілі де оған таныс. Үш жыл бұрын Джакартада өтен Азияда ойындарының финалында Асланбек Шынбергеновті жеңгені де жылнамада жазулы тұр. Екатеринбургте өткен әлем біріншілігінде қола жүлдегер атанып, сол жылы Бангкокта өткен Азия біріншілігінің алтынын еншілеп, аптығын әлі баса алмай жүрген боксшы. Яғни Абылайхан керемет бір өре, тың тактика салмай, Батыровтан басым түсе алмайтыны белгілі еді. Бабоусман қарсыласына қырық қақпан құрады. Соның бірін Жүсіпов бастады да кетті. Баспен сүзіскенде қабағы жарылды. Айттық не, айтпадық не, алтын тағы да өзбек боксшысында. Қазақ «Жау кеткен соң, қылышыңды боққа шап» дейді. Күйінгеннен шыққан сөз, сірә.

      Саусақты жазып, қоржынға түсер алтын медальды санағанда екінші үміткерді білдік. Әбілхан Аманқұл еді. Әбілханнан өтетін үміткерді бүгінгі құрамадан табу қиын. Бапкерден ақыл артыла ма?! Таяқ жей бастаған шәкірттерінің құлағына құятын сөздің бірі – «Капаны бүркіп жібер». Боксшылардың өзі де мойындайды. Дұрыс қадам. Тісқаққандары қатты соққы жібергенде жан-дәрмен қимылдайды. Сондағы миға қонымдысы –  ауыздағы капаны тастап жіберу. Өйткені рефери бірден жекпе-жекті тоқтатып, әлгі спортшыны өз бұрышына жұмсайды. Жудырып, капаны салып келу үшін.

          Ол, шынында да, жіберіп алды. Аманқұлдың соққысын жіберді. Саиджамшит Жафаровты айтамыз. Біз ойлағандай мықты болмады. Осал соқты. Қазақстан құрамасы спортшысының қасында. Рас, уақыт созған шығар, алайда бордай тозды деуге тағы келмейді. Жарыстан кейін Әбілхан айтыпты: «Мен рингте өз жұмысымды атқардым». Қолынан келгенше жанын да салып, барын да салып атқарды. Бокс – бағалауға келгенде қиын спорт. Төрешінің саусағы шешеді көп нәрсені. Таныс-білістің де көмегі бар. Алыс-беріс жағын түсінбейміз. Қазының қаһарына ұшырау  оңай емес. Оларды тәртіпке шақыратын – құрлық федерациясы. Бір кезде әлемдік боксты іштен таныған кісі ретінде сөйлейік. Былайша айтқанда, бірнеше бөлімі бар. Әрқайсысы әрбір іске жауапты. Солардың сапында біздің елдің де өкілдері жүреді. Өкілдің беделі қандай? Сөзі өте ме? Ықпалы бар ма? Осының бәрі маңызды. Әбілханның жеңісін тартып алды дейтіндерге айтылған ой – осы. Бокстың өзіне келсек, жеңісті жұлып алу үшін терезенің тең тұрғаны аз. Бір бас жоғары болуың керек. Кейде соның өзі жетпей жатады. Баяғыда Алматыда бір жарыс өтті. Әлем біріншілігі. Иван Дычконың дүрілдеп тұрған шағы. Финалда Әзірбайжан өкілі  Могамедрасул Меджидовпен кездесті. Ринг иесінің жеңіске жақын тұрғанын бәрі білді. Әзірбайжан боксының тізгінін ұстағандар да. Меджидовтің бір ғана жолы болды, жеңіске жетудің: Дычконы кескен теректей сұлату. Ол нокаутпен ғана ұта алатын еді. Ебін тауып, Иванды екі ұрып құлатты. Әбілханға да сондай қадамға бару керек еді. Барғысы келмейді дейсіз бе? Шамасы келмеді. Ал сәл басымдылық мұндай күні жеңіске жеткізе салмайды.

        Басқа емес, дәл осы жекпе-жектен Василий Левит сабақ алғанда ғой. Дубай төрінде Азия біріншілігін Үндістан ұйымдастырды. Олардың кемі бір алтын медаль алатын жөні бар. Амит Пангал ала алмады. Екінші үміті де жанбады. Ендігі кезек Санжитте еді. Қарсыласы – Қазақстан өкілі. Азия біріншілігінің бірнеше дүркін чемпионы. Олар Левитті білмеді дейсіз бе? Зерттеді, әбден зерттеді. Осал тұсын тапты. Бір-екі рет ұрады да, тоқтайды. Тыныстау үшін. Қыруар қаржы жұмсап, қиын-қыстау заманда құрлық чемпионатын өткізген елге де бір құрмет көрсетілуі керек еді ғой. Біздіңше, сценарий былай өрілді. «Төтенше елші мырза, Санжитке айтыңыз. Бірінші раундта қалайда басым болсын. Кемі қарсыласын соққының астына алсын. Жүрегінен ұра ма, білегінен ұра ма – өзі біледі. Бірақ жұдырық жұмсалсын! Екінші раундта екпіні қайтпаса құба-құп. Ұтылса да ештеңе етпейді. Ал үшінші раундта тек құлап қалмасын. Алты минуттан кейін тепе-тең тұрса, содан кейінгі үш минуттың жарасы жеңіл». Төтенше елші түсінгенін Санжитке ұқтырды. Ол әлгі тапсырманы мүлтіксіз орындады.

       Сол кезде біздің штаб та қол қусырып отырмауы керек еді. «Әй, Вася, қабағын жарып, мұрнын бұз! Рингті қанға бөктір! Есеңгірете алсаң тіпті тамаша! Қысқасы, құлату керек! Әйтпесе өзіміз құлаймыз». Әлде айтылмады немесе айтқаны Васяның құлағына жетпеді. Қысқасы, Левит қарсыласын айқын басымдықпен ұта алған жоқ. Иә, ұпай санаса алға түсуі де мүмкін. Айтпақшы, әншейінде тым сабырлы, аяғын алға қарай санап басатын Левит үшінші раундта ұршықша зырлады. Күйіп бара жатқанын түсіндік. Санжиттің несі кетіп барады? Уақыттан ұтуды ойлады. Дегеніне жетті де. Ол – Азия чемпионы.

        Қамшыбек пен Бахадор арасындағы кезекті тайталастың немен аяқталғаны сіздерге мәлім. Финалға шыққан бес жігітіміз де бұл жолы күміс медальдан аса алмады. Қыздардың есебінен жалпыкомандалық есепте оздық демесеңіз...

    

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 24.09.2021, 19:47
Байбек: Nur Otan-ның сайлауалды уәделері өңірлерде 14%-ке іске асырылды
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 24.09.2021, 13:06
Баланың мұңын кім тыңдайды?
Жарлы БАЙҒАНИН 24.09.2021, 10:08
Солтүстік қазақылана бастады
Әдина ЕРҚАРАЕВА 23.09.2021, 17:30
Құл ететін құмар ойындар
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 15:40
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін...
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.09.2021, 14:20
Аралас мектептер азаюдың орнына артып кетті. Неге?

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39