Көлік қағып кеткен екі баланың құқығын кім қорғайды?
19.11.2020, 09:41
2139
Алматы облысы Талғар ауданының Жаңалық ауылында кереғар келеңсіздіктер жылда орын алып келеді. Мәселен, мұнда жол қауіпсіздігін сақтаудың қадағалаусыз қалдырылуы салдарынан адамдардың апатты жағдайға тап болуы соңғы жылдары тіптен жиілеп кетті. Олардың арасында бақилыққа аттанып кеткендермен қатар, жарық дүниені жалпағынан баса алмайтын мүшкіл халге түскен, жарымжан болып қалғандары қаншама?! Сонда да бұл мәселе жергілікті атқарушы орындар тарапынан әлі күнге ескерілер емес. Осындай апаттың салдарынан зардап шеккен Жұманиязовтар отбасына «Жас Алаш» газетінің тілшілері арнайы барып тілдесіп қайтты.
Тар бөлмедегі тіршілік
Азат пен Әлия бір айлыққа қарап, бес бала асырап отырған ауыл тұрғындары. Қарапайым ғана күй кешіп жүрген жанұя. Үміт дүниесі ғой, болашақта балаларымыз кең де жарық үйде тұрса екен деп, банктен несие алып, жаңа үйдің іргесін қалап жатқандарында аяқастынан ауыр жағдайға тап болды. 2016 жылы үлкен балалары Алтынбек пен Аяна мектептен жолдың шетімен қайтып келе жатқанында шетелдік жүрдек «Ланд Ровер» автокөлігі қағып, екеуін жол жиегіндегі ағашқа ұшырып түсіреді. Міне, жол қауіпсіздігін сақтауға деген немқұрайдылықтың ащы нәтижесі. Содан бері екі баланың жағдайы мүшкіл, қазір аурушаң күйде.
Ауыр апатқа ұшыраған бүлдіршіндердің халін білмекке үйге кіргенімізде, төргі бөлмеден бірінен кейін бірі жүгіріп шыққан сүйкімді балаларға көзіміз түсті. Барлығымен кезектесіп амандасып жатқанымызда маңдайындағы тыртығын жасыру үшін кішкентай қыз бетін қолымен көлегейлеп, төргі бөлмеге жүгіріп кіріп кетті. Анасы да ыңғайсызданып, «осы қыз ғой» деп, артынша «міне, екінші жарақаттанған балам» деп, ұл баланы көрсетті.
Жұпыны болғанымен, тап-таза, тиянақты жиналған бөлмелерді аралап көрдік. Кіреберіс бөлме газ плитасымен, ыдыс қоятын шкафтардың орналасқанына қарағанда, асүйдің де қызметін атқарып тұрғандай. Келесі бөлме айналасына көрпеше төселген үстел мен жанында бірінің үстіне бірі ұқыпты жиналған көрпе-төсекті көріп, тамақ ішетін әрі жатын бөлмесі деп топшыладық. Төргі бөлме балаларға арналған шағын бөлме екені көрініп тұр. Бірақ бес баласы бар үйге тым тар екен деп ойлана бергеніміз сол еді, анасы бірден оқиғаны баяндай жөнелді. Ананың жүзінен әбден шаршаған, шарасыз, уайымнан әбден мүжілген жанның бейнесін көрдік.
Оқиғаның мән-жайы
- 2016 жылы 7 қазанда екі балам мектептен жолдың шетімен қайтып келе жатқанында көлік қағып кетеді. Жалма-жан «вулканизацияда» жұмыс істейтін Ержан деген жігіт балаларымды көтеріп алып, Іле ауданындағы ауруханаға жеткізеді. Ол кезде өзім жаңа босанып, қырқынан шықпаған кезіміз еді. Соның өзінде бала үшін шырқырап, жолдасым екеуміз кезектесіп ауруханадағы балаларымыздың қасына қонып жүрдік. Екеуіне кезек-кезек 3-4 сағаттан ота жасап, үш күн жансақтау бөлімінен шықпады. Содан балаларымыздың «жақтары сынып, маңдайы жарылды» деген жеңіл диагнозбен ауруханадан ерте, 10 күнде шығарып жіберді. Ол кезде кезекшілікте жүрген дәрігер Берікбол Сәбитұлы «екі баланың да жағдайы ауыр, жазылғанымен де, ой-өрісі дамымай, кішкентай бала сияқты болып қалуы мүмкін» деген-ді.
Одан бері біраз уақыт өтсе де, балаларымның ауруы мазалай берді. Күн суытса бастары ауырады. Онлайн-сабақты телефоннан оқитындықтан, жарыққа көздері бұлдырап, бастары жиі айналатынды шығарды. Қызымның мінезінен кейінгі кезде ауытқушылық байқап жүрмін. Бір рет ауруханада жатқанда екпе салмақшы болған мейірбикенің сырғасын жұлып алып, аяғын тістеп алған. Тіпті үйге сабақ оқытуға келген мұғалімді де тыңдамай, үстелдің үстіне шығып, жүгіріп кетті. Көршілер де қызымның өз-өзінен күле беретінін жиі айтады. Ол аз дегендей, биыл қызымның төсінде үлкен ісік пайда болыпты. Тексертсек, төртінші қабырға мен бесінші қабырғаның арасы ашылған екен. Қазір екеуін жылына екі-үш рет түнгі жеңілдікпен 25 мыңнан МРТ-ға түсіріп тұрамыз. Ақша да шақ келмей кетті, тек ішіп-жегенімізден артылмайды. Оның үстіне несие алғанбыз, соны төлейміз. Балалардың әрқайсысының өз бөлмесі болғанын қалап, үй тұрғызған едік, ол да жайына қалды. Оның құжаты да жоқ. Өздеріңіз көріп отырғандай, екі бөлмелі времянкада тұрамыз. Бес бала үшін тым тар. Балалардың еміне деп, жолдасым көлігін де сатты. Өзім де жолдасыма көмектесіп, құрылыста жұмыс істеп, тиын-тебен тапқандай боламын. Ай сайын алатын жәрдемақымды 70 мыңдық несиеге төлегендіктен, түкке де жетпейді. Бізге білікті дәрігерлер көмек берсе, – дейді аналары Әлия Өтежанова.
Сол уақыттаӘлияның жеңгесі Арухан Әжікеева әңгімеге араласты:
— Үйде отырғанымда көршілер «Азаттың балаларын көлік қағып кетті» деп жүгіріп келді. Жалма-жан аяқкиімімді киер-киместен оқиға орнына жүгіріп бардым. Келсем, балаларды ауруханаға алып кетіпті. Қаққан жүргізуші полицейлерге «әдейі істемедім» деп ақталып әлек. Полицейлер балалардың жатқан жерлерін ақ бормен сызып қойыпты. Сызған орынды қарасам, баланың бірі жолдан 8 метр жерде өсіп тұрған бұтаға дейін ұшып түскен. Бірінің бейнесі көліктің астына оратылып сызылған. Осыдан кейін балалардың жағдайын қалай жеңіл деп айтуға болады? – деді.
Кім кінәлі?
Жұманиязовтар отбасы осындай ауыртпашылықты көтергені аздай, балаларды қаққан қылмыскерден өтемақы ала алмай күйініп жүр. Бүлдіршіндерді осындай күйге жеткізген көліктің иесі Шефцов деген орыс жігіті болып шықты. Отбасы мен ағайындарының мәліметінше, апат болғаннан кейін жүргізушінің әйелі келіп кешірім сұрап, «дәрі-дәрмек пен еміне қаржылай көмектесеміз» деп қолхат жазып кеткен көрінеді. Кінәлі жүргізуші екінші рет келгенінде қасына қазақ жігітін ертіп келіп, Азат Жұманиязовқа жолығады. «Балаларың тірі, сендер не істей аласыңдар? Өліп қалғанда не істер едіңдер?» деп қоқан-лоқы көрсетіп кетеді. Кейінірек ауруханада екі бірдей баласы жарақаттанғаннан есі кіресілі-шығасылы болып тұрған әкенің есеңгірегенін пайдаланып, кінәлі жүргізуші балалардың халін білмекке бірінші кіріп кетеді. Кейінірек диагнозын әткеншектен құлағандай жеңіл жазып береді. Емдеген дәрігер Берікбол Сәбитұлы да 4-5 айға жоғалып кетеді. Содан мәселе шиеленісіп, Жұманиязовтар отбасы бастапқы 100 мың теңгесін төлеп, қорғаушы Дауылбай Қарабайұлын жалдап, істі сотқа береді. Жәбірленушілердің сөзінше, «Бәрін қатырамын деген қорғаушы сот әне болады, міне болады деп созып жүре береді. Сөйтіп, тағы да 100 мың теңге алып, артынша ізім-ғайым ол да таптырмай кетті. Осылай арпалысып жүргенімізде соттың өтіп кеткенін естідік» дейді.
Бұл жөнінде Әлия Өтежанованың ағасы:
— Кінәлі жүргізуші үйімізге келіп, «сотқа бермеңдер, балалардың барлық жағдайын жасап беремін, ауруханада да емдетемін» деді. Біз оның сол сөзіне сеніп, ауруханаға кіргізіп жібердік. Сол уақытта барлық құжатты түзеттіріп, жеңіл-желпі жарақаттың диагнозын қойдырып жіберген екен. Содан оны сотқа беріп, қорғаушы жалдадық. Қорғаушыны өзім тауып берген едім. 200 мың теңге ақша да бердік. Соның өзінде қорғаушымыз бізді қатыстырмай, «Шымкентте жүрмін, өзім хабарласармын» деп, бір жылға дейін созып жүріп, оқиғаны жылы жауып қоя салды. Сот отырысының өтіп кеткенін өзіміз тергеушіге хабарласып білдік. Қазір қайта істі қараймыз десек, ештеңе дәлелдей алмаймыз. Мына үйдің жағдайын көріп отырсыздар, көмектеріңізді берсеңіздер екен, – дейді Ақылбек Төрениязов.
Осы әңгімеден кейін «Жас Алаш» редакциясынан қорғаушының өзіне де хабарластық. Қорғаушы алғашында жауап бергісі келмей, тұтқаны қоя салғанмен, соңыра қайта хабарласып, мән-жайды өзінше түсіндірді.
— Қысқаша айтсам, жүргізуші жол ережесін бұзып, жол шетінде кетіп бара жатқан балаларды соққан. Артынша қылмыстық іс қозғалған. Іс экспертизаға беріліп, балалар 10 күннен кейін ауруханадан шығарылады. Ал экспертиза балалардың жарақатын «жеңіл жарақат» деп жазып береді. Ондай жағдайда жол тәртібі бұзылып, зардап шеккен адамның жарақаты жеңіл деп табылса қылмыстық іс қозғалмайды, тек әкімшілік жазаға тартылады. Енді айтайын, 2017 жылы әкімшілік істі қарап, сот жүргізушіге 15 айлық есептік көрсеткіште айыппұл төлетіп, жүргізушілік құқығынан айырады. Әрі қылмыстық істі қысқартады. Мен бұған келіспедім. Экспертизаның жарақатты жеңіл дегеніне сенбеймін. Бұндай экспертизаны комиссия тексеру керек деп, тергеушіге өтініш жасадым. Одан кейін аудандық прокуратураға кіріп, қылмыстық істі қысқартуға қатысты сот ісін болдырмай, қайтадан экспертиза тағайындаттық. Экспертиза жарақатты тағы да «жеңіл» деп шығарды. Сөйтіп, қылмыстық іс қайта қысқартылды. Сонда да балалардың әкесін ертіп, аудан прокурорына кіріп, баланың жарақаты жеңіл емес екенін түсіндіріп, сот комиссиясы болу керек екенін айттық. Бір емес, он шақты рет кірдік. Бәрібір келіспеді. Жалпы, сот ісі екі рет қысқартылды. Мені сатып кетті дейтіндей, қағып кеткен жүргізушімен сөйлеспек түгіл, көрген де жоқпын. Қолымда дәлелімнің бәрі бар, – дейді қорғаушы Дауылбай Қарабайұлы.
Өзге мамандар не дейді?
Бір нәрсе анық – Жұманиязовтар қарапайым отбасы, көптеген қазақстандықтар сияқты өз құқықтарын, жалпы, заңды онша біле бермейді. Заңгерден кеңес алуға жағдайы және жоқ, тіпті бұл туралы ойланып көрмеген де сияқты. Бірнеше заңгермен хабарласып, оқиғаға баға беруін сұрағанымызбен, істің мән-жайын толық білмегендіктен, пікір айтудан бас тартты. Заңгер Ержан Болатбек те бұл оқиғаға кесімді пікір айта алмады, тек зардап шегуші тарапқа аздаған кеңес қосуға болады дейді.
