Тастанды балалар тағдыры толғандырады

Әдина Ерқараева

07.07.2021, 08:45

2583

Бала сүю бақыты біреуге бұйырса, біреуге бұйырмайды. Қаншама жас отбасылар үшін бала сүю тек арман болып қалуда. Оның артынша ажырасу мәселелері туындап жатады. Ал осындай отбасылар бала асырап алуға ұмтылса да, ұзақ жылдар кезекке тұрып, ақыр аяғында бала асырап алу бақыты да бұйырмайды. Көкек ана, тасбауыр әке, тумысынан тірі жетім атанған бейбақ сәби мәселесі қазіргі қоғамның ең өзекті мәселесіне айналып барады. Шыр етіп жарық дүние есігін ашқан шақалақтар қараусыз қалып, балалар үйін шарласа, қаншама бейкүнә бүлдіршіндер туыла салып, қоқыс жәшіктеріне тасталып жатқаны жүректі ауыртпай қоймайды.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы жолдауында айтылған «Аңсаған сәби» бағдарламасы біраз адамды қуантты. Бұл бір сәбиге зар болған отбасы үшін үлкен мүмкіндік. «Артында қызы қалғанның – ісі қалғаны, Ұлы қалғанның – өзі қалғаны» дейтін қазақта «Тірі жетім қайдан шығады? Бауыр еті баласынан сырт айналған ата-аналар заң алдында жауапқа тартыла ма?» деген сан түрлі сұрақтар мазалайды. Мемлекет тарапынан тастанды балалар қамқорлыққа алынып, оларға көмек көрсетіліп жатса да, әке мен шешенің ыстық махаббатын сезінбесе, ондай баланың болашақ тағдыры қалай болмақ? Иә, кәмелет жасқа жеткен соң, бірі түзу жолды тапса, бірі қате қадам жасап, өмір жолында жаңылысып жатады. Осы мәселеге байланысты біз Алматы қаласындағы  «Перзент» балалар үйіне барып, балалардың тәрбиешісі әрі анасы,  67 жастағы Әмина қажы  Әжібаева апамызбен тілдескен  едік.

   – Баяғыда, 1992 жылы Алматы қаласының Аэродром көшесінде «Перзент» деген атпен асхана аштым. Ол асханаға жетім-жесір, қиналып жүрген, далада тентіреп, қараусыз қалған неше түрлі балалар келіп тамақтанып, қонып та қалатын. Сөйтіп жүріп, 1995 жылы ораза айында зекет беру ниетімен Алматы қаласындағы №2 балалар үйіне бардым. Сол уақыттың өзінде ол жерде 201 бала бар-тұғын. Олардың жағдайларын көріп, екі жылдай үзбей көмектесіп жүрдім. Өзімнің отбасым тұратын Малыбай деген ауылдық жерде дәріленбеген, силитрасыз таза көкөніс, жемістер егіп, балалардың денсаулығына пайдасы болсын деген мақсатпен сол үйдің балаларына апарып беріп жүретінмін. Дәл сол уақытта балалар үйінің 50 жылдық мерейтойына шақырылып, телеэкранға түсіп қалыппын. Содан бастап неше түрлі тағдыр тәлкегіне түскен балалар маған келе бастады. Әкем марқұм қайтыс боларының алдында «екі ұл, екі қыз асырап ал» деп айтқан болатын. Себебі өзім тұрмыс құрмаған, ер мінезді, барлық ауыр жұмыстарды атқарып жүрген кездерім еді.

        Содан не керек, әкеме «төрт емес, он бес бала асыраймын» деп сөз бердім. Оны  естіген әкем марқұм «тілегіңе жете ғой» деп бата берді. Мүмкін, әкемнің дұғасы қабыл болған шығар. Шынымен де бастапқыда бала жинағанда он бес баланы асырадым. Он бесінші болып келген қызымыз қазір бойжетіп, Түркияда білім алып жатыр. Қазір отыз бала бар. Өткен жылы бала саны жетпіс бірге дейін жетті. Неге азайып кетті десеңіз, көп балалар қыста келіп мекендейді, күн жылынғанда отбасына, әке-шешесіне көмектесуге кетіп қалады. Ал қазір шынымен де баратын жері жоқ, іздейтін жақыны жоқ, нағыз тастанды деген балаларды қалдырдым және дәл сондай балаларды ғана қабылдаймын.

       Бұл жердегі ең үлкен проблема – жеке басын ойлайтын аналар. Себебі бала олар үшін артық нәрсе немесе өміріне кедергі жасағаны үшін керексіз қылады. Ажырасқан, жұмыссыз немесе екінші, үшінші рет тұрмыс құрған, бірақ ол жерге бала сыймай қалған жағдайлар, сондай-ақ қате қадам басқан бойжеткендер дегендей… Сан түрлі себеп бар. Оның бәріне адам баласы төзуі керек емес пе? Өз жеке басынан бұрын, бала маңызды емес пе? Мәселен, мен де анамнан ерте қалғанмын. Мен де жетімнің күйін кештім. Бірақ қазіргі балалар біз қиналғандай қиыншылықты көрген жоқ. Дәл анасындай махаббат бере алмасақ та, әрбір балаға жағдай жасалған. Қолымыздан келгенше қамқорлық танытып, дұрыс тәрбие берудеміз. Алла тағала өсіп келе жатқан бойжеткен қыздарымызға сана берсін дегім келеді. Өйткені осы істің себепшісі – тасжүрек қыздар мен аналар. Сондықтан қазірден бастап біз қыздарымызға, ержетіп келе жатқан ұлдарымызға дұрыс тәрбие, білім беруіміз керек. Саналы ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет. Мен осында келген әр балаға талап қоямын. Талабыма көнсе қалады, көнбесе жіберемін. Ол – ислам дінін қабылдау. Имани тәрбие алу. Менің ең бірінші мақсатым – осы, –  дейді  қажы ана.

        Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде 109 балалар үйі жұмыс істейді. Оларда 80 мыңнан астам жетім бала  бар екен. Ал бұл мәселеге байланысты психологтар не дейді? «Бізде жыныстық сауаттылық кемшін. Қоғамда бұл тақырып жабық. Біз ар-ұятты жоғары қоятын халықпыз. «Жұрт не дейді, одан да өлген артық» деп жүріп құрбан боламыз. Күнделікті күнкөріс қамымен жүріп, балаларымызға дұрыс тәрбие бере алмай жатқанымыз шындық. Ана мен бала арасында байланыс нашар. Қыз анасымен маңызды тақырыптар жөнінде ашық сөйлесе алмайды. Міне, мәселе қайда жатыр? Қыз қате қадам жасағанын мойындаған күннің өзінде, ата-анасынан шындықты жасырып қалады. Нәтижесінде бауыр еті баласына қастандық жасаған немесе балалар үйіне тастаған аналар осылай көбейе береді. Сондықтан әрбір ата-ана баласының өмірінде қандай дауыл тұрса да, біз қолдау көрсетіп, қорған бола алатынымызды кішкентай күнінен үйретуіміз қажет. Адамда ішкі ерік-жігер деген ұғым бар. Ішкі ерік-жігері бар адам қандай қиындыққа тап болса да, аяғынан тік тұрып, өмірін нық қадаммен жалғастыра алады», – дейді психолог ГауҺар Жайлаубайқызы.

Балалар үйіндегі бейкүнә сәбилер мына жарық дүниеге тағдыр тәлкегіне түсу үшін келмеген. Олар да ананың аялы алақанын, әкенің қамқорлығын аңсайды. Көзі жәутеңдеп біреуді күтіп отырады. Олай болса,  дүниеге келген сәбиді сыртқа теппейік, ағайын!

Тегтер: бала ана тастанды қоғам

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.03.2023, 17:11
Алматының экология басқармасының лауазымды тұлғалары сотталды
Сайт әкімшілігі 20.03.2023, 09:50
Екі облыста су тасқынының қаупі күшейді
Сайт әкімшілігі 19.03.2023, 14:49
20 жылдық тәжірибесі бар 70 жастағы таксист апай өз таңдауын жасады
Сайт әкімшілігі 19.03.2023, 09:20
Қошанов сайлау әділ өтіп жатқанына сенімді
Сайт әкімшілігі 19.03.2023, 09:09
Ел бойынша 10 146 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр - ОСК
Еркежан АРЫН 18.03.2023, 15:45
Газ генерациясы – Қазақстанның энергетикасының тиімділігін арттырудың ұтымды жолы

Аңдатпа


  • Сайлау– 2023: Бір өкініш, Бір үміт...
    06:56
  • Оқшауланған Ресей: Путин тұтқындала ма?
    06:37
  • 13-премьер: құт па, жұт па?
    06:45
  • Қандай елде өмір сүреміз?
    17.03.2023, 05:35
  • Сайлау: Мойның жуан болса мақтан, жіңішке болса - сақтан!
    17.03.2023, 05:28