Шеттілдік терминдердің игерілу барысы және басты ұстанымдары

Сая ИТЕҒҰЛОВА

05.07.2021, 09:08

794

«Тіл – ұлттың сүйенетін тамыры, сыйынатын тәңірі» деген астары терең мақалды қазақ терминологиясын жетілдіру, нақтырақ айтқанда, кірме терминдерге балама беру мәселесінде қатаң ұстанған абзал. Өйткені  мемлекеттік тіліміздің қоғамның түрлі салаларындағы белсенділігін арттырғанда ғана қазақ тілі ғылым тілі ретінде дами түспек. Сондай-ақ ғылым тілі ретінде дамытудың басты тетіктерінің біріне салалық терминологияны жетілдіріп, ұлттық терминологиялық қорды толықтыру мәселесі де жатады.

Бүгінгі таңда терминологияның өзекті мәселелері бойынша ғылыми-практикалық бағыттағы бірқатар шаралардың, атап айтқанда, әдістемелік семинарлар, республикалық және халықаралық деңгейдегі онлайн, офлайн конференциялардың ұйымдастырылып жүргені жұртшылыққа белгілі.  Сондай-ақ қоғамда пікірталастар мен ой-талқы тудырып отырған салалық терминдерді біріздендіру, сәтті баламаларды кеңінен насихаттап, сәтсіз баламаларды авторлық қолданыстарда пайдалануға жол бермеу, ұлттық терминқорды жетілдіріп, толассыз еніп жатқан кірме терминдерді игеру бағытында жүргізілетін жұмыстар легі белгіленді.

Терминдерді біріздендіру, шеттілдік терминдерді қазақ тілінің тілдік заңдылықтарына қарай игеру мәселесімен тікелей Қазақстан Республикасы үкiметiнiң жанындағы Республикалық терминологиялық комиссия айналысады. Қазақ тілінің терминологиялық лексикасы саласында ұсыныстар әзірлейтін консультациялық-кеңесші орган ретінде ұйымдастырылған комиссия тарапынан бекітілген терминдерді сала мамандары, жалпы жұртшылық басшылыққа алу керек. Десек те, бекітілген терминдердің өзін  қолданудағы әркелкілік әлі де болса кездесіп қалады. Әсіресе теледидардағы, әлеуметтік желілердегі, газет-журналдардағы, кей оқулықтар мен әдебиеттердегі авторлық қолданыстағы сөздер мен терминдерді жұртшылық дұрыс нұсқаға балап, шатасып жататыны ащы шындық.

Терминологиялық комиссия осындай кемшіліктерді жою немесе болдырмау үшін қоғамда кеңінен қолданылып жүрген, бірақ ресми бекітілмеген терминдерді іріктеп, оларға арнайы сараптамалар жасап, бекітіп отырады. Терминологиялық қорды осылайша реттеп отыру әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылады.

Кез келген тілде төл терминдермен қатар, кірме терминдердің болуы заңдылық. Алайда сол кірме терминдерді қабылдау, оларды игеру мәселесіне келгенде әр ел өз ұстанымдарымен, термин қабылдау қағидаттарымен ерекшеленеді. Еліміздегі жетекші терминолог ғалымдар өзге тілдерден терминдерді қабылдауда делдал тілдің (орыс тілі) көмегінсіз тікелей түпнұсқа тілден алу және оны тіліміздің фоно-морфологиялық ерекшелігіне сәйкес реттеу мәселесін қазіргі терминжасам процесінде басшылыққа алынатын  негізгі қағидаттардың қатарында ұсынып отыр. Қазақ тіліне кірме терминдерді қабылдау барысында сол ұғым немесе атаудың халқымызда бұрыннан бар, жұртшылыққа таныс нұсқалары жиі кездесіп жатады. Мұндай етене сіңіп кеткен баламалар көбіне жарыспалы атау ретінде қолданылып жүріп, кейіннен терминдік сипат алады. Мәселен, информатика және есептеуіш техника саласында қолданылатын «мышка» термині ел ішінде «тышқан, тінтуір» түрінде қолданылып жүріп, соңғы «тінтуір» нұсқасы бекітілді.

Жалпы, кеңестік тілдік саясат «халықаралық терминдер аударылмайды» деген қасаң ережені енгізіп, төлнұсқа тілдегі терминдердің орыс тілінің заңдылықтарына сәйкестендіре қабылданған нұсқасын Кеңес Одағының құрамындағы елдерге мәжбүрлі түрде енгізгенін білеміз. Бұл тіліміздің әуезділігінің бұзылуына әкелгені де уақыт шындығы. Ал қазір кірме терминдерді донор тілден калька күйінде қабылдамай, қазақ тілінің фоно-морфологиялық заңдылықтарына сәйкестендіре қабылдаудың бірнеше тиімді  жолдары белгілі болып отыр. Бұл мәселелер «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілінің емле ережелерінде» жан-жақты зерделеніп, қазақ тіліндегі дыбыстардың үндесімі мен үйлесіміне сәйкес жазылатын кірме сөздер; қосымшалардың үндестік заңына бағынбай жалғанатын сәттері; жіңішкелік және айырым белгілері сияқты қазақ тілінің табиғатына жат тілдік құбылыстар кездесетін кірме сөздердің жазылу барысы; аван-, авто-, евро — сияқты префикстердің жазылу ерекшеліктері; негізінен, ағылшын тілінен енген заманауи терминдердің басым көпшілігінде кездесетін «нг» сияқты әріп тіркесін төлнұсқа тілдің транскрипциясына сәйкес, «ң» әрпімен қабылдаудың артықшылығы сияқты нақты талқылауды, зерделеу мен түсіндіруді қажет ететін тұстары арнайы параграфтарда көрсетіледі.

Осы тұста «тілімізге әбден сіңіп, етене жақын болып кеткен халықаралық терминдерді сол күйінде қалдыру керек» деген пікірлер мен ұстанымдардың бар екенін айта кеткеніміз жөн. Шынтуайтына келгенде, терминжасам – өте күрделі де қиын үрдіс. Ол сатылай жүзеге асатын тілдік құбылыс. Сондықтан кей халықаралық терминдерге жекелеген авторлар тарапынан балама берілгенімен, жалпы қолданысқа ене алмай жатады. Мұндай жағдайда терминком отырыстарында оларды әлемдік тәжірибеде қалыптасқан нұсқасына сәйкестендіру жұмыстары да жүргізіледі. Жалпы, кірме терминдерді қазақ тілінде игеру барысында туыстас түрік, әзірбайжан, қырғыз, өзбек және жетекші ағылшын, испан, неміс, француз, орыс тілдеріндегі тәжірибе ескеріліп, бекітілетін терминдерге арнайы лингвистикалық сараптама жасалады.

Кірме терминдерді игеру барысында жүргізілетін жұмыстардың келесі легі терминологиялық жұмыстардың ашықтығын көрсетуге, қоғаммен тығыз байланыс орнатуға және салалық терминдердің сапасын арттырып, сөздік қорымыздың терминжасамдағы мүмкіндіктерін мейлінше пайдалануға бағытталады. Осы ретте, «Қазақ терминологиясының мазмұны мен құрылымы» атты терминтану ғылымының бүгінгі ахуалы мен терминжасамның басты қағидалары бойынша көпшілікке ақпарат беруге арналған электрондық алаң туралы айта кеткеніміз дұрыс. Терминология саласының жетекші ғалымдары сарапшы ретінде тартылған, ұлттық терминологиялық қорды толықтыруды көздейтін платформада 400 мыңға жуық термин енгізілген. Сондай-ақ сала мамандары мен жұртшылықтың  арасындағы қарым-қатынасты қамтамасыз ететін сұрақ-жауап форматындағы офлайн конференциялар мен онлайн конференциялар және семинар-кеңестер ұйымдастырылады.

Терминологиялық алаңның кірме терминдерді бекіту барысында да айтарлықтай маңызы зор. Бекітілетін терминдер тізімі мен оларға жасалған лингвистикалық сараптаманың қорытындылары Termincom.kz  сайтында жарияланып, көпшілікке таныстырылады. Кез келген қолданушы алаңның өзінде немесе әлеуметтік желілерінде терминдерді талқылап, пікірлерін білдіре алады. Жұртшылықтың уәжді пікірлері мен тұшымды ұсыныстары терминдерді бекіту барысында ескеріледі.

Қоғамдағы интеграциялық үдерістердің тілдік қабаттарға тигізетін ықпалын ескере отырып, кірме сөздер мен тіркесімдердің қазақ тілін шұбарлауына жол бермеу – бүгінгі басты мақсаттардың бірі. Терминдерді дайын күйінде қабылдау тілдің ғылыми, қоғамдық, коммуникативтік қызметін әлсірететінін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Демек, шеттілдік терминдерді меңгеру барысында тіліміздің өзіндік заңдылықтарына нұқсан келмеу жағына баса назар аударып, терминдерді қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту үдерісін ілгері жылжытатын құрал ретінде қабылдағанымыз дұрыс. 

Тегтер: тіл мемлекеттік тіл мәселе латын әліпбиі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

М.СӘУЛЕБЕК 12:14
«Қайтыс болғандардың ешқайсысы екпе алмаған»
Сайт әкімшілігі 11:34
Вирус жұқтырғандардың саны 7778-ге жетті
Дайындаған Айдын ОЛЖАЕВ 09:00
Ей, енді не істейміз?
Дарын ЗАМАНБАЙ 29.07.2021, 08:41
Жалқау қазақтың ғалымдары да жалқау болды
Еркежан АРЫН 28.07.2021, 08:45
Заң көмегінің сапасы артуда
Сайт әкімшілігі 26.07.2021, 14:54
Нұр-Сұлтанда жаңа қаулы күшіне енді

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15