Сұрапыл соғыстың сұрқай трагедиясы

Назарбек НҰРМАҒАНБЕТОВ

05.05.2022, 05:04

543

Соғыс атаулының өзі Ұлы трагедия – баға жетпес сансыз адам өмірі әп-сәтте жойылып, талай арман-мақсат, тыныс-тіршілік құрдымға жұтылып, бүкіл дүние қан-жоса болып қала беретін аса қайғылы құбылыс. Сондай соғыс өртінен тірі қалғандар да өздерін ешқашан басқалардай бақытты сезіне алмас, себебі олардың көкіректеріндегі қатқан жазылмас жарақаттар баяғы көріністерді оңайшылықпен ұмыттыра қоймасы анық. Ал енді сол сұрқы бөлек сұрапыл соғыстан әрең дегенде аман шығып, бейбіт өмірдің ауасын кішкене де болса еркін жұтып, енді-енді ел қатарына қосылған кезде, әлдебір жендеттер сол жеңімпаз майдангер жауынгердің маңдайына қара мылтықты тіреп қойып ажал оғын тигізуге, өмірін жазықсыз қиюға оқталып жатса, ондай тосын озбырлықты cіз қалай бағалар едіңіз? Менің баяндамақ болып отырған әңгімемнің желісі сондай жеңімпаз майдангердің өкініштілеу өмір жолына арналмақ. Ол кісі – Байғанин ауданының тумасы, оның ішінде қазыналы Жем өңірінде сіңірген еңбегімен, намысшыл мінез-құлқымен, әңгімешілдігімен біршама танымал болған соғыс ардагерлерінің бірі.

   Адам өмірі көк тиынға айналып, құнын жоғалтқан замандар да біздің еліміздің тарихында кезең-кезеңімен қайталанып отырған. Осындай ІІ дүниежүзілік соғыстың салқынымен тұспа-тұс орын алған кертартпа саясаттың кесапаты менің әкем Қалыбек Нұрмағанбетов сияқты патриот солдаттардың тағдырын, жастық шақтағы арман-мақсатын аяқасты қылып, үлкендер құлағымызға сіңірген «жазмышты» олардың маңдайына еріксіз жазып берген. Соның арқасында «жазмышына» амалсыз көнген  миллиондаған  жауынгер Сібір ормандарында, Тайгада, адам қоныс теппеген  климаты суық өлкелерде ұзақ жылдар басқалардан оқшау жағдайда өмір өткізген, тағдыр тауқыметінің құрбаны болған. Адам жаны сірі демекші, менің әкем бір емес, екі рет «халық жауы» атанып, сол кездегі Қылмыстық кодекстің атышулы 58-ші бабына ілігіп, ешбір кінәсіз екі мәрте ату жазасына кесілген. Бірақ өмірге құштар жанның жүрегі бәрін көтерген, жарылып кетпеген. Заңға қайшы қос бірдей үкімді араға үш жыл салып өз құлағымен ести тұра, қайсарлық танытып ешкімнің алдына жүгінбеген, кешірім сұрамаған. Өйту себебі – оған туған елі мен Отанын ешқашан ешкімге сатпағандығы, ел алдында ешқандай кінәсіздігі мәлім болатын. Тіпті бәлкім, сұрғылт заман бояуын өзгертіп, күні туып жатса түбінде бір ақталатынын да сол алмағайып заманның өзінде сезген болуы керек… Екі рет тағайындалған ату жазалары жиырма бес жылға қоршаулы лагерьде жаза өтеуге екі мәрте ауыстырылғанда да әкем болашақ өмірден күдерін үзбеген. Өмірді арпалыс деп бағалап, тіршілік үшін күресті Магаданда да жалғастыра берген. 

   Осы деректі әңгімемді жазу барысында – заманымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Мағауиннің «Адырна» әдеби-көпшілік журналында жарық көрген хикметті тағдыр иесі, соғыс кезінде тұтқында болған, қазақтан шыққан бірінші скрипкашы Әйтікеш Толғанбаев туралы соғыс дәуірінің қайғылы  статистикасымен қабаттаса өрілген ойлы шығармасын сүйсіне оқып, керек жерлерін түртіп алдым.

   Әңгімемнің басынан тоқтала кетуім керек, әкем Қалыбек Нұрмағанбетов, 1922 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданында қарапайым отбасында дүниеге келіп, әкесінен ерте айырылған. Жалғыз шешесінің қолында өсіп, жастайынан еңбекке араласқан, әбден шыныққан. Жарқамыс орта мектебінде 9 кластық білім алған. Соғыс басталысымен-ақ, түнерген 1941 жылдың күзінде өз қатарластарымен әскер қатарына алынып, басында Ресейдің Орынбор облысында бірнеше ай жауынгерлік дайындықтан өткен. Одан мұздай қаруланған жауға қарсы қатерлі соғысқа араласып, көрсеткен белсенділігі үшін әртүрлі марапаттауларға  ие болған. Автомат асынып, оқ боратқанда жан-жағын азан-қазан қылатын немістерге қарсы бес оқты  винтовкамен-ақ тойтарыс берген солдаттардың арасында болған. Соғыстың басында Кеңес одағы армиясының қарулану қуаттылығының төмендігі, жетілмегендігі барша жұртқа аян болатын, бірақ керісінше, отаншылық, патриотизм деген алға итермелеуші күш біздің әскерилердің санасын өрескел билеп, жаудан тайсалдырмаған екен. «Әскербасылардың талайы арқамнан қағып, «молодец, сары қазақ» деп ризалықтарын білдіретін», – деуші еді. Өз заманының мемлекет қайраткерлері Сталин, Жуков, Рокоссовскийлер туралы да біршама әңгімелер айтатын. Оларды шүбәсіз әспеттейтін. Сол айтқандары күні бүгінге дейін ел есінде қалды.

    Артынан офицерлік шенге ұсынылып, Сталинград майданындағы 863 полкте взвод командирінің міндетін атқарып жүргенінде жау оғынан орташа жарақат алған. Содан 1942 жылдың 25 тамызында қарусыз, қамсыз Калачинск әскери госпиталында ем алып жатқанда немістерге еріксіз тұтқынға түскен сан мың жауынгерлермен бірге екі жылдай өмірін фашистік Германияның басып алған жерлеріндегі әртүрлі конслагерьлерінде аса қиыншылықпен өткізген. Титықтатқан аштық, азаптаудың сан түрі, қала берді ұшы-қиыры жоқ ауыр жұмыспен өткізген сан күндер, айлар – әкем көрген тозақтың бір парасы ғана.

1944 жылдың орта шенінде әкемді ОртаАзиялық тұтқын жауынгерлердің  бір тобымен Франция жеріндегі әйгілі Түркістан легионына жауынгер дайындайтын жан-жағы тікенек тормен қоршаулы, қарулы немістер күзететін мекенжайға алып келеді. Бұл кезең фашистік Германияның барлық майдандарда әбден шаршап, жүні жығылып қалған уақыты екен. Шамасы ендігі жерде Кеңес үкіметінің территориясында орналасқан мұсылман елдеріне диверсанттар түсіріп, ішінен ірітуге жергілікті ұлт адамдарын жіберуді қолға алса керек. Лагерь басшылығы әкемді аздап оңалған соң легиондағы есеп жүргізу жұмысына тартады. Бірақ  іріктеуші топтың алдында оның немістердің түпкі тапсырмасын атқаруға жарамайтындығы көрініп қалады. Оған себеп, әкемнің әңгімелерінен өз Отанына, ел-жұртына, елдегі жалғыз шешесінің тағдырына деген алаңдаушылығы сезіліп тұрады. Бірақ Кеңес мемлекетінің тылына жіберілетін адамдарды таңдайтындар да бұрынғы күні үшін сондай жолға түскен Кеңестік тұтқын командирлер екен, әкемді немістерге ұстатып жібермей өз іштерінде қалдырады.

Францияның партизандық күштері тарапынан түркістандық азаматтарға деген сенім ұлғая түседі. Әкем де іштей таңдаған жолының дұрыстығына шүбә келтірмейді. Отанына оралар күн туса, кінәсіздігін дәлелдейтініне сенеді. Бұрынғысынша лагерішілік жұмысынан қол үзбей, есепшілердің тобында жүре береді. Сөйтіп жүргенде, Түркістан легионында көптен командирлік қызметте жүрген, соғысқұмар, немістік армияның шенін иеленген Таласов деген біреуді өлтіру жөнінде сырттан бұйрық келеді.

    Осы операцияны ойдағыдай жүзеге асыратын болса, француздық партизандардың қатарына қабылдауға уәде беріледі. Олардың күткендері де осы, партизан қатарына өтсе, тағдырларының күле қарағаны емес пе. Елге баратын жол да бір табан жақындағандай болып, қанішер Таласовтың көзін жоюға барын сала кіріседі.

Бірақ немістер де, олармен ауыз жаласқан легион басшылары да ақымақ емес, аз ғана уақыттың ішінде орын алған екі бірдей қақтығыстан кейін осы қоршаудың ішіндегі казармаларда партизандарға тілектес топтың бар екендігі жөнінде қорытындыға келеді. Соның негізінде лагерішілік кең көлемде тазалау жұмыстарын өткізеді, адамдарды сенім-нанымдарына орай топ-топқа бөліп, арнайы тізімдер жасайды. Нәтижесінде Түркістан легионының қатарына кіргісі келмегендерге екі азапты жолдың бірі ұсынылады, алғашқысы – бұрыннан өздері жаза өтеген фашистік конслагерьлерге қайтару, екіншісі – неміс әскерилері жаттықтыратын диверсанттық мектепке кіру. Бұндай жағдайға ұшыраған астыртын топтың мүшелері сыртпен кеңеседі. Конслагерьлерге қайтатын болса, тікелей ажалға тап келеді. Себебі, бұл кезеңде өздерінің де тірлігі мәз емес немістерге артық ауыз тұтқындардың мүлде керегі жоқ, сан сылтаумен атып тастайды. Ал диверсанттық мектепке барса, жеңіс күніне тірі жетуге мүмкіндік пайда болады. Тіпті немістер тарапынан қырағылық азайғандай болып жатса, қашып кетуге, болмаса Француз партизандары шабуыл ұйымдастырса, солардың қатарына кіруге жол ашылуы мүмкін. Сондықтан астыртын топтың жетекшілерімен келісе отырып, көптеген жігіттер, ішінде әкем де бар, диверсанттық мектепке баруға мәжбүр болады. Сол жерде екі-үш ай арнайы жаттығулардан өтіп, әбден шынығады. Адам күшін тойтаруға бағытталған әдіс-қимылдарды ерекше ынтамен үйренеді. Ондай жаттығулардың кейінгі өмірлерінде аса қажет болатынын олар жақсы біледі. Сөйтіп жүргенде неміс күштері аса әлсіреп, Француз партизандары әскери мектепке шабуыл жасайды. Әкем сияқты біраз адам партизан қатарына кіріп, Ұлы Жеңіс күніне дейін фашистерге қарсы соғысады. Қолдарына қару тигесін ашынған адамдар өжет келеді емес пе, басқалардан қалыспай, жеңіс жолын жақындатуға өз үлестерін қосады.

     Әкем партизан болған жерлерге Америка Құрама Штаттары, Англия және Франция мемлекеттерінің саясаты жүріп, бұрынғы әскери тұтқындарға АҚШ жеріне кетуге ұсыныс беріледі. Себебі, Кеңес Одағында үстемдік құрған сталиндік жүйе соғыста тұтқында болғандарды сотсыз, тексерусіз атып тастайды екен, болмаса ұзақ жылдар қамауға алады екен деген мәліметтер жан-жақтан түсіп жатады. Осы жерде Мұхтар ағамыздың жоғарыдағы шолуына сілтеме жасап кетсек артық болмас, ол кісі «Төрт жылдық совет-герман майданында, жинақтап келгенде, 6 миллион 300 мың совет әскері тұтқынға түскен, 4 миллионға жуығы азапты өлім құшыпты. Аман қалғаны екі миллионның үстінде. Оның ішінде – 1 миллион 549 мың 700 азамат елге оралған. Қалғаны әрқилы амалмен сыртта жан сауғалапты. Бұл, азып-тозып, ауру болып, сүйегіне әрең ілініп, әйтеуір тірі жеткен міскін жұрттың қаншамасы бірден-ақ Воркутаға, Колыма мен Сібірге айдалып, фашистік қапастан да күшті советтік конслагерьге қамалған, мұнда да аранын ашқан ажал...» ашына жазады.   

       Міне, осындай тозаққа өз еркімен топ өте түсуге тәуекел ете алмаған менің әкем – Қалыбек Нұрмағанбетов, неміс тұтқынынан құтылып шыққасын өз еркімен Француз партизандарының қатарына кіріп, қолына қару алып, фашистермен соғысып, өзінің сатқын еместігін дәлелдей отыра, соғыс біткесін сталиндік жүйенің қанды құрығынан сескеніп бір топ тағдырлас     Кеңестік жауынгерлермен бірге теңіз арқылы Англия портымен АҚШ-қа кетуге мәжбүр болыпты. Ол жақта қысым көрмеген, күнкөріс те жаман болмаған сияқты. Портқа жақын жердегі мекенжайларды қоныстанған, ішке өтуге рұқсат етілмеген. Ағылшын тілін толық игергенше жеңіл-желпі жұмыстар атқарған, тиесілі айлықтарын алып тұрған. Арнайы мемлекеттік органдар Советтік тұтқындармен мезгіл-мезгіл сөйлесіп, қал-жағдайларын білуге ынталы болған. Қажет кездерде ақшалай да, азық-түлікпен де көмек көрсеткен. Алайда, бірер жылдан кейін бір жағынан туған топырағы мен Отанын сағынған, онымен қабаттас елде қалған жалғыз анасының тағдырына алаң болған патриот азамат бұрынғы Кеңестер Одағы атты алып мемлекеттің құшағына қайта оралған. Міне, «елім деп еңіреген» әкем сияқты мыңдаған кінәсіз жандардың ендігі жерде өздеріне арналған мылтықсыз майданның құрбанына айналып, не үшін және кімнің алдында жауапкер болғанын түсінбестен атылғаны атылып, атылмағаны мойындарына азапты жылдардың құрығын іліп итжеккенге айдалып кете барғаны осы қилы кезең еді...

   Сағынған туған топырағына аман-есен жетіп, жеті жыл күткен шешесімен, туған-туыстарымен кездесіп, бейбіт өмірдің мөлдір ауасымен тыныстай бастаған әкемнің соңына жоғарыдан бұйрық алған әлгі тыңшы- құлақтар бірден түсе кетіпті.

Әкемді қонаққа шақырып «батыр жауынгер» деп жақсы қарсы алғандар да, «пленнен келген» деп іштей жақтырмағандар да болған. Әкем тумысынан ашық мінезді, адамдарды жақсы-жаман деп бөлмейтін, ойына келіп тұрғанды жасырмайтын, әңгімешіл адам еді. Басына бұлт үйірілетін кезде сол ақкөңілділігінің, әңгімешілдігінің зардабы көптеу болған. Сонымен, 1949 жылдың орта шенінде із кеcуші органдар мен олардың тыңшы-құлақтарының әкемнің айналасына құрған қақпандары өз жемістерін береді. Өтірік, шынды біраз материалдар жинақталып, сол жылдың 30 тамызы күні Әскери прокурордың Қаулысымен бұрынғы Кеңес жауынгері, майдангер Қалыбек Нұрмағанбетов қамауға алынады. Одан кейін Оңтүстік-Орал әскери округының 1949 жылдың 18 қарашасындағы Үкімімен РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-1-бабының «б» тармағымен, 58-10-бабы 1- бөлімімен, яғни «халық жауы» деп айыпталып, әуелі «ату жазасына кесілсін» деген тұжырым жасайды да, артынша, мал-мүлкі тәркіленіп, 25 жылға бас бостандығынан айырылып, түзету-еңбек лагерінде жаза өтеуге үкім шығарылады. Тағылған айыпта әкемнің Кеңес армиясының құрамындағы жасаған ерлігі, әскери марапаттаулары мүлде көрсетілмей, тек: «Қ.Нұрмағанбетов 1942 жылы жаумен тұтқындалып, «Түркістан легионы» қатарына енген, саботаж-барлау мектебінде оқыған. Кейін француз партизандарына тұтқынға түскен. КСРО-ға келгесін халық арасында антисоветтік үгіт-насихат жүргізді, саяси жүйе мен кеңестік заманға жала жапты» деп жазылған екен. Әкем үкіммен келіспейді, себебі жау тұтқынында кілең астыртын ұйымдармен байланыста болған ол «Түркістан легионында» ешқандай ақылы қызмет атқармапты және олардың әскери формасын үстіне кимеген екен. Дегенмен қылмыстық істің материалдарында кейбір жерлес азаматтардың өздері анық білмесе де, біреуден естідік немесе сотталушының өзі айтып еді дейтіндей жауаптары дәлелдеме қатарына кіріп кетіпті. Ал енді сондай кілең жалаң жорамалдармен өз жауынгерін бейбіт заманда қажетсіз өлімге қиған Кеңес өкіметіне не айтасыз. Мұхтар Мағауин ағамыздың жоғарыда біз сілтеме жасаған шығармасындағы әкем тағдырлас жандарға қолданған мемлекет саясаты жөніндегі берген бағасы тым ауырлау екен. Яғни ол өзінің кейіпкері турасында «Әйтікеш Отанын сатқан жоқ, «Отаны» Әйтікешті сатты. Және бір емес, әлденеше мәрте. Жалғыз Әйтікеш Толғанбаев емес, жүздеген, мыңдаған бақытсыз ұлын, жүз де, мың да емес, әлденеше жүз мың, бірнеше миллион кінәсіз солдатын...» деп түйіндейді. Бұндай ақиқатқа не қоса аласыз, бұрынғы кеңестік жауынгер Қалыбек Нұрмағанбетов сол бейкүнә мыңдар мен миллиондардың арасында өз «Отаны» тағайындаған жазасын арқалап, суық өлкеге сапар шегеді.

   Әкем содан Магадан жеріндегі алтын өндіретін кеніште есепшінің жұмысын атқарады, шамасы тұтқындар мен лагерь әкімшілігінің алдында азды-көпті беделі болған болуы керек. Оған сенім білдіріліп, сыртқа еркін шығуға рұқсат беріледі. Соны пайдаланған әкем 1951 жылы екі латыш жігітімен бірігіп зонадан қашып кетеді. Өзі қауіпсіз деп есептеген Өзбекстан, Қарақалпақстан жеріне өтіп, жұмыс жасайды. Сонда бір жылдай уақыт өткізіп, туған жеріне келмек болады. Шамасы, елге деген сарғайған сағыныш сезімі оның қырағылығын бәсеңдетіп тастаса керек, соның кесірінен тағы да  қолға түседі. Сол баяғы атышулы 58-баппен бұрынғы қылмыстарына «түрмеден қашқан» деген жаңа айып қосылып, тағы да ату жазасы тағайындалады. Онысы тағы да 25 жылдық мерзімге лагерьде жаза өтеуге ауыстырылады. Сонымен, тағы да баяғы азапты өмір, тағы да баяғы сұрғылт Магадан жері әкемнің мәңгілік ажырамас жақынына айналады. Бірақ әкем мүжілмейді. Орыстың оқымыстыларынан үйреніп, Жоғарғы Сталин билігіне өз кінәсіздігі жөнінде талай арыз жазады, соның жауабын күтеді. Сөйтіп жүргенде «Ұлы көсем» Сталин қайтыс болады. 1955 жыл келіп, 17 қыркүйектегі соғыс тұтқындары туралы жаппай амнистия Заңымен тұтқыннан босап, елге оралады.

​​Жар сүйді, бала тәрбиеледі. Әрине, тұтқында өткізген сан жылдар ізсіз қалған жоқ. Әкем 1956 жылы тұтқыннан босап келген соң Өмірзақ Тағыбергенов, Кемаладин Қабиев, Жолдыбай Боқтыбаев деген біртуар азаматтар оның өмірдегі өз жолын табуға көмектесіп, «Жем» колхозына жұмысқа шақырды, коммунистік партия қатарына өтуге кепілдеме берді.

    Әкем әуелі Жем колхозында, одан Абай атындағы совхозда абыройлы да, ұзақ қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықты. 1980 жылы қайтыс болды. Міне, Отанын сүйген нағыз патриоттың өмір жолы осылай тұйықталды.

     Мен фашистерде тұтқында болып, астыртын топта ерлік жасаған татар ақыны Мұса Жәлел туралы деректі жақсы білемін. Ол кісі де әуелі халық жауы атанған, ал артынан Совет Одағының Батыры атағын алған аңыз адам. Менің әкем Қалыбек Нұрмағанбетовтің те сондай тұлға екендігін біз – ұрпақтары бүгінгі Ұлы Жеңіс күні орынды мақтан етеміз. 

Тегтер: соғыс Ресей Украина Қырым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
«2 градусқа дейін аяз болуы мүмкін»: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Бифат НҰРМАХАН 09:40
Солтүстіктегі солақай тірлік
Жарас КЕМЕЛЖАН 07:48
Қазақ кредитке кіріп тұрып қуанады
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 15:15
Балаларға арналған спорт секциялары ашылуда
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.05.2022, 13:35
Сот белсенділігі уақыт талабы
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 12:05
Жастарды қолдау маңызды

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01