«Технарлар» тентіреп кетпесін десек...

Сайт әкімшілігі

28.01.2022, 18:09

2732

Әлі есімде, академик, «Социалистік еңбек ері», Қарағанды политехникалық университетінің ректоры болған аңыз адам Әбілқас Сағыновтың 90 жылдық мерейтойында республикалық телеарнаға деректі фильмге түсіру бақыты бізге бұйырған еді. Аталған жоғары оқу орынға сауатты тың реформа жасап, іргелі білім ошағын көтерген тау тұлғаның шәкірттері сұхбат барысында Сағыновтың көрегендігін көсілте айтқан еді. Бірегей ректор қазақтың зерек жастарын «Политехте» қалдыруға табандап көндіріп, бар жағдайын жасап баққанын көсілтіп әңгімеледі. Жарықтық Сағынов салған дара жолды жаңғыртатын жастар легі бүгін сиреп, селдіреп барады. Өзекті өртейтін проблема. Бұған қоғам кінәлі ме, әлде саладағы орашолақ реформаның кесірі ме? Өндірісті өлке — Қарағандыдағы белді жоғары оқу орнының бірінде техникалық мамандық бойынша білім беретін оқытушысы Әділет Ақиқатов (спикер аты-жөнін өзгертіп көрсетуді сұрады) өңірдегі техникалық мамандардың тоқырауға толы тірлігін толғады.

Кен мамандарын даярлауда кедергілер көп

Өндірістік сала мамандарын даярлайтын жоғары оқу орында үйлесімдік жоқ. Басын ашып алған ләзім, бұл әлдекімдер топшылайтындай біреуге кедергі келтіру немесе өшпенділікпен айтылған мысал емес. Бүгінгінің боямасыз шындығы дейді, сұхбаттасымыз.

-Бізде техникалық пәндерден дәріс беретін оқытушылардың жылдық жүктемесі 600 сағаттан аспау керек. Бұл дегеніңіз, аптасына 8 дәріс оқу деген сөз. Оның сыртында, кураторлық міндетті мойнымызға іліп қойған. Соңғысының жауапкершілігі екі есе ауыр. Әр студенттің мекен жайын хабардар етіп, күнделікті іс-әрекетін жіпке тізіп баяндап, жазбаша мәлімет беріп отыруың керек! Осындай ұсақ-түйек шаруалармен бас қатырып жүргенде, шығармашылық ізденіс жайына қалады. Тәжірибелі мамандар шеберлігімізге сүйеніп сабақты алып шығамыз. Ал университетті жаңа бітіріп, оқытушылықпен қоса, кураторлықты қатар алып жүрген жас әріптестеріміздің ғылыммен айналысуына уақыты жоқ. Техника пәнін оқытатын ұстаздардың халі осындай.

Техникалық аудармада бірізділік жоқ

Техника тілі нақтылықты қалайды. Тәржімалау сауатсыз аударылса, көбіне оқырман зардап шегеді. Осындай олқылық қазақ тілінде жазылған техникалық аудармаларда кеңінен кездеседі.

— Айталық, темір жол саласына байланысты терминдерде қателіктер көп. Көлік қатынастары факультетінде вагонның астына салатын тіреуішті (башмачок) «тежегіш табан тірек» деп түсіндіреді. Алматының техникалық университетінде оны «Табандық» деп оқытады. Орашолақ аудармаға сүйенетіндер жалпақ тілмен «Вагондардың аяқ киімі» деп айтып жүр. Түптеп келгенде, техника саласына байланысты ортақ терминология қалыптаспай отыр. Оның үстіне, техникалық мамандықтар бойынша қазақ тілінде оқу-әдеби құралдар тапшы. Зертханалық кабинеттер заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталмаған.

Мамандықтың машақаты көп

Нақты саланың маманы болуды қалаған жастар таңдаған мамандықтарынан бет бұрып жатыр. Себепсіз салдар жоқ. Баршаға аян, бүгінде өндіріс ошақтары жекеменшіктің иелігінде. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деген кейіпті ұстанған кәсіпорындар кадр дайындайтын оқу орындармен байланыс жасамайды. Сонда, болашақ техниктер қайда барып бас сауғаламақ? Бұл ешкімді алаңдатпайды.

— Күндізгі бөлімде оқитын студенттер темір жол саласында істеп жүріп, сырттай білім алып жатқан қатарластарымен сессия барысында етене араласады. Олар жүйедегі жүгенсіздіктен хабардар. «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясында соңғы жылдары оңтайландыру орын алды. Бұрын мұндағы 30 адамнан құралған диспетчерлік ортаны бір адам басқарып келсе, енді оған тағы бір құрылым қосып берілді. Қос құрылымда 60 адам еңбек етеді. Аңғарғаныңыздай, жүктеме бірнеше есе көбейді. Бірақ, айлық төмен. Қыс ішінде аязға шалдығып, жазда күнге қақталып алатын жалақылары 80 мың теңгеден басталып, 120 мың теңгеге табан тірейді. Ордалы отбасы бар жұмысшы жардымсыз жалақымен қалай күн көрмек? Қай өндірісте болсын, білікті мамандарға лауазымын көтеруге мүмкіндік жоқ. Саран саланың қысымына шыдамағандар басқа салаға жұмысқа кетіп жатыр. Бұл мәселеден де студенттер қанық. Шәкірттерім өздерін өзге кәсіптен көргісі келетінін айтады. Жасыратыны жоқ, мұндай әділетсіздікті кезінде мен де бастан кешкен едім. Ілгеріде, университетті үздік тәмамдаған соң, мамандығым бойынша «Қазақ мыс» корпорациясында қызметке тұрдым. Алайда, жағдай мен ойлағандай болмады. Онда кадр тағайындауда тамыр-таныстыққа жол берілді, елдестік пен жерлестік секілді жағымсыз әдеттер еңсемді езіп, жүйкемді жұқартты. Ақыры, әуелден оқытушы болып қалуға қолқа салған өзім түлеп ұшқан университетке келдім. Білуімше, оқу, пәтер ақысын өздері төлейді. Біздің факультеттің жылдық оқу құны қазір 300 мың теңге. Грантпен түскендер мүмкіндіктен айырылып қалмау үшін барынша қамданып, қабілеті жеткенше оқуға тырысады. Әлеуметтік қиындыққа киліккен студенттердің арасында қабілеті жоғары, «мықты технарлар» шығатын балалар бар, — дейді Әділет Ақиқатов.

Студенттерге өндіріс есігі жабық

Үкімет өндіріс саласына сөзбен емес, нақты іс жүзінде сынды түзетуге нақты талаптар қоймаса, сала құрдымға кетеді. Ол үшін әуелі техникалық мамандықта оқып жүрген студенттер мен түлектерді өндірістерге тарту қажет. Керек болса, кәсіпорын басшыларына білікті кадрлардың жұмыс істеуіне, талантты жастардың мансабын көтеруге жағдай туғызуды міндеттеу тиіс. Тек сонда ғана, президент шегелеп тапсырған міндет орындалады.

Жасыратыны жоқ, қазір әр өндіріс «Жекенің меншігінде!» деген қағиданы желеу етіп, өз алдына монополис болып алды. Кеңес кезеңінде техникалық факультеттің студенттері кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өту міндеттелді. Оларға шартты түрде еңбекақысы төленетін. Өндірістің жетекші мамандары студенттерге тәлімгерлік етіп, қайнаған қара жұмыстың қыр-сырын үйретті. Осылайша, келешек мамандар істің барысына қанықты. Қазір

мұның бірі жоқ. Студенттер қашықта тұрып жұмыс барысын көзбен тамашалап қайтады. Ол ең құрығанда, бес пайыз да нәтиже бермейді. Қысқасын айтқанда, техникалық дипломы бар жастардың өндіріске тұмсығын тығу қиямет қайым. Өйткені ол жердің өз «кландары» бар. Алда-жалда қайсыбір өндіріс қандайда бір қат маманды іздесе, құрылтайшылар университетке келіп, қажет студентті іріктеп алады. Ал оқу орнын тәмамдағандардың сексен пайызы екі қолға кәсіп таппай баз кешіп жүреді, — дейді ол.

Кен ойғанды келте көрмеген қазақ баласы техника тілінен кенде емес. Жоғары оқу орнында дәріс алмаған, бірақ, механик мамандығын өз талабымен меңгерген ауыл жастары қалт кеткен көліктің ақауын гүрілдеген дауысынан біліп, тап басып айта алатынын көз көріп, құлақ естіді. Осыдан соң, қазақ техникаға қабілетсіз деп айтып көр! Ендеше, техникалық бағытта білім берушілер мен алушылардың кежегесін кері тартып тұрған қиындықтарды жоюға Үкімет білік сыбанып кіріскені кәдік. Олай болмағанда жағдайда, дамылсыз дамудың көшінен қалып, өркениеттің көмбесінде көміліп қаламыз.

Айтбала Сүлейменқызы

Қарағанды облысы

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 12:42
Қазақстандықтардың төлқұжатында жүрген чип не үшін керегі белгілі болды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 08:44
Алматы облысында екі ауылдың көшелерін су басты
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 15:03
Желтоқсан оқиғасына арналған тағы бір кітап жарық көрді
Бифат ЕЛТАЕВА 20.05.2022, 08:17
Ауыл балаларына мүмкіндіктер көп қарастырылу қажет
Сайт әкімшілігі 20.05.2022, 07:51
«Сен менімен «служить» етпейсің!»
Сайт әкімшілігі 19.05.2022, 15:09
Партияның ауқымды электораты референдумды қолдауы керек – Е.Қошанов

Аңдатпа


  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56
  • Балалар жылында балалар неге шеттетіледі?
    19.05.2022, 08:40
  • Қалтырауық үкімет
    18.05.2022, 06:20