Шонжыны шоңқитқан Тохтасунов Оралды да оңдырмапты

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ

26.10.2021, 09:04

2386

Батыс Қазақстан облысындағы «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында (ӘКК) шу шықты. Еңбек ұжымы осыдан жеті ай бұрын мекемеге басшы болып тағайындалған Әлімжан Тохтасуновтың қызметтен кетуін талап етіп отыр. Хатқа ӘКК басшысының бірінші орынбасары, бөлім басшылары, жетекші менеджерлердің көбі қол қойған.

Айрықша айта кететін жағдай, Жайық өңіріндегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация ҚР президентінің 2007 жылғы 17 қыркүйектегі жарлығымен құрылған, инвестиция тарту арқылы облыстың экономикалық дамуына жәрдемдесетін бизнес құрылым болып есептеледі.   

Осы құрылым қызметкерлерінің ҚР президент әкімшілігіне, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігіне және БҚО әкімі Ғали Есқалиевтің атына жазылған ашық хатында Тохтасуновтың заңды белшесінен басқан әрекеттеріне тез арада тоқтам қою талап етілген.

«Жаңа басшы жеті ай ішінде боқтап-балағаттап, ұжымдағы 28 қызметкердің 22-сін жұмыстан кетірді. Қарамағындағылардан өзін жоғары санайды, жеке басқа тиіседі, жауапкершілігіндегі шаруаны біздің мойнымызға іліп жіберуге құмар. Компания қаржысын жеке басына жұмсайды», – делінген ашық хатта.

Айтпақшы, Ә.Тохтасунов 2017 жылы Алматы облысы Ұйғыр ауданы әкімінің лауазымынан да қарамағындағы қызметкерлердің арызынан кейін кеткен. Мемлекеттік қызметшілерді балағаттап, «жұмыс істей алмайсыңдар», «топассыңдар» деп кемітіп, ақыр аяғында өзінің көлік жүргізушісін соққыға жыққан Әлімжанның әлімжеттігі шектен шыққасын қызметінен қуылыпты. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» демекші, сотқар басшыға бұл да сабақ болмаған сыңайлы. Ұрда-жық мінезімен Жайық өңірінде де жаға жыртысуы соның айғағы.

Шағымданушылардың жазуынша, Тохтасунов жаңа штаттық кесте жасап, бірқатар лауазымдарды қысқартқан. Бірақ еңбекақы төлеу қоры бұрынғы 72 млн теңгенің орнына 122 млн теңгеге дейін ұлғайған. Ол – ол ма, жаңа басшы демалыс күндері еш себепсіз өзін-өзі жұмысқа шақыртып алып, еселеп ақы төлеуді әдетке айналдырған. Нәтижесінде әкімшілік шығыстары көбейіп, мекеме зиянға батқан.

«ӘКК-нің биылғы тоғыз айдағы кірісі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 28 пайызға кеміп, шығысы 22 пайызға артып отыр. Ұсынылған 30 инвестициялық жоба туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. 25 наурыз – 1 тамыз аралығында бар болғаны бес инвестормен шарт жасалды, оның үшеуімен шарт жасасу туралы келіссөздер Тохтасуновқа дейін жүргізілді. Жоғарыда айтылған жайларды ескере келе, Әлімжан Тохтасуновты қазіргі лауазымынан босатуды сұраймыз», – дейді олар.

Арада бірер күн өткенде БАҚ өкілдерін шақырып, брифинг өткізген ӘКК төрағасы ұжымынан шыққан шудың себеп-салдарын өзінше түсіндіруге тырысып бақты. Брифингке «Ақжайық» ӘКК директорлар кеңесінің мүшелері де қатысты.

– Арыздың жазылуына басшы ретінде, мүмкін, мен де кінәлі болармын. Кемшілігімді мойындаймын. Алайда жағдайға сыни көзқараспен қарау керек. Мені осы лауазымға тағайындаған кезде облыс басшылығы алдыма инвесторлар тарту туралы міндеттеме қойды. Бұған дейін бұл жұмыс нашар жүргізілген. 26 наурызда аудитор шақырып, мекеме жұмысын толық тексеруден өткіздім. Сол уақытта білім-білігі жетпеген қызметкерлер өз еріктерімен қызметтен кетті. Менің басшылығыммен екі жоба ғана жасалды дегенге келіспеймін. 13 жоба бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Құс фабрикасы құрылысын бастау үшін 100 млн теңге инвестиция тартылды. Үш жылыжай салуға 16 гектар жер телімі бөлінді. Балық өсіруге инвестор іздеудеміз. Мұндай жобалар көп. Салынған инвестициялар бірден табыс әкелмейді. Оған уақыт керек. Арыздың мәніне келер болсақ, арнайы құрылған құзырлы комиссия менің жұмысымнан кемшілік тапса, директорлар кеңесіне қызметтен босатуды сұрап арыз жазуға әзірмін. Қаржы заңдылығын бұзсам, ағымдағы заңға сәйкес жауапқа тартсын, – деді Ә.Тохтасунов брифингте.

Аймақтық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Жәкібаевтың айтуынша, ӘКК-дегі ахуал жергілікті бизнеске көлеңке түсіретін жағдай. «Мен ӘКК-нің тәуелсіз директорлары құрамына кіремін. Сондықтан мекеменің ішкі атқарушылық шаруаларына араласпаймын. Қайда, қалай инвесторлар тартасыздар, ол өз құзырларыңызда. Дегенмен жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды. Арызда біраз мәселе айтылған. Сол себепті арнайы комиссия құрылып, ӘКК жұмысына аудиторлық тексеру тағайындалады», – деді М.Жәкібаев.

         «Ақжайық» ӘКК айналасындағы дау бір бұл емес. БҚО әкімдігінің тексеру комиссиясы 2018-19 жылдар аралығындағы мекеменің қызметін тексеріп, көптеген қаржы былығының бетін ашқан еді. Нақты айтқанда, облыс бюджетінен тұрақтандыру қорына әлеуметтік азық-түлік сатып алуға бөлінген қаржының қомақты бөлігін ӘКК екінші деңгейлі банктердің депозитіне салып, пайда тапқан. Соның салдарынан азық-түлік алынбай, жергілікті базар бағасы қымбат күйінде қалған болатын. ӘКК-нің мемлекеттік қордың жер телімдерін конкурссыз оңды-солды таратқаны тағы бар. Шығынға белшеден батып отырып ӘКК басшылығының өздеріне ірі сомада сыйақы тағайындауы таңғалдырған еді. Енді, міне, осындай былықтар қатарына жаңа басшы Тохтасуновтың «тірлігі» қосылып отыр. Комиссия құрылар, тексеріс өтер. Дегенмен ұжымның талабы біреу: ол – басшының жұмыстан кетуі.  

Тегтер: еңбек нарығы жұмыс беруші мәселе тергеу тексеру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 09:43
Ақмола облысында ауыл тұрғыны көлікке оқ жаудырды
Әділ АҚЫЛБАЙ 09:13
Қазақтардың түсіне де кірмейтін заң
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 14:40
Мұғалімдердің жалақысы қысқара ма, БҒМ пікір білдірді
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 12:35
Тоқаев: Финтех саласындағы аймақтық көшбасшы Kaspi.kz капитал нарығы динамикасын арттыруда
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 11:07
«Іле-Алатау» ұлттық табиғи паркінің басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды – заңгер
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 09:12
Коронавирус жұқтырғандардың саны 900 мыңнан асты

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14