"Шұбардың" шұбатылған мәселесі

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

25.02.2022, 06:45

1972

Елордадағы көп жылдан бері сағыздай созылып келе жатқан шулы мәселелердің бірі – қаланың орталығындағы, астананың сол жағалауында орналасқан «Шұбар» шағын ауданына инфрақұрылым тартылмай отырғаны. «Ақ орда» резиденциясы мен парламент, үкімет үйі сияқты мемлекеттік нысандар маңында болғанмен, дәл бұл жерде не кәріз жүйесі, не орталықтандырылған жылумен қамту жүйесі жоқ. Тұрғындар көмір жағады. Электр қуаты мен су мәселесі де өзекті, санитарлық жағдай да ақсап тұр.

Неге десеңіз, шамамен 24 жылдай уақыттан бері аталған шағын аудандағы коттедж тәріздес жер үйлерді қалалық әкімдік біресе сүріп тастаймыз деп жергілікті жұртты алаң-елең қылса, біресе бұл сөзін жоққа шығарып, белгісіздік жағдайда қалдырып келеді.

         Өткен аптаның сенбісінде мұндағы тұрғындар Астана қаласының әкімі Алтай Көлгіновпен кездеспек болған. Онысын әкімдік те ауызша растаған екен, алайда орынбасары Ермек Қизатовты жіберіпті. Сонымен қатар жиналыста Астана қаласы Есіл ауданының әкімі Асылбек Есенбаев пен тағы 2-3 өкіл болды.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қизатов жиылған жұртқа барлық мәселелерді қарастыру үшін жұмыс тобын құруды ұсынды: «Ендігіде мұндағы қар тазаланатын болады. Қазір су құбырын тартудың жобасы жасалып жатыр. Өйткені кеңестік кезеңнен қалған металл құбырлар көп, ал қазір олар жарамсыз күйге жетті. Кәріз жүйесіне келсек, кейбір көшелерде ол бар. Сондықтан қай көшелерге қажеттілік туындап жатқанын анықтап алу үшін алдымен зерттеу жүргізу керек. Электр қуатына қатысты да, архитектура жөнінде де кешенді жұмыс жасау маңызды. Ол үшін тұрғындардың ішінен шыққан 2-3 белсендімен бірлесіп жұмыс тобын құрып, ұсыныстарымызды ортаға салайық, ақылдасайық. Сосын қалалық мәслихаттың талқысына жолдайық», –  деді.

Құрылатын жұмыс тобына Ермек Қизатовтың өзі жетекшілік етпек. Сондай-ақ аталған топқа Есіл ауданы әкімдігінен Чудров Тимур Мұхамбетұлы болады. «Шұбар» шағын ауданының тұрғындары үйіміздің жанынан не монша, не гараж сала алмай отырмыз, өйткені рұқсат бермейді. Немерелеріміз үшін жақын мектебіміз де, бала бақшамыз да жоқ. Ауылда тұрып жатқандаймыз деп қынжылады. Сондай-ақ көшелерде тротуар да, жарық та жоқтығы айтылды. Ендігі талап – әлеуметтік жағдайымызды түзеп берсе екен деп отыр. Жалпы, тұрғындардың сөзіне қарағанда, олар мұндағы үйлерді құлатуға қарсы. Жергілікті тұрғын Сырымбек Сәдуақасов: «Шұбарда үйімізді 80-ші жылдары салдық. Қазір мұнда өзім ғана емес, балаларым мен немерелерім бірге тұрады. Ал бұл үйлерді сүріп тастау үшін әрбір отбасын жеке-жеке баспанамен қамтамасыз ету керек болады. Яғни, бұл қаржылай тиімсіз. Оған табыла қоятын инвестор да жоқ. Сондықтан осында тұратын адамдардың наразылығын туғызбас үшін әкімдік бұл жердің газдандырылуын жоспарға қосуы қажет», – деп отыр.

Атқарушы орган өкілдерінің айтуынша, қазір қаланы дамыту жөніндегі жоспарға өзгерістер енгізіліп жатыр. Себебі халық саны жылына 50-60 мыңға өсіп отыр, сол себепті құрылыс жұмысы да қарқынды жүруде. Жаңадан дайындалып жатқан бас жоспарда «Шұбар» шағын ауданы көп қабатты емес тұрғын алабы ретінде сақталып қалатыны айтылды.

Алайда әкімдіктегілер Шұбардағы әлеуметтік мәселелерді реттеуге әлі де асықпайтын секілді. Себебі қаланың шет жақтарындағы аудандарға басымдық берілетінін айтып бағуда. Ал шұбарлықтарға ең басты мәселе болып отырғаны – Шұбарда орталықтандырылған кәріз жүйесі мен жылумен қамту жүйесінің жолға қойылғаны керек.

         ‒ Мұнда мыңнан астам үй бар. 1987 жылы жер сатып алғанымда, бір үй ғана салынып тұрған болатын. Сол кезде Ақмола облысы партия комитетінің бірінші хатшысы Андрей Браун болды. Олар бізге үйімізді салып болғанша, коммуналдық қызметтер желісі тартылатынына уәде берген. Кейінгі жылдары қалада бәйтерек монументі салынған кезде, Нұрсұлтан Назарбаев ағамыз Шұбардағы үйлерді бұзу керек деген тапсырма берді. Елбасы болып тұрып, қалай шорт кесіп осындай шешім шығаруға болады? Содан кейін бірде-бір әкім біздің қордаланған мәселелерімізге бет бұрған жоқ», – дейді Сырымбек Сәдуақасов.     

Тұрғындардың айтуынша, осы аумақта бала бақша болмады емес, 1998 жылға дейін жұмыс істеген. Бірақ кейін оның орнына «BI Group» құрылыс компаниясы тұрғын үй салып тастаған екен. Артынша ол «ҚазТрансОйл» АҚ-тың қарамағына, сосын экс-президенттің немересі Айсұлтан Назарбаевтың меншігіне өткен. Бірақ марқұм Айсұлтан Лондонға кеткен соң жаңа үй тұрғызылған көрінеді. Бұдан бөлек, бұл төңіректе депутаттардың да үйлері бар екен. Бір қызығы, олардың үйлері барлық инжелерлік желіге қосылған. Жанында мемлекеттік бала бақша да бар. Алайда шұбарлықтар мұнда балаларын апара алмайды, себебі президент іс басқармасының қарамағында болғандықтан, рұқсат жоқ.

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
«2 градусқа дейін аяз болуы мүмкін»: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Бифат НҰРМАХАН 09:40
Солтүстіктегі солақай тірлік
Жарас КЕМЕЛЖАН 07:48
Қазақ кредитке кіріп тұрып қуанады
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 15:15
Балаларға арналған спорт секциялары ашылуда
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.05.2022, 13:35
Сот белсенділігі уақыт талабы
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 12:05
Жастарды қолдау маңызды

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01