«Шортанбай сарт көрінеді»: Қарағандыны 37-нің елесі кезіп жүр

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ

05.11.2020, 03:24

2744

   1993 жылы Совет өкіметі құлаған бетте Шортанбай жыраудың 175 жылдығын тойладық. Мерекеге Т.Кәкішев, С.Қирабаев, М.Мағауин, С.Нигимов, С.Сматаев бастаған 20-дан аса жазушы-ғалымдар, Қ.Сұлтанов бастаған парламент депутаттары қатысты. Осы зиялы қауымның қатысуымен аудандық музейге Шортанбай жырау есімі берілді (ол құжат қолымызда бар.)

  Музей 19 жыл бойы Шортанбай атындағы тарихи-этнографиялық музей деп аталды. Содан соң кенеттен аудан әкімі мен музей басшылығы өз бетімен музейден Шортекеңнің атын алып тастап, жырауға арналған, жабдықталған бөлме қиратылды. Бұл жерде музейге бөлінген аса ірі қаржының біреулердің тамағынан өтіп кеткені анық.

  Мәселені сан рет көтеріп жаздық. Шешімін таппады. Биыл маусым айында облыстық мәдениет басқармасына арнайы бардым. Е.Жұмакенов: «Біраз тұрғындардан қол қойғызып, менің атыма өтініш түсіріңіз. Ономастикалық комиссияға өзіміз ұсынып, дұрыстайық», – деді. Оның айтқанын жедел орындадық. Аудан басында тұратын 72 адамның қолы қойылған өтінішті т.б. документтерді табыстадық.

  Қыркүйек айында Е.Жұмакенов «аудан жұртының өтініші аз, бұған қоса, музей қызметкерлерінің келісімі керек» дегенді жеткізді. Мұның аяғы мынадай сорақылыққа келіп тірелді.

  Үкіметтің тәуелсіздік ала шығарған қаулысы бар еді. Мұнда Еділ батырдан басталып, Қ.Рысқұлбековпен бітетін 150 адам тіркелген. Сол тізімде Бұқар жырау, Махамбет, Ә.Бөкейханов, Абайлармен қатар, Шортанбай жырау да тұр. Бұл ұлы тұлғаларға республиканың қай қаласы, ауданы болса да, музей, мектеп, көше аттарын беруге болатыны анық көрсетілген. Ал біздің ұлы Шортанбай жырауға көрсетіп жатқан құрметімізді қай сорақылыққа жатқызамыз?

Бұдан ары болып жатқан жағдайды түсіндіру үшін  Қарағанды облысының мәдениет, архивтер, құжаттама басқармасының басшысы Е.Жұмакеновке жазған хатымызды келтірейік.

    «Шет аудандық музей қызметкерлері 14.09.2020 жылы №7 хаттама толтырып, музейде Шортанбай жырауға тиісті «бірде-бір жәдігер жоқ» дегенді жазыпты. Осы айдың 15-і күні өзіңіз облыстық музей басшысы т.б. біраз азаматтарды ертіп келіп, жиналыс өткіздіңіз. Шортанбай жырауға байланысты 1993 жылы жыраудың 175 жылдығына байланысты өткен мерекелік шарада түсірілген видиофильмді мен көлденең тарттым. Ол фильм әлденеше рет жұртшылыққа көрсетілген. Деректі фильмді музей басшысы С.Қамытбаева да көрген. Оны осы жиналыста өзі де мойындағанын естідіңіз. Сол фильмде қариялар Шортанбай салдырған су диірмені болғанын, оның кейінгі тарихын айтып берді. Мен С.Қамытбаеваға: «Сол фильмді көрдің, онда Шортанбай  жырауға тиісті жәдігерлерді қариялар атап көрсетті. Соны біле тұра, неге Шортекеңе байланысты жәдігер жоқ дедің?» – деген сұрақ қойған едім. Жауап бере алмай тұрып қалды.

 Тағы бір жағдай – Шортанбай жырау мінген пәуеске туралы. Қолдан документ жасапты. «Түпнұсқасын көрсет» деп сан рет барғанмын. «Түпнұсқа облыстық музейде» деген соң, облыстық музейдің де басшысына барғанымда, документтің түпнұсқасы тек аудандық музейде болатынын айтты. Сол сөзді бетке ұстап тағы С.Қамытбаеваға бардым, ол қызметкері Б.Баямановаға «әкел» деп бұйырды. Қолыма осы заманның жылтыр қағазына басылған көшірмені ұстатты. Мен «мынау – осы күнгінің қағазы, дұрыс емес» деп, өздеріне қайтып бермей, қалтама салып алдым. Осы жалған документті жиналыс үстінде өзіңізге де көрсеттім. Ал Шортанбайға 14 жасынан атқосшы болған, оның пәуескесін сақтап қалған Әбеу ақсақалдың немересі Тұрсынов Адамқұлдың пәуескені маған бергені туралы қолхатының көшірмесін менен өзіңіз алдыңыз.

   Барды жоқ деп, жалған документтер жасап, жалған протоколға қол қоюды ұйымдастырып жүрген С.Қамытбаеваның ісі тап сол жерде әшкереленді. Бұл рухани алаяқтық. Жұртшылық арасында араздықты қоздыру шарасы. Мұндай адамның бұл жерде жұмыс істеуіне енді еш хақысы жоқ. Тіпті заң алдында жауап беруге тиіс.

Музей қызметкері Б.Баяманова «ол деректі фильмді көрмедім» деп жалтарды. Ол да шындыққа жанаспайды. Мәдениет бөліміне де осы фильмді көшіріп алыңдар деп едім. Тағы бір кездесуде С.Қамытбаева «көшіріп алдық» деген еді. Тағы бір сорақы сөз – Б.Баяманова сол өзіңіз қатысқан жиналыста тас диірменде «Шортанбайдыкі деген жазу жоқ» деп соқты.

  Ағыбай батырдың немересі Бимендені райкомдағы  басшы қызметінен алғанда, Бименде: «Аға-екеме айтып едім, орыспен соғыспа, ұрпағыңа жаман болады деп, тілімді алмады», – деген екен. Сол сияқты Шортанбай жырауға «Шортеке, диірмен тасына «Шортанбай» деп жазып кет, әйтпесе «оқу өтіп кеткен» музейдегі бір қатын дау шығарады» дей алмай қалдық. Осындай «ақылды» адам музейде енді қалай істейді?

  Газеттерден оқып, телеарналардан көріп жүрміз, көптеген азаматтар көне бір жәдігерлерді музейлерге әкеліп, «бәленше батырдың, шешеннің, биден қалған зат» деп тапсырып жатыр, куә – атадан қалған аңыз сөз. Ал біздің музейдегілер бар затты жоқ ету үшін жанталасып жатыр. Музейде Байменов Көпжанның қолынан алған жез леген атаусыз тұр. Көпжан ақсақал тарихи үш жәдігерді сақтап қалған еді, ол – Жанғұттының ас табағы, Шортекеңнің асатаяғы, жыраудың жез легені. Жабаев Орынбасардан алған «Шортекең қолына ұстап, таң қалған» оқшантай атаусыз. Сол сияқты «Шортанбайға қымыз құйып берді» делінген ағаш ожау көрсетілмейді де.

  Ең күйзелтетіні – Жарықта тұрған Смағұл молладан алған, бетінде патша цензурасының мөрі басылған, 1880 жылы Қазанда шыққан, әбден ескірген, кей беті жыртылған, бірақ түптелуі аман Шортанбай жыраудың кітабы қайда кеткені белгісіз. Сол музейді ашып, көне жәдігерлерге толтырып кеткен едім. Қазір соның құнды жәдігерлерінің жартысы жоқ, не болғаны, не жоғалтқанының тізімі менде бар. Ол заттарды есептен шығаратындай бүлінетін азық-түлік емес.

