Солтүстіктегі солақай тірлік

Бифат НҰРМАХАН

25.05.2022, 09:40

1630

Еліміздің солтүстік өңірлеріне байланысты біраз мәселе бар. Соның  ішінде өзектісі ол жақтағы өз ұлтымыздың азшылығы. Рас, Кеңес  заманында солтүстік облыстардағы бұл мәселе көтерілген емес. Себеп,  ол кезде бір одақтың құрамында өмір сүрдік. Содан болар Мәскеу  тарапынан ешқандай қауіп болған жоқ. «Қазақстанның солтүстік облыстары орыстың жері» деген әңгіме айтылмады. Алайда тәуелсіздік  алған отыз жыл ішінде осы әңгіме орыс саясаткерлері тарыпанан жиі  көтерілетін болды. Әсіресе, 2014 жылы Ресейдің Қырымды аннекциялауы, Донбастағы орыс жұртын бауырына тартып, бүлік шығарып, сепаратистік әрекетке баруы қазақ халқының мазасын кетірді. Өйткені Мәскеу кез келген уақытта ылаң жасап, солтүстік облыстарды тартып алу мүмкіндігі шындыққа айнала бастағандай.

Тек халық қана емес, мұндай қауіптің барын билікте аңғарып, артынша, оңтүстіктен солтүстікке «Еңбек» бағдарламасы аясында ниет білдірген жұртты көшіре бастады. Ондағы ең басты мақсат – сол өңірде аз шоғырланған ұлтымыздың санын көбейту, бір сөзбен айтқанда  қазақыландыру. «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде қоныс аударғандарды баспанамен, жұмыспен қамту қолға алынды. Қаржы бөлініп, біраз жыл болды көш басталып кеткен. Алайда, оңтүстіктен солтүстікке бет бұрған көш қауіпті сейілте алды ма? Жарнамасы жер жарып, басы дардай болып басталған игі тірліктің арты сиырқұйымшақтанып кеткен жоқ па? Өйткені БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде теріскейге барғандардың ол жақтағы тірлікке көңілдері толмағаны жөнінде жазғандары мен айтқандары бел ала  бастады.

Себебі, бағдарлама талабына сай салынған 1200 баспананың 500-і сапасыз болып шықты. Басынан бастасақ, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі»жолдауында еліміздегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеуді, сондай-ақ еңбек ресурстарының тапшылығы бар өңірлерде үкіметке көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Жұмыссыздық пен жоқшылықтан шаршаған халық «Еңбек» бағдарламасы басталысымен оңтүстіктен солтүстікке үдере көшуді бастап кеткен еді. Алайда «Еңбек» елдің сенімін ақтамады. Себебі, солтүстікке барғандардың көпшілігі қолайлы жағдай мен сапасы нашар үйлердің салдарынан кері қайтуға мәжбүр болды. Осыған сай ең бірінші мәселе, жұмыспен қамту бағдарламасындағы олқылықтар. Мәселен, Оңтүстіктен барған тұрғындардың көбісі ол жаққа біріншіден жұмыс үшін көшіп барады. Бірақ ондағы жұмыстардың ешқайсысы талапқа сай келмейді. Яғни барлығы дерлік қара жұмыстар. Бұл жөнінде солтүстікке барып келген азамат Ілияс Шайбеков «қоныс аударып барып едім, жұмыс таппадым. Ал жергілікті биліктегілер айлығы 23 мың теңге болатын от жағушының жұмысын тауып берді. Қымбатшылық заманда 23 мыңға кім өмір сүреді?.. Сондай-ақ 4 жыл оқып алған дипломымның керексіз болғаны ма?», — деп күйінішін білдірді. Кері қайтайын десе, мемлекеттің береген ақшасын қайтару қажет. Оның үстіне, сонау жерден отбасымен қайта көшіп жүру де оңай шаруа емес. Жалпы, «Еңбек» бағдарламасы қалай жүзеге асырылып жатыр? Бағдарламадағы тұрғындардың көңілінен шықпайтын тағы қандай кемшіліктері бар дегенді толығырақ зерттеп алсақ. Әрі бұл жөнінде әлеуметтанушылар мен экономистердің пікіріне тоқталсақ. ӘлеуметтанушыМәнсия Садырова«Еңбек» бағдарламасында жұмыс жүргізілгенімен, жұмыстың орындалуы жөнінде нақты нәтиженің жоқтығын айтады.

— «Еңбек» бағдарламасына қысқаша тоқталатын болсақ, 2017-2020 жылдарға арналған бағдарламаның негізінде жасалған. Оның негізгі мақсаты – тиімді жұмыспен қамту және жеке кәсіпкерлікке ынталандыра отырып, көмек көрсету болып саналады. Жұмыссыздық мәселесі әр кезеңде толғандырып отырған мәселе болғандықтан, жастарға бағытталып, жұмыссыз жастарды бағдарламаға сай қайта оқыту арқылы жұмыс тауып беру секілді жағдайлар қарастырылу керек деген бағытта ашылған еді. Екіншіден, оңтүстіктен солтүстікке көшіру мәселесінің шығуы да жұмыссыздықтың салдары. Өйткені Оңтүстік өңірлерде жұмыссыз жүрген жандар өте көп, әрі ол жақ халық тығыз орналасқан аймақ болып есептеледі. Ал солтүстікте керісінше. Оның үстіне, солтүстік өңірін қазақыландыру, кәсіпкерлікке тиімді жағдай жасау, бейімдеу, оқыту, қайтарымсыз грант беру секілді жағдайлардың да себебі бар. Сондай-ақ «Еңбек» бағдарламасына «Серпін» бағдарламасы да кіреді. Онда Оңтүстік аймақтың түлектеріне Солтүстікке грантқа оқуға түсуге жеңілдік жасалып, оқу бітірген соң Солтүстік аймақта қызмет етсін деген себеппен жасалынған. Бірақ «Серпін» бағдарламасымен білім алғандар Солтүстікте жұмыс жасап жатқан жоқ.  Оның себебі, белгілі адамның туып-өскен аймағына бейімді болып өскендігінен. Мәселен, Оңтүстіктің табиғаты мен Солтүстіктің табиғаты екі түрлі. Тіпті мигранттардың өзі туып-өскен жеріне оралуға тырысады. Яғни Оңтүстіктің жылы аймағында өскен адам Солтүстіктің аязына, суығына төзбейді. Бұл бірінші мәселе. Ал екінші мәселе, Солтүстікке барғандарға бағдарлама бойынша жасалынатын жағдайлар тиісті түрде қамтамасыз етілді ме, етілмеді ме деген жағын қарастыруымыз керек, – дейді әлеуметтанушы.  Ал экономист Бауыржан Ысқақов: Оңтүстіктен Солтүстікке көшіру мәселесіне келсек, өте күрделі жағдай. Өйткені қандай қаражат керек болса да, алып мемлекетпен көршілес аймақтарды өз халқымызбен толықтыруымыз керек. Әрі Оңтүстік аймақтардың адамдары жыл сайын көбейіп жатқандығы белгілі. Сол себептен, жұмыссыздық мәселесі де көп.  Осы мәселеге қатысты бағдарлама дайындалғанымен, алға жылжыта алмай келеміз. Оның себебі, көшіп барған азаматтарға арналып салынған үйлер мен жағдайдың нашарлығы. Біріншіден, Солтүстіктің қысы суық болатындығынан отты қанша жаққанымен, сапасыз үйлерді жылыта алмайды. Бағдарламаны кері тартып тұрған да осы мәселе. Бағдарламаға жақсы қаражат, жайлы жағдай жасалынғанымен, сапасыз үйлер басты кемшілік болып қала береді. Көп адам үйлердің сапасыздығынан кері қайтуына тура келеді. Сол үшін үйлерді салатын құрылыс компанияларына талапты күшейтіп, үнемшілдікті болдырмау керек. Мәселен, 7 миллионға салынатын үйлер 3 миллионға салынса, әрине ол үйдің сапасы сын көтермейді. Ал талапқа сай үйлер сапалы болса, тұрақты жағдай жасалынса, көшіп баратын тұрғындарға талапты күшейту қажет. Яғни қазірдің өзінде 5 жылға дейін тұру керек деген талаптар қойылып жатыр. Осы секілді барғаннан кейін тұрақтап қалуға тырысып, осы жерде ұрпағыңмен өсіп-өнуге тырысу керек деген талаптар қойылса жөн болады, – дейді.

Сондай-ақ әлеуметтанушы Мәнсия Садырова «Еңбек» бағдарламасында тағы бір мәселе, көші-қон бойынша Солтүстіктегі аймақтарға қоныс аудару бірдей болып отырған жоқ. Мәселен, Ақмола облысына 464 отбасы көшіп барса, Шығыс Қазақстанға 2414, Қостанайға 164, Павлодарға 277, Солтүстік Қазақстанға 2960 адам көшіп барған. Әр жерге бұлай көшіп барғанның да себебін анықтау қажет. Бұл аймақтық ерекшеліктер, жұмыспен қамтылу деңгейінен де болуы мүмкін» екендігін айтады.

Қысқасы «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде солтүстікке барғандардың  шешілмей жатқан мәселелері көп. Алайда мұның бәрі уақытша екені әмбеге аян. «Көш  жүре  түзеледі» демей ме? Ең бастысы, бұл жерде елдің,  мемлекеттің қауіпсіздік мәселесі жатыр. Мұны сол жаққа қоныс аударғандарға, сол өңірдің әкімқаралары да түсінгені жөн. Және соған сай  әрекет етіп, қоныс аударушыларды «масыл» деп қарап емес, еліміздің  тұтастығы үшін, қауіпсіздігі үшін атқарылып жатқан стратегиялық маңызы  бар іс-шара деп қарағаны дұрыс болар-ау.

«Еңбек» бағдарламасын қай жағынан алып қарасақ та, шешілмей жатқан мәселелер өте көп. Ендігі атқарылар істер тек іспен емес, сөзбен, қағаз жүзінде ғана керемет болып қалмаса игі.

Тегтер: еңбек нарық халық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Әлия ТАУКЕНОВА 24.06.2022, 12:50
Мерғалиға ауылдың бір көшесін неге қимадық?
М.СӘУЛЕБЕК 23.06.2022, 16:40
Түркістан медицинасы үздіктердің қатарында аталды
М.СӘУЛЕБЕК 22.06.2022, 16:50
Мегаполис атанған Шымқалада не өзгерді?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.06.2022, 11:00
Флораға жұтаң Қарағанды шөлейттегі шаhар ма?
М.ЖӘНІБЕКҰЛЫ 22.06.2022, 08:36
Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 21.06.2022, 11:40
«Билайн» балаларды неге соттайды?

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33