Сот жүйесі халық мүддесіне сай жаңаруда

Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

12.05.2022, 11:30

1620

Соңғы жылдары еліміздің сот жүйесі уақыт сұранысына сай көп өзгеріске түсті. Ол өзгерісті халық сезініп отыр ма? Жалпы ол өзгерістердің қоғамға берері қандай? Сот саласының қазанында қайнаған мамандарға сауал қойып, саланың бар жоғын таразылап көрген едік.

  1. Сот саласында жасалған реформалардың қайсысы көңіліңізден шықты?
  2. Бүгінгі күнгі сот Тәуелсіздігіне көңіліңіз тола ма?
  3. Халықтың құқықтық сауаттылығын жетілдіру үшін не істеуіміз керек?
  4. Азаматтардың сотқа деген сенімін арттыру үшін тағы не істей аламыз?

Айдос Сәдуақасов, ҚР Жоғарғы сотының баспасөз хатшысы:

– Соңғы жылдары сот жүйесінде көптеген реформалар жасалып жатыр. Ол өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың сотқа деген сенімін арттыруға негізделген. Бұл бағытта еліміздің Тәуелсіздік алған отыз жылының ішіндегі ең негізгі, бетбұрысты реформаның бірі әкімшілік әділет жүйесінің қалыптасуы. Бұл дегеніміз – әкімшілік рәсімдік процестік кодекстің қолданысқа енуі. Жалпы әкімшілік әділет жүйесі нені реттейді?

Бұл азаматтар мен мемлекеттік билік органдарының арасындағы жария құқықтық дауларды реттейді. Осы заңға сәйкес азаматтардың мемлекеттік билік органдары арасындағы даулары кезінде соттардың белсенді рөлі қағидаты негізінде азаматтардың құқықтарын қорғауға басымдық беріледі. Мысалы, қазіргі қолданыстағы Азаматтық процестік кодекске сәйкес тараптар тең деп саналады. Негізінде тараптар тең емес. Тараптардың мүмкіндіктері әртүрлі. Әсіресе бір тарап мемлекеттік орган, екінші тарап қарапайым азамат болған кезде олардың теңдігі туралы айту мүмкін емес. Өйткені мемлекеттік органның аппараты, қызмет өкілдері, заңгерлері, экономистері басқа да еңбек және әкімшілік ресурстары бар. Осындай үлкен мемлекеттік орган мен жеке адамның дауы кезінде әрине сот жеке адамның заңды немесе жеке тұлғаның мүддесін қорғауға басымдық беруі керек. Және бұл қағида біздің Кодексте көзделген. Соның нәтижесінде 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап осы институт өзінің жұмысын бастады. Жарты жылдың ішінде-ақ мемлекеттік органдардың басым бөлігі мұндай дауларда жеңіліп, жеке адамдар жеңуде. Яғни жеке адамдардың жеңіске жету мүмкіндігі 55 пайызды құрайды. Осынша мөлшерде сот жеке адамдардың мүддесін қорғап отыр. Ал шенеуніктер жеңіліп отыр. Бұрын 85 пайыз жағдайда мемлекеттік органдар жеңіп келген болатын. Мәселен, бір азамат зейнеткер. Бұрын мемлекеттен жер учаскесін алып, кейін оны әкімдік өзіне қайтарып алған болса. Қазіргі таңда осындай әуре сарсаңға салған жағдайда мемлекеттік органның шенеунігі мұндай әрекеті үшін жеке басымен жауап береді. Егер заңсыздығы айқындалған жағдайда, ол мемлекеттік шенеунікке айыппұл салынып, оның тәртібі заңға сай қаралады.

Саладағы ойымнан шыққан екінші бір өзгеріс саланың цифрлануы дер едім. Бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылды. Мәселен, біздің қазіргі таңда енгізіп жатқанымыз жасанды зерде элементтері. Жасанды зерде элементтерін енгізу арқылы сот жүйесіндегі сот практикасының айқындылығын нығайтуға болады. Және сот істерінің жедел қаралуына ықпал ете аламыз. Сот жүйесінде роботтандыру элементтері бағдарламасы енгізіліп жатыр. Мұның артықшылығы көп. Бірінші артықшылығы сот ісінің жедел қаралуы болса, екіншіден адами фактордың барынша төмендетілуі. Бұрын мысалы борышкерлер шетелге шығатын кезде мемлекет оның қарызы бар жоғын анықтайтын. База бойынша оның қарызы болса шетелге шығуына тыйым салынатын. Ондай істер он-он бес күн қаралатын. Шетелде жедел шаруасы барына қарамастан ол азаматтар күтуге мәжбүр еді. Ал қазір мұндай істер роботтандыру бағдарламасының арқасында санаулы минуттар ішінде сот актісінің жобасын дайындап береді, оның үстінен судья қарап, қолын қойып бекітеді. Сала жұмысын жеңілдетуге бағытталған бұл іс саланың бір жемісі деп білемін. Келесі жетістік Smart Bridge деп аталатын сот талдауы бағдарламасы. Бұл бағдарламаның артықшылығы барлық жүйеге  енгізілген сот актілерінің негізінде азаматтарға дауласқан дұрыс па, бұрыс па, соны анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, сіз жер дауы немесе еңбек дауы бойынша дауласпас бұрын осы бағдарламаға кіріп, іздеу жүйесіне кіріп, белгілі бір кілтсөздерді жазып, осы санаттағы даулар бойынша сот шешімдерін қарап, дауласқан дұрыс па, қолыңыздағы дәлелдер жеткілікті екендігін, немесе жеткіліксіздігін, өзіңіздің уәждеріңіздің қаншалықты мықты немесе әлсіз екенін, пайымдап, шешім шығаруыңызға мүмкіндік бар. Сотқа дейінгі хаттама деген жоба да сала жұмысын алға сүйреген бастамалардың бірі. Бұл жобаның басты мақсаты – тараптардың сотқа дейін бір-біріне өздерінің дәлелдемелерін ұсынуы. Яғни екі тарап сотқа дейін бір-біріне және сотқа дәлелдемелерін ұсынады. Сот ол дәлелдемелерді көріп, егер екі тарап татуласқысы келсе сотқа дейін татуластыруға мүмкіндік туғызады. Осы жобалар бізден сынақтан сәтті өтіп, өзінің тиімділігін дәлелдеді. Алматы қаласының өзінде азаматтық істер бойынша 80-85 пайыз даулардың бітіммен аяқталуына мұрындық болды.

Тағы бір енгізгелі отырған жаңашылдығымыз аумақаралық соттылық деп аталады. Бұл жобаның мақсаты – сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Яғни белгілі бір азамат Шымкент қаласында тұрса, бірақ сол қаладағы судьяларға сенімсіздік білдірсе немесе қарсылас тараптың судьямен таныстығы бар екенін сезсе, жерлестік, руластық, туыстығы бар екенін біліп, соттың әділдігіне күмәнданса ол өз ісін басқа бір қалада Нұр-Сұлтанда, Алматыда тіпті Ақтаудағы, әйтеуір бір басқа қала судьясына сеніп тапсырып, жүгіне алады. Яғни өтінішхат беріп, соның негізінде келесі тараппен келісе отырып, талапкер немесе жауапкер істерін қалаған басқа өңірге ауыстыра алады. Бұл жоба да сотқа сенімді арттыру, халықтың көңілінен шығу мақсатында қолға алынып отырған бір шара. 2022 жылдың 1 тамызынан бастап қолданысқа енетін бұл бастамадан да үлкен үміт күтіп отырмыз.

Сот тәуелсіздігі деген үлкен философиялық түсінік. Әрине адам баласы жалпы адамзат бірінші Жаратушы иемізге тәуелдіміз. Уақытқа, материалдық қажеттілікке тәуелдіміз. Ал судьялар заңға сәйкес тәуелді болмауы керек. Олардың тәуелсіздігіне Ата заңмен кепілдік берілген. Судьялардың тәуелсіздігін нығайту бағытында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі, әрі бірегейі биылдан бастап Мемлекет басшысының қолдауымен судьялардың қаржылай тәуелсіздігін қамтамасыз ету айқындалып отыр. Бұған дейін Сот үкіметке, қаржы министрлігіне тәуелді болып келсе, енді жаңа заңға сәйкес барлық мемлекеттік органдарға бөлінетін шығыс бөлігінің алтыдан бес пайызы көлемінде сот жүйесіне белгіленген қаржы мөлшері бекітілді. Бұл шын мәнінде жақсы, қомақты қаражат. Осының негізінде сот жүйесінің, судьялардың атқарушы билікке деген тәуелділігі жойылып, сот жүйесі шын мәніндегі тәуелсіздікке ие болады деп ойлап отырмыз. Мұның сыртында судьялардың сот төрағаларына тәуелділігін адвокаттар, заңгерлер жиі айтады. Әлеуметтік желілерде де жиі талқыланатын. Кей жағдайларда ол расталып та жататын. Сондықтан заңға өзгерістер енгізу нәтижесінде соңғы екі үш жыл көлемінде сот төрағаларының қолындағы бірқатар кадрлық, басқарушылық функциялар алынып тасталды. Яғни судьялардың мансаптық өсуі кезінде бұрын сот төрағалары мінездеме беретін. Қазір осы секілді сот төрағаларының қолындағы қызметтер қысқартылып, өзінің құзіретіндегі бірқатар өкілеттіктер жойылды. Және сот төрағаларының бір өңірде 20-30 жылдап төраға болуы көп кездескен болатын. Қазір жаңа заңға сәйкес тек екі мерзімге сот төрағасы болу мүмкіндігі сақталып отыр. Мұның барлығы айналып келгенде судьялардың тәуелсіздігін арттыруға бағытталған шаралар.

Халықтың құқықтық сауаты еліміздің Әділет министрлігінің құзырындағы шаруа. Дейтұрғанмен біз сот жүйесі, Жоғарғы сот халықтың құқықтық сауатын арттыру үшін телеарналармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз жұмыс істеудеміз. Телеарналардан бағдарлама, газеттерден айдарлар ашып, әлеуметтік желілерден парақшаларымызбен, телеграмнан аккаунтар арқылы түрлі бағытта құқықтық сауатты арттыруға бағытталған заңгерлік кеңестер беруге көштік. Соның бірі – роликтер түсіріп жатырмыз. Жастар мен жасөспірімдер мәтін түріндегі ақпараттарды қабылдай бермейтін болғандықтан, оның жастар арасында қабылданбайтынын ескеріп, мобилографиялық бір-екі минуттық роликтер түсірудеміз. Сот жүйесіндегі жаңашылдықтар туралы халыққа ұдайы ақпарат таратып отырмыз. 

Халықтың сотқа сенімін арттыру үшін түрлі жобалар мен бастамалар қолға алынуда. Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайды. Жалпы адамның адамға деген сенімін арттыру үлкен құндылықтардың біріне айналып отыр. Ал сот ісінде кем дегенде екі тарап болатынын ескерсек, заңға сай бірі жеңіп, екіншісі жеңіледі. Сондықтан жеңілген тарап өзінің кемшілігін, қателіктерін, заңға қайшы әрекетін мойындап, бағамдаудың орнына көбінесе екінші тарапты, сотты кінәлап жатады. Сондықтан сотқа сенімді арттырудың бір тетігі ретінде татуластыруды, арттыруды ойлап отырмыз. Баяғы билерімізден қалған ата жолымен екі тарапты да ренжітпей, сот төрелегінінің сара жолын, алтын аралығын табуға тырысудамыз. «Дау мұраты бітім» деп жатады. АҚШ, Сингапур, Гонконг секілді дамыған елдерде азаматтық істер бойынша даулардың 80 пайыздан астамы сотқа дейінгі татуласу жолын таңдап жатқанын біз біліп отырмыз. Қазақстандық сот жүйесінің негізгі басымдығы тараптардың татуласуына мүмкіндік беріп, сол арқылы соттағы істердің, судьялардың басым бөлігін күрделі сот істерін қарауға шоғырландыруға тырысудамыз. 

Қалима Дуамбекова, Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының судьясы: 

– Соңғы жылдары қабылданып іс жүзінде орындалып жатқан реформалардың ішінде әкімшілік рәсімдік процестік кодекс және цифрландыру заманауи реформалар ретінде сәтті жұмыс істеуде. Осы бағыттағы атқарылып жатқан шаралар қоғамға да, халыққа да өз жемісін беруде. Медиация жүйесі де халық арасында кең тарап келеді. Дегенмен халық медиация жүйесіне өздігінен жүгінбейді, арнайы медиаторларга тараптар бармайды. Алгоритм бойынша тараптарды татуластыруға шақыртады, тараптар татуласқанға келмесе, іс материалдары басқа судьяларға бөлінеді. Екі, үш судья істейтін соттарда жүктеме бір судьяда көп біреуінде аз болады. Себебі тараптар көбінде татуласуға келмейді. Елдің әрбір азаматы өз құқықтары мен бостандықтарын еш кедергісіз тәуелсіз соттарда қорғай алуы керек. Азаматтардың конституция кепілдік беретін қорғалу құқығын сот арқылы жүзеге асыру, жаңа ақпараттық заманауи технологияларды енгізу сот төрелігінің сапалы жане нәтижелі атқарылуына мүмкіндік беретін мәселелер қазір де шешімін тапқан. Соттың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар азаматтардың сотқа сенімін қалыптастыруға сол арқылы сот беделін арттыруға бағытталғанын байқап отырмыз. Бұл сот жүйесі үшін үлкен мүмкіндіктер.

Тәуелсіздік алған 30 жылда бұрынғы Кеңес Одағы кезіндегі қолданыста болған зандар базасы жаңартылып, Ата заңымыз қабылданып, одан бастау алатын заңдарға толықтырулар мен жетілдірулер енгізіліп, заман сұранысына сай бейімделді. Жалпы сала осы жылдар ішінде айтарлықтай жетілдірілді.

Сот тәуелсіздігі сот жүйесінің басқа билік тармақтарынан дербес болуы, сот қызметінің қаржыландыруы жергілікті бюджеттен емес, тікелей мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілуі, судьялардың әкімшілік аппараттарына бағынышты болмауы. Бұл талаптардың бәрі қамтылғандықтан біздің сот жүйесі тәуелсіз және халықаралық стандарттарға жауап бере алады деп айтуға негіз бар.

Рас, халықтың құқықтық сауаттылығы төмен. Сондықтан қоғамда заң жұмыс істемеуі жиі кездеседі. Азматтар құқығын білмегендіктен заң арқылы құқықтық органдарға жүгіне бермейді. Әркім өзіне қажет деген құқығын таниды. Өзгенің құқығын қоғамда ескерусіз қалдырады. Бұл мәселе аясында құқықтық насихат жұмыстарын ауқымдандыру, сапалық жағдайын жоғарылату қажеттілігі сезілуде. Бұл орайда айта кететін жайт, адам мен азаматтың Конституциялық және басқа да құқықтарын жүзеге асыруды қамтамасыз етіп, жалпы азаматтардың құқықтық білімдері мен құқықтық мәдени этикасын оңтайландыру мақсатында – мемлекеттік органдар мен жоғары оқу орындары бұқаралық ақпарат құралдарында қозғап, түрлі іс-шаралар, конференциялар, ашық сабақтар, семинар-брифингтер, дөңгелек үстелдер сияқты шараларды ұйымдастырып, Әділет министрлігіне қарасты ұйымдармен, сонымен қатар облыстық мемлекеттік мекемелерімен тұрақты түрде өзара іс-әрекеттер жүзеге асырылуда. Қазіргі кезде барлық халық әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланушылары болып табылады, халыққа кез келген ақпарат қол жетімді, кез келген азамат нормативті-құқықтық актілермен танысып, ақпарат ала алады, жүзеге асырылып жатқан түрлі құқықтық сауаттандыру жұмыстарынан хабардар бола алады. Осыған халық бейімделсе екен.

Азаматтардың сотқа деген сенімін арттыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Мәселен, сотқа келіп түскен шағымдар қазір судьяларға автоматты жүйе арқылы бөлінеді. Яғни судьялар қалаған сот ісін алып жүргізе алмайды. Автоматты жүйе арқылы бөлінген сот істерін судьялар ары қарай жүргізеді. Бұл саладағы бір күмәнді азайтып отыр. Жалпы саладағы сандық жүйе енгізген өзгерістер өзінің оң нәтижесін беруде.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұр-Қасым ЖОМАРТ 06.06.2023, 16:45
Құс қорегіне айналған алқап
Еркенұр ҚОНЫСБАЙ 06.06.2023, 13:46
Жұмыс, бизнес, жастарға арналған несие...
Сайт әкімшілігі 05.06.2023, 16:30
Тоқаев бірқатар заңға қол қойды
Сайт әкімшілігі 05.06.2023, 11:18
Халықтың демалуға ақшасы жоқ
М.СӘУЛЕБЕК 02.06.2023, 09:00
Қаскөйлер онлайн да опындырады
Бифат ЕЛТАЕВА 31.05.2023, 14:55
Жаңа жағдайдағы жастар: іс-қимыл кезеңі

Аңдатпа


  • Ораловтың барында...
    06.06.2023, 10:17
  • Ұстағанның қолындағы, тістегеннің аузындағы қазақ ураны
    06.06.2023, 09:46
  • Жалған кәсіпкерлер, алаяқ аналар
    06.06.2023, 09:00
  • Өзбекстан қай жолды таңдады?
    02.06.2023, 10:15
  • Жұманғариннің жиналыстары. Бас шұлғитын әкімдер, орындалмайтын тапсырмалар
    01.06.2023, 10:11