11.05.2021, 13:00
2468
Қызылорда облысында сақалды құрылысқа айналған 130 нысан бар екен. Оның ішінде жел мен жаңбырдың «жеміне» айналған Қармақшы аудандық балалар лагері де бар.
Жазғы каникул жақындағанымен, мектеп оқушыларының демалысына арналған лагері жоқ облыстағы жалғыз өңір – Қармақшы ауданы. Осыдан бес жыл бұрын облыстық мәслихат балалар лагеріне құрылыс және құрылыс құжаттамаларын жасауға бюджет қаражатынан 1 миллиард 292 миллион теңге босатуға қолдау көрсеткен болатын. Ақша жұмсалды, құрылыстың барлық мерзімі аяқталды, бірақ лагерьдің ашылу салтанаты болған жоқ. Осылайша демалыс лагерінің құрылысы ақыры аяқсыз қалды. Бұл жерде ескерте кететін жайт, пандемияны сылтауратудың қажеті жоқ, құрылыс одан бұрын басталған.
«Балалар тынығу лагерінің құрылыс жұмыстары былтыр басталды. Құны 1 млрд 292 миллион теңгені құрайтын 150 орындық лагерь алдағы күзге дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Енді өрендер қысы-жазы жұмыс істейтін көпфункциялы типтік жобада салынып жатқан кешенде тынығып, білімін жетілдіретін болады»… Бұл мәлімдемені 2018 жылдың қаңтарында сол кездегі Қармақшы ауданының әкімі Сұлтан Мақашов айтқан еді.
Құны миллиардтан асатын, жыл бойы жұмыс істейтін, балалар тынығып әрі білімін жетілдіреді деген лагерьді биыл еске алдық. Өйткені бұл сақалды құрылыстардың соңы емес. Күре жолдың бойынан орын тепкен нысанның құрылыс алаңында бүгінде қыбыр еткен жан жоқ. Кезінде демалыс кешенінің төрт корпусының іргесі қаланып, қабырғасы тұрғызылды. Сонымен жұмыс тоқтады. Екі жыл «жарнамасы» жүрген лагерь иен далада иесіз қалып, қаңғыған ит-құстың құжырасына айналды. Жазғы тынығу лагері 2018 жылдың күзінде пайдалануға берілуі тиіс болатын. Бірақ мемлекеттен қыруар қаржы бөлінген әлеуметтік нысанның құрылысы аяқсыз қалды. Биыл төртінші жылға аяқ басқан құрылыстың ғимараттары жел мен жаңбырдан мүжіліп жатыр. «Мәселені аудан әкімдігі назарда ұстағанымен, қаржыны облыс шешеді» дейді жергілікті атқамінерлер.
2017 жылдан бері құрылыс материалдарының да бағасы шарықтап кеткен. Соған сәйкес, жоба құны қайта қаралғанымен, жұмыстың жуық арада басталуы да белгісіз. Мәселе шешімін таппаса, қазынаның қыруар қаржысы жел мен жаңбырдың «жеміне» айналмақ.
Мұңдағы халық та жаз болса балаларын қайда жіберерін білмей бас қатырады. Ал сыртқа жіберуге көп ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Сондықтан демалыста ауыл баласы үй ауласынан әрі аспайды. Ал Ұлттық бірыңғай тестілеуге және пәндік олимпиадаларға дайындалу үшін өзге аудан немесе облыс орталығына жіберіледі.
Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова халықпен интерактивті қарым-қатынас барысында әлеуметтік желілерде талқылаған лагерьге байланысты сұраққа жауап берді. «Мен Қармақшы лагеріндегі проблемаларды білемін», – деді ол.
– Бұл сақалды құрылыспен өткен жылы таныстым. Құрылыс әлі аяқталған жоқ, мен жобаны оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізуді тапсырдым. Осы жылы нысанды тапсыру жоспарлануда, ал жазда балалар осында демалып, бос уақыттарын тиімді өткізе алады. Ал, жалпы, облыс бойынша осындай 130-дан астам нысан бар. Облыстың қазіргі бюджетінің ерекшелігі – дәл осы ұзаққа созылған жобаларды іске асыру, – дейді әкім.
Қалай дегенмен де, 130 сақалды құрылыс – бұл жай ғана проблема емес, табиғи апат. Белгілі бір адамдар тудырған апат. Ақшасын алып, жұмысын аяқсыз тастап кететін жосықсыз мердігерлерді енді тендерден аластату ғана қалды.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР