Сымсыз телефонды дұрыс қолданып жүрміз бе?

Әдина ЕРҚАРАЕВА

25.08.2021, 10:27

1526

Бүгінгі дамыған қоғамда ұялы телефон біз үшін үлкен рөл атқаруда. Тіпті  бұл аталған байланыс құралынсыз өмір сүру мүмкін еместей елестейді. Иә, өткен ғасырға көз жүгіртсек, о заманда қарапайым телефон, оның өзінде басқа қалалармен сөйлесу үшін бірнеше минутқа талон сатып алу арқылы ғана жүзеге асып, хат жазу және телеграммамен адамдар бір-бірімен хабар алысып тұратын еді. Ал қазір бұл қызметтің бәрін бір ғана ұялы телефон атқаратын заманға жетті.

Жалпы, ұялы телефонның пайдасы орасан зор. Яғни алыстағы ата-анадан, ағайын-бауырдан хабар алысып, хат жазысып, тіпті фото, видео жіберу арқылы да әлемнің кез келген жерінде жүріп тілдесуге өте ыңғайлы құрал екені анық. Бұл бір бөлігі ғана. Ал одан басқа кез келген жаңалықты оқу, ақпарат жинау, қосымша білім алуға, ізденуге де өте қолайлы.  Біреулер күнделікті өмірде осылайша пайдаланып келеді. Тағы басқалар, бұнымен қоса, білімдерін дамытып, дұрыс пайдалану арқылы өз кәсіптерін ашып, жұмыстарын табысты жүргізіп жатыр.  Осы орайда, ұялы телефон арқылы кәсіп ашып отырған Әлнияз әулетінің қос келіні Эльвира мен Аделя есімді абысындар өз тәжірибелерімен бөлісті.

— Біз осыдан екі жыл бұрын үйде өзіміз үшін тігін тігіп үйрендік. Бұл біздің ортақ қызығушылығымыз, яғни хоббиіміз болды. Алғашқы туындымыз қазақи ою-өрнекпен тігілген көрпешелер еді. Оны әдемілеп суретке түсіріп, инстаграмда «Ademi_alem_brand» атты жеке парақша ашып, сол жерге және өзіміздің парақшаларға сала бастадық. Оны көрген туған-туыс бізге тапсырыс бере бастады. Әр тапсырысымызды аяқтап болған соң, парақшамызға салып, жарнамалап отырдық. Сонымен қатар құрақтың түрін, тарихын, мән-мағынасын зерттеп, суреттің астына мәтін жазатын болдық. Әрине, парақшамыздың дамуы үшін одан да басқа бірнеше жолдарын жасадық.

       Телефон, интернет, оның ішінде инстаграм желісі біздің кәсібіміздің дамуына өте көп ықпалын тигізді. Өйткені барлық адам инстаграмды пайдаланатындықтан, ол жер нағыз жарнама орны десек те болады. Ол жерден білім де алуға болады. Біз тапсырыстарды тігумен қатар, құрақ өнерін, көрпеше тігу өнерін үйретуді де қолға алдық. Тігін саласына қызығушылығы артқан қыз-келіншектер Қазақстанның кез келген аумағынан біздің курстарымызға телефон арқылы қатысып, үйреніп, олар да өз аумағында тапсырыстар қабылдайды. Бүгінгі таңда 2000-нан аса оқушымыз бар. Осы екі жылдың ішінде үлкен жетістіктерге жетіп үлгердік. Соның нәтижесінде Жаңаөзен қаласында өзіміздің жеке дүкенімізді аштық.  Осылайша біз кәсібімізді алақандай ғана құрылғы арқылы дамытып, өзіміз де дамып жатырмыз.

        Жалпы, көпшілік осы телефон, инстаграм, интернет зиян, адамның уақытын алады деп жатады. Негізі, ол әр адамның өзіне байланысты. Дұрыс қолдана білсең, пайдасы өте зор. Бұрын мұндай мүмкіндік болмағанымен, бүгінгі күннің жастары үшін өте үлкен мүмкіндік. Ізденген адамға ақпарат та, білім де көп. Тек дұрыс парақшаларға жазылып, дұрыс блогерлерді оқып,  пайдалы ақпараттар алуға тырысу керек. Кәсіп ашу үшін неше түрлі курстарға қатысып, тек жақсы жағынан ғана қолдануды үйренген жөн, – дейді.

  Қаракөздердің осындай еңбекқорлығына бәрекелді дейміз. Бірақ бұған қарап ұялы телефонды дұрыс пайдаланбай, құр бекерге уақытын бос әлеуметтік желілерге арнап жүргендер де баршылық. Жас бала түгіл, ата-аналардың өзі де бұл құрылғыға тәуелді. Тіпті тілі шықпаған балаларына ұялы телефонды ұстатып қойып, өз шаруаларымен жүре беретін жас аналар мен әкелер де жоқ емес. Бастысы, балаға зиянынан гөрі тыныш отырғаны маңызды секілді. Неше түрлі дүниелерді көріп, тыныш қана отыра берген баланың ертеңгі болашағы не болмақ? Ал денсаулығы ше? Бұл сұрақтар ең алдымен сол баланың анасын мазалауы керек еді. Әйтпегенде ертеңгі күні бала өскен соң, көзінің көруі нашарлап, омыртқалары қисық бітіп, тілі кеш шықса кімге кінә артпақ? Бұл жөнінде логопед-дефектолог мамандар  дені сау бала тілінің кеш шығуын телефонға тәуелділіктен деп санайды. Өйткені бала мен анасының арасында байланысты қазіргі уақытта ұялы телефон басып алғанын айтады. Сол себепті дені сау баланың тілі де кеш шығатынын айта келе, ұялы телефоннан мүмкіндігінше бас тарту керегін айтып, дабыл қағып жүр. Ал бірақ құлақ асып жатқандар әзірге кем десек те болады. Бірақ бұның зардабын кейін өздері тартатынын білсе ғой дейміз.

    Ұялы телефонды зиянды жаққа пайдаланудан гөрі жоғарыда айтқан кейіпкерлеріміз – Эльвира мен Аделя секілді пайдасына жаратып әрі денсаулықтың өзімізге берілген аманат екенін ұмытпай, жауапкершілікпен қарағанымыз жөн.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 26.05.2023, 18:00
Тоқаев Ақордада Абу Даби шейхін қабылдады
Бифат ЕЛТАЕВА 26.05.2023, 15:00
Жамбыл облысы: Отандық БАҚ саясаты
Сайт әкімшілігі 26.05.2023, 12:11
Алматы облысында энергия тапшылығы қалай шешімін табады?
Сайт әкімшілігі 26.05.2023, 11:00
Министр БАҚ пен журналистиканың жайы туралы айтты
Жарас ШӨКЕ 26.05.2023, 09:51
Қазақтың жерін саудалап жүрген кім?
Сайт әкімшілігі 25.05.2023, 12:24
Шымкент – 100 пайыз

Аңдатпа


  • Келген қазақ құжатсыз, туған бала тұрақсыз
    26.05.2023, 10:25
  • Қазақтың жерін саудалап жүрген кім?
    26.05.2023, 09:51
  • Құқығың бұзылса, депутатқа айтасың, депутат бұзылса, кімге айтасың?
    26.05.2023, 09:13
  • Ғинияттың 207 мың кемшілігі
    25.05.2023, 10:00
  • Орталық Азияның «отағасы» кім?
    25.05.2023, 09:31