Ресейлік білім алып жүр талай қазақ баласы...

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

20.08.2021, 09:08

1249

Жаңа оқу жылынан бастап еліміздің білім беру мекемелері дәстүрлі білім беруге қайта оралады деп күтілуде. Алайда індеттің жаңа штамдары балалар мен жастар арасында тез таралып бара жатқанын ескерсек, дәстүрлі білімнің ұзаққа бармасын ішіміз сезеді. Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің мәлімдеуінше, мектеп оқушылары арасында вирус жұқтыру 22 есеге өскен. «Дельта» штамының ерекшелігі – жастар арасында тез тарауында. Адамдар көп жиналатын жерлерде, ойын алаңдары, саябақтар және тағы басқа жерлерде ата-ана қырағы болуы керек. Бес жастан асқан балалар маска режимін сақтағаны жөн», – дейді қаламыздың бас санитары.  

        

Алғашында індеттің балалар ағзасына аса көп әсер етпейтіні айтылғанымен, соңғы кездері коронавирустың түрленген штамдарының балалар арасында тез таралып жатуы мамандардың өзін алаңдатып отыр. Ал еліміздің білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «сыныпта бір оқушыдан коронавирус шықса, бүкіл сынып қашықтан оқыту форматына көшірілетінін» мәлімдеді. Сондай-ақ «оқушының немесе студенттің ата-анасы, білім алушының өзі ауырып қалса, одан аурудың клиникалық белгілері мен симптомдары байқалмаса да, білім ордасына кіргізілмейтіні» айтылды. Демек, биыл да білімнен береке қашатын түрі бар. Егер былтырғы оқу жылындағы онлайн оқу көңілімізден шыққанда мұншалықты алаңдамас едік. Қашықтан оқып, білім алып, ұлт саулығын  бірінші орынға қойып отыра берер едік. Бірақ былтырғы оқу жылында онлайн оқу оқу болмағанын қоғам                 болып мойындадық.

Жасыратыны жоқ, соңғы онжылдықта бір қадам алға басса, екі қадам артқа кеткен саланың бірі білім саласы болды. Үнемі реформалау салдарынан саладағы басымдық білім сапасын арттырудан бұрын, өзгеріске бейімделуге бағытталды. Шетелден көргенімізді істеп, баланың білім жүйесін бағалауды бағадан балға ауыстырдық. Бірінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін барша оқушы эссе жазып кетті. Оқушы оны ғаламтордан көшіріп жатыр ма, жоқ әлде ойдан жазып отыр ма, мән берместен эссе талап еттік. Білім саласына көңілі толмаған талай ата-ана түске дейін мектепке барған баласына түстен кейін репетитор жалдап, одан қалды, мемлекеттік мектептен алып қашып, жекеменшік мектепке бере бастады. Ал жекеменшік ақылы мектепке шамасы келмегендердің балалары «тәжірибе алаңындағы көжекке» айналды. Сауат ашу мен әліппені кезектестіріп ауыстырып, қос тілді мектептен үш тілді мектепке ауыстырып, саланы реформалаудан қолымыз тимей жүргенде басқа елдер білім берудің жаңа сатысына көтеріліп кетті.

Әсіресе карантиндік жағдай білім саласының артын ашып берді. Білім саласының дер кезінде заманауи ақпараттық технологияларды пайдаланып  онлайн білім беруге бейімделе алмауының салдарынан балаларымыз білімсіз ұрпаққа айналды. Қашықтан оқыту оқушылар білімінің сапасын айтарлықтай төмендетті. Орталықтан шалғай жатқан ауылдың оқушылары тау-тас кезіп, ғаламтор жиілігін «қуалап» жүріп білім алса, ғаламторы бар қала оқушыларын онлайн білім берудің бірыңғай жүйесімен қамтамасыз ете алмадық. Теледидардағы алдын ала жазылған сабаққа бір, қолындағы whatsapp-пен тапсырма берген апайына екі жалтақтап, ғаламторы әрқилы оқушылардың үйінде байланыс үзіліп, ұстаздың бар уақыты оқушыларды түгендеумен өтіп, одан қалды, «үй тапсырмасын береміз, бермейміз» деп таласып жүріп оқу жылын аяқтадық. Оқушылар түгіл, ұстаздардың өзі қашықтан білім берудің жүйесін түсінбей, біресе теледидар, біресе Bilimland, одан қалды, ZOOM жүйесімен «аққу, шортан һәм шаян» кейпінде жүріп, еліміздегі ғаламтор қолжетімді болмағандықтан, ақырында whatsapp қосымшасына таңылдық. Whatsapp-пен ұстаздар тапсырмасын жіберіп қойып, оқушылар амандасып, жоқ болып, білім сапасы түгіл, оқу жүйесі туралы әңгіме айтудың өзі артық қалыпқа түстік.

Басында депутаттар мектеп оқушыларының қашықтан білім алуы сапасыз ұйымдастырылғаны үшін шенеуніктерді жауапкершілікке тартуды сұрағанымен, сөгіс алған да ешкім болмады. О баста қашықтан оқытудың бірнеше технологиясын бірден қолданып, ғаламтор арқылы оқыту, телеарналар мен радио арқылы білім беру, шалғай ауылдарда штаттық режимде оқыту, сондай-ақ мектебі жоқ елді мекендерге пошта арқылы оқу материалдарын жіберу секілді қашықтан білім берудің бірнеше нұсқасы қатар айтылғанымен, жеме-жемге келгенде оқушылар қолындағы телефонның қосымшасымен оқу жылын аяқтады. Онда да еліміздегі ғаламтор жиілігінің төмендігі ұстаз бен оқушының бетпе-бет тілдесуіне мүмкіндік бермей, «қатып қалып», сабақ шартты түрде өтті деген аты ғана болды. Індеттің елімізде асыр салғанына екі жылға жуықтаса да, ұстаздардың уақыт сұранысына сай бейімделе алмауы білім сапасының кері кетуіне әсер етті.

