Тегің қазақ па?

Еңлік АРЫҚБАЙ

21.10.2021, 15:00

1099

   Біз әлі кеңестік жүйеден шыға алмай жүргендейміз. Себебі қазақ бола тұра, еш мәні мен мағынасы жоқ «-ов», «-ова», «-ев», «-ева» тіркестерін әлі күнге дейін тіркеп жүрміз. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Соның өзінде орысша ойлап, сөйлеудің шеңберінен шыға алмағанымыз, орыстану жүйесін біржолата қазақы болмысымыздан неге арылта алмадық деп, кінәліні іздейміз де. Әдетте кінәні өзгеден іздеуге асығамыз.

  Кез келген адамға осы жайлы айта қалсаңыз: «Жоғарыда отырғандар неге тектерін бір ізге түсірмейді? Арнайы заң шығарсын. Сол бойынша бәріміз құжатты ауыстырамыз», – деп қайырады. Міне, біздің ең қателесетін тұсымыз осы. Неге біз өзгеруді, қазақылануды, ұлттық құндылықты дәріптеуді өзімізден бастамаймыз? Бұл жерде құжатты рәсімдеудің, өзгертудің өзі біраз қиындыққа алып келетінін алға тарту сылтау ғана.

    Мысалы, Бақытбек Дәулетұлы тәуелсіздік алған сәттен бастап өз құжатын қазақшалаған. Ол адамның жаны, болмысы, құжаты қазақшаланбай, алға қарай даму болмайды деп есептейді.

– Сонау 1975 жылы тұңғышым өмірге келді. Тәңірберген деп азан шақырып, есім бердік. Алайда құжатта «Таниберген» болып кетті. Сол кезде құжатқа қарау, қазақшалау дегенді ойламайсың да. Содан қалған бес баламның құжаты осылай қате толтырылды. Құдай жарылқап, тәуелсіздікке қол жетті деген хабарды ести салысымен балаларымның құжатын қазақшаладым. Осылайша қазақшалануды, қазақи болмысты өз әулетімнен бастадым, – дейді кейіпкеріміз.

Осы мысалдың өзі қанша адамға үлгі болады емес пе? Мемлекет шағын ғана отбасынан құралады. Ал отбасының әр мүшесі қоғамға осылайша пайда тигізсе, қазақстандық әр азаматтың тегі әу баста-ақ бір ізге түсер еді. Қазір де кеш емес. Мәселен, мемлекеттен алынатын жеке куәлік, диплом, көлік жүргізуші куәлігіне дейін түгелдей «Қазақстан Республикасының азаматы» деп қашалып жазылады. «Тегі» деген жерге «Усенов» деп толтырамыз да, «Әкесі» дегенді бос қалдырмай, «Арманұлы» деп қазақшалаймыз. Кейде ол да  «-ович»-пен аяқталады. «Ұлты» деген жерде әркім өз ұлтын жазады. Біз «қазақ» деп, төбеміз көкке бір елі жетпей қалғандай қуанып, кеудемізді кере отырып құжаттың бос орындарын қалдырмай толтыртқызамыз. Осыдан біз не ұттық? Әрине, ұтқан түгіміз жоқ. Керісінше, ұтылдық.

   Қазақ елі тәуелсіздіктің көк туын желбіреткелі отыз жыл болды. Алайда осы отыз жыл ішінде ұлттық құндылықты ұлықтауға құлқымыз төмен екенін айтуға міндеттіміз. Рухани құлдыраудың ең біріншісі – тектің қазақыланбауы. Осыдан барып ана тілге деген құрмет пен жанашырлық сезімі қалай қалыптаспақ? Мұның барлығы бір-бірімен тонның ішкі бауындай байланысып жатыр. Тегіне құрметпен қараған азаматтың елге, тілге жанашыр болатыны ақиқат. «Тууды тіркеу», «қайтыс болуды тіркеу», «некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды тіркеу», «атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды тіркеу», оның ішінде «азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістерді, толықтырулар мен түзетулерді енгізу», сол сияқты «азаматтық хал актілерінің жазбаларын қалпына келтіру» қызметтері бойынша азаматтардың өтініштерін қабылдау баламалы түрде Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен азаматтардың хал-актілерін тіркеу (АХАТ)  қызметтерімен де  жүргізіледі. Яғни өтініштерді Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы немесе тікелей АХАТ органына тапсыруға болады. Бәлкім, сонда Сафия Айдаровна, Эльдана Эльдаровна, Кайсар Азаматович деп жаздыратын қазақтардың саны азаяр ма еді? Бізді өкіндіретін де осы.

Айта кетерлігі, Қазақстанның әрбір азаматы атын, тегін және әкесінің атын өзгертуге құқылы. Оған кез келген себеп болуы мүмкін: біреулер отбасылық жағдайына байланысты өзгертіп жатса, басқалары жеке көңіл қалауымен. Аты-жөніңізді, сонымен қатар азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер енгізу қызметіне өтінішті eGov.kz электронды порталы арқылы рәсімдеп, уақытты үнемдеуге болады. Белгіленген үлгідегі өтініш, жеке басын куәландыратын құжат, екі дана 3х4 өлшеміндегі фотосуретті апарып, бес жұмыс күні ішінде тегіңізді қазақшалай аласыз. Мүмкіндік болса не кедергі?

  Жалпы, қазақ мұндай тіркестерді қимай жүрген жоқ емес. Оған біраз кедергі бары да анық. Біріншіден, ерінеді. Екіншіден, «ұлы», «қызы» деген қазақша текке ауысса, қалған құжаттың тағдырына алаңдайды. Үшіншіден, еліктейді. Мұндай болмашы тірліктен барынша аулақ болған абзал. Қиналуға, ерінуге, еліктеуге, мақтануға жол жоқ деп есептеңіз. Ниет болса, қасиетті қазақ деген ұлттың ұрпағы екеніңіз рас болса, тұрғылықты жеріңіз бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына барыңыз. Тез әрі сапалы қызмет көрсететін қызметкерлерге жолықсаңыз болғаны. Мәселеңіз көзді ашып-жұмғанша шешіледі. Ең әуелі өзіңізден бастап, тегіңізді қазақшалаңыз. Кейін отбасы мүшелерінің де құжатын бір ізге түсіресіз. Сізге қарап досыңыз, бауырыңыз, туысыңыз түзелер. Басым көпшілік дәл осы жолмен әрекет етіп, құжатын қазақшалады. Ал сіз әлі кеңес дәуірі салған жолмен жүрсіз бе?

Тегтер: ата-тек жазу қазақтану мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 09:43
Ақмола облысында ауыл тұрғыны көлікке оқ жаудырды
Әділ АҚЫЛБАЙ 09:13
Қазақтардың түсіне де кірмейтін заң
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 14:40
Мұғалімдердің жалақысы қысқара ма, БҒМ пікір білдірді
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 12:35
Тоқаев: Финтех саласындағы аймақтық көшбасшы Kaspi.kz капитал нарығы динамикасын арттыруда
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 11:07
«Іле-Алатау» ұлттық табиғи паркінің басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды – заңгер
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 09:12
Коронавирус жұқтырғандардың саны 900 мыңнан асты

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14