Сыр құтқарушыларының бейнесі

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

23.04.2022, 13:18

1497

«Азаматтық қорғау саласында еңбек етіп жүргенімді мақтан тұтамын.  Төтенше жағдайлардың алдын алу мен оны болдырмау, жою жұмыстары, іздестіру-құтқару жұмысы ең алдымен нағыз ер-азаматтың кәсібі деп айта аламын. Бала күнімнен әскери маман иесі болсам екен деген арман көкейде болатын», — дейді әңгіме барысында Әлімжан Амангелдіұлы.

Марданов Әлімжан Амангелдіұлы Арал ауданының тумасы. Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Заң факультетінің түлегі. 2001 жылы әскерге шақырылып, Қапшағай қаласындағы «Әуе-десант әскерлері» (воздушные десантные воиска) қатарында Отан алдындағы борышын өтеді. Бозбала шағы тоқырау кезеңімен тұспа-тұс келіп, «екі қолға бір күрек» табылған таптаурын тұстың талабына сай түрлі қара жұмыстардан да қашпады. Кейінірек 2004 жылы Қазалы ауданындағы №2 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі қызметіне орналасты. Осылайша өзі арман еткендей оның «әскери форма» киген өмірі басталды да кетті.

Қызмет жасап жүріп, 2007-2011 жылдар аралығында Көкшетау техникалық институтының сырттай оқу бөлімінің «Өрт қауіпсіздігі мамандығы» бойынша білім алды. 2008 жылы желтоқсан айында Арал ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің  инженері лауазымына, 2012 жылы аға инженері лауазымына тағайындалды.

2014 жылы Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайларды жою бөлімінің аға инженері, 2016 жылы бас маманы лауазымдарына тағайындалды. 2018 жылы Төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы болды. 2019 жылдан Штаб тобының бас маманы, 2020 жылдан Дағдарыс жағдайларында басқару басқармасының бастығы болып қызмет атқаруда.

Азаматтық қорғау майоры Мардановтың басқаруындағы басқарма әр қоңырауға, оқиғаға ыждағаттылықпен құтқару көмегін ұтымды ұйымдастыра алды. Тынымсыз кезекшілікте тынбай жұмыс жасайтын басқарманың мамандарының көтеріп отырған жүгі жеңіл емес. Өйткені, әр соғылған қоңыраудың артында үлкен жауапкершілікті талап ететін түрлі тағдырлар мен оқиғалар тұр.

Атқарған еңбегіне орай 2012 жылы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің, 2018 жылы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің алғыс хатымен, 2019 жылы «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталған.

«Сенбеуіңіз де мүмкін, бірақ, біз марапат иелену үшін емес, қайғы-қасіреттің алдын алу және оны жою  үшін жұмыс істейміз. Осы салада  жұмыс істеген он сегіз жыл ішінде төтенше жағдайдың  күтпеген жерден туындауы мүмкін екеніне көзім жетті. Сондықтан әр адам әрқашан сақ болуы керек. Біздің мамандар ірі өрттерге, апаттарға, су тасқынына және басқа да төтенше жағдайларға шығады. Олардың бәрі де өз ісінің кәсіби шеберлері», – дейді офицер.

«Қызмет атқарып жүргенде әр түрлі оқиғалар да, қайғылы жағдайдың да, қуанышты хабардың да куәсі болатын кезіміз көп қой, алайда мына бір жүрекке жылы оқиға әлі күнге көз алдымда», деді Әлімжан құтқару операцияларының біріне қатысқанын есіне алып.

«Біреуге қуаныш сыйлау — бұл үлкен бақыт және сауапты іс. Бұл бірнеше жыл бұрын қараша  айында болған еді. Бізге Шиелі ауданында төрт балықшы жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Таңертең олар балық аулауға кетіп, үш күн бойы олардан еш жаңалық болмаған. Біз балықшылар жоғалып кеткен аумақтың үстімен тікұшақпен ұшып, барлап өттік. Бақытымызға орай, бірнеше сағаттан кейін Телікөл учаскесінде біз оларды таптық. Белгілі болғандай, олар жанар-жағар майы таусылып, тұрғын үйлеріне жете алмаған екен. Адамдар қатты тоңып қалғанын көрдік. Біз оларды жылытып, қажетті медициналық көмек көрсетіп, қалаға әкелдік», — дейді ол.

Жанына спортты серік еткен марафоншы Марданов велосипедпен серуендегенді, турникке тартылғанды, футбол ойнағанды жаны сүйеді. Одан қолы қалт етсе, қаламмен қағаз бетіне көкейдегі өлең-өрнектерін төгетіні бозбала шағынан бері әдетіне айналған. Бірнеше мүшәйралардың жүлдегері.

Келесі кейіпкеріміздің де есімі Әлімжан. Подполковник Қуандықов Әлімжан Өтегенұлы өзінің әскери және кәсіби білімін арттыру, дағдыларын және әскери шеберлігін жетілдіру үшін үнемі ізденіспен жұмыс істейді.

Ол салмақты, қағидашыл, мақсатына жете білетін әскери қызметкер. Ақжарқындылығы, адам таңдамай араласатыны, көпшілдігі, кеңпейілдігі кейінгі буынға үлгі. Ұжымда құрмет пен абыройға ие. Азаматтық қорғаныс қызметтерінің, нысандарының басшы құрамымен бірге оқу-жаттығуларды өткізудің кәнігі маманы. Жас қызметкерлерге әдістемелік көмек көрсете білетін тәжірибелі тәлімгер.

2005 жылдан Төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау басқармасының Әкімшілік жұмыстары басқармасының Қаржы-экономикалық бөлімінің аға инженер-экономисті болды.

Өзіндік білімін жетілдіру, ұдайы ізденісте болу Әлімжан Өтегенұлының өмірлік ұстанымдарының біріне айналған. 2007-2011 жылдары еңбек ете жүріп, Көкшетау техникалық институтын сыртай оқып, «Өрт қауіпсіздігі инженері» атанды. Жан-жақтылығының көрінісі болса керек, Көкшетау техникалық институтының, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясының, Ішкі істер министрілігі Алматы академиясының, Ұлттық экономика министрлігі Экономикалық зерттеулер институтының түрлі білім жетілдіру курстарын тәмамдап, сертификаттар мен куәліктерін иеленген.

2008 жылдан ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің» Қаржы басқармасы Мемлекеттік сатып алу және және материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінің бастығы, 2012 жылдан Әскери жұмылдыру және арнайы жұмыстар бөлімінің бастығы, 2014 жылдан Әскери жұмылдыру жұмысы тобының аға офицері, 2016 жылдан Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасы әскери-жұмылдыру жұмысы тобының офицері,  2019 жылдан бастап Азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері лауазымына тағайындалған. Қай қызметті атқарса да абыроймен атқарған білікті маман. Байланыс және радиотехникалық әскери мамандарының дайындық деңгейі бойынша «1 сыныпты маманы» болып саналады.

Атқарған қызметіне орай Төтенше жағдайлар министрінің, облыс әкімінің, Полиция департаментінің, Қызылорда қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының алғыс хаттармен, құрмет грамоталармен және Төтенше жағдайлар министрлігінің «Мінсіз қызметі үшін – ІІ және ІІІ» дәрежелі кеуде белгісімен, Қорғаныс министрлігінің «Батыр шапағаты»,   Төтенше жағдайлар министрлігіне — 20 жыл, Ішкі істер министрлігіне — 25 жыл, Өртке қарсы қызметіне — 100 жыл, ҚР Қарулы күштеріне — 20 жыл мерейтойлық медальдармен марапатталған. Әлімжанның жұбайы да «Офицердің жұбайы» деген медальмен марапатталған.

Әлімжан Өтегенұлы бос уақытын автокөлік жөндеуге, төрт түлікті бағуға арнағанды жақсы көреді.

«Қазақты төрт түліксіз елестету қиын ғой, ірі қара және уақ мал баптау бабадан келе жатқан қандағы қасиет. Қой қырқу, мал бағу бала кезден әдеттенген жұмысым. Мұның бәрі балаларыма үлгі және олардың да бос уақыттарын тиімді жұмсауына негіз болады», — дейді ол. Подполковниктің хоббиінің тағы бірі, ағаштан тұрмысқа қажетті дүниелерді жасап ала беретіндігі.

Елдің амандығы үшін қызмет етіп жүрген абзал азаматтардың саулықта болуларын тілейміз!

Қызылорда

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
«2 градусқа дейін аяз болуы мүмкін»: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Бифат НҰРМАХАН 09:40
Солтүстіктегі солақай тірлік
Жарас КЕМЕЛЖАН 07:48
Қазақ кредитке кіріп тұрып қуанады
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 15:15
Балаларға арналған спорт секциялары ашылуда
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.05.2022, 13:35
Сот белсенділігі уақыт талабы
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 12:05
Жастарды қолдау маңызды

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01