Тіл мен жер тағдыры

Ермек МҰҚАНҒАЛИЕВ

09.06.2021, 14:32

954

Дүниежүзіндегі әрбір ел егеменді болу үшін ол ел саяси-экономикалық, рухани жағынан тәуелсіз болуы керек. Егер де осы қағида бойынша алып қарайтын болсақ, біз Қазақстанды қазір толыққанды тәуелсіз ел деп айта алмаймыз. Оның себебі – рухани тәуелсіздіктің негізі болып саналатын қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде өзінің рөлін атқармай отыр. