Сот міндетін атқаратын ақсақалдар

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

08.09.2020, 08:57

276

Елімізде  отбасы мәселесімен шұғылданатын  ұлттық кеңес, әр облыстағы  әкімдіктердің  жанында  осы іспен шұғылданатын  бөлімдер, одан қалса,  аналар кеңесі,  іскер әйелдер қауымдастығы  бар.  Әйтсе де  отбасы құндылығын сақтап қалудағы ауыз толтырып айтарлық жұмыстары көңіл көншітпейді.  Тірліктері бірсарынды,  түрлі байқаулар  мен басқосулар өткізумен ғана шектеледі.  Қоғамдағы әлжуаз отбасыларға қаржылай  көмегі қайсы? Отбасын сақтап қалудағы үлестері қандай? Осы жауапкершілікті арқалап жүрген жанкештіні  таппай дал болып жүргенде елден  жылт еткен жаңалық алдық.  Бақсақ, жалпақ жұртқа жар салмай-ақ,  нардың жүгін арқалап жүрген  ақсақалдар бар  екен.  Қарқаралыда тұрады. Жерден жеті қоян тапқандай желпіндік.  Жақсы істің бастамашысы зейнеткер-заңгер Ақан  Жақсылықов  деген қарт екен.  Сексеннің сеңгіріне шықса да, көзі отты, сөзі дуалы  ақсақал осы салада еңбек еткен дербес демалыстағы жеті қарияны жинап,  ауданда  билер кеңесін құрған.  Билер кеңесі үш жылдан бері бабадан қалған  «Жеті жарғының»  заман қисынына келетін баптарын  жаңғыртып  қолдануда.  Абыз аталар  баланы тірі жетімдіктен құтқаруды төл миссиясы ретінде бұлжытпай орындап келеді. 

      – Баланың көз жасы – киелі. Алайда  ақылы толысқан бүгінгі  үлкендер келте ойлайды.  «Ажырасқанда тұрған дәнеңе жоқ,  өмір тоқтап қалмайды,  алға жүру керек» дейтін,  жеңіл топшылайтын ата-аналар мен ата-әжелер көбейді.  Бірақ  баланың тұла  бойын торлаған қасіретті жүрекпен сезіп,  жанарындағы  мұңды ешкім көрмейді.  Біз ажырасу алдында тұрған отау иелерін райларынан қайтару үшін бар амалымызды салып бағамыз. Өтініш иелерінің ісін сотқа дейін және сот барысында ымыраға  келтіреміз. Биыл 12 отбасын ажырасудан алып  қалдық.  Былтыр  бұл көрсеткішті 14-ке жеткізгенбіз.  Еркекті  намысқа,  әйелді арға шақыра отырып төрелік етеміз.  Мұның бәрі қаншама ішкі қуатты сарп етеді.  Есесіне  сан сәбиді  жетімдіктен сақтап қалдық.  Олай дейтінім, әлекке түскен отбасылардың дені  жас отау иелері болатын, – дейді  билер  кеңесінің хатшысы  Ақан Жақсылықов.

       Қарқаралылық қариялардың дара тәсілін қазір  өркениет төріндегі ағылшындар да қолданып отыр.  БАҚ-тағы кейбір  ақпаратқа сүйенсек,  Ұлыбританиядағы Корам палатасының корольдік адвокаты Марк Тумей өз еліндегі  мынадай өнегелі мысалды алға тартады: спикердің айтуынша, сотта баланың пікірі басты дәлел ретінде есепке алынады. Сот кішкентай жәбірленушінің  мүддесіне сай, дұрыс шешім шығаруы үшін қажетті құралдармен жарақтандырылған. Алайда біздегі дәстүрлі сотта мұндай озық әдіс ескерілмей келеді.

    Жергілікті судьялар «отбасы драмасын» көбіне билер кеңесі арқылы реттейді. Ақылман ақсақалдардың айтуынша,  заман үрдісінің теріс әсері болар,  ауылдық жерде ерлі-зайыптылардың жеңіл жүріске, ішімдікке салынуы азаймай отыр.  Мұндай озбыр әрекетке көбіне  ұрпағының тағдырын елең қылмайтындар барады.   

     – Жақында біз есімі  И және Т  әрпінен басталатын шаңырақ иелерінің неке бұзу жайындағы дауын  реттедік.  Олардың кәмелеттік жасқа толмаған төрт баласы бар.  Жауапкер тұлға жалақысы жоғары қызметте екен.  «Біреу тойып, біреу тоңып секіреді» деген рас. Жеріккен жігіт ағасы сырттағы  жас келіншекпен  ойнас жасап,  жылдап жеңіл  жүріске салынған.  Араға ағайындары қанша  түскенімен, ол бұл әдетін тыймаған.  Жан жарасы дендеген  үйдегі жары өмірлік серігімен ажырасуға  сотқа  өтініш түсіреді.  Қыршаңқы жігітті оңаша шақырып,  аталар дәстүрімен тезге салып, әйелін кешірімге шақырдық. Сайып келгенде, мәселені  осылай оңынан  шештік.  Ақырында жұбайы сотқа жазған өтінішін қайтарып алды.  Осы тақылеттес тағдырға тап болған келесі бір отбасының  қожайыны  іссапарда болғанда, әйелінің үйдегі  шаруаны  атқармайтынын,  балаларға  көңіл бөлмейтінін,  өзге еркекпен жасырын арсыз әрекетке барғанын жайып салды. Нақты дәлелін айғақ ретінде ұсынды.  Бұл жолы  ер-азаматты сабырлық пен кешірімге шақырып, түйіннің  тігісін жатқызып ретке келтірдік.  Осылайша еліміздегі тағы бір отбасындағы балаларды тентіретуден  аман алып қалдық.   «Ұлы сөзде ұяттық жоқ» деген, ащы да болса,  осынау шындықты айтпасқа болмады, – деп кейіді қария.

       Жанұяда  ұрыс-керістің  туындауына,  жұбайлар арасындағы сүйіспеншіліктің сөнуіне  көбіне-көп  бүгінгі нарықтық экономикадағы әлеуметтік факторлардың  әсерін жоққа шығаруға болмайды.  Бірде туысының үйін сағалап, біресе пәтер жалдап,  берекесі қашып жүрген аудандағы 12 отбасына билер мен аналар кеңесі  әкімдікті қолқалап былтыр баспана алып берген.  Баянды істі биыл да жалғастырмақ ниетте.  Осылайша  отбасы бұзылуының себептерімен күресіп, қос тарапты татуластыруды ту еткен  билер кеңесінің арнайы кеңсесі де жоқ.  Аудандық сот  ғимараты ішіндегі  аядай  бөлмені мекен етіп отыр.  Заман нарқын ескеріп, оларға ешкім  бір тиын да ақша төлемейді.  Ерікті түрде құрылған  қоғамдық ұйым. «Жұртты жарастыруды тоқтатып, ертең тарқаймыз» десе де, толық құқы бар.  Бәлкім,  қазіргі сот жүйесіне билер кеңесінің элементтері енсе, қарияларға қаржы төленер деген  үміт те жоқ емес. Бұл көптің  көкейінде жүрген  ой. Әзірге ол сөзбұйдадан аспай тұр.

Тегтер: сот жүйесі заң заңсыздық бітім береке ақсақалдар алқасы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13:50
Қазақстанға құс тұмауын жабайы құстар әкелген болуы мүмкін
Сайт әкімшілігі 11:16
Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
Сайт әкімшілігі 09:34
Өткен тәулікте пневмониядан 1 адам қайтыс болды
Сайт әкімшілігі 26.09.2020, 10:38
Ұшақ құлап, 25 адам қаза тапты
Сайт әкімшілігі 26.09.2020, 10:35
Пневмония: науқастар саны тағы артты
Сайт әкімшілігі 26.09.2020, 10:26
Өткен тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны белгілі болды

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43