20.09.2022, 09:52
2373
Жаңа оқу жылы басталмай жатып, қалаға білім іздеп келген студенттер үй-жайсыз далада түнеп жүр. Жатақханаға барса орын жоқ, пәтер жалға алайын десе –қалталары көтермейді.
Бұл жағдай бұған дейін де студенттерді титықтатып келе жатқан мәселелердің бірі. Ал биылғы жағдай тіптен қиын. Себебі, осы уақытқа дейін жатақханадан орын тимесе, 4-5 студент бірігіп, пәтер жалға ала салатын. Бірақ студенттердің келу сәтін күткен пәтер иелерінің арандары қатты ашылып, 1 бөлменің құнын 150 мыңға, 2 бөлмені 280-300 мың теңгеге көтеріп жіберген. Сол себептен, студенттер саябақтарда, метро мен вокзалдарда түнеуге мәжбүр. Жігіттер бұл жағдайдан ретін тауып шыға алар. Ал оң-солын әлі танып үлгермеген, енді ғана бойжетіп келе жатқан қыздар үшін алып қалада адасып жүру өте қауіпті. Мысал келтіретін болсақ, жоғары оқу орындарындағы жатақхананың жетпеуінің салдарынан Диана есімді 1 курс студенті ұрыларға тап болып, әрең құтылғанын баяндап берді. «Алматы не деген қатыгез қала едің?! Кіп-кішкентай қызға жатақхана бермей, далада қалдырдың. Ол аздай, екі рет адасып, қорқынышты ауданға тап болып, көліктердің қаңқалары мен темір-терсектердің арасында жүрдім. Ұялы телефонымның қуаты таусылып, ешкімге хабарласа да алмадым. 1 жарым сағат жаяу жүріп, зорға дегенде аялдамаға жеттім. Одан «Алтын ордада» ұрылардан қашып, қаланың шетінде тұратын туыстарыма әрең жеттім. Небәрі 5 күннің ішінде осындай қиындықтарды көрдім», – дейді көзінің жасын тыя алмай.
Ал балаларына пәтер іздеп, аяғы талған ата-аналардың пікіріне құлақ ассақ, Мейіргүл Асанова есімді азаматша: «Алматының шет жағындағы Қаскелеңнен бір бөлмелі пәтерді қызыммен бірге 3 қыз болып 180 мыңға жалдады. Пәтер ақысынан бөлек, су, жарық шығындарын төлейді. Және риэлторға бір реттік 65 мың теңге төледік. Тамағы, киімі бәрі удай қымбат. Масқара, бала оқыту жылдан-жылға қиындап барады», – деп қынжылды.
Пәтер жалдау демекші, жайлы пәтер табуға да сенім жоқ. Себебі, пәтерді қулықпен өткізетін алаяқтар үшін аңғал студентті алдап кету тіптен оңай. Сол себептен де студенттердің ештеңеге алаңдамай, қамсыз жүруі үшін алдымен жоғары оқу орындарындағы жатақханаларды жіті қадағалау қажет. Мәселен, бір жоғары оқу орнына жылда қанша студент оқуға түседі, соған сай жатақхана мәселесін шешу керек. Әрі жатақханалар шынында да білім алушыларға беріледі ме? Бұны да нақтылап, тексерген жөн. Өйткені көп білім алушылардың сөзінше, жатақханалар бірінші грантқа түскен студенттер мен 1-курс студенттеріне берілетін көрінеді. Содан кейін ақылы оқуға түскен студенттер оқу ақысының 50 пайызын төлегенде ғана жатақханадан орын ала алатын көрінеді. Ал бұл әдіс ақылы оқитындар үшін тіптен қиын жағдай.
Тағы жайтқа келсек, престиж саналатын жоғары оқу орындарының жатақханасы да едәуір қымбат. Сонда біздегі білім жүйесі «оқысаң оқы, қалғанында шаруам жоқ» деп басы ауырмастың жанында балтырың сыздамасынның кейпін білдіргені ме?
Студенттер пәтерді қаланың шетіне жалдасын деушілер де табылады. Бірақ қаланың шетіндегі пәтерлердің бәрі бірдей жайлы болмасы анық.
«Елдің болашағы жастар» деп ұрандатамыз. Бірақ жастарымыздың жағдайы шешіліп жатқан жоқ. Білім алушылар болса, білім емес, тұратын жайын іздеп әуре. Пәтер тапқанның өзінде кейін білімді емес, пәтерақысын қалай төлеймін деп жұмыс істеп, әлі талай сандалады-ау, бұл жастар. Осыдан кейін саны бар, сапасы жоқ маман көбейді деп тағы ренжиміз… Студенттердің болашақта тұратын жай іздеп сандалмасы үшін, әрбір жоғары оқу орнының ректорлары ең бірінші жатақхана мәселесін шешсе дейміз.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР