Шымкент – 100 пайыз

Сайт әкімшілігі

25.05.2023, 12:24

788

Биыл Шымкент қаласында халықты ауыз сумен қамту көрсеткіші 98,5 пайызды құрайды. Қалалық әкімдіктің таратқан мәліметіне сенсек, жыл соңында ол 100 пайызға жетеді. Яғни үшінші мегаполисте биылдан кейін ауыз судан ешқандай проблема болмайды деген сөз.

Қазір Шымкент қаласын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында 6 нысанда су құбырларын тарту жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Олар — Құрсай, Қайнарбұлақ, Сайрам елдімекендерінде және Еңбекші ауданының жаңа құрылыс аумағында. Нәтижесінде 72 мыңнан астам тұрғын орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылу мүмкіндігіне ие болады.

Шаһардың Қаратау ауданына қарасты Қайнарбұлақ елдімекенінде 60 мыңнан аса халық қоныстанған. Қазір аталған елдімекенде бірнеше инфрақұрылым жүйесі тартылуда. Жуырда қала әкімі Мұрат Әйтенов Қайнарбұлақтағы осы инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстардың жай-күйін білу мақсатында нысандарды аралауға шықты.

Қайнарбұлаққа қазіргі уақытта ауыз су кесте бойынша шектеулі уақытпен беріледі. Сондықтан елдімекенді тіршілік нәрімен толық қамтамасыз ету үшін жалпы ұзындығы 329 шақырымды құрайтын ауыз су жүйелері жүргізілуде. Бүгінге дейін 170 шақырым құбыр тартылып, жұмыстың 75 пайызы орындалған. Биыл жылдың соңына қарай жобаны толық аяқтау жоспарланған. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы мердігер мекемелерге жұмысты ширатуды әрі соған сай сапалы орындауды тапсырды.

Сондай-ақ Қайнарбұлақ елдімекенінде электр қуатын тарату бекетіндегі 35 трансформатор бойынша 50 шақырым электр желісінің құрылысы аяқталды. Нәтижесінде жаңақұрылыс аумағында 2 760 абонент сапалы электр жарығына қосылуға мүмкіндік алды. Қазір мұнда абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысандар іске қосылған жағдайда Қайнарбұлақ электр қуатымен 100 пайыз қамтылады.

Жалпы қала аумағында шағынаудандарды сапалы жарықпен қамту бойынша қосалқы стансаның және 4 нысанның құрылыс жұмыстары қолға алынған. Жыл соңына дейін электр қуатымен қамту көрсеткішін 99 пайызға жеткізеді.

Сонымен бірге Қайнарбұлақ елдімекенін табиғи газбен қамту жұмыстарын «Отау Строй» ЖШС-ы мойнына алған, қазір мердігерлік мекеме тарапынан құрылыс кестеге сай жүргізілуде. Елдімекенге табиғи газ құбырын тарту жұмыстарының жобасы ауқымды болуына орай газдандыруды 2024 жылы аяқтау жоспарланған.

Сонымен бірге үшінші мегаполистегі түрлі мекемелердегі 147 қазандықты орталықтандырылған жылыту жүйесіне өткізу жоспарлануда. Медициналық мекемелердегі – 15, білім нысандарындағы – 121, мәдени ошақтардағы – 3, спорт мекемелеріндегі – 6 қазандықты қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына өткізу үшін техникалық құжаттарды түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, қазандықтарға бір мекеменің жауапты болуы ең алдымен жылу жүйелерін бір көзден қадағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл шешім барлық қазандықтарды жылыту маусымына дайындауды жолға қойып, жылу сапасын арттырады.

Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, Шымкентте соңғы жылдары жолаушылар тасымалдайтын автобустардың сапасы да жақсарған. Бүгінде қалада жолаушыларға 10 автопарк қызмет көрсетеді, онда 1000-ға жуық автобус тіркелген. Қоғамдық көліктердің 90 пайызы жаңартылған. Қазір әлеуметтік мәні бар 75 маршрут бар. Бұл бағыттағы автобустар субсидиялар есебінен қала аумағын, сонымен қатар шет аймақтарда орналасқан барлық шағын аудандар мен тұрғын алабтарды қамтиды.

Тұрақты маршруттардағы 600-ден астам автобус жанар-жағармай ретінде экологиялық таза газ-метанды пайдаланады. Автобустарды газ отынымен қамтамасыз ету үшін 2 газ стансасы қызмет көрсетуде, енді үшінші станциясының құрылысы жүріп жатыр.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 18:00
«Жасыл Қазақстан» экологиялық мәдениетімізді көтере ала ма?!
Жанна АХАТҚЫЗЫ 15:26
Әйел өз құқығын білуі керек
Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ 13:13
ҚАЗАҚПЫЗ ҒОЙ...
Нұрболат ӘЛДИБЕК 09:37
Жамбыл полициясынан досың болса, қалтаңда пышағың болсын
Сайт әкімшілігі 07.06.2023, 17:40
Маңғыстау туризм орталығына айнала ма?!
Еркежан АРЫН 07.06.2023, 14:15
QR-код: тұтынушының құқын қорғай ала ма?

Аңдатпа


  • 100 қойдан 180 қозы алу синдромы немесе Бейсембаев пен Жақыпов мектепке барады
    10:12
  • Жамбыл полициясынан досың болса, қалтаңда пышағың болсын
    09:37
  • «Көше сыпырғыш әкім» көшелі брифинг өткізе алмайды
    09:01
  • Біздің жауымыз – жалған статистика
    07.06.2023, 12:30
  • «Ескерткішті Назарбаевқа қойғанда, сен де депутат болар едің»
    07.06.2023, 11:00