— Барлық істің басы-қасында жүрмегендіктен, әріптесімнің жұмысына баға бере алмаймын. Жалпы, іс бойынша айтатын болсам, енді әкімшілік соттың қаулысы негізінде құқық бұзушыны азаматтық сотқа беруі керек. Қайткенмен де зиян келтіру, құқықты бұзу дәлелденді. Азаматтық сотқа беріп, барлық келтірілген моральдық, материалдық, емге кеткен шығындарды құқық бұзушыдан өндіре алады. Ол үшін барлық жағдайда да келтірген материалдық зиянды дәлелдейтін құжаттар қажет. Мысалы, дәрі-дәрмек алу туралы чек қағаздары. Содан кейін шешім шығып, шоттары бұғатталады. Негізінен, бұл істі ертерек бастаған дұрыс еді. Бірақ әлі де кеш емес, – дейді Болатбек.
«Бұл отбасыға көмек көрсетілсе жақсы болар еді»
Балалардың жалпы жағдайы, оқу үлгерімі жөнінде білмекке №37 І.Жансүгіров атындағы қазақ орта мектебіне бардық. Мектеп психологы Гүлбану Муталиева балалардың жағдайымен жақсы таныс екенін айтты.
— Балалардың жағдайы осы оқиғаға дейін өте жақсы еді. Апаттан кейін оларда біршама психологиялық өзгерістер пайда болды. Атап өтер болсақ, Аяна ол кезде мектепке енді ғана бейімделіп келе жатқан 1-сынып оқушысы еді. Ал Алтынбек 3-сыныпта оқитын. Оның психологиялық жағынан дамуы жақсы еді. Осы жағдайдан кейін мектеп тарапынан көп көмек көрсетілді. Балалар үйден оқытылды. Олардың өзімен де, ата-анасымен де жұмыстар жүргіздік. Әсіресе Аянамен көп жұмыс жасадық. Онда агрессия, ұмытып қалу, отырған жерінде айқайлап жіберу, қарсылық көрсету секілді өзгерістер пайда болды. Ал Алтынбектегі өзгеріске келсек, тұйықталып, көп үндемейді. Ойын ашық жеткізбейтін өзгеріске ұшырады. Оқиғаға дейін Алтынбек мектепішілік шараларға белсенді қатысып, көзге көрінетін. Қазіргі таңда осы балалармен мейлінше көп жұмыс жасауға тырысамыз. Мұғалімдеріне де жағдайын ескертіп айтып отырамыз. Бұл отбасыға медициналық тұрғыда көмек көрсетілсе жақсы болар еді, – дейді мектеп психологы Гүлбану Муталиева.
«Арманым – әке-шешем бақытты болса екен»
Оқиғаның мән-жайын толық білген соң, бүлдіршіндердің өздерімен тілдесуді жөн көрдік. Анасының жылағаны әсер еткендей қайта-қайта күрсіне берді. Баланы алдандырмақ болып, «Арманың не?» деп сұрағанымызда: «Ең бірінші арманым – ата-анамның бақытты болуы. Содан кейін үлкен үйіміз болса екен. Өзімнің, бауырларымның жеке-жеке бөлмелері болса… Бастысы, қарындасым екеуміз аурудан тез айықсақ екен», деді.
Ал Аяна:
— Сабақ оқу бізге өте қиын. Көзім ауырып, басым айналады. Барлық жерім ауырады. Менің де тілегім – ауруымыздан тез айықсақ, жеке бөлмеміз болып, кең үйде тұрсақ, – деді.
P.S. Осыған дейін талай адамның өмірін қиған қанды жол, жарықсыз көше жөнделеді дегенмен, былтыр басталған іс аяқталмай қалыпты.
Ал екі баласы бірдей мертігіп, ес жия алмай жүрген Жұманиязовтар қаржылық, медициналық, заңгерлік көмек көрсетілсе деген өтінішін қайта-қайта айтып, шығарып салды. Қайырымдылық қорлары мен белсенді заңгерлер, қоғамдық белсенділер және жеке тұлғалар көмектесем десе, «Жас Алаш» редакциясына хабарласуға болады.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР