Сен неге жарамсақсың, біз неге самарқаумыз?

Сәпен АҢСАТ

19.02.2021, 09:14

1685

Қазақ әдебиетінің абыз ақсақалы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қатыгездік вирусы» атты мақаласындағы «қатыгездік» тек кісі өлтіру немесе адам тәніне жарақат салу ғана емес. Ол – ұрпақ тәрбиесіне немқұрайдылық пен самарқаулық. Қоғамдағы зорлық-зомбылық, адам құқының тапталуы, сайлауда дауысыңның ұрлануы. Өтірік мақтан, дарақылық, даңғазалық. Мемлекеттік органдағы ең төменгі кеңсе бастығыңнан бастап, биліктің барлық сатысындағы басшыларға бағынуды, жағынуға мәжбүрлеу.  Азаматтық ұстанымыңнан туындайтын наразылығыңды тұншықтыру.   Осының барлығы рухыңды сындырып, көнбіс ету, жемқорлыққа жол ашу, ақыр соңында,  халықтан тобыр жасау. Отыз жыл бойы «алдымен – экономика, сосын – саясат» дегенді алға тартып, осы уақытқа дейін халықты алдарқатып келген биліктің жеткізген жері осы. Сөйтіп, билік өздерінің отбасына, айналасына материалдық құндылықтарды жиып алды.  Енді олар өздері жинап алған материалдық меншіктерінен өлсе де айырылғысы келмейді, сондықтан саясатты алға шығара алмайды.  Осыларды естіп, біліп, көріп отырып, селт етпеу, бейжайлық таныту – надандықтың шырқау шегі. Рухани іні, досым болған, марқұм Мырзагелді Кемелден оқығам: «Қоғам үшін оқымаған наданнан оқыған надан  қауіпті».  

   «Дат» газетіндегі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қатыгездік вирусы» мақаласы жарияланғаннан кейін баспасөз құралдарынан, әлеуметтік желіден, үкіметтік емес ұйымдардан, жазушылар, журналистер, суретшілер, композиторлар одақтарынан, түрлі рухани жаңғыру мен қоғамдық келісім орталықтарынан әрекет күттім. Дауыстарын білдіретін шығар деген үмітте болдым. Барлығы жайбарақат. Түк естімегендей, меңіреу.  Мәдениет қайраткері Ермек Тұрсыновтың ой-толғамы шықты. Халықаралық қазақ тілі қоғамының  Қызылорда облыстық филиалының жетекшісі Сәдуақас Аңсат аталмыш мақаланың орыс тіліндегі қысқартылған нұсқасын «Тіл сақшысы» газетінде жариялады. Өзім қаңтардың 8-і күні Фейсбук желісіне және «Ақмешіт ақшамы» газетінің 21 қаңтар күнгі санында Әбеңнің «Қатыгездік вирусынан» және ақын Светқали Нұржанның 1999 жылы жазған  «Екі Отан» өлеңінен үзінділер келтіріп, оларды өз пайымыммен сараптап жариялату арқылы облыстың барлық деңгейдегі депутаттар мен қоғамдық ұйымдарының назарына салдым.  Тағы да тыныштық. Үнсіздіктің, меңіреуліктің, самарқаулықтың, Отанына, ұлтына жаны ашымастықтың тыныштығы. Тобырлық сананың орныққанының дәлелі.

      Жақында Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің жиыны өтті.   Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласының түсіндіруі болды. Шақырды. Бардым.  Осыдан екі апта бұрын   ардагерлер ұйымының жетекшісі Серік Дүйсенбаевтың атына «Өзіңіз жетекшілік етіп отырған ардагерлер ұйымы 60 мыңдай ардагерді, оның ішінде, бірнеше Социалистік Еңбек Ерін, бірнеше ондаған мемлекет және қоғам қайраткерлерін, Ұлы Отан соғысына қатысқан, оған теңестірілген ардагерлердің басын біріктіретін  жетекші күшке ие, өзінің баспасөз құралы бар, ел-жұрттың назарында тұрған үлкен қоғамдық ұйым.

      Өздерін зиялы қауым өкілдері санатына жатқызып, баспасөз беттерінде бос мақтанға құрылған біржақты  жетістіктерді ғана атап көрсетіп жүрген көтерме лебіздерге еліміздегі жағдайдың сәйкес еместігін, Қазақстан қоғамының дертке шалдыққанын жеріне жеткізе жазған Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қатыгездік вирусы» атты мақаласына, қазақ әдебиетінің абыз ақсақалының жанайқайына немқұрайдылық таныту, үнсіз қалу өзімізден кейінгі ұрпақ алдында кешірілмес күнә. Қоғамды қайтсек, сауықтырамыз, ардагерлер ұйымдарының міндеттері қандай болмақ деген мәселемен жұмыс атқару міндеті тұр деген ойдамын», – деп, «Қатыгездік вирусы коронавирустан да қауіпті» деп, аталатын мақалам басылған «Ақмешіт ақшамы» газетіндегі мәтінді жібергенмін.

       Ардагерлер ұйымы, оның басшысы Серік Дүйсенбаев менің жазған хатымнан кейін,  Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласынан туындайтын ардагерлер ұйымының міндеттері, ондағы бос мақтанға құрылған семіз цифрларды қуаламайық, қоғамның құлдырауына жол бермей, ұлттық құндылықтарымызды қастерлейік, ардагерлердің ұлағатын азаматтық ұстаныммен жалғастырайық, Әлихан Бөкейхан айтқан «Елге қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дегенін есте ұстап, жастарды отаншыл, мемлекетшіл етуге жұмылдырайық деген тұрғыда әңгіме өрбіп, пікір алмасу болатын шығар, деген оймен бардым.

       «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаланы түсіндірумен онлайн режимінде өткен осы жиында төрт баяндамашы, оның екеуі аудандардан болды. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі аталып, Қазақстанда қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнағаны айтылды. «Үйдегі ойды базардағы нарық бұзды». Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік  Ахмет қатысқан осы шарада аймағымыздың аудандарын басқарған жастары 70-85-тің арасындағы сауатты, білімді, көкірек көздері ашық елдің алдында жүрген 40 шақты  азамат отырды. Жиынның бағыт-бағдарын, сценарийін жасаған Серік Дүйсенбаевтың өзін жиналыста ұстауы, отырысы, сөз мәнері тап бір республикалық сиезді басқарып отырғандай көңілі шат, өзіне-өзі риза қалпын көріп түршіктім. «Кімде қандай пікір бар?»  деген бойдан мінбеге шықтым.

      –  Әрбір шараның, осындай жиынның мақсаты болуы шарт. Осы жиынның мақсаты қандай еді? Жиын мақсатына жетті ме? Президент Тоқаев айтқан «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаладан туындайтын біздің, біз сияқты ақсақалдардың жауапкершілігі қандай болмақ?

      «Дат» газетіне шыққан Әбдіжәміл ақсақалдың «Қатыгездік вирусы» атты мақаласын, арман-өсиетін барлығыңыз да оқыдыңыздар.  Әбең ақсақал жаңылысып қате айтып отыр ма? Ол кісі: «...Қазір елімізде екі Қазақстан бар, бірі – бар байлыққа ие байлардың Қазақстаны, екіншісі – кедейленген халықтың Қазақстаны. Байлар өздерін ертегідегі жерді мүйізімен көтеріп тұрған көк өгіздей сезінеді, олар өздерінің қарабеттер екенін сезінбейді» деді.      

       Ойлап қараңыздаршы, Қазақстанда тәуелсіздік бар ма, өзі? Ресей протон ракетасын ұшырады. Төбемізге гептил құйылады. Үкімет мыңқ етпейді. Сосын, жекелеген азаматтар қарсылық танытуға мәжбүр болады. Бір адам Ресей елшілігінің алдына барып осыған наразылық танытса, ол азаматты «заңсыз митинг жасадың» деп тұтқындайды, жазалайды. Қанша адам жиналғанда митинг деуге болады, өзі? Айналайындар-ау, гептил деген бас жуатын шампунь немесе сары май емес қой. Осыны Ресей билігі көріп отырғасын бізді басынбай қайтеді?! Жақында бір қыз бала Қытайдағы анасының зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқанына наразылық білдіріп, Қытай елшілігіне барды. Оны да әлгідей жазалау күтіп тұрды. Жеке адамдардың бостандығына қатысты бір мысал: отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы заңның қосымша баптарындағы ұлттық салт-дәстүрімізден, ұл-қыздарымызды өзіміз тәрбиелеу мүмкіндігінен айыратын баптарға қатысты республиканың түкпір-түкпірінде наразылықтар жүріп жатты. Өзіммен пікірлес, тілеулес  азаматтармен хабарласып, алаңдағы театр алдына жиналып, ой-пікірлерімізді айтуға, оны бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге салуға уағдаласқанбыз. Облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасынан звондап:  «Сәпен аға, театрдың сыртында емес, ішінде жиналсаңыздаршы», – деді. «Жақсы, қай жерде жиналсақ та, біздің мақсатымыз орындалса болды ғой. Бірақ  сендер үрікпейтін нәрседен үркіп, қорықпайтыннан қорқатындарың не, осы істеп отырғандарың дұрыс емес қой. Бізге айтқызып қойып,  рахаттанып отырмайсыңдар ма?» дедім. Міне, ұлттық мүддеңді қорғауға мүмкіндігіңнің шектеулі екенінің дәлелі.

       Жиында баяндама жасаған ғалым ініме қарап: «Сен телеарнада «Ақиқат алаңы», «Алқа» бағдарламаларында менімен талай сұхбатқа қатысып жүрсің. Бүгін өзгергенсің.   Студенттерге айтатын әңгімеңді осы арада айтып отырсың.  Президенттің  «Тәуелсіздік бәрінен қымбат»  мақаласын мына отырған аудан, облыс басқарған қарияларға түсіндірудің қажеті бар ма еді?

        Облыстық «Сыр бойы»  газетіне де мақаламды жіберіп, басшыларымен де сөйлестім. Жариялауға қорқады. Менің мақаламды басуға қорықса да, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің мақаласын жариялаулары керек еді. Әбдіжәміл Нұрпейісов «Қазақстанның демократиялық таңдауы» деп аталатын, тыйым салынған партияның жетекшісі Мұхтар Әблязов емес қой. Абыз ақсақалымыз Әбең «рухани азғынданып жастар ұлт тамырынан ажырап бара жатыр» деді емес пе?!  Әрбір үшінші отбасының ажырасуы – неке тұрақсыздығы, кәмелетке толмаған қыздарымыздың екіқабат болып қалуы, олардың нәрестелерін қоқысқа, әжетханаға лақтырып кетуі, жастарымыздың ата-аналарын қарттар үйіне тапсыруы, өз-өздеріне қол салуы, осылардың барлығы ұлтымыздың  азып-тозуының көріністері. Бұлар менің жанайқайым, аймағымызда соңғы тағайындалған үш әкімнің үшеуіне де «Ұрпақ тәрбиесі ұмыт қалды» деп жазып, ұсыныстар беріп, соңдарынан қалмай жүргеніммен, осы дерттен арылудың, қоғамды сауықтырудың жолын қарастырып, күн тәртібіне қойып, шаралар өткізгендерін байқамадым. Өткізіліп жүрген  шаралары және осы жиынның өзі де, орысша айтқанда, «ради галочки». Ұрпақ алдындағы борышымызға адал болайық, – деп сөзімді аяқтадым.

       Міне, Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің жетекшісі Серік Дүйсенбаевтың  өзінің және он шақты жақтастарының ұстанымы. 60 мың ардагердің ұстанымы емес. Қоғамдағы келеңсіздіктерге, әлеуметтік теңсіздіктерге жаны төзбейтін, айтары бар, азаматтық ұстанымы жастарға үлгі қариялардың арына тиісіп, намысымен ойнауға болмайды. Әкімге, жалпы, билікке жақсы көрінудің жолы осы екен деп, бүгін шыққан жолдауды ой таразысына салмай, бағамдамай, сол заматта қолдап шыға келу, өзінің қолдау лебізі шыққан газеттен, телеарнадан суретін, бейнесін көріп, соған риза болу – мүгедектік. Ол ең алдымен өз ұлдарың мен қыздарыңның, құда-жекжатыңның алдында адамдығыңды жоғалтқаныңды білдіру.

       Парламент мәжілісіне депутат болатындарды праймериз деген жүйеде үш тур жасап, елеп екшеп, саралады. Іріктеп алынғандардың ант бергендегі тұтыққан, кекештенген,  төртінші сынып оқушысынан да төмен сауатсыздық танытуы, елге мазақ болуы қазақ ұлтын әлемге күлкі етті. Олардың ата-аналарымен біз доспыз, туысқанбыз, ағайын, құда-жекжатпыз. Аралас-құраласпыз. Бірақ ақиқаттан алшақпыз. «Сен неге тым билікшілсің? Неге сонша жарамсақсың? Неге одашылсың?» демейміз. Сондықтан депутаттардың мазақ болмысында біздің де үлесіміз бар екені анық.

    Ардагерлерге, қарияларға  жастарымыздың, қоғамның өкпесі қара қазандай. Елде ақсақал қалмады, дуалы ауыз қарияларымыз қайда деген ой-пікірлер мен сауалдарды әлеуметтік желіден, баспасөзден күнде оқып жүрміз. Өзге аймақтарда қалай екен?

Нәжімединов Жұмекен ақыннан үзінді:

Мен де айта алам: май табан

Талайларға туу керек қайтадан.

Креслоға көсілгенде кей адам:

Осы сенің өз орның ба? дей алам.

Шамаң жоқ қой қозғалуға дей алам.

Сонда жеген өз наның ба дей алам!

Бұдан кейде түк шықпасын байқағам.

Иә, солай! Самарқаулар мен бейқамдар, жағымпаздар мен жарамсақтар, әзірге күндеріңді көре тұрыңдар. Ертең деген күн туатынына сенемін.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әділ КЕМЕҢГЕР 15:09
Латын әліпбиі деп босқа бақырдық, ә?
Сайт әкімшілігі 13:29
Керделі ауылына көгілдір отын берілді
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 09:04
Шонжыны шоңқитқан Тохтасунов Оралды да оңдырмапты
Сайт әкімшілігі 25.10.2021, 11:02
Бала тууға тағайындалатын жәрдемақыны Kaspi.kz суперқосымшасында онлайн рәсімдеуге болады
Бифат ЕЛТАЕВА 25.10.2021, 09:07
Аралас некенің бәрі бақытты бола бермейді
Еркежан АРЫН 25.10.2021, 09:06
Сағынтаев ірі көлік жолайрықтарының құрылысын жеделдетуді тапсырды

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01