Сталинградты қорғаған екі ағайынды

Сағатбек ОМАРОВ

05.05.2022, 20:59

562

 Соғыстың жүріп жатқанына екінші жыл. Әкем Сыдық Омарұлы әскер қатарына шақырған қағазды 1942 жылы ақпан айында алыпты. Соның алдында ғана атам Омар шағын той жасап, әкемді анам Нұрилаға үйлендіріпті. Көрші ауыл Қақпақта жетінші сыныпты бітірген соң үйінде отырған қыз екен анамыз. Әкеме қалыңдықты атам өзі таңдапты. Әкем: «Жәке, соғыс жүріп жатыр. Бүгін бе, ертең бе, шақырту келіп соғысқа аттансам, дәл қазір үйленудің не қажеті бар маған?» – деп қарсылық білдірсе де, атам ойлаған («жаман айтпай жақсы жоқ» деген, әлдеқандай жағдай болса, баламнан бір тұқым қалады ғой» деген)  жоспарынан қайтпай қойыпты. Атамның таңдауы өзі бұрыннан жақсы танитын Тәжібай атаның қызына түскен. Тәжекең – кезінде Албан көтерілісінің көсемі Жәмеңкенің туысы, әрі оның атқосшысы болған адам. Албан көтерілісі тұсында Тәжібай атам жаңа үйленген жас жігіт екен. Қарқараға аттанарда Жәмеңке осы туысқан інісіне анау-мынау іс-шараларды орындауды тапсырып кеткен (қырғын боларын сезген ғой, жас боздақ опат болып кетпесін деген сақтығы шығар).

Әкеме алғашқы шақырту қағаз келгенде ағасы Жақыпбай: «Сен жақында ғана үйлендің. Сенің орныңа әскерге мен барайын», – деп әскери комиссариатпен келіскен де, соғысқа аттанған. 1942 жылдың маусым айында әкем қайтадан шақырту алып, бірер ай дайындықтан өткен соң, қатардағы жауынгер ретінде тамыз айында Сталинград майданынан бір-ақ шығыпты. Қазан айының бір күні алдыңғы шептің траншеясында өзінің орнына соғысқа аттанған бауыры Жақыпбайды кездестіреді. Жақыпбай көрші бөлімшеде партия хатшысы (парторг) екен. Себебі – ол кісі соғысқа дейін ауылдық кеңестің хатшысы қызметін атқарыпты, сол кезде партия қатарына өткен. Әкем ағасына Отан қорғау жолында басқа жауынгерлермен бірге әлденеше рет ұрысқа қатысқанын, азды-көпті тәжірибе алғанын айтып береді. Жақыпбай ағасы інісін жігерлендіріп, Отан қорғаудың әрбір жауынгер үшін міндетті де қасиетті борыш екенін, Сталинград майданының Ұлы Отан соғысындағы рөлін түсіндіреді. (Соғыста ағасының парторг қызметін абыроймен атқарып, жас жауынгерлерге үлгі көрсетіп жүргені жан жүрегінде мақтаныш сезімін оятқанын әкем кейіннен айтып отыратын). Екеуі үш-төрт сағат әңгімелескенде, ағасы соғыста қалай жүріп тұру туралы ақыл-кеңесімен қатар: «Ұрысқа шақырған «Алға!» деген дабылды естігенде ұйқыңнан оянбай қалып жүрме, командирің сол жерде «дезертир» деп атып кетпесін», – деп ескертеді. Кетерінде: «Мынаны шинеліңнің ішінен киіп ал, жылы болады, мен басқасын тауып аламын», – деп, үстіндегі қалың күртешесін беріпті.

Түннің бір уағында бөлімше басқа жерге орын ауыстырып, әкем содан кейін ағасын қайта көрмепті. Бірер айдан соң жақын жерде жарылған снаряд жарқыншағы аяғына тиіп, соғыс жағдайында біраз емделгенмен, ақсақ аяғымен соғысқа жарамайтын болған соң, әкем елге қайтыпты.

Ағасы Жақыпбайдан 1943 жылы бір хат келген, қасында жатқан жаралы жауынгерге жаздырса керек. «Жарасы өте ауыр, госпитальда жатырмыз», – депті. Содан екі-үш айдан кейін әскери бөлімшеден «хабарсыз кетті» деген хабар келген. Ойлаймын: сол кезде артында қалған отбасына өтемақы төлемеу үшін сондай қағаз жібере салатын болса керек.

Әкем 1943 жылы елге оралып, 1969 жылға дейін Алматы облысы Нарынқол ауданының әр шаруашылықтарында есепші, бас есепші қызметін, екі-үш жыл Жамбыл колхозының төрағасы қызметін атқарды. Соғыста алған жарақатының салдарынан 47 жасында қайтыс болды. Анамыз Нұрила екеуі төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп, өсірді. Әкем қайтыс болған соң, бала-шаға тәрбиесінің, отбасының барша ауыртпалығын анам көтерді. Анамның арқасында бәріміз жоғары білім алып, Аллаға шүкір, мамандығымызға қарай әр салада жұмыс істеп, үйлі-баранды болып, ұрпақ тәрбиелеп жүріп жатырмыз.

Жылда 9 мамыр Жеңіс күні жақындаған сайын, неміс фашистері Кеңес Одағына қарсы қырғын соғысқа қатысып, әскери борыштарын абыроймен өтеген, соғыста қаза тапқан қазақстандықтар, сонымен қатар елге аман-есен оралған жауынгерлер, әкем Сыдық, оның ағасы Жақыпбай жайында ойға шомып, қазіргі бейбіт өміріміз үшін оларға мың алғыс айтамын. Ұлы Отан соғысы туралы хроникаларды, түсірілген кинофильмдерді қарап, соғыстың жантүршігерлік көріністерінен шошымай тұра алмайсың.

Күллі Кеңес Одағы республикаларынан соғысқа аттанып елімізді қорғаған миллиондаған адамның қанымен келген Ұлы Жеңіс күні – үлкен мереке деп білеміз. Сонымен қатар жанымыз жабығып, қабағымызға мұң ұялайтын бір себеп бар. Ол – Ресей Федерациясының бауырлас украин халқына қарсы жүргізіп жатқан алапат соғысы. Бұл – ешқашан кешірілмейтін, ақтауға жатпайтын мағынасыз соғыс. Украин халқының өз елін қорғау жолындағы жанкешті күресі – әділетті күрес. Ұлы Отан соғысында украин мен орыс халқы ортақ жау – неміс фашистеріне қарсы қоян-қолтық күреспеп пе еді!  Енді не болды?  Бірімен-бірі соғысып жатыр. Аяқ астынан орыстар украин халқына қарсы соғыс ашатындай не себеп бар?!  Не деген жауыздық! Не деген қатыгездік! Орыс фашистері (дәл қазір орыс әскерлері осы теңеуге әбден лайық) жермен жексен еткен Мариоуполь қаласының және басқа да қалалар мен елді мекендердің жаншошырлық қазіргі бейнесі менің екі әкем – Сыдық пен Жақыпбай қорғаған Сталинградты көз алдыма әкеледі. Бұндай қантөгіс соғысқа біз – қазақстандықтар, өз елімізде жол бермеуіміз керек!

Тегтер: Жеңіс күні соғыс шара жоспар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 12:42
Қазақстандықтардың төлқұжатында жүрген чип не үшін керегі белгілі болды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 08:44
Алматы облысында екі ауылдың көшелерін су басты
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 15:03
Желтоқсан оқиғасына арналған тағы бір кітап жарық көрді
Бифат ЕЛТАЕВА 20.05.2022, 08:17
Ауыл балаларына мүмкіндіктер көп қарастырылу қажет
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 07:51
«Сен менімен «служить» етпейсің!»
Сайт әкімшілігі 19.05.2022, 15:09
Партияның ауқымды электораты референдумды қолдауы керек – Е.Қошанов

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56