«Тас дәуірінде өмір сүріп жатырмыз»

Үкімет өмір сүруге аса қолайсыз аймақтарға қашан мойын бұрады?

Қарлығаш Зарыққанқызы

08.10.2020, 09:04

759

Өткен аптада Алматы облысындағы Төңкеріс ауылының тұрғындары өркениеттен ада қалғандықтарын айтып, наразылық білдірді.

Жергілікті тұрғындар су алу үшін таңғы бестен бастап ауылдан он шақырым жерде орналасқан бұлаққа баруы керек. Мұнда бүкіл ауыл су алады, сондықтан да кезек те үлкен. Ауылда жолдың  жағдайды да қиын. Тұрғындар он жылдан бері су, газ және жол салып беруді сұрап келеді. Осы уақыттың ішінде әкімдікке де бірнеше шағым айтылған екен.

 Ашынған тұрғындардың арызын кім естиді?

Өркениеттен ада болған ауыл тұрғындары әбден ашынған. Газ, су, жол мәселесінің шешілмегені былай тұрсын, тұрғындардың айтуынша елдімекенде аурухана, дәріхананың өзі қат.   Бұл ретте ауыл тұрғыны Аманғазы Сейілтаев:

— Ауруханалар мен дәріханалар жоқ. Біз тас дәуірінің адамдарындай өмір сүреміз. Мегаполистің қасында орналасқанымызбен. Мына жолдарға қараңызшы. Бұны осы көшедегі адамдар өздері жамап-жасқап алған. Бұған шамасы жетпегендер шаңда жүруге мәжбүр. Мұндай жолдарда бізге өлейін деп жатсаң да жедел жәрдем де келмейді», – дейді.

Өркениеттің артықшылықтарының ішінен ауыл тұрғындары тек жарықты пайдаланады. «Бірақ тариф тым жоғары» дейді халық. Айтуларынша, электр желілері жеке меншікке өтіп кеткен.

Осылайша, Талғар ауданына қарасты, 3000-ға жуық тұрғыны бар Төңкеріс ауылының тұрғындары өздеріне ешкімнің назар аудармайтынына, бірнеше мәрте айтылса да мәселелерін еститін жанның жоқтығына қапалы.

  Мәселенің түйіні қашан шешіледі?!

Ауылдастарының арман-арызын тыңдаған  Панфилов ауылдық округінің әкімі Асыл Ваисов осы жолы  былай депті:  «Биыл, сөзбе-сөз қыркүйек айында біз Төңкеріс ауылындағы бес көшеге және Қызыл Ту ауылындағы жеті көшеге өтініш жібердік. Осы екі елдімекенде көптеген жаңа ғимараттар бар, ол жақта да жол, электр және су проблемалары бар. Егер облыс әкімдігі өтінімді мақұлдаса, жолды жөндеу жұмыстары келесі жылы жүргізілмек».

Хош, ауыл әкімі осылай деген екен, біз өз кезегімізде тиісті ведомостваларды қоңыраулаттық. Қаузаған тақырыбымызға орай, Талғар ауданы әкімдігінің өкілі Жанкелді Өмірәлиев «Жас Алаштың» сауалына былай деп жауап берді:

– Нақ қазір Төңкерістің мәселесін шешуге талпынып жатырмыз. Төңкерістегі бес көшеге жылдың аяғына дейін тас төселеді. Ал жылдың соңына дейін жолды асфальттау, су құбырын жүргізу мәселелерін жобаға енгізілуді ұйғарып отырмыз. Ауылға көгілдір отын тарту үшін инвесторлар іздестіріп жатырмыз. Келер жылы ауылдың мәселесін шешіп беруді жоспарлап отырмыз, – деді Жанкелді Өмірәлиев.

Сонымен Төңкерістің мәселесі келер жылы біртіндеп шешіле бастамақ. Бірақ бұл біздің елдегі өркениеттен ада қалған бір ғана ауыл ма?! Елімізде бұдан басқа өмір сүруге қолайсыз аймақтардың мәселесі қалай шешілмек?! Үкімет мұндай елдімекендерге қашан көңіл бөледі?! Талдап көрмекке ниеттендік.

Өңірлік дамудың нәтижесі қайда?

Біздің Үкімет 2016 жылдан бастап  дамуы кенжелеген елдімекендерді дамыту мақсатында «Өңірлік даму – 2020» бағдарламасын қабылдаған болатын. Бұл бағдарлама арқылы елдімекендерге инвесторлар тарту, бизнесті дамыту, туризімді өркендету, халықты әлеуметітк тұрғыдан қолдауға кадрлық саясатты жүйелеу тәрізді «тамаша» жоспарлар орындалуы керек-тін. Бірақ неге екені белгісіз, осы бағдарламаның аяғы сиырқұйымшақтанып барып, жоқ болды. Бұл ретте бізге пікір білдірген экономист-ғалым Оразгелді Ақаев:

– Осы «Өңірлік даму – 2020  бағдарламасы алғаш қолға алынған сәтте, біз көп нәрседен үміттендік. Бізде «Жұмыспен қамту – 2020»,  «Өңірлерді дамыту – 2020», «Моноқалаларды дамыту – 2020» бағдарламалары бар еді. Осы  бағдарламалар сауатты жұмыс істегенде ауыл халқын жұмыспен қамту, өндіріс орындарын ашу мәселелері шешілер еді. Бірақ өкінішке орай, бұл бағдарламалар үмітті ақтамады. Үкімет болашақта осы бағдарламалардың неге нәтиже көрсетпей жатқанына қатысты халыққа толық есеп беруі тиіс деп ойлаймын, – деді.

 Моно-қалаларды да жетістірмедік...

Бұдан бөлек, 2012 жылы  елде «Моно-қалаларды дамыту – 2020» бағдарламасы қабылданғанын білеміз. Бұл бағдарлама бойынша да дамуы артта қалған шағын қалаларды дамыту, олардың инфрақұрылымын дамыту, бизнестік орта қалыптастыру көзделген еді. Мамандар бұл бағдарламаның да нәтижесі ауыз толытырып айтарлықтай болмағынын ашып айтты. Бұған қатысты әлеуметтанушы маман Серік Нұржігітұлы:

– Осы бағдарлама ең алғаш қолданысқа ене бастағанда,  кәсіп иелеріне 6 пайызбен арзан несие беру, шағын қалалардың инфрақұрылымын дамыту басты жоспар еді. Бірақ бұдан дамып кеткен шағын қалаларды көре қоймадық. Жалпы, менің бір айтарым, нарықтық  экономикаға көшкелі бері қазаққа тағылатын негізі айыптың бірі – «қазақ – жалқау» деген сөз. Нарықтың қыр-сырын меңгергені бар, меңгермегені бар, көпшілігі әйтеуір жолы болмаған, тасы өрге домаламаған қазақты көрсе, «қазақ – жалқау» деп шығады. Бірақ тұратын жерінің қолайсыздығы, құнарсыздығы, өркениеттен жұрдай болғаны жағынан біз дамыған елдерден бір ғасыр артта қалдық.  Тіпті қайсыбір Еуропа елдерімен салыстырғанда, біз дамуы жағынан екі ғасыр артта қалған елміз. Үкімет осындай бағдарламаларды қолға алғанда дамитын шығармыз деп үміттендік. Бірақ нәтижесі оңды болмады. Мұны мойындау керек, – дейді.

  Азып-тозған аймақтар билікті толғандыруы тиіс

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, бір ғана Алматы облысына қарасты Төңкеріс ауылы емес, бізде дамуы кенжелеген ауылдар жетерлік.

Мысалы, елімізде барлығы 175 аудан болса, соның ішінде 72 ауданның дамуы жағынан кенжелеп қалған. Міне, осы дамуы артта қалған ауыл аймақтардың мәселесін шешуде бізде жергілікті  әкімдердің өзінде  белсенділік жоқ.

Бұған қатысты экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәменов, әкімдерге қаржыны ұстаттырып үйрету керек екенін алға тартқан болатын.   

– Бізде ауыл шаруашылығы мәселесімен тек қана ауыл шаруашылығы министрлігі айналысып жүр. Меніңше, ауыл-аймақты дамытуды тек қана бір министрліктің арқасына артып қою дұрыс емес. Бұл істе жергілікті әкімшіліктерге де өзіндік міндеттеме жүктеу керек. Жергілікті әкімдер өз ауыл-аймағының жай-жапсарын жақсы білетіндіктен, әрбір реформаны әкімшіліктер арқылы жүргізсек жөн болар еді. Бұл үрдіс ауылға бөлінген қаржының діттеген жеріне дәл жетуіне ықпал етер еді. Себебі, қазір ауылға бағытталған қаржыны орта жолдан қағып алатын делдал холдингтер, акционерлік қоғамдар жетіп-артылады. Осыдан барып, ауылға бөлінген қаржы ақыр шенінде талан-таражға түсіп кететіні де рас. Сондықтан бұл жерде әкімдердің қауқарын арттырған абзал. Бөлінген қаржы діттеген жеріне жетсе ғана ол сала оңтайланады емес пе?! Ендеше бізге жергілікті әкімдердің белсенділігін арттыратын кезең әлдеқашан жетті. Бұл біз үшін өзекті мәселе, – дейді Атамұрат Шәменов.

Қорыта келе айтарымыз, мамандар алға тартып отырғандай, болашақта Қазақстан Үкіметіне өркениеттен ада қалған аймақтарды қалыпқа келтірумен мықтап айналысуға тура келеді. Ол үшін алдымен, мына ұсыныстар ескерілуі тиіс: Біріншіден, жер асты суларын көбейтіп, (каналдар орнату арқылы) қуаңшылыққа ұшыраған жерлерді ылғалдандыру, елдімекендерге су құбырын тарту үрдісін бастаған жөн. Екіншіден, елдегі  полигон аймақтарын залалсыздандыру жұмысы жүргізілуі керек. Бұл ұлттың денсаулығы үшін қажет нәрсе. Қазір еліміздегі полигон аймақтарындағы жерлерді де өрт шалу оқиғалары жиілеп кетті. Өрт шалудың көбеюі жайылымдық жерлердің эрозияға ұшырауына бірден-бір ықпал ететін дүние. Сондықтан бұл мәселе де назардан тыс қалмауы тиіс. Үшіншіден, дамуы кенжелеген елдімекен тұрғындарын ең алдымен, жұмыспен қамту жағын шешу керек. Ол үшін ол аймаққа инвесторлар сол жерге дамып кетуге бейім өндіріс орындарын ашуды қолға алу қажет...

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:03
Коронавирус жұқтырғандар саны артты
Сайт әкімшілігі 09:52
Коронавирустың екінші толқыны: Бекшин алматылықтарға нені ескертті?
Сайт әкімшілігі 20.10.2020, 14:28
Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 20.10.2020, 11:03
Қару-жарақ ұрлау оқиғасының құпиясы
Айжан БҮРКІТБАЕВА 20.10.2020, 10:38
ҚазАТК кімнің "жеміне" айналмақ?
Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 11:17
Уланған маскалар туралы фейк таратылуда

Аңдатпа


  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16
  • Ашық хат
    15.10.2020, 10:44
  • Билік жұртта қалған елу отбасыны көшіре алмай отыр
    15.10.2020, 10:38