Осы орайда айта кетер жайт, біз қашықтан оқуды жатырқап жүргенде талай елдің жекеменшік мектептері өз балаларын қойып, біздің балаларымызды да өздеріне онлайн оқуға тартқан болатын. Соның дәлелі –  соңғы жылдары елімізде көптеген ата-аналардың балаларын ресейлік білім беру платформаларында қашықтан оқытуы. Қашықтан білім алу уақытын өз бетінше жоспарлауды қалайтын, жарыстарға жиі баратын спортшы балаларға ыңғайлы болғандықтан, елімізде ресейлік мектептің оқушылары да айтарлықтай көбейген болатын. Осы мәселеге орай, былтыр мәжіліс депутаты Ирина Смирнова: «Қанша бала Ресей мектептерінде қашықтан оқып жатқанын дәл айту қиын. Ата-аналар бұл мәселені жарияламауға тырысады. Дегенмен, менің ойымша, қазір тек Алматы қаласында ғана 1000-нан астам бала ресейлік платформаларда білім алып жатыр. Ал республика бойынша олардың саны тіптен көп. Санап шығу мүмкін емес. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында көптеген ата-ана балалары өздерінің отбасында, яғни қашықтан білім алғанын қалайды. Балаларын ресейлік білім беру платформаларында оқытуға ниет білдірген 600-дей адам кезекте тұр», – деген болатын. Осылайша өзгелер өз балалары тұрмақ, шекараның сыртындағы өзгенің балаларына білім беруге тырысып жатқанда, біз оқушыларымызды індеттің салдарынан білімсіз қалдырып отырмыз.

Осыған қарамастан, еліміздің білім және ғылым министрлігі балалардың білім сапасын қалай көтереміз, індет күшейіп кетсе білім беруді балаларға қалай қолжетімді етеміз дегеннен бұрын, биыл да оқу жылын саланы реформалаудан бастады. Атап айтсақ, министрлік мектептерді қайтадан алты күндік оқу жүйесіне көшіруді ұсынды. Шыны керек, індет өршіп тұрған кезеңде қайта оқушылардың мектепте көп жиналуына мүмкіндік бермей, негізгі пәндерді сақтық шараларын сақтай отырып, бес күн ішінде өткізіп, мүмкіндігінше оқушылар арасында індет таралмауының алдын алудың орнына олардың мектепте бұрынғыдан да көбірек жиналуына ықпал етіп отыр.

Рас, білім және ғылым министрлігі алты күндік білім беру жүйесіне қайта оралуға қатысты шешімді мектептер өздері қабылдайтынын айтты. Осылайша министрліктен жауапкершілікті алып қашып, мектеп директорлары мен ата-аналар арасында түсінбестік туғызу кімге қажет болғаны түсініксіз. Бір анығы, мектеп директорларының біліктілігі әртүрлі, ертеңгі күні министрдің аузынан шыққан сөз арқылы барлық мектептер алты күндікке ауысатын болса, одан талай бала зардап шеккелі тұр. Оқу бағдарламасын игеруден бөлек, оқушылардың қосымша сабақтары мен тілдік курстары, спорт үйірмелеріне уақыт қалдырмау қазірдің өзінде ата-аналар мен оқушылар арасында наразылық туғызып отыр. «Біз жыл сайын біртіндеп бес күндік оқу жүйесіне көшкен болатынбыз. Бірақ сол кезде де алты күн оқыған мектептер болды. Өйткені олар бес күндік оқу жүйесін ұйымдастыра алмады», – дейді Асхат Аймағамбетов. Ендеше бес күндік білім жүйесін ұйымдастыра алмаған мектеп директорларының деңгейіне түсіп, неге кері кетіп барамыз?!

Еліміздің мектептері 2016 жылдан бастап бес күндік оқуға көше бастаған-ды. Ал 2018 жылы барлық сыныптар дерлік толықтай бес күндік оқу жүйесіне көшті. Сонша жылдан соң індетпен жағаластырып, қайтадан алты күндік оқу жүйесіне өту кімге қажет болғаны түсініксіз. Мәжіліс депутаты, талай жыл ұстаз болған Ирина Смирнова ханым: «Сенбі мен жексенбі – бұл баланың отбасымен бірге болатын уақыты. Ал біз тәрбиенің ең маңызды кезеңі отбасында болатынын білеміз. Мектеп баланың тәрбиесіне жауапкершілік алмайды. Балаға көңіл бөлетін, тәрбиелейтін уақытта оны мектепке жіберу дұрыс емес», – дейді. Білімді қолжетімді қылудан гөрі өзгеріс ойлап тапқыш министрлердің кесірінен білімнен сапа қашып барады. Жалпы, реформа енгізіп, саланың құтын қашырып мәселе туындата бергенше, білім сапасын көтеруге неге көңіл бөлмейміз?

Тегтер: онлайн оқу қашықтан оқу білім заң талап шешім

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 12:16
«Astana Media Week – 2021» биыл жаңашылдыққа толы болмақ
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 16:07
Экс премьер-министр Серік Ахметов жазасын өтеп шықты
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 12:00
Маминге "Алтын-Емел" және "Шарын" ұлттық саябақтарын дамыту тұжырымдасы таныстырылды
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 11:09
Бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы шықты
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 09:51
Павлодарда киімі үшін оқушыны қорлаған мектеп директоры жазаланды
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 09:30
49 адам коронавирус пен пневмониядан қайтыс болды

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39