Ресей Сбербанкі неліктен отандық ІТ мамандарының үрейін туғызды?

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

30.04.2021, 09:01

1682

Жақында ғаламторда ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) «Ресей Сбербанкі» АҚ-ның технологиялық еншілесі болып келетін BIZone Kazakhstan Ltd жекеменшік компаниясымен ақпараттық инфрақұрылым, eGov-электрондық үкіметі бойынша тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу үшін ешбір конкурстық рәсімдерсіз 4,8 млрд теңге сомасына шарт жасайтыны туралы үкімет қаулысының жобасы тарап кеткен болатын. Бұған отандық ақпараттық технология (IT) мамандары үрке қарады. Оның астарында еліміздегі IT индустрия тұралап қала ма деген үрей еді. Ал кейбір белсенділер «ертең еліміздегі ақпараттық қауіпсіздікке кім жауап береді» деген мәселені төтесінен қойып отыр.   

         Мұндай ақпаратты «Атамекен» ҚР ҰКП ақпараттық-коммуникациялық технологиялар комитетінің төрағасы Болат Башеев фейсбук желісіне салған болатын. Жоба күйіндегі құжатты не үшін жария қылды дейсіз ғой. Оған мынадай жауап қатыпты: «Жоба өткен жұмада мақұлдау үшін ЦДИАӨМ-нен Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ресми түрде келді (көбіне нормативтік-құқықтық актілер бойынша тәртіп осындай), сосын ол АКТ (ақпараттық-коммуникациялық технологиялар) комитетінің мүшелеріне жіберілді. Кейін комитет мүшелері маған қоңырау шалып, ҚР үкіметі қаулысына 29 сәуірге дейін қол қойылатыны, сол үшін шұғыл шаралар қабылдау керектігіне назар салды. Хаттарды жолдау ұзақ уақыт алады (жауап алу үшін бір апта немесе ай керек), Facebook-тен өзге шұғыл жариялаудың амалы болмады. Ортақ ұстанымды білдіріп, жеке өзім үшін қауіп-қатер төндірсе де, өз қолымды қою – бұл да ҰКП комитеті төрағасы міндеттерінің бірі», – депті.

         Негізінен, біздің елде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын дамытуды қолға алған – 2008 жылы құрылған «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» акционерлік қоғамы, оның еншілес ұйымы –  «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы бар. Біз бен сіздің салықтан түскен ақшадан, яғни қазынадан қомақты қаржы да бөлінеді ол үшін. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның таза пайдасы 2019 жылы 5 миллиард теңгеден асқан. Бюджеті 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында 2 миллиард 671 миллион теңге салық аударымын жасағанына қарап-ақ айтарлықтай жақсы екенін де көруге болады.  Одан бөлек, «Зерде» холдингінің тағы бір еншілесі – «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркі» корпоративтік қоры бар. Коммерциялық емес ұйымның негізгі қаржы көздерінің бірі де республикалық бюджет. Сонымен қатар IT-индустриясында «Атамекен» палатасының ақпараттық-коммуникациялық технологиялар комитетіне мүше бірнеше компанияның барын да есепке алыңыз. Цифрланған Қазақстан болатын жағдайға жетіппіз дерсіз.

Белсенді журналист Гүлбану Әбенова: «Егер бұл саланы өзіміздің отандық IT мамандарымыз қарық қыла алмаса, бюджеттен миллиардтаған қаржы алып отырған «Зерде», ҰАТ, «Астана Хаб» пен басқа да құжынап жатқан ІТ ұйымдардың бізге не қажеті бар? Осыған дейінгі серпінді жобалар мен білімділер туралы ауыз толтырып айтылған сөздер бүгін фарсқа айналғандай көрінеді», – деген пайымын айтады.

Алайда биыл Қазақстан электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша БҰҰ рейтингінде 29-орынға ие болғанын ескеру керек. Ресей 36-орында. Екі жыл бұрын сол кездегі министр Асқар Жұмағалиев 2018 жылы Astana Hub халықаралық технопаркі ашылған сәттен бастап IT-стартаптар, жалпы алғанда, 29 млрд теңгеге жуық инвестиция тартқанын да хабарлаған. Соған қарамастан, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қазақстандық IT мамандарға көңілі толмай жатқаны қалай?

Сбербанктен ұсыныс түскенін растаған министр екеуара келісімшарт қымбат платформа құру үшін емес, саладағы кейбір қордаланған мәселелерге байланысты 15-20 жыл ішінде Қазақстан не тындырды деген мәселені талдау мақсатында тексеру жүргізуге негізделгенін айтады. «Бұл жұмыс ұлттық операторлар – «Зерде», ҰАТ және басқа да ІТ нарықтағы компаниялардың бірлесуімен іске асады. Шынына келгенде, қазір бізде цифровизацияға қатысты барлық жағдай бойынша толық мәліметке қол жеткізе алмай отырғанымызды мойындау керек. Барлық деректі бір жерге тоғыстыру өте қиын. Өйткені құжатта көрсетілген дүние шындықпен жанаспайтынын көрсетіп отыр», – дейді ол. Оның айтуына қарағанда, тексеру жүргізу барысында Сбербанк сырт көз – сыншының рөлін атқармақ екен. Жұрт арасында «Отанды сатып жіберді» деп айтылып жүрген дүние сандырақ сөз дегенге келтірді. Сондай-ақ ғаламтордағы үкімет қаулысының қате форматта таратылуын тапсырманы дұрыс түсінбегеннің салдарынан келеңсіз мәселе туындататын мемлекеттік қызметкерлердің салғырттығына жапты. Бұл мәселе бойынша қазір ішкі қызметтік тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын да айтып өтті. Ендеше әліптің артын бағып көрелік.

Анық-қанық

      Электрондық үкімет – ақпараттық технологиялар көмегімен ішінара келісушілікті қамтамасыз ететін, мемлекет пен азаматтар арасындағы, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өзара әрекеттестігінің бірыңғай механизмі. Мемлекеттік органдарға кезекті қысқартып, анықтама, куәлік, рұқсат құжаттарын және тағы басқаларын алуды жеңілдетуге әрі жылдамдатуға  мүмкіндік берген де дәл осы механизм.

Тегтер: банк қызмет үздік табыс шығым кәсібилік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13:03
"Қазақстандағы демократиялық институттар" тақырыбындағы инфографика байқауы
Сайт әкімшілігі 12:35
Әкімдіктен қайран жоқ, Алматы тұрғыны қалада тегін әжетхана салуға бел буды
Әділ АҚЫЛБАЙ 10:19
Веложарыс: Сағынтаев бұл қайткенің?
Еркежан АРЫН 09:51
Волонтерлік – Қазақстандағы азаматтық белсенділіктің жаңа түрі
Қонысбай АҚПАН 12.05.2021, 08:07
Қонаев болсын, басқа болсын, күйе жақпайық
Сайт әкімшілігі 12.05.2021, 07:32
Марат Бәйділдаұлы, жазушы-публицист: Мәңгілік алау да мәңгілікке өшер

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06