Теңдікті теңестірдік, ұтқанымыз қайсы?

Айнұр ӘЛИ

25.11.2021, 12:30

411

Біз қазір тым әсірешілміз. Табиғатымыз солай ма, әйтеуір, өзгеден көргенді өнеге тұтып, соны үйреніп алуға бейімбіз. Әрине, өзімізді қаралағымыз келмейді. Дегенмен өзге жұрттың әрекетін бойымызға тез сіңіріп алатынымыз қынжылтады. Оның жақсы-жаманына бойлап жатқан ешкім жоқ. Бізде соңғы жылдары батыстан жиып алған талай дүниеміз бой көрсетуде. Оның зардабын біле тұра, басымызды арашалай алмай жүрген жайымыз тағы бар. Соның бірі – теңдікті теңестіру.

Соның дәлелі – қазіргі күні мемлекеттік деңгейде гендерлік саясатпен айналысып, әйелдің орнын бесік пен ошақ басынан билікке ауыстыруымыз. Бизнесте кім? Әйел. Депутат кім? Әйел. Әкім кім? Әйел. Бұрындары көлік айдаған әйел затын көргенде аузымыз ашыла қараушы едік. Қазір таңғалмайтын болдық. Өйткені енді ғана бойжеткеннің көбі осы темір тұлпарды тізгіндеп жүр. Еркектермен иық теңестірдік. Қатар тұрғыздық. Батыстың ауруына шалдықтық. Күйдіретіні де сол – феминизмдер бірлесіп үлкен жазуы бар плакат ұстады. Атой салып алаңға шықты. Ал батыс мұның зардабын әлі көруде. Бала саны күрт төмендеп, туу көрсеткіші өлімнен азайса да, қазақ бұдан сабақ алмады. Ғалымдар болса Еуропа мен Америкадағы гендерлік саясаттың әсерін демографиялық өсімнің жоқтығымен байланыстырады. Онда батыстың бәлесінен біздің елге қандай пайда келмек?

Феминизм, гендерлік саясат деген ұғымдар ХVІІІ ғасырда кәрі құрлық Еуропада дүниеге келіпті. Алғашында әйел теңдігі Солтүстік Америкада 1775-83 жылдары тәуелсіздік соғысы кезінде көтерілген. Феминистер ХVIII ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың басында еркектермен қатар еңбек ету, білім алу, тек еркектер ғана пайдаланатын саяси құқықтарға қол жеткізуді көздеді. Әлемде осылайша әйелдер ұйымдары дүниеге келді. 1888 жылы Халықаралық әйелдер кеңесі, 1904 жылы Әйелдердің сайлау құқығы жолындағы халықаралық одақ құрылды. Ал 1967 жылы БҰҰ Ассамблеясында әйелдерді кемсітушілікті жою декларациясы қабылданды. Осылайша феминизм, гендерлік саясат құбылысы барлық әлемде етек ала бастады. Бізде ше? Егер қазақ қоғамында әйелдер теңдігі болмаса, мына тарихта неліктен қанша қазақ аруларының аты сақталған? Тарихта нағыз ана кейпінде есімі қалған аналарымыз теңдік те сұрамады. Ерінің ығына жығылды. Кезінде үйде отырып Абайды қазақтың бас ақыны еткен Зере мен Ұлжан ештеңеден кенде болған жоқ. Өйткені қазақтың аналары ерлермен тең болды, тек өз орнын біліп, салиқалы күн кешті.

Теңдікті теңестіру қаншалықты көтеріле берсін, шынтуайтында, жаратылыс тұрғысында еркек пен әйел тең емес. Әрқайсысының өзіне тән жаратылысы бар. Отбасы болғанда да, сол екеуі бір-бірін толықтырады. Әйел – от басында, ошақ қасында үй тірлігімен, бала тәрбиесімен айналысса, еркек – түзде, бала-шағаны асырау қамымен жүреді. Қазір бірақ бәрі басқаша. Әйелдің жұмыс істеп, еркектің үйде қазан жуып, тамақ істегенін көз көріп жүр. Берекенің кетуіне де, кикілжіңнің орын алуына да осы жайттар әсер етеді.

АҚШ-тың белгілі саясаткері Патрик Дж. Бьюкенен «Батыстың ажалы» атты еңбегінде отбасының бұзылуы, жетім баланың көбеюі мен бала туудың азаюын гендерлік саясаттан көреді. Қазақта Алпысбай, Жетпісбай, Сексенбай, Тоқсанбайлар өмірге келіп, он баланы дүниеге әкелген батыр аналар көп болған. Ол кезде біз баладан жеріп, аборт жасатқанымыз жоқ. Есеппен туып, бұйырған, құрсаққа біткен баланы керек етпегеніміз жоқ. Жетімімізді жылатқанымыз жоқ. Алайда гендерлік саясат арқылы осы құнды қасиеттерімізден жерідік. Жеріп жатырмыз.

Патрик Дж. Бьюкенен өз ең­бегінде: «Отбасы құндылықтарының жойылуына еркектің, әйелдің жанұядан бас тартуы себеп. Еуропалықтардың жой­ылуы социализм мен феминизмде жа­тыр», – деп көрсеткен. Бала теледидар мен жалдамалы бала бағушыдан ата-ана тәрбиесін қабылдамайды. Рас қой? Мәселен, көк жәшік уақытын қызықты өткізуге арналса, бала күтушісі ашқарынға азығын әзірлеп, жыламаса болды дейді. Ал анасы сол бала бағушының ақшасын табам деп, таң атқаннан кешке дейін жұмыста отырса, әкесі түзде жұмыста жүр. Нағыз қауырт, жұмысбасты заман. Қысқасы, бұл феминизм баланы анасыз қалдырды. Тәрбиені бойына сіңдіретін кім? Әрине, басты рөлді анасы сомдайды. Ал кешкі уақытта бір көрген баласын маңдайынан иіскесе болды дейтін аналар қателіктің қайдан шыққанын білмей дал. Өйткені қолдағы смартфоннан, теледидардан көрген атыс-шабыс, түрлі ойын бала санасын жалмап, ойын арбап алған.

Феминизмнің о бастағы мақсаты әйел теңдігі болатын. Бертін келе ақшаны көп табу мен баласыз деген ұранды желеу етті. Батыстық әйелдердің басты міндеті де сол – бала емес, карьера қуу болды. Нәтижесінде Еуропа халықтары құрып кетудің аз-ақ алдында. Күллі кәрі құрлықта бір ғана мемлекетте туу көрсеткіші өлім көр­сеткішінен жоғары екен. Алманиядан өзге елдерде өлгендерден туғандар аз. Демек, феминизмнің зардабын Еуропа мен Америка көріп жатыр.

«Әйелдің міндеті, сонда, не?» дерсіз. Әрине, өмірге дені сау ұрпақ әкеліп, оның нағыз азамат болып өсуіне тер төгу. Алайда әлем бойынша тек бір елде ғана осы міндетті жүзеге асыруға мүмкіндік жасалған. Жапония билігі толыққанды жапон азаматын өсіру үшін ананы баласы он сегіз жасқа толғанша үйде отырғызып, соған орай, жалақы төлеп отырады. Ал біз ше?

Тегтер: гендерлік саясат теңдік саясат пайым пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 09:43
Ақмола облысында ауыл тұрғыны көлікке оқ жаудырды
Әділ АҚЫЛБАЙ 09:13
Қазақтардың түсіне де кірмейтін заң
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 14:40
Мұғалімдердің жалақысы қысқара ма, БҒМ пікір білдірді
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 12:35
Тоқаев: Финтех саласындағы аймақтық көшбасшы Kaspi.kz капитал нарығы динамикасын арттыруда
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 11:07
«Іле-Алатау» ұлттық табиғи паркінің басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды – заңгер
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 09:12
Коронавирус жұқтырғандардың саны 900 мыңнан асты

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14