Райымбек ауданы «есепте» бар ма, жоқ па?

Құдайберген НОҒАЙБАЕВ

19.04.2022, 09:40

800

Қолыма қалам алып, осы мақаланы жазуыма себеп болған екі жағдай еді. Оның біріншісі, қазақ тарихында «Қаралы қаңтар» деген атпен қалған жазықсыз адамдардың қаны төгілген, шындығы ашылмай, күн өткен сайын көмескіленіп бара жатқан қаңтар оқиғасы. Алматыда басталған бейбіт шерудің аяғы экстремистік, жат пиғылдағы адамдардың араласуымен тонау, өртеу, мемлекеттік маңызы бар нысандарға шабуылдау секілді әрекеттерге ұласыпты.

Алматыдан 350 шақырым қашықтықта жатқан Райымбек ауданының жастары да қаңтар қырғынында болған. Оқиғаны өз көздерімен көрген жастардың көпшілігі өмірлік сабақ алды, көздері ашылды, көкіректері оянды. «Қанды қаңтар» оқиғасына қатынасқан аудан жастарының нәтижесін арада 40 күндей уақыт өткен соң болған алқалы жиында аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов: «Қайғылы оқиға кезінде аудан бойынша 5 адам қаза тапса, 2 адам тонау дерегі бойынша, 1 адам ұрлыққа қатысы бар деген айыппен прокуратуралық тексерісте жатыр» – деген болатын.

Маған аудан әкімінің бұл деректері күмәнді көрінді. Өйткені, қаралы күндері астыртын жерленген адамдар туралы қауесеттің желдей есуі күмәнді күшейтіп отыр. Екінші жағдай мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанның депутаттық сауалынан кейін 14-наурызда күштік құрылым басшыларының мәжілісте есеп беруі. «Қаралы қаңтар» оқиғасына байланысты депутаттардың қойған сауалдарына күштік құрылым басшылары соңғы уақыттарда БАҚ беттерінде айтылып жүрген мәліметтерді алға тартып, сырғытпа жауап берді. Шын мәнінде, осы қанды қасапты ұйымдастырған адамның аты аталып, түсі түстеліп нақтыланбауы күмәнді көбейтпесе, азайтпайды.

Үміт күтер дүниеде жоқ емес. Ел президентті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» идеясын халықтың жаппай қолдауы ертеңгі күнге деген ел сенімінің қалыптасқанын көрсетеді. Халық қалаулылары деген абыройлы атаққа ие болып, парламент төріне қонжиған мәжілісмендердің соңғы уақытта «ұйқыдан оянып», ел билігіне араласуы жақсылықтың нышаны сияқты. Халық парламенттен сапалы, халыққа қонымды заңдар күтеді. Бүгін қабылдап, ертең өзгеріс енгізіліп, үшінші күні толықтырулар қосатын заң бізге қажет емес. Қазіргі халық 1995 жылғы қабылданған Конституцияның алғашқы нұсқасын қайтаруды, ел президенті мен парламенттен талап етеді. Қажет болса, бүкіл халықтық референдум өткізсе де артық болмас.

«Өлер адам өлді, тірі адам тіршілігін жасайды» дейді қазақ. Небір ауыртпашылыққа мойымаған қазақ халқы қысастыққа көнбеген. Соның салдары болар, осы аз уақыт ішінде аудан жастары аудан әкімі мен оның аппарат қызметкерлеріне екі рет жиын аштырып, өз талаптарын қойып, оның орындалуын талап етті. Әрине, ауыл жастары саяси, мәдени талаптардан гөрі, экономикалық талаптарды жиі көтереді. Оған себеп, Райымбек ауданы таулы өлкеде орналасқан. Табиғаты әсем де, қатал, ауа райы салқын болғандықтан егіншіліктен гөрі мал шаруашылығына қолайлы. Өндіріс орындары жоқтың қасы. Аудан көлемінде орналасқан «Ойқарағай» көмір кеніші мен «Жарқұлақ» алтын кенішінің жұмыстары халық үшін жұмбақ әрі беймәлім. Көктемнің жай шығуы мен қыстың ерте түсуі сепкен арпа мен бидайдың толық пісіп жетілуіне мүмкіндік бермейді. Сондықтан өңір тұрғындары тіршілік көзін мал шаруашылығынан ғана табады.

1991 жылы басталған жекешелендіру халықты тақырға отырғызды. Еңбек еткен шаруашылықтан өзіне тиесілі малын, техникасын, ауыл маңындағы суармалы және шабындық жерін алған халық, көп уақыт өтпей, іс тетігін жүргізе алмай, қолындағысын сатып, көшкені көшіп, қалғаны қалды. Заман түзеліп, етек-жеңін жинаған ауыл халқы күнкөріс көзі деп мал басын көбейтті. Міне, осы кезде жайылымдық жердің тапшылығы алдарына шықты. Бір кездері жаз жайлауы, қыс қыстауы болған Сырт, Шәлкөде, Шұбартал секілді мың сан мал сиятын хан-жайлау әлдекімдердің қолына өтіп, қарулы адамдар күзететін қамалға айналып үлгерген. Алғашында әкелі-балалы Ермегияевтердің меншігіне айналған Қақпақ қазіргі таңда Тимур Құлыбаевтың меншігінде. Халық ата-бабасынан бері тіршілік еткен осы байырғы қоныстарын, жайлау-қыстауларын қайтаруды талап етеді.

Аудан өз алдына шаңырақ көтеріп, бөлініп шыққанына аз уақыт қана болды. Атқарылып жатқан игі іс те аз емес. Аудан орталығы Нарынқол мен қатар елді мекендердің көркейіп, сәніне сән қосылып, ажарланғаны көңілге демеу. Алайда, соңғы уақыттарда басталған біраз істердің аяқсыз қалғаны көпті күйіндіреді. Жағатал өзені бойына салынған канал мен көпір құрылысы, ауыл ішінде жаяу жүргіншілер жүретін тротуар аяқталмады. Естуімізше, осы құрылыстарға жауапты мердігер-компанияларды аудандық әкімшілік сотқа беріпті. Бірақ нәтижесі жоқ.

Ақбұлақ өңіріндегі су жүретін каналға 27 миллион теңге қаражат бюджеттен бөлініп, жұмыс басталды. 2 жыл бойы шабындық жерлерді суғару мүмкін болмады. Ақыры, канал құрылысы аяқсыз қалды. Амал жоқ, қолымызға күрек алып, өзіміз жасап шықтық. Биыл осы каналды жасауға облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді деп естідік. Құдай біледі, бұл қаражат та жетпей қалуы бек мүмкін. Өйткені, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елордадағы LPT-ға байланысты «мұнда жемқорлықтың иісі шығады» дегеніндей, халық аяқталмаған құрылыстарға күмәнмен қарайтынын ұмытпаған жөн. Неге екенін қайдам, көңілге күпті осындай дүниелерден кейін «Райымбек ауданы «есепте» бар ма, жоқ па?» деген ой мазалай беретін болды.

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
«2 градусқа дейін аяз болуы мүмкін»: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Бифат НҰРМАХАН 09:40
Солтүстіктегі солақай тірлік
Жарас КЕМЕЛЖАН 07:48
Қазақ кредитке кіріп тұрып қуанады
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 15:15
Балаларға арналған спорт секциялары ашылуда
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.05.2022, 13:35
Сот белсенділігі уақыт талабы
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 12:05
Жастарды қолдау маңызды

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01