Шыдамның да шегі бар

Әділ АҚЫЛБАЙ

24.11.2022, 07:04

2517

Даниал Ахметов – әкімдер корпусында қалған соңғы ардагерлердің бірі, сонау 2014 жылдан бері ШҚО-ны билеп-төстеп келеді. 2019 жылы оның өкілеттігі тағы созылған. Сарапшылар: «бұл байырғы әкім соңғы уақытта көптеп түсіп жатқан шағымдарға төтеп бере алар ма екен», деп бал ашуда.

Күні кеше Риддерде төтенше жағдай орын алып, мыңдаған адам жылусыз қалды. Негізі, Абай облысының бөлінуімен ШҚО әкімдігі Семейдің шешімін таппаған талай коммуналдық мәселелерінен құтылып кетті. Бірақ сонда да бұл облыс энергетикалық апаттарға қарсы дәрменсіз күйде.

«Риддер» жылу электр орталығындағы қазандықтар 24 қазанда тоқтаған, содан бері энергетикадағы проблемалар тек көбейіп келеді. Апат болған сәтте 22 мың отбасы жылусыз қалды. Бұл дегеніңіз – 50 мыңдай тұрғыны бар қаланың жартысына жуығы.

Ресми ақпарат жылу электр орталығының басшылығы мазут сапасын бақыламаған дейді. Мазуты су аралас мазут боп шығыпты деп шатып-бұтты. ШҚО әкімі дереу шұғыл штаб құрылды деп мәлімдеді. Оның сөзінше, «Казцинк» ЖШС-ның қоймаларынан 60 тонна мазут жөнелтілді. Өскемен жылу электр орталығы қалаға арнайы машиналармен 70 тонна мазут жеткізді.

  • Бұл отын жылу стансасының 100 күндік үздіксіз жұмысына жетеді. Облыс прокуратурасы «Риддер» жылу электр орталығы басшылығының үстінен жұмысына салғырт қарағаны бойынша тергеу бастады. Қалада менің орынбасарым жүр, қала тұрғындарын алаңдамауға және тыныштыққа шақырамын, жағдай менің жеке бақылауымда, – деген еді Даниал Ахметов.

Негізі биыл Риддерге барған Энергетика министрлігінің өкілдері коммуналдық жүйелердің қауіпті жағдайы туралы талай ескерткен болатын, Ахметовтың өзі жылу электр орталығы басшылығына қоятын сұрағым көп деген. Бірақ Ахметов сонда да шаруашылықты реттемеген, ақыры, әне, апат болды.

Алғашқы авариядан кейін нысандағы жабдықтар істен шықты. 7 қарашада қалада, тіпті, төтенше жағдай жарияланды. Сол күні-ақ Риддер тұрғындары «жанайқай» деген тақырыппен петиция жариялады, президент Тоқаевтан көмек сұрап. Халық ашығын айтты, жергілікті билік жылу электр орталығы төңірегіндегі мәселені шешуге қауқарсыз деп.

Петицияда айтылғандай, «Риддер ЖЭО» АҚ жабдықтарының тозуы 86 пайызды құрайды. Жылыту радиаторлары ешқашан жылы болған емес, ал краннан ыстық судың орнына суық су ағады. Былтыр да авария болған, биыл да сол.

Күні кеше «Астана» телеарнасы хабарлағандай, станса басшылығы жылыту маусымына дайынбыз деген өтірік есеп берген екен. Енді Семей мен Өскемен мәслихатының депутаттары Даниал Ахметовтың отставкасын талап етіп, президенттің атына хат жолдады. Өйткені мемлекеттік сатып алу тендерлерін қашан да әкімдікке жақын мердігерлер жеңіп ала береді. Әкім Ахметов өзінің әрекеттерімен мемлекеттік биліктің имиджіне зор нұқсан келтіруде. Бірақ Ахметов саспайды екен, не десек те. «Маған қарсы жасалып жатқан ақпараттық шабуыл ғой» деп, міз бақпайды. Алайда халықтың үні мен баспасөздің сарынына қарасақ, бұл әкім ШҚО тұрғындарын шаршатты. ШҚО әкімі сосын өзін сынағандармен соттасқыш. Биыл жазда Семейде блогерлер Айдос Серікқалиұлы мен Офелия Гусейнованы жалған ақпарат таратты деп соттатып жіберді. Айтпақшы, ол екеуі де әкімнің отставкасын талап еткен еді.

Қысқасы, аса ықпалды қарт әкім қолынан келгенше қарсыласып, өзінің билігін әлі сақтап келеді. Бірақ сын көбейіп, шағым артып барады барған сайын. Ең қызығы, Ахметов әлі отыра бере ме? Енді тағы қанша жыл күтіп, енді қанша шыдауымыз керек?

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 26.05.2023, 18:00
Тоқаев Ақордада Абу Даби шейхін қабылдады
Бифат ЕЛТАЕВА 26.05.2023, 15:00
Жамбыл облысы: Отандық БАҚ саясаты
Сайт әкімшілігі 26.05.2023, 12:11
Алматы облысында энергия тапшылығы қалай шешімін табады?
Сайт әкімшілігі 26.05.2023, 11:00
Министр БАҚ пен журналистиканың жайы туралы айтты
Жарас ШӨКЕ 26.05.2023, 09:51
Қазақтың жерін саудалап жүрген кім?
Сайт әкімшілігі 25.05.2023, 12:24
Шымкент – 100 пайыз

Аңдатпа


  • Келген қазақ құжатсыз, туған бала тұрақсыз
    26.05.2023, 10:25
  • Қазақтың жерін саудалап жүрген кім?
    26.05.2023, 09:51
  • Құқығың бұзылса, депутатқа айтасың, депутат бұзылса, кімге айтасың?
    26.05.2023, 09:13
  • Ғинияттың 207 мың кемшілігі
    25.05.2023, 10:00
  • Орталық Азияның «отағасы» кім?
    25.05.2023, 09:31