03.03.2022, 06:45
2735
«Қазақстанның қазіргі конституциялық құрылымының осал тұсы — президенттің қолына тым көп құзырет берілген. Президент биліктің еш тармағына бағынбайды. Біздікі президенттік жүйемен құрылған кәдімгі авторитарлық модель. Бұл қақпаннан құтылу үшін, әрине, ең алдымен, саяси жүйемізде заң шығарушы және бақылаушы орган ретінде парламентті күшейту керек», – деген пікірімен саясаттанушы Димаш Әлжанов бөліскен екен.
Оның сөзінше, елде заңдарды тек парламент шығаруы керек, ол үшін президентте заң шығару бастамасы мен үкімет құру құқығы болмауы тиіс. Бұл міндеттер толығымен парламенттің қолында болса, президент пен оның маңайындағылардың атқарушы билікті коррупциялық жолмен баю мақсатында асыра пайдалану мүмкіндігі болмай қалады.
– Қаралы қаңтар көрсеткендей, президент өз бұйрығымен полицияны халықтың наразылық шеруіне қарсы қолдана алады. Осыны ескерсек, президентті ҰҚК басшысын, ІІМ басшысы мен бас прокурорды тағайындау құзыретінен айыру қажеттігі туындайды. Өйткені бұл аталған органдардың автономиясы болса, олар парламентке есеп беретін болса, президент өзінің билігін асыра пайданалана алмас еді. Сосын, сот жүйесінде де тура осындай жағдай: қазір Қазақстандағы судья атаулының барлығын дерлік, президент тағайындайды. Ал сот деген анығында тәуелсіз болуы керек. Кассациялық сотты қайтару өте маңызды, адам құқығы мен еркіндігіне тек кассациялық сот кепіл бола алады. Конституцияда қалай жазылса да, президенттің ондай кепіл бола алмайтынын соңғы 30 жылдық тарихымыз көрсетті. Қазақстанда, шынымен де өте күшті президенттік вертикаль қалыптасты. Мәселен, президент облыс пен қала әкімдерін тағайындайды. Сонысымен-ақ ол барлық өңірлерде қай игілікті қайда және қалай жұмсауды шешуші ретіндегі рөлін күшейтеді. Міне, парламентті күшейткенде, президентті әкімдерді тағайындау өкілетінін айыру керек болады. Сосын, Алматы, Шымкент сияқты республикалық маңызы бар қалаларда әкімді халық тікелей сайлағаны жөн, – дейді сарапшы.
Президентке барынша, бағынышты болуы үшін Қазақстанның парламенті кезінде қасақана қысқартылғанын еске салады Димаш Әлжанов. Рас, содан кейін сенат құрылды. Сенат деген әу баста, президент Назарбаевтың квотасымен депутат тағайындау идеясымен құрылды. Кейін 1995 жылғы конституцияда осы тағайындалатын депутаттар жүйесі сенат ретінде рәсімделген орган болды.
– Егер парламент реформасы жайында сөз қозғасақ, ең бірінші, сенаттың көзін құрту керек. Ал мәжілісті керісінше, көбейту керек. Қазақстанның 19 миллион халқына ең оңтайлы деген, орта есеппен, 265 депутат қажет, соған жетуге тырысқанымыз дұрыс. Сонда парламентте еліміздің барлық өңірлерінің теңдей өкілдері болады. Әй-шай жоқ тағайындаумен тоғыз депутатты «туып» беретін мән-мағынасыз Қазақстан халқы Ассамблеясы деген дүниенің де түк қажеті жоқ. Оны да құрту керек. Сосын, саяси партияларды тіркеу туралы заң барынша, жеңіл болса дейміз. Үш мың адамның қолын жинаған партияны тіркей берсін. Ол үш мың адамның, тіпті, партияға мүше болуы да міндетті емес дейік. Өңірлік партияларды заңдастыру керек. Бүкіл Қазақстанның барлық өңір-аймағын қамтитын бір партияны асырауға болмайды. Қазір мысалы, парламенттегі тұрақты партияларға жыл сайын, шамамен, 8 миллион доллар бөлінеді. Алты миллионын «Нұр Отан», қалған екі миллионды билікке бағынышты тағы екі партия алады. Бұл жүйені, әрине, өзгерту керек, – деген екен ол саясаттанушы Досым Сәтпаевтың YouTube-тегі «AuditoriumQZ» каналында білдірген пікірінде.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР