Тасқын су тоқтады, қызыл жалын құрықталды

Сайт әкімшілігі

22.04.2022, 15:36

1119

Қазақ от пен суды тілсіз жауға теңейді. Даланың тілін түсінген байырғы бабаларымыз «Отпен ойнама», «Су жолын табады» деп, бала-шағасына өсиет айтып отырған. Отпен ойнағанның күйіп қалатынын, су қалай да өз жолын табатынын осылай меңзеген. Сол үшін де бұрынғылар от пен судан қатты сақтанған: түнде далаға от алып шықпайды, өзен бойына үй салмайды.

От пен судан келетін апат әлі азайған жоқ. Әдетте қар суынан немесе тасқын судан зардап шегетіндер Павлодар, ШҚО, Қарағанды, Түркістан облыстары болушы еді. Соңғы жылдары батыс аймақтар да тасқын судан қатты зардап шегіп жатыр. Ерте көктемде Батыс Қазақстан облысындағы бірнеше ауыл су астында қалып, қатты зардап шеккен еді. Тасқын судың астында қалған ауыл тұрғындарының үйлері құлап, қор-жайлары бүлініп, мал-жандықтары суға кетіп, айналдырған бір аптаның ішінде мемлекетке үлкен шығын келді. Бірақ төтеншеліктердің тынбай жасаған құтқару қызметтерінің арқасында апат дер кезінде ауыздықталды.

Осы аптада тағы да батыс аймақта апат болды. Атырау облысының Құлсары қаласы тасқын судың астында қалды. Құлсарының іргесіндегі Құрысайдың өзегіне келген тасқын су таңғы елең-алаңда бөгетті жарып, бірнеше үй су астында қалған. Құрсай өзегіндегі арна басын Жем өзенінен алады. Бұл халық ауыз әдебиетіндегі: «Ойыл қайда, Жем қайда, Сағыз қайда» деп келетін өлең жолдарындағы атақты Жем өзені ғой. Жем көтерілген маусымдарда осылай Құрысай арнасы толып ағатын әдеті бар. Сонымен су астында қалған 4 үйден оншақты тұрғын басқа жаққа көшірілді. Аяқ астынан болған апатпен күресуге төтенше жағдайдың 100 қызметкері, 30 техника жұмылдырылған. Апат ауыздықталды. Өзен суы екі метрге дейін түскен. Төтеншеліктер қосымша бөгет салу жұмыстарына кірісіп кетті. Олар құм толтырылған қаптарды тасқын судың бетін қайтару үшін өзекке төсеген.

Тасқын судан құтқаратын жалғыз амал – қазірше бөгет салу ғана болып тұр. Қар қалың түсетін теріскейдегі аймақтар жыл сайын көктемде өзеннің көтеріліп, ауыл, елді мекендерге кіріп кетуінен сақтану үшін құм толтырылған қаптарды дайындап, күрегін сайлап қояды. Одан бөлек, кейбір өңір тұрғындары үлкен каналдардың табанын тазалап, өзендердің арнасын қоқыстан аршып қояды. Оның өзі көктемгі тасқынға көп көмегін тигізеді. Ата-бабаларымыздың өзенге бейберекет қоқыс тастамайтыны содан.

Тілсіз жаудың тағы бірі от дедік. Осы аптада Атырау облысындағы «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында қалың қамыс отқа оранды. Төтенше жағдай түнгі сағат 1-дің шамасында болған көрінеді. От түскен қоға мен қураған қалың қамыстың қалай жанатыны белгілі ғой, бет қаратпай кеткен. Айналасы 6-7 сағаттың ішінде қызыл жалын 9 гектар аумақты шарпып үлгеріпті. Қорық болған соң, әрине адам өлімі болмаған. Тілсіз жауды құрықтауға төтенше жағдайдың 15 қызметкері мен 6 техника тартылған. От пен сумен алысып, апаттың тілін түсініп алған төтеншеліктер қызыл өртті таңғы сағат 08:00-де әрең сөндіріпті.

Көп жағдайда халық төтенше жағдай қызметкерлерінің жасаған жұмысына көңілдері толмай, сынап-мінеп жатады. Бірақ қауіп пен қатердің ортасында жүретін, бір қадам шалыс басса өміріне қауіп төніп тұратын мамандық екенін, біреу үшін басын қатерге тігетін тәуекелшіл тұлғалар екенін ескере бермейді. Осындай еңбек адамдары қандай құрметке болса да лайық! Қоғам төтеншеліктердің жұмысын түсініп, еңбегін бағалайтын уақыт келді. Тек біздің өмірімізді сын сағатта қорғайтын азаматтарға деген сенім болса жеткілікті.  

Тегтер: төтенше жағдай су тасқыны апат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
«2 градусқа дейін аяз болуы мүмкін»: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Бифат НҰРМАХАН 09:40
Солтүстіктегі солақай тірлік
Жарас КЕМЕЛЖАН 07:48
Қазақ кредитке кіріп тұрып қуанады
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 15:15
Балаларға арналған спорт секциялары ашылуда
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.05.2022, 13:35
Сот белсенділігі уақыт талабы
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 12:05
Жастарды қолдау маңызды

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01