Радикалданған адамдардың басты белгілері қандай?

Кемел ЖАН

16.08.2022, 09:52

759

Біз көп жағдайда сақалы ұзын, киімі өзгешелеу адам көрсек, жат ағым өкілі деп түсінеміз. Бірақ оның бәрі сәләфизммен ауырған немесе уахабизм жолындағы адам ба? Кесіп айту қиын. Адамның сыртқы тұлғасы мен киім үлгісіне қарап, оның қай ағымда екенін қарапайым адамдар біле алмайды. Ал дінтанушылар бірден таниды. Әңгімеге тартып, сөзінен, ісінен, адаммен қарым-қатынасынан оның қандай ағымға арбалғанын, қандай сенімге кіргенін біле алады.

   Мысалы, біз әңгімеге тартқан дінтанушы Наурызбай Бектенұлы теріс ағымға түскен адамдармен сұхбаттасу арқылы оның қандай ағымға түскенін біле алатынын айтты.

Н.Бектенұлы: «Мен бір жігітпен сөйлестім. Оған «Осы сендерде аяушылық, жанашырлық сезім деген жоқ па?» дедім.

Ол: «Біз үшін бауырлардың дін жолында өлгені өте дұрыс. Олар қайтыс болса, біз қуанамыз! Бір-бірімізді құттықтап: «Ол Алланың жолында өлді. Жаны жаннаттық болды. Адал, ұлы өліммен өлді» деп қуанамыз» деді.

Мен оған қарсы сұрақ қойып: «Дін бауырыңның жаннатқа баратынына кепілдік бар ма?» деп сұрадым.

Ол: «Гарантия Алладан. Бірақ дін жолында өлген кез келген дін бауырымыз пейішке барады. Бізге ғұламаларымыз солай айтып түсіндірген» деп қарап тұр бұрын теріс ағымға түскен жігіт» дейді.  

Біз дінтанушыдан «Олар кімдер?» деп сұрадық.

Н.Бектенұлы: «Біз мұндай сенімдегі азаматтарды тәкфиристер, сәләфиттер дейміз. Олар Қазақстан Конституциясын, заңдарына пысқырмайды, мойындамайды. Ал қазақтың сан мың жылдардан бері жалғасып келе жатқан ұлттық ұғымдары мен наным-сенімдерін, салт-дәстүрін адасу, серік қосу деп түсінеді. Бір бұл ғана емес, мұндай сенімдегі адасып жүрген адамдар қыздарды адам қатарына қоспайды. Тіпті туған анасын кәпір деп қолынан тамақ ішпейтіндерін қайтесің?

Жақынын жау көрген мұндай адамдар қандай отбасынан шығуы мүмкін? Бала күндерінде қандай тәрбие алып, мектепте қалай оқыды? Осы сұрақтарды дінтанушыға қойғанымызда, ол: «Жалпы жат ағымның жетегіне тез көнетін адамдардың басым көпшілігінде діни білім өте таяз болады. Сіз сұрап отырғандай, бұл топтағы адамдардың көбі мектепте де дұрыс оқымағандар. Тіпті 11-сыныпты ілініп жүріп әрең бітіргендер. Зерттеу қорытындылары көрсеткендей, дін атын жамылған экстремистердің ықпалында кететіндер отбасында да дұрыс тәрбие алмағандар. Толық жетім немесе жартылай жетімдік көрген балалардың көбі боркемік, рухани жағынан өте әлсіз болып келеді. Мектепті де жақсы оқи алмайды. Университетке түсуді ойламайды. Соңында не болады? Өзі білімсіз, тәрбиесіз адам бәсекеге қабілетсіз келетіні анық. Жұмыс таба алмайды. Солай, бала күнінен ішер асқа, киер киімге, дұрыс тәрбиеге, жақынның жылулығына жарымаған адам радикалдардың арбауына тез түседі. Шын өмір арғы дүниеде екен, жұмаққа бару үшін өздері кәпір санаған адамдарды өлтіру керек екен, намаз оқымайтындардың бәрі кәпір болады екен деп түсінеді. Оларды жетекшілері солай азғырып көндіреді. Сөйтіп, адасады» деп түсіндірді.

Дінтанушылардың пайымдауынша, радикалдана бастаған адамның белгілері өте анық болатын көрінеді. «Намаз оқымаған адамның қолынан тамақ жеу харам, намаз оқымайтын адам сойған малдың етін жеу харам» деп түсіне бастаған күні-ақ бұлар оқшаулана бастайды.

Біз дінтанушыдан оқшаулану туралы сұрадық. Ол: «Оқшаулану дегеніміз – адасудың алғашқы белгісі. Өздері харам деп түсінетін тыйымдар көбейген соң, бұлар басқаларды жау санай бастайды. Тіпті тұтас қоғамды, мемлекетті кәпір көреді. Кәпірлердің мал-мүлкін, байлығын тартып алу сауап деп ұғады. Сөйтіп, бұлар ашықтан-ашық шариғатқа қарсы шығады. Құранда жазылған ұрлық жасауға біреуді тонауға болмайды деген тыйымдарды өздеріне икемдеп алады. Ақыры не болуы мүмкін? Әрине, тонаушылықпен, ұрлықпен, банк тонаумен, мұнай ұрлаумен айналысады. Қарсы шыққандарды өлтіреді. Радикалдану деген осы» деп, адасқандардың ақыры не болатынын айтып берді.

Дінтанушылар қазақтың ешқашан дінсіз болмағанын, халқымыздың салт дәстүрі дінге ешқандай томпақ келмейтінін, дін мен дәстүр, шариғат пен қазақтың ырым тыйымдары бір-бірімен үндес екенін айтып өтті. Демек, қазақтың төл ұлттық мәдениетінде дін атын жамылған дүмшелер үркетіндей бөгенайы бөтен ешнәрсе жоқ

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бифат ЕЛТАЕВА 23.09.2022, 14:38
Қазақ балалары – Венада
А.ЖАБАЙ 23.09.2022, 08:37
Аймағамбетовтің құлағына «Алтын сырға»
Жадыра МҮСІЛІМ 22.09.2022, 17:25
Скринг саулықтың кепілі ме?
Сайт әкімшілігі 22.09.2022, 16:14
"Орташа тариф 250 теңге болады" - Алматы әкімдігі автобустарда жол жүру ақысы туралы айтты
Нұрлан ТОБАҚАБЫЛОВ 21.09.2022, 08:48
Министр мұғалімдерге «мат» қойды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.09.2022, 14:47
Жебе ұшындағы бөгет кімнің мүддесін көздейді?

Аңдатпа


  • Безбүйрек үкімет. Қуыршақ депутат. Таңдаусыз сайлау
    23.09.2022, 08:47
  • Жемқорларға жем болған Қазақстан
    23.09.2022, 08:42
  • Аймағамбетовтің құлағына «Алтын сырға»
    23.09.2022, 08:37
  • 25 қазан ұлттық мереке: Парламент заң қабылдады
    22.09.2022, 13:38
  • Әкімді әйел билесе...
    22.09.2022, 08:41