Сылтауы бітпейтін әкім

Елемес қажы САБЫРОВ

15.09.2020, 11:04

1132

Қасиетті Қаратаудың теріскейі мен күнгейінде әулиелі мекендер аз емес. Отырарда Арыстан баб, Түркістанда Әзіреті Сұлтан, Созақта Бабай Түкті Шашты Әзіз, Қара бура әулие. Солардың бірі Ысқақ бабқа тоқталып өткенді жөн көріп отырмын.

Тарихи деректерге қарағанда, Ысқақ баб Орталық Азия мен Қазақстан жеріне мұсылман дінін таратқан тұлғалардың бірі саналады. Қазақ жеріне исламның туын тіккен, жергілікті халыққа дін таратқан әулие. Шежіре бойынша, ол бүкіл түркі әлемінің пірі атанған Қожа Ахмет Ясауидің арғы атасы болып келеді.

Өз заманында әулиенің басына үлкен кесене мен медресе салынған. Ғасырлардан бері бұзылмай жеткен кесене бүгінде жанашырлықты қажет етеді. Қайбір жылдары әулиеге барған кезімде көп келеңсіздікті көріп, қынжылып қайтқан едім. Ғимаратқа күрделі жөндеу қажет. Зияратшыларға  жағдай жасалмаған. Тіпті мал соятын орын да жоқ. Келушілер ауылдағы үйлерге қонуға мәжбүр. Себебі кесене басына қонақүй салынбаған. Оңтүстіктегі көптеген әулиелерге барсаң, жасалып жатқан жұмыстарды көріп риза боласың. Әсіресе Бабай Түкті Шашты Әзіздің басында зияратшыларға бар жағдай жасалған. Шырақшылар келген адамдарға ықыласын аямай, қалтқысыз қызмет етеді. Ал Ысқақ баб кесенесінің басында үш шырақшы бар. Бірақ келгендерге қызмет етіп жатқан ешкім жоқ. Кейінірек осы мәселелерді алға тартып, мәдениет министрлігіне хат жаздым. Хатқа сол кездегі мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы назар аударды.   Кесенені жөндеуге 88 миллион теңге қаражат бөлінді. Алайда осыншама қаражаттың бөлінгеніне қарамастан, әулие басында ешқандай өзгеріс жоқ.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, былтыр кесене басына реставрация жасайтын мамандар келіп,  біраз жұмысты атқарған болды. Ұңғыма қазатындар да бір-екі күн жұмыс істеп, кетіп қалды. Ал мердігерлер биыл карантинді сылтауратып, Ысқақ баб басына мүлдем маңайламаған. Бөлінген қаржы игерілмей қала ма деген қауіп бар.

Жергілікті аудан әкімдігі тарапынан да тиісті жұмыстар жүргізілмеген. Кесене басында осы уақытқа дейін су мәселесі шешілмеген. Суға жарымаған жерде қайбір тіршілік болады дейсіз. Аудан әкімдігі жоғарыға «пәленбай тал-терек ектік» деп, есеп беретін көрінеді. Алайда суғарылмаған тал-терек қурап қалған. Кесене басында бір құдық қазып, су шығара алмаған шенеуніктердің тірлігіне қалайша қарның ашпасын?!

Осы мәселелерді қайбір жылдары Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатовқа айтқанымда, «ақша бөлінбей жатыр, егер бөлінсе жұмыс істер едік» деген еді. Енді бөлінген ақша игерілмей жатыр. Әкім екеуміз  жуырда осы мәселені талқылау үшін кесене басында жолығатын болып уәделескен болатынбыз. Әулие басында он күн жатып, күттім. Уәде еткен әкім келмеді. Телефон арқылы хабарлассам, «бөлінген ақшаны тексеретін қандай ақың бар?» деп, өзіме дүрсе қоя берді. Салыхан Полатовтың, әйтеуір, сылтауы бітпейді екен. Кесенеге ақша қайдан бөлінсе де, жергілікті әкім барлық жұмысты бақылауына алуы тиіс емес пе?

Сондықтан мәдениет министрлігіне, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке Ысқақ баб кесенесіне бөлінген қаражаттың толық  игерілуіне ықпал етуін өтінемін.

 

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.09.2020, 11:05
МӘМС аясында қандай медициналық көмекке жүгінуге болады
Сайт әкімшілігі 23.09.2020, 09:59
Соңғы бір тәулікте 364 адам пневмонияға шалдыққан
Сайт әкімшілігі 23.09.2020, 09:43
Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
Айжан БҮРКІТБАЕВА 22.09.2020, 10:29
БЖБ мен ТЖБ-дан шаршадық
Еркежан АРЫН 22.09.2020, 10:16
«Таза Қазақстанға» айналамыз ба?
Алмасбек ЕРБОЛАТҰЛЫ 22.09.2020, 10:02
Қордаланған қоқыс мәселесі қашан шешімін табады

Аңдатпа


  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43
  • Nur Otan еліміздің солтүстік облыстарына қатысты қандай уәде береді?
    22.09.2020, 09:50
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    21.09.2020, 15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27