«Сен менімен «служить» етпейсің!»

Қорғаныс министрінің назарына!

Сайт әкімшілігі

20.05.2022, 07:51

2738

Шымкентте подполковник сұраған затын бермегені үшін қарамағындағы офицердің аяғын сындырған

Қаңтардың басында бүкіл елде жаппай көтерілістер болып, күштік құрылымдар, әскери қызметкерлер қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге жұмылдырылып, елдікті, тәуелсіздікті сақтап қалуға жанталасып жатқан кезде Шымкенттегі Қорғаныс министрлігіне қарасты 10216 әскери бөлімнің подполковнигі қарамағында офицерді ұрып-соғып, аяғын сындырған.

 «Жас Алаштың» Шымкенттегі қосынына арнайы келген зейнет жасындағы ана Чарбан Абрайымова оқиға кезінде зардап шеккен ұлы Думан Сыдықовтың басындағы жағдайды баяндап, Қорғаныс министрлігінен, құзырлы органның басшыларынан осы істі бақылауына алуды, әділдікті қамтамасыз етуді сұрады.  

Сонымен, төтенше жағдай кезіндегі төтенше оқиғаның жай-жапсарына тоқталсақ.

– Қаңтардың 4-інен 5-іне қараған түні ұлым, аталған бөлімнің аға офицері, майор Думан Сыдықовпен және басқа әріптестерімен бірге казармалық режимде қызмет етуге көшкен-ді. Олар жоғарыдан берілген нұсқау бойынша үйлеріне қайтпай, өздеріне бекітілген аумақты қарумен күзетті. 6 қаңтарда ұлым жуынатын бөлмеде қырынып отырған кезде оның тікелей бастығы, подполковник Ақтас Дәулетов келіп, электрлі сақал қырғышын өзіне беру қажеттігін айтқан. Думан оның қисынсыз талабына жауап ретінде: «подполковник мырза, бұл жеке басымның гигиенасына қатысты нәрсе болғандықтан, мұны сізге бере алмаймын, ренжімеңіз», дейді. Осы сөзге бола ашуланған подполковник:

– Вот, сенің ісің дұрыс емес, мына түріңмен сен менімен жұмыс істемейсің, – дегенді айтып шығып кетеді. 5-10 минуттан кейін қайта оралған ол қарамағындағы майор Закир Исаевқа ұлымды нұсқап:

– Мынаған жұмыс орнын белгілеп бер, клубтан шықпасын, менің көзіме көрінбесін, мен жүрген жерде жүрмесін, – деп тапсырады.

8 қаңтарда Думан бөлімдегі психологиялық демалу бөлмесінде отырған кезде Дәулетов бір топ қызметкерімен келіп:

– Закир, мен саған айттым ғой, мынау менің көзіме көрінбесін, мен мұнымен отырып, шай да ішпеймін, шығып кетсін, – деп, тағы да айқайға басады. Онымен қоймай, жуынатын бөлмеге барған ұлыма «бұл саған жуынатын жер емес, шық бұл жерден, көзіңді құртамын», – деген. Осы кезде ұлым:

– Подполковник мырза, мен сізге кішкентай бала емеспін, мені неге шеттете бересіз? – деуі мұң екен, подполковник оны жағасынан алып, жұдырығымен оң жақ бетінен ұрады. Соққыдан Думан жерге отырып қалады. Дәулетов оны қайта жағасынан алып, аяғынан тепкен. Бет-аузы қанап қалған ұлыма, медик келіп, көмек көрсетіпті. Арада біраз уақыт өткенде, Думанды бөлімнің командирі, полковник Орынбасар Жұбанов шақыртады. Оның кабинетіне келген кезде командирдің алдында подполковник Дәулетов те отырған. Полковник ұлымнан не жағдайдың болғанын сұрайды. Думан оған болған жайтты баяндайды. Алайда Дәулетов бәрін жоққа шығарып, ұлыма «сен менімен «служить» етпейсің», дегенді айтыпты. Сонда бұл неғылған шектен шыққандық, неғылған менмендік десеңізші?

Артынша, бөлімдегі бір топ офицер командир Жұбановқа кіріп, Дәулетовтың әрекетінің дұрыс еместігін, оған Думаннан кешірім сұрау қажет екенін айтады. Командир «бәрін өзім шешемін, бара беріңдер», депті. Арада жарты сағаттай уақыт өткенде, шамасы, өзінің тым қатты кеткенін түсінгендіктен шығар, подполковник ұлымнан кешірім сұраған болыпты.

Оқиға кезінде бастығының тепкісінен аяғы қатты ауырып қалған Думан сол күні Сайрам ауылындағы сынықшыға барады. Сынықшы оның шығып кеткен тобығын салып беріп, сүйегі де сынғандықтан, дәрігерге қаралу керектігін айтыпты. Осыдан кейін Думан Шымкенттегі травматологиялық пунктке барады. Дәрігерлер оның аяғын ренгенге түсіріп, сынған сүйегіне гипс салып береді. Ал Дәулетов кешірім сұрағанымен, оқиға кезінде және одан кейін де ұлыма ешқандай көмек көрсетпеген.  

Думан үйде бір жарым ай гипспен жатты. Алғашқыда ол әскери бөлімде болған оқиғаны бәрімізден жасырды. «Аяғымды қызмет барысында абайсызда сындырып алдым», деді. Кейінірек подполковник Дәулетовтың тапсырмасымен үйге бөлім қызметкерлері келіп, ұлымнан тез арада еңбек демалысына шығып кетуді талап етті. Болған жайтты мен осыдан кейін білдім, – дейді Чарбан апай.

Біз жәбірленуші майор Думан Сыдықовтың өзімен де сөйлестік. Ол анасының айтқандарының бәрін растап отыр.

– Мен аяғымдағы гипсті алдырғаннан кейін тағы да ем қабылдап, жұмысқа 4 сәуірде шықтым. Жұмыста жүрген кезде әскери полицияның қызметкерлері келіп, «сіз аяғыңызды сындырып, үйде неге тығылып жаттыңыз?» деп сұрады. Кейінірек, бөлімде болған оқиғаны әлдебіреулердің телеграм каналы арқылы жариялап жібергенін білдім. Осыдан кейін әскери тергеу басқармасының қызметкерлері қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастады. Оның немен аяқталарын, әзірге, білмеймін. Тергеушілерге болған жайтты толығымен баяндап, түсініктеме жазып бергенмін. Алғашқыда әскери бөлімнің атына кір келмесін деген оймен бәрін жасырғаным рас. Дәулетовтың әрекетін кешіруге де болар еді. Алайда оның өткен істен сабақ алып, өз әрекетіне өкініш білдіргенін байқағаным жоқ. Үйге қайта-қайта адам жіберіп, кешірім беруді талап етуде. Тіпті екі ортадағы қызметкерлер арқылы жұмысымнан кемшілік тауып, қысым көрсетуге көшті. Осы оқиғаға дейін онымен арада ешқандай бас араздық болған емес. Ол менің ар-намысыма тиіп, қол жұмсады. Сондағы бар себеп, электрлі қырғышты бермегенім бе? Қанша ойлансам да бәрі ақылыма сыймайды, – деді Думан Сыдықов.

Әрине, оқиғаның мән-жайын енді тергеу амалдары анықтап береді. Бірақ тергеушілердің мәселенің ақ-қарасын ажыратып, істі әділ таразылайды дегенге күмән бар. Жәбірленуші жақтың айтуынша, подполковник Ақтас Дәулетовтың үстінен қылмыстық іс кодекстің 451-бабының 1-бөлімімен қозғалды. Оған «билікті асыра пайдаланды», деген айып тағылды. Тергеушілер подполковниктің оқиға кезінде жәбірленушінің аяғын сындырғанын, яғни қасақана дене жарақатын келтіргенін ескермеген сияқты. Мұны бір деңіз. Екіншіден, подполковниктің тергеу барысында қызметінен шеттетілмегені байқалады. Неге? Қанша дегенмен айыпталушы жәбірленушінің тікелей бастығы емес пе? Бұл тергеудің бейтараптылығын қамтамасыз ете алады ма? Үшіншіден, қарамағындағы қызметкерінің қылмыс жасағанын біле тұра, дер кезінде тиісті шара қолданбаған әскери бөлімнің командирі, полковник Орынбасар Жұбановтың әрекетіне неге тиісті баға берілмеген?

– Сондықтан Ішкі істер министрлігінен, Бас прокуратурадан тергеу амалдарын бақылауына алуды, ал Қорғаныс министрлігінен мұндай жайттардың алдағы уақытта қайталанбауы үшін тиісті шара қолдануды, 10216 әскери бөлімнің жұмысын қатаң тексеруді  сұраймын, – дейді Чарбан апай.

Ал қызметіне тағайындала салысымен қорғаныс саласында тәртіп орнатуға көшкен, жұртшылық үлкен сенім артқан Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Шымкентте болған жайттан қаншалықты хабардар? Әскердегі осындай әлімжеттікке, төтенше оқиғаларға қашан тосқауыл қойылады, министр мырза? 

Тегтер: әскер Отан қорғау

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әлия ТАУКЕНОВА 24.06.2022, 12:50
Мерғалиға ауылдың бір көшесін неге қимадық?
М.СӘУЛЕБЕК 23.06.2022, 16:40
Түркістан медицинасы үздіктердің қатарында аталды
М.СӘУЛЕБЕК 22.06.2022, 16:50
Мегаполис атанған Шымқалада не өзгерді?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.06.2022, 11:00
Флораға жұтаң Қарағанды шөлейттегі шаhар ма?
М.ЖӘНІБЕКҰЛЫ 22.06.2022, 08:36
Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 21.06.2022, 11:40
«Билайн» балаларды неге соттайды?

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33