Тәуелсіздіктің тартуы – астанамыз!

Қуаныш Әбілдәқызы

16.12.2021, 13:52

1088

Тәуелсіз еліміздің 30 жыл ішінде қол жеткізген жетістігінің бірі ретінде астанамыз Нұр-Сұлтан қаласын мақтанышпен айтуға болады. Еліміздің қақ ортасынан, мемлекетіміздің жүрегінен орын тепкен астанамыз қауіпсіздік тұрғысынан да өте жақсы орналасқанын саясаттанушылар жарыса айтса, шетелдіктер бас қаламызды еліміздің шынайы тәуелсіздігі мен егемендігін паш еткен мемлекеттік орталық ретінде таниды. Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл болса, ел астанасының арқаға көшкеніне 24 жыл толып отыр.

Ұлы даланың қақ кіндігі – Сарыарқа төсінде орын теуіп, күн санап құлпырып келе жатқан қаламызда халық саны да өсіп келеді. Жасыратыны жоқ алғаш ел астанасын ауыстыру ұсынысы айтылғанда қарсы шыққандардың да қарасы қалың болды. Соған қарамастан еліміздің астанасын көшіруде Елбасымыз ерекше ерік-жігер танытты. Сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы ел астанасын көшірудің стратегиялық, экономикалық, жалпыұлттық маңызын алға тартып, жаңа қаланың бой көтеруіне ерекше ықпал етті. Нәтижесінде  Елбасымыздың батыл да тегеурінді ұсынысымен 1994 жылы 6 шілдесінде ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдады. Содан бері жыл сайын еліміздің астанасының туған күнін 6 шілдеде атап өтіп келеміз. Бүгінде астана атанғалы жайнап құлпыра түскен бас қаламыз барлық жағынан дамып келеді.

Бас қаламыздың қалыптасу кезеңі ел Тәуелсіздігімен қатар өрбіді. Негізі Елбасымыз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы айта бастаған болатын. Алайда ол уақытта бұл ұсыныс көпшілікке қиялдай көрінгені рас. Сондықтан жалпы халықтың бұл ұсынысқа күдігі мен сенімсіздігі басым болды. Бірақ мемлекет басшысының ықпалымен, бұл ұлы көш жүзеге асты. 1994 жылдың 6 шілдесі күні Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жалпы отырысы өтіп, Елбасы Қазақстан Республикасының орталығын Алматыдан Ақмолаға көшіруді депутаттардың талқысына салды. Мұның маңызды қадам екенін депутаттар алдында Елбасымыз дәлелдеп шықты. Нұрсұлтан Назарбаев бұл туралы «Еуразия жүрегінде» атты кітабында «Парламент Мәжiлiсiнде мен астананы көшiру туралы идеяны жария еттiм. Сол кезде жұрттың көбі менi қолдаған жоқ. Көп адамдар мұны ақылға сыймайтын әрекет деп есептедi. Өйткенi елдiң жағдайы ауыр болатын. Жалақы, зейнетақылар уақытында төленбей жатты. Ал ендi бiреулер астананы көшiру идеясын қолдағанның өзiнде бұл шешiм 2030 жылсыз жүзеге аспайды деген ойда болды. Дегенмен, осыдан үш жыл өткенде депутаттардың өзi пойызбен жаңа астанаға көшiп келдi. Ендi шешiмнiң дұрыс болғандығына ешкiм де күмән келтiрiп, дауласпайды» деп жазған болатын.

Осылайша бұл мәселе биік мінберде көтерілген 6 шілде ел астанасының туған күні ретінде белгіленді. Алайда бүгінгі күні кез келген мәселені бұра тартқысы келгендер бұл атаулы күнді Елбасының туған күнімен байланыстырғысы келіп, әңгіме көбейтіп жүргені рас. «Ел астанасының туған күнін өз туған күнімен байланыстырып қойып қойды» дегендер бұл тарихты білсе олай бұра тартпасы анық еді. Қазақстан Республикасының астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы Жоғарғы Кеңестің №106 қаулысы 1994 жылы 6 шілде күні шыққанына, бұл маңызды күннің дәл 6 шілдемен сәйкес келуіне ешкім де «кінәлі емес» деуге болады. Есесіне бүгінде арқа төсінде мақтанып көрсетердей бас қаламыз бар.

Ең бастысы қауіпсіздік дейтін болсақ, сол кездің өзінде Елбасымыз ең алдымен осы мәселеге баса көңіл аударғаны байқалады. Яғни елімізде геосаяси жағынан нығайту басты мақсаттардың бірі болған еді. Әрине еліміз егемендік алғалы бері бейбіт саясат ұстанып отырғаны әмбеге аян. Дегенмен, «Мемлекеттің астанасы шекарадан қашық, елдің кіндік ортасында болғаны дұрыс» деген Елбасы саясатының дұрыстығына бүгінгі күні айқын көз жетіп отыр. Астананың  уақыт сұранысына сай қалаға айналуы үшін көп тер төгілді. Айшықты қала өзгелерден ерекше. Соның дәлелі бас қалада бой түзеген, архитектурасы ерекше ғимараттар. Бүгінде  «Ақорда», «Астана триумфы», «Пирамида», «Бәйтерек», «Хан Шатыр», «Бейбітшілік пен келісім сарайы», «Транспорт Тауэр», «Абу-Даби Плаза», «Меруертті мекен», «Солтүстік шұғыла» ТК, «Қазақстан Темір Жолы», «Гранд Алатау», ЭКСПО қалашығы секілді зәулім ғимараттар бұл қаланың көркін келтіріп тұр. «Қазақ елі» монументі мен «Мәңгілік Ел» салтанат қақпалары халықтың жиі ат басын бұратын мекеніне айналды. Халық та күн өткен сайын астанасын жақсы көріп келеді. Сондықтан бұл қаланың бас архитекторы Елбасының өзі деп айта аламыз. Ал Елбасы бастаған істі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып, бүгінде қаланың көркі асқақтай түсуде.

Жалпы мемлекет басшысы ел астанасы ретінде Ақмоланы таңдауға байланысты 32 негізгі өлшем-пайымды алға тартқан болатын. Таратып айтар болсақ әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, коммуникация, көліктік инфрақұрылым, құрылыс, еңбек ресурстары және басқа да негізгі салалар бойынша қарқынды дамуға жас мемлекеттің жаңа астанасында мол мүмкіндік болатынын негізге алған көрінеді.  Жиырма төрт жылдың ішінде Тәуелсіз Қазақстанның жаңа елордасы адам танымастай өзгеріп, асқақ астанаға Нұр-Сұлтан қаласына айналды. Бүгінде зәулім ғимараттарымен көз тартар бас қаламызда түрлі халықаралық жиындар өтіп, татулық пен тұрақтылықтың символына айналып келеді. Шетелдік саясаттанушылар қаланы осы тұрғыдан таниды. Сондықтан Тәуелсіздікпен қатар өсіп өркендеп келе жатқан Бас қаламыз тек жақсылықтардың куәсіндей қалаға айнала бергей! Өйткені Нұр-Сұлтан біздің Тәуелсіздігіміздің символы, халқымыздың абыройы, ұрпақтарымызға қалатын баға жетпес қазына!

Тегтер: Тәуелсіздік Астана Нұр-Сұлтан

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 14:48
«2 градусқа дейін аяз болуы мүмкін»: алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Бифат НҰРМАХАН 09:40
Солтүстіктегі солақай тірлік
Жарас КЕМЕЛЖАН 07:48
Қазақ кредитке кіріп тұрып қуанады
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 15:15
Балаларға арналған спорт секциялары ашылуда
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 24.05.2022, 13:35
Сот белсенділігі уақыт талабы
Бифат ЕЛТАЕВА 24.05.2022, 12:05
Жастарды қолдау маңызды

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01