19.04.2022, 16:20
700
Пандемия ауыл шаруашылығына, әжептәуір шығын алып келді. Айталық, осыдан екі жыл бұрын Ресей мен Қазақстан шекарасындағы карантиндік шектеулерге байланысты түркістандық диқандар еккен өнімдерін экспорттай алмады. Шаруалар шаш-етектен шығынға батты. Әсіресе қырыққабат еккендер өнімдерін халыққа тегін таратты. Қаншама өнім егістіктің басында шіріп кетті немесе малға азық болды. Бірақ жерден береке тілеген диқандар бұл қиындыққа мойыған жоқ.
Оңтүстікте қырыққабат еккен диқандардың биылғы жағдайы жақсы. Шаруалар карантиннен кейін пайдаға шыға бастады. Мәселен, Жетісай ауданы Ынтымақ ауылдық округіндегі «Комилжан» шаруа қожалығы еккен өнімдерін шетелге экспорттап, табысқа кенеліп отыр. Карантиннің кезінде су тегінге кеткен қырыққабаттың бір келісі биыл 270 теңгеден саудалануда. Өнім Ресейге экспортталады. Шаруашылықтың төрағасы Комилжан Дадаевтың айтуынша, қырыққабат бұрынғы шаруашылықтан пайлық үлес ретінде алынған 12 гектар жерге егілген. Өнімнің ерте пісетін «Пекин», «Магнус», «Зарисма» сорттары таңдап алынған. Қазір диқандар алғашқы піскен 80 тонна өнімін жинап қойды. Мамандардың айтуынша, Жетісайдан шыққан қырыққабаттар, әсіресе Ресейдің Мәскеу қаласында жақсы сұранысқа ие.
– Биылғы өнім қарқынына қарап, шығындарымыз толықтай ақталды, пайдаға шығамыз деп айта аламыз, – дейді Комилжон Дадаев.
Жалпы, қай уақытта да еткен ебектің жемісін көргенге не жетсін. Бірақ қырыққабат егу біреулер ойлағандай, пайдаға қарық бола салу емес. Мұның артында ерен еңбек жатыр. Шаруалар өнімді ақпанда, ақ қар, көк мұзда егеді. Өнімді егу көп шығынды қажет етеді. Тәуекелі де аз емес. Тауар сатылымға дер кезінде шықпаса, сапасын жоғалтады. Мұндай жағдайда банкрот болып кетуің де әп-сәтте.
Жетісай ауданы әкімдігінің бізге берген мәліметіне қарағанда, ауданда биыл 900 гектар аумаққа ерте пісетін қырыққабат егіліп, болжам бойынша 30 мың тонна өнім алу жоспарланған. Егілген өнімнің басым бөлігі «Зарисма», «Валикор», «Магнус», «Кевин Фарао», «Пекин», «Ринда», «Заказ» сорттары. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Нұртас Тұрсынбековтың айтуынша, былтыр Жетісайда егілген қырыққабаттың көлемі 1000 гектардан асқан. Одан 31,5 мың тонна өнім жиналып, Ресей, Белоруссия және Еуропа елдеріне экспортталған.
Жалпы, Оңтүстікте – Сарыағаш, Келес, Мақтаарал, Жетісай аудандарының бір ерекшелігі, ауыл шаруашылығына, оның ішінде көкөніс пен жеміс-жидек егуге қолайлы. Ең басты артықшылық, өнім өзге аймақтармен салыстырғанда, өте ерте піседі. Соңғы жылдары жетісайлық диқандар қауын-қарбызды Ресей, одан әрі Еуропа елдеріне дейін экспорттайтын болған. Диқандар қауын егуге де ақпаннан бастап кіріседі.
Жетісайда қауын-қарбыз егумен айналысатын шаруашылықтардың бірі – Nur Daut шаруа қожалығы. Биыл шаруашылық иелігіндегі 150 гектар жердің 30 гектарына қырыққабат, 28 гектарына қауынның ерте пісетін «Аэропорт» сортын еккен. Шаруашылықтың жетекшісі Жұлдызхан Нұрмаханның айтуынша, осы кәсіппен айналысып келе жатқанына 10 жыл болған.
– Мұнда қазір 100 адам жұмыс істейміз, жұмысшыларға күніне 3500 теңгеден еңбекақысын төлеп отырмыз. Құдай қаласа 3 айдың көлемінде еккен егініміз пісіп, дайын болады. Егілген көшеттің үстін жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Ең бастысы күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек, – дейді ол.
Жетісай ауданындағы шаруашылықтарда егілетін негізгі дақылдың тағы бірі – мақта. Қазір «ақ алтынды» егу науқанына қызу дайындық жүріп жатыр. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәліметке қарағанда, Жетісай ауданы бойынша биыл 48 мың гектарға мақта шиті егіледі деп жоспарланған. Көктемгі дала жұмыстарына деп 7 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінген.
Түркістан облысынан Еуропа елдеріне экспортталатын өнім қырыққабат пен қауын-қарбыз ғана емес. Соңғы жылдары жылыжайдан шыққан көкөніс өнімдеріне деген сұраныс та жоғары. Соның нәтижесінде Оңтүстікте жылыжай өндірісі жақсы дамып келеді. Осы салада кәсіпкерлер тарапынан қолға алынып жатқан ірі жобалар да бар. Жақында Түркістан облысының инвестиция және экспорт басқармасының қолдауымен және «Түркістан Инвест» компаниясының сүйемелдеуімен Ecoinvest жылыжай кешені іске қосылды. Сайрам ауданына қарасты Қарамұрт ауылында орналасқан жылыжай кешені 11 гектар алаңнан тұрады. Онда жылына 1500 тонна қияр, 2000 тонна қызанақ өндіріледі. Поляк инвесторларының қаражатына салынған кешеннің инвестициялық құны 6800 миллион теңгені құрайды. Жылыжайда қыс мезгілінде 150 адам, ал жазда 250-ге жуық адам жұмыспен қамтылып келеді. Ecoinvest ЖШС-нің атқарушы директоры Мұрат Гелашвилидің айтуынша, жылыжай көлемін алдағы уақытта ұлғайту жоспарланған. Кешеннен шыққан өнімдер Ресейге экспортталады.
Сонымен бірге Түркістан облысында соңғы жылдары ет экспортының әлеуеті артып отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, республикадағы экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 75 пайызы, қой етінің 40 пайызы Түркістан облысына тиесілі.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР