26.08.2021, 13:00
792
Індет өршіп тұр. Жұмыр жерді бір тарының қауызына сыйдырған вирустың беті қайтар емес. Аурудан сақтанудың жалғыз жолы екпе екені былтырдан бері айтылып, жазылып жатыр. Аты жаман ауру Қызылорда облысы тұрғындарын да әбігерге салғаны анық. Дегенмен соңғы күндері аурудың беті қайта бастағандай. Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазыловпен болған әңгіме-сұхбатымыз бір жылдан бергі атқарылған жұмыс, індеттің қазіргі жағдайы туралы өрбіді.
– Сәбит Бексейітұлы, пандемия өміріміздің барлық саласына еркімізден тыс түзету енгізгелі жылдан асып кетті. Сіз өткен жылы індеттің ең көп жағдайы тіркелген тұста басқарма басшысы болып келдіңіз. Осы жылға жуық уақытқа қандай өлшем жасауға болады? Сыр елінің қазіргі ахуалы қандай, жағдайға байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз.
– Ең алдымен бізге бас бұрып, жасалып жатқан жұмысымызды жариялауға уақыт бөліп отырғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Өмірде әрбір құндылықтың өлшемі бар. Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын жұмыр жерді жайлаған жұқпалы індет әлі күнге адамзатты әлекке салып тұр. Несін жасырайық, денсаулықтың қадірін, одан қалса, бірлік пен ынтымақ, қайырымдылықтың парқын таразыға тартып бергендей еді. Көп дүние өзгерді. Өлшемін әрбір саналы пенде өз халінше пайымдай жатар. Індетті іркіп, өмір мен өлім арасындағы арпалысқа араша түскен һәм түсіп келетін де медицина саласының жанкешті өкілдері.
Елде қиын жағдай болып жатқан кезде аймақ басшысының арнайы шақыртуымен денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне келдім. Өткен жылдың шілде айы коронавирустың ең өршіген уақыты болғаны рас. Сол уақытта індетті жұқтырып алған әріптестеріміздің де көбейгеніне уақыт куә. Күнделікті қосымша төсек-орындарын ашу сол кездің өзекті мәселесі еді. Медицина қызметкерлерін індеттен қорғау үшін ауруханаларды «таза» және «лас» аймақтарға бөлу жұмысы белсенді кезең алды. Сол мезетте қорғаныс құралдары да жеткілікті түрде әкеліне бастады. Әріптестеріміз індетті отбасы мүшелеріне жұқтырмау үшін бөлек тұруға мәжбүр болды. Қала мен аудан орталықтарында жергілікті бизнес өкілдері шамасы келгенше өз есептерінен демеушілік көмек жасап, медицина қызметкерлеріне ыстық тамақпен, уақытша тұратын мекенжаймен қамтамасыз етуге атсалысты. Осы сәтті пайдалана отырып, сол азаматтарға алғысымды жеткізгім келеді.
КВИ-дың (коронавирус инфекциясы) ең көп таралуы маусым айының аяғы мен шілде айының екінші онкүндігіне тура келді. Күніне 200-ге жуық науқас тіркеліп, инфекциямен күресу үшін ауруханаларда төсек-орын ұйымдастыру жұмыстары күнделікті шараға айналды. Сол мезетте аймақта жалпы төсек-орын 700-ден басталса, кейін 2340-қа көбейді. Аса ауыр тигені науқастарды оттегімен қамтамасыз ету еді. Оттегін өндіретін станциялар тек жеке кәсіпкерлердің қолында болатын. Жерлестерімізге рақмет, күні-түні жұмыс жасап, бар күшін салды. Ал ауруханалардағы жағдайды сырттан қарағанда бейнебір соғыс көрінісі деп айтуға болады. Әр науқас жанында тұрған оттегі баллондарын көргенде, оны талдырмаш жас медбикелер тасып жүргенде адам сезімінде үрей пайда болады. Ал баллонның жарылғыштығы ойға түскенде ұйқы қашқан сәттерді қалай айтпасқа?! Дәрі-дәрмек мәселесі де оңай тиген жоқ. Осының барлығын ой сарабынан өткізсеңіз, әрбір медицина қызметкерінің өлшеусіз еңбегі бар.
Жалпы, коронавирустық инфекциямен күресуге бірінші күннен бастап үлес қосып келе жатқанымды атап өткім келеді. Қызылордаға келмес бұрын, Алматыда жұмыс жасадым. Індет басталған сәтте отбасынан тыс ауруханада жатып, жұмыс істедік. Одан елге келіп, үзіліссіз осы қызметке тағы кірістік. Шын мәнінде бұл індет тек біздің елдің ғана медицина саласын тығырыққа тіреген жоқ. Әлем абдырап қалды. Ауру өршіген тұста тіпті тосын құбылыстар пайда болды. Оған қарсы тұрудың өмірлік тәжірибелері қолданыла бастады. Дәрі-дәрмек қорын көбейту үшін «СК Фармация» компаниясымен шарт кеңейтілді, жеке дәріханаларға 80 миллион теңгеге дәрі-дәрмек алынды. Тұрақты дәрі-дәрмек қорын ұйымдастыруда облыс басшылығы дер кезінде шешім қабылдап, жергілікті бюджеттен 488 миллион теңге қаражат қарастырылды. Медициналық мекемелерде дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жасалды. Стационарларда төсек-орындардың оттегімен қамтамасыз етілгендерінің саны бірнеше рет өсті. Жыл басында өкпені желдеткіш аппараттардың саны 76 болса, қазір 251-ге жетті. Міне, осының бәрі тынымсыз, табанды еңбекпен жасалған дүние.
– Өткен жылдың өте күрделі кезеңін біз де жақсы білеміз. Денсаулық сақтау саласы тығырыққа тірелгенде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың амандығы үшін батыл шешім қабылдады. Жұқпалы індетпен бетпе-бет жүрген медицина қызметкерлерінің табысы еселеніп, өмірлік қауіпсіздігі қорғалды. Қысқасы, жүйеде үлкен сілкініс жасалды. Ендігі көрсеткіш қандай?
– Дұрыс айтасыз, 2020 жыл қат-қабат тірліктің нағыз астасқан шағы болды. Мен сол өткен жылдың екінші жартыжылдығының өзінде атқарылған жұмысқа қысқаша шолу жасап өтейін. Бірінші рет қаладағы №3 емханада және Сырдария орталық ауруханасында эксперттік класты УДЗ аппараты пайдалануға берілді. Алты жаңа цифрлы рентген аппараты мен төрт жаңа флюорография аппараты орнатылды. Сырдария ауданында орналасқан туберкулезді емдеу диспансері қаладағы фтизиопульмонология орталығымен біріктірілді, ғимараты сол аудандағы орталық аурухананың балансына берілді. Аталған Сырдария аудандық ауруханасының жылыту пешінің жарамсыз екені анықталып, жылу маусымы басталғанға дейін мәселе шешілді, сонымен қатар қаладағы №3 емхананың жылыту пеші де жаңартылды.
Мемлекеттік-жеке әріптестік жобасы есебінен Жалағаш және Арал аудандарындағы ауылдық аймақтарда екі дәрігерлік амбулатория іске қосылып, халыққа өз қызметін жасауда. 2020 жылдың жетістігі – Жалағаш аудандық ауруханасының жаңа ғимаратының іске қосылуы мен қаладағы денсаулық аллеясы және дәрігерлер алаңының ашылуы.
– Індет биыл да зардабын аз тигізіп тұрған жоқ. Ақпан айынан бастап вакцина салына бастады. Дегенмен ел ішінде әлі де болса вакцина тұрғысында тұрақты пікір қалыптаспай отыр.Мұның себебі не деп ойлайсыз?
– Індеттің арамызда тіркелуі биылға да тиесілі болып отыр. Ахуал жыл басында біршама тұрақталып еді, шілде айында қайта өршіп, өңіріміз «қызыл аймаққа» енді. Мамыр-маусым айларында сәйкесінше – 1023, 541 жағдай тіркелсе, шілдеде – 3387, 17 тамызға дейін 2923 жағдай тіркеліп, жоғары көрсеткішке жетті. Сол себепті мамыр айында 14 стационарда 585 инфекциялық төсек-орын ашылған болатын, оның ішіндегі реанимациялық төсек-орын саны – 91. Қазіргі таңда коронавирус инфекциясының артуына байланысты инфекциялық төсек-орын саны төрт есеге артты. Коронавирус жұқтырған науқастарды емдеу мақсатында 2340 инфекциялық төсек-орын бар (оның ішінде 172-сі реанимациялық төсек-орын). Эпидемиологиялық ахуал күшейген жағдайда инфекциялық төсек-орын санын 3200-ге дейінұлғайтуға мүмкіндік бар. Бүгінге инфекциялық стационарларда 1215 науқас ем алуда, жүктемесі – 52 пайыз, реанимациялық төсек-орындарының жүктемесі 53 пайызды құрайды (91 науқас ем алуда).
Өңірімізде көпбейінді облыстық аурухана мен Қазалы ауданында екі оттегі станциясы орнатылған. «Көпбейінді облыстық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны жанынан орнатылған оттегі өндіруші станциясы күніне 170-ке жуық баллонды оттегімен толтырады. Яғни айына 5000-ға жуық баллонды оттегімен қамтамасыз етеді. «Қазалы ауданаралық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны жанынан орнатылған оттегі өндіруші стансасы күніне 60-қа жуық баллонды оттегімен толтыруда. Яғни айына 1800-ге жуық баллонды оттегімен қамтып келеді. Одан бөлек, COVID-19 коронавирустық инфекциясымен күрес кезінде оттегіні қажет ететін ауруларды емдеу кезінде және ауруханаларға ауыр жағдайда түскен науқастарға реанимациялық бөлімшелерде және интенсивті терапия бөлімшелерінде оттегіні жеткізу мақсатында пандемия кезеңінен бастап, өңіріміздің денсаулық сақтау ұйымдарына демеушілер есебінен 686 дана оттегі концентраторлары жеткізіліп берілді.
Сонымен қатар қазіргі таңда 138 дәрігерлік мобильдік топ үйден ем жасауда (емдеу, кеңес беру). Мобильді топ шақыртуларға уақтылы, сапалы қызмет көрсетіп, науқасқа кеңес беріп, дәрі-дәрмектерін үйге жеткізуді қамтамасыз етіп келеді. Қазақстан Республикасы үкіметінің қолдауымен 2020 жылдың қазан-қараша айларында Қызылорда облысында жалпы құны 6,2 млрд теңгені құрайтын модульді жұқпалы аурулар стационары салынған болатын. Мемлекеттік сараптама жұмыстарының аяқталуына сәйкес, ағымдағы жылдың 10 тамызынан бастап стационар іске қосылды. 200 төсек-орынға арналған модульді инфекциялық стационарының 20-сы реанимациялық төсек-орын болып табылады. Аурухана іші компьютерлік томограф, цифрлы рентген және орталықтандырылған оттегі станциясымен жабдықталған. Алғашқыда Ресейде өндірілген СПУТНИК-V вакцинасы пайдаланылса, қазіргі таңда Спутник V, Hayat Vax SARS-CoV-2 Vero Cell, QazVac-in, CoronaVac және SinoVac вакциналарымен жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда өңірлерде КВИ-ға қарсы иммундау науқанына 106 екпе кабинеті, оның ішінде аудандарда 91 кабинет тартылған. Бүгінгі күні 37 жылжымалы бригаданың жұмысы ұйымдастырылған (қала – 19, аудан – 18).
– Өңірде екпе салу науқаны қалай жүріп жатыр?
— Өңірімізде ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап COVID-19 инфекциясына қарсы вакциналау науқаны басталып, барлығы 550 300 вакцина дозалары жеткізілді. Оның 301 755-і 1-компонент болса, 248 545-і 2-компонент. Жеткізілген 550 300 доза вакцинаның 9990 дозасы – QazVac-in, 64 500 доза – HayatVax, 442 310 доза – Спутник-V, 22 000 доза – CoronaVac, 11 500 доза – SinoVac вакцинасы. Қазіргі таңда Қызылорда облысы бойынша 20 медициналық мекемеде (соның ішінде қала бойынша – 11, аудан бойынша 9 медициналық мекеме) коронавирус инфекциясына қарсы егу жұмыстары жүргізілуде. 1 ақпан мен 17 тамыз аралығында облыста вакцинациямен қамтылғандар 63,5 пайызды құрайды (254 571 адам), 2-компонентімен егілгендер саны – 188 512, халықтың қамтылуы 47 пайызды құрайды.
Қазіргі уақытта коронавирустың тез таралатын «британдық», «африкалық» штамдарының пайда болуы және оның қарқынды таралуы үлкен мәселе болып отыр. Бұл әлдеқайда қиынға соғуы мүмкін. Covid-19 вирусына шалдыққан адам әлсіз болады, сондықтан ауруды қайтадан жұқтырып алу қаупі жоғары. Әрине, бұрын сырқаттанғандарда антидене болады, бірақ бұл жеткіліксіз. Сондықтан вакцина салдырып, барынша сақтанған жөн. Бірақ бізде вакцинаға қатысты әлі де алыпқашпа әңгіме таусылар емес. Әсіресе әлеуметтік желідегі негізсіз, дәлелсіз ақпараттарға сеніп, бойға үрей билетіп отырмыз. Бізге алыпқашпа сөздерге еруді қойып, ұжымдық иммунитет қалыптастыруға сергектік таныту маңызды. Ұжымдық иммунитет қалыптастырмай, еңбектің бәрі еш кеткені.
Қандай бір инфекциялық процестер болсын немесе осы уақытқа дейінгі әлемде кездескен пандемиялардың барлығы тек қана вакцина көмегімен құрықталғанын халыққа жеткізгім келеді. Теріс пікір әрдайым болған, болады да, оған аса құлақ асудың қажеті жоқ деп санаймын.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР