07.09.2021, 16:28
1694
Айта кету керек, дәл қазіргі уақытта Ресейдің ақпараттық шабуылы толас таппай тұр. Мемлекеттік тіл үшін тіресіп жүрген Қуат Ахметовті Ресейге кіргізуге 50 жылға тыйым салғаннан кейін де олардың шовинистік әрекеті тіпті күшейе түсті.
Баз біреулер «Ресейде жақындап қалған сайлаудың алдында саяси ұпай жинау үшін ресми Мәскеудің жандайшаптары осындай әрекетке барып жатыр» деп топшылап жатыр. Шын мәнінде солай ма? Бұл нақты диагноз деп айтуға келмейді. Алайда мұның себебі неде?
Біріншіден, Қазақстанда жыл өткен сайын орыс ұлтының өкілдері кеміп барады. Бар-жоғы елімізде 3,5 миллион орыс тұрады, бұл халықтың жалпы үлесінің 19 пайызы ғана. Расы керек, жыл өткен сайын Қазақстанда кеміп бара жатқан отандастарды қолдаудың амал-тәсілі Ресей тарапынан қоқан-лоқы көрсету, ақпараттық шабуыл арқылы айқын көрініп жатыр.
Екіншіден, дәл осы қажетсіз қадамға Ресей президентінің өзі дем беріп отыр десек, қателеспейміз. Өйткені осыдан бірнеше жыл бұрын Путин «Қазақстан территориясында мемлекеттілік болмаған» деген сөзді өз аузымен айтқан. Оны елдің бәрі естіген. Оған қарсы жауап берген біздің билік жоқ. «Алтын Орданың мұрагеріміз» деп те айта алмады-ау...
Үшіншіден, Ресейдің қарапайым журналисіне дейін жиындарда үнемі шовинистік пиғылын аңғартып отырады. Кеше біздің мемлекет басшысына «Сіз қазақсыз. Ал Өзбекстанның өзбегі мен ауғанның өзбегін қалай ажыратасыз?» деп сұрақ қоюының астарында не жатыр? Арандату, кекесіннен басқа ештеңе жоқ. Әйтпесе кезінде БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болған, қазір Қазақ елін басқарып отырған президентке қоятын сұрақ па бұл?! Қайта Тоқаев дипломат адам ғой, мұндай арандатушыға өте салқынқанды жауап берді.
Төртіншіден, дәл қазіргі кезеңде біздің билік Ресейдің кейбір шенеуніктері тарапынан айтылған қоқан-лоқы мен орынсыз айыптауларға батыл тойтарыс беруге мүдделі емес. Мұнда бір-ақ нәрсе бар: екі ел арасындағы жағдайды ушықтырмау. Тағы мысал: мемлекеттік тілде қызмет етуді талап еткен Қуат Ахметовке қарсы өзіміздің құқық қорғау органдары «ұлтаралық араздықты қоздырды» деп айып тағып, ол амалдың жоғынан шетел асты.
Бесіншіден, Қазақстандағы орыс тілінде сөйлейтін өзіміздің қазақтар да елімізде мемлекеттік тілдің қанат жаюына мүдделі емес. Олар да орыс тілінің елімізде тең құқылы болғанын қалайды. Белгілі сарапшы, экономист Олжас Құдайбергенов тіл мәселесіне қатысты өз пікірін білдірді.
–Еліміз көпұлтты және ол ұлттың әр өкілі қазақтар сияқты еліміздің азаматы. Сондықтан қандай да бір түрде қазақ еместерді шектеу, бақылау – ақымақтық және заңсыздық. Оның үстіне мұндай әрекеттер Қазақстанға үлкен зиян әкеледі, егер шынымен бұл адамдар ел туралы ойласа, олар сәл кеңірек және тереңірек ойлануы керек. Әкімшілік жолмен адамдарды қазақша сөйлеуге мәжбүрлеу мүмкін емес, экономикалық және ұйымдастырушылық ынталандырумен әрекет еткен дұрыс, – дейді экономист.
Демек, бұдан шығатын қорытынды не? Құдайбергенов сияқты орысша ойлайтын қазақтар біздің елде жетерлік. Қазақша сөйлегеннен гөрі өз ойларын ондайлар Ресей тілінде айтады. Ең бір алаңдатарлығы, олар өз пікірін өзге орыстілділердің санасына тықпалау арқылы позициясын нығайтады. Елдегі ұлтшыл патриоттардың үстемдік алуына ең алдымен Ресей және еліміздегі орыстілділер және осы тілде сөйлейтін өзіміздің қаракөздер қарсы. Осындайда еске түседі. Марқұм саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов: «Ресей тарапынан ақпараттық шабуыл басталған уақытта оларға өз тілінде сөз қайтара алмайтындай етіп нақты дерек, дәлелдермен жауап беруіміз қажет. Басқа жол жоқ», – дегені бар. Ол шындық.
Расын айту керек, дәл қазір біздің билік Ресей телеарналарында болып жатқан Қазақстанға қатысты ақпараттық қоқан-лоқыға мән бермей қарап отыр. Президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев айтқандай, Жириновскийдің мәлімдемелерін «бұл шоу болғандықтан, қолға попкорн ұстап тыңдаған дұрыс болар». Десек те, біз де қарсы қам жасамасақ болмайды. Ол үшін не істеуіміз керек? Ресейдің ақпараттық шабуылынан қалай қорғануымыз керек немесе қалай тойтарыс беруіміз қажет?
Ең алдымен халықтың, қазақтың бірлігі керек. Өйткені қазіргі биліктен қайран жоқ. Орысша ойланатын біздің билік Мәскеуге жалтақтайды. Ойы мен бойын Кремльге қарап түзейді. Сондықтан тек қара халыққа сенуге тура келер. Бүкіл қазақтың өзінің ана тілінде сөйлеуі арқылы ғана біз оларға тойтарыс бере аламыз. Басқалай жол жоқ. Сондықтан барша қазақ осылай тіл үшін тіресіп өмір сүруі керек. Отыз жылдан бері біз «ұлтаралық татулыққа арналған салқынқанды саясаттың жемісінің» зардабын тартып келеміз. Ал бұл – қазаққа арналмаған саясат. Ұлттық идеологияның жоқтығынан ұтылып келеміз. Сондықтан ең алдымен «Тіл туралы» заңының орындалуын және ақпараттық қауіпсіздіктің алдын алуын биліктен табанды түрде талап етуіміз керек. Бүкіл қазақ болып… Сонда ғана біз орысшыл биліктің бетін бері бұра аламыз. Демек, қазақтың оянатын кезі жетті. Сондай-ақ солтүстік өңірді қазақыландыру барынша ашық жүргізілетін саясатқа айналуы керек.
Ақиқаты, көршінің көңіліне қарап, бас изеп отыра беруге болмайды.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР