Теріскейге кеткен көш те теріс айналды

Айжан БҮРКІТБАЕВА

24.12.2020, 12:50

2298

Оңтүстік Қазақстан облысынан Солтүстік Қазақстан облысына «Еңбек» бағдарламасы бойынша көшіп барған кей тұрғындар уәделі көмекті ала алмай, бас сауғалап оңтүстікке кері ағылуда. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев бастаған «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» жобасы аясында жүзеге асқан, анығында асуға тиіс болған, бұл мақтаулы бағдарламаның берекесі неге кетті? Бісмілләсін солтүстік өңірді қазақыландырамыз, шекараны бос қалдырмаймыз деген ұранмен басталған бұл көштің кері кетуі нені білдіреді?

Оңтүстіктен көш келеді, солтүстік қаншалықты қош көреді?

2013 жылы Қазақстан үкіметі халқы тығыз орналасқан аймақтардан жұмыс күші тапшы өңірлерге азаматтарды көшіру бағдарламасын іске қосты. Алайда жарымжан жоспардың жағдайы қоныс аударған тұрғындардың басына баспана, екі қолға бір күрек таппай сандалуына әкеп соғып отыр. Статистикадан сыр тартсақ, бағдарлама іске қосылғаннан бері  19 мыңнан аса адам солтүстікке орын тепкен. Ал оның тек 5,4 мыңы ғана қызметтік пәтер мен жатақханамен қамтылған. Қалғандары қалай күн көріп жатқаны ешкімді алаңдатып отырған жоқ.

Бұл туралы әлеуметтанушы Гүлзинат Байғабылқызы Қазақстанда жүйелі бағдарламалар жоқ екенін айтады. «Біздің елде қандай бағдарлама болсын түбегейлі тексерілмейді. Қатал талап, қатаң заң жоқ. Қаншама пайдалы, жөнді жобалар іске қосылып жатыр. Алайда ешқайсысының сұрауы жоқ. «Еңбек» бағдарламасы да соның бір көрінісі. Халықты мал айдағандай солтүстікке көшірді. Енді ары қарай өздерің жайылыңдар дегендей жайбарақат жүр. Бағдарламаның басты мақсаты тұрғындар санын теңестіру емес. Басты мақсат – халықтың әл-ауқатын жақсарту. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген осы. Биліктің тексерісі болмаса, әкімдіктер әлімжеттіктен арылмайды. Қитұрқылық барлық басқармада бар. Оның үстіне мемлекеттік бағдарламамен жаппай көшіру жақсы нәтиже береді деп айта алмаймын. Өйткені барлық адамның қабілеті тең емес. Тіпті солтүстікке көшкендердің үйсіз-күйсіз жүргендері былай тұрсын, кері қайтуға қаражат таппай қиналып отырғандары қаншама? Бұл елдегі көз үйренген жағдайлардың бірі. Үкіметтің құр уәдесіне алданған тұрғындар енді бармақ тістеп отыр. Бұл халықтың беделі онсыз да төмен билікке деген құрметін одан әрі құлдыратады. Сондықтан солтүстікке қоныс аударғаннан шетелге бағыт алған әлдеқайда жайлы болып отыр», – дейді әлеуметтанушы.

2019 жылы бағдарлама аясында көш-қонға 11,6 млрд, оның ішінде мемлекеттік бюджеттен 7,4 млрд теңге бөлінген. Қаражаттың қалыңдығына қарасақ, қоныс аударған тұрғындарды қамтамасыз етуге толық жетуі керек-ті. Алайда солтүстікке орын тепкендердің дені дәл осы қаржы мәселесіне келгенде қысылатын көрінеді.

                           «27 мыңға жан бақтым»

Түркістан облысы Жетісай ауылының тұрғыны Самал Арынбек 2018 жылы бағдарлама бойынша Солтүстік Қазақстан облысының Покровка ауылына қоныс аударған. Айтуынша, үкіметтің «үй береміз, жұмыспен қамтимыз» деген уәдесіне алданып қалған. «Көшіп барған кезде жергілікті мектепке 27 мың теңгеге жұмысқа орналастырды. Өзім жалғызбасты анамын. Үш баламды асырау үшін жұмыс іздеп бас сауғалап келгенімде, маған 30 мыңға жетпейтін жалақы  берді. Бұл тіпті ең төменгі күнкөрістік шектен де аз ақша ғой. Кімге барып басу айтарымды білмедім. Кейін көтерер, ауылға оралсам жұмыс жоқ деп, бір жыл шыдадым. Тіпті уәделі баспанамен де қамтамасыз еткен жоқ. Жалдамалы пәтерде жан бағуға тура келді. Бала-шағамды  асыраймын деп, алып-ұшып келген арманым су сепкендей басылып қалды. Себебі тіпті өзімді асырауға шамам жетпеді. Амалсыздан өз ауылыма қайта оралдым», – дейді Самал.

«Еңбек» бағдарламасымен солтүстікке жол тартқандар тұрақты жұмыспен қамтылуы тиіс. Ал өз кәсібін дөңгелетемін деген қоныс аударушыларға 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант беріледі. Ал Самал Арынбек қаржы сұрағаны үшін жұмысынан қағылғанын айтады: «27 мың теңге айлықтың шайлығымнан артылмайтынын айтып, талай басқармаға бас сұқтым. Алғашында бізге «кәсіп ашқыларың келсе микронесиелер береміз» деген. Тігіншілік бойынша өз ісімді бастағым келіп, қайтарымсыз грантқа ұсыныс тастаймын деп бекіндім. Басында маған тұрақты жұмысым барын айтып, ақша берілмейтінін ескертті. Сол үшін жұмыстан шықтым. Алайда кейін не жұмыс, не грант та жоқ болды», – дейді ол.

      «Жақсы үйді басшылық туысқандарына тапсырған»

Ауылын тастап, шалғайға орын тепкен тұрғын баспана жырымен де талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Алғашында Покровка ауылында бес ай тұрақтап, шарасыздықтан Подгорное ауылына қарай ойысыпты. Оның себебі үміт сыйлар үй табылар деген ой болған. Алайда бұл жерде де құрылысы сапалы баспаналар басшылық туысқандарына таратылып кеткен дейді. «Әкімдік өкілдері жаңадан тұрғызылған көпқабатты тұрғын үйге орналастырды. Анау жаңадан салынған үйлерге ұқсамайды. Пәтердің едендері мен қабырғалары көгерген. Шатырынан су сорғалайды. Басқа пәтер беруін өтінгенде, «барлық пәтер таратылды, осыған да риза бол» деп айтты. Бұл – құрылысы жақсы үйлерді басшылықтың тамыр-таныстары немесе ақшамен қарық қылғандар талап кетіп отыр деген сөз», – дейді Самал Арынбек.

«Еңбек» бағдарламасының алғашында берген уәдесі келген адамды таңдауына сай кәсіпке баулу, істің көзін таппай жүргендерді мамандандырып, жалпы ауданы 70-90 шаршы болатын баспанамен және тұрақты жұмыспен қамту болатын. Ал Самал Арынбек сияқты мұндай уәдеге сеніп барып, алданып қалып, бармақ тістеп, кері қайтқандар аз емес. Тіпті мұңдас отбасылар бір-бірімен селбесіп, қарайласа күн көруге мәжбүр болыпты. «Біз үш келіншек болып пәтер жалдап тұрдық. Үшеумізге де көңіл көншітерлік жағдай жасалған жоқ. Қасымдағы қыздар 40-45 мың теңге жалақы алатын. Біреуінің ауыратын баласы бар. Соның еміне ақша жинаймын деп, танымайтын ортаға көшіп келген. Дегенмен ешқандай үміт ақталмады. Тек уақыт жоғалттық. Біз сияқты сабылып жүргендердің саны аз емес», ­–  дейді ол.

Үш әкім екі президентті де ұятқа қалдырды

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы жоспарын іске асыра алмай отыр. Жобаға сәйкес, 2018-22 жылдары 59 мың отбасын оңтүстіктен солтүстікке көшіру мақсаты алға қойылған. Алайда үш жыл өтсе де, түстіктен теріскейге қоныс аударғандар саны 3000-нан әрі аспай отыр. Керісінше, кері оралғандар саны артып, 10 мың адамды шамалаған. Бағдарлама іске қосылғалы жеті жыл уақыт өтсе де, солтүстіктегі халықтың өсім деңгейі өте төмен деңгейде қалып отыр.

Ресейдің Қырымды аннекциялауынан кейін іске қосылған бұл бағдарлама Қазақстан билігінің өзі ылғи арқа сүйеп келген алып көршіден іш жиып қалғанын байқатқандай болған. Бірақ көшкен жұрттың «барсаң бақыр да жоқ» деп кері қайтуы және Ресей шовинистерінің «Қазақстанға жер сыйладық» деп өзеуреп жүргенін есепке алсаң, не ойларыңды білмейсің. Әйтеуір, көштің кері қайтуы онша жақсы ырым емес.

P.S.: Теріскейден теріс айналған көш туралы сөз болғанда, негізгі сөз Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облысы әкімдеріне бірінші тиеді. Бұл қоңсы отырған үш әкім – Құмар Ақсақалов, Архимед Мұхамбетов, Әбілқайыр Сқақовтардың маңдайынан сипамайтын жағдай. Бұл бастаманың басында тұрған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлі де аттан түсе қоймағанын, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұңғыш президенттің жолын жалғастырам дегенін ескерсек, қазақылануға тиіс, халық саны аз облыстарды басқарып отырған үш көрші әкімнің бір емес, екі президентті бірдей жерге қаратуы емес пе?.. Оның үстіне, екеуі бұрынғы президенттің, біреуі қазіргі президенттің кезінде тағайындалғанын да есепке алмай болмайды… Те

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15:50
Аурухана лезде толып жатыр – Нұр-Сұлтан дәрігерлері үндеу жасады
Сайт әкімшілігі 14:30
Қазақстандықтар қаржы пирамидаларына 21 миллиард теңге салған
Сайт әкімшілігі 12:04
Жаңа оқу жылы онлайн бола ма, офлайн бола ма?!
Сайт әкімшілігі 09:19
Қапшағайда демалысқа уақытша тыйым салынды
Сайт әкімшілігі 09:12
Бес қалада жаңа шектеулер күшіне енді
М.СӘУЛЕБЕК 30.07.2021, 12:14
«Қайтыс болғандардың ешқайсысы екпе алмаған»

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15