Халық депутаттарының Шет аудандық кеңесінің №11/175А22 1992 жылғы қаулысымен Мир көшесі Шортанбай жырауға берілді. Күні бүгін солай аталып тұр. Сол қаулымен аудандық музейге Шортанбай жырау есімі берілген еді (қаулы қолда бар). Ендеше, Шортекеңнің есімі неге музейден алынып қалды? Қызыл қырғындар кетіп еді ғой, әлде солардың жандайшаптары тұтанып жүр ме? Музейге жырау есімін беру салтанатына Қ.Сұлтанов бастаған 20 парламент депутаты, С.Қирабаев, М.Мағауин, Т.Кәкішев бастаған ғалым, жазушылар қатысқанын жазған «Егемен Қазақстан» газетін де сізге көрсеттім.

   Біз көтеріп отырған мәселені енді аудан басындағы адамдардың жиналысына салып шешейік деген сөз шығып қалды. Сасық рушылдықтың бетін көріп отырсыздар. Бұл – ру тартысы сияқты келеңсіздікке апаратын жол. Әрі кімнің туысқаны т.б. көп болса, соның айғағы басым болатын әрі халықты бөле-жаратын, араздықты қоздыратын жағдай. Мәселе бұлай бет алса, мен өз басым ауданның 20 округінен де халықтың қолын жинауға бара аламын. Әлеуметтік желіні де қосуға болады. Қазақтың 900 жазушысы мен журналистері де үн қосады. Сіздерге республиканы дүркірететін осындай айқай керек пе?»

Ең бір қызығы, Е.Жұмакенов келіп кеткен соң, музейдің үш қызметкері: Динара, Барқыт, Әсеттер менен кешірім сұрап үйіме келді. Олар «Шортекеңе байланысты жиналыс болды ма?» деген сұрағыма «жоқ» деп жауап берді. «Енді хаттамаға қалай қол қойдыңдар?» дегеніме мәжбүр болғандарын айтты.

Сонан соң ертеңіне музей басшысы С.Қамытбаеваға бардым. Ол да жиналыстың болмағанын, хаттаманы сырттан біреулер дайындап алып келгенін мойындады. Міне, музейдегі былықтар.

  Қазан айының 28-і күні облыстық мәдениет басшысы Е.Жұмакеновке бардым. Ол «Шортанбайға музей атын берме» деп, біреулер телефон шалады» дегенді айтты. «Кімдер?» дегенім жауапсыз қалды. Сонан соң «Шортанбай сарт көрінеді» дегенді көлденең тартты. Әрине, бұл әбден шеттен шыққандық. Мен атақты жазушы Қалтай Мұхамеджанов пен Шортанбайдың әкесі немере екенін айтып едім, ол үнсіз қалды.   

        2018 жылы сасық рушылдыққа бой алдырғандар мен орысқұлдар «Шортанбай жыраудың 200 жылдық мерейтойын өткіздірмейміз» деп, үстімізден екі рет жоғарғы жаққа арыз жазған еді.

   Мұхтар Мағауин «Шортанбай жырау – ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің алтын діңгегі» деп баға берген екен. 37-нің елесіндей болған мыналар сол  алтын діңгекті қопарғысы келгендей. Біздің аймақты 37-нің елесі кезіп жүр.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айжан БҮРКІТБАЕВА 12:54
«Мен орысша сөйлеуге міндетті емеспін»
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 12:41
Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10:53
Әкімдік мамандары жәрдемақы есептерде жіпке тізгендей тергеп түгендейді-көп балалы ана
Сайт әкімшілігі 09:40
Ақмола облысы коронавирус бойынша "қызыл" аймаққа кірді
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 15:58
Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылысқа қатысты жаңа деректерді жарияланды
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 13:40
Нұр-Сұлтандағы дәмханада болған жарылыс: үш адам жансақтау бөлімінде жатыр

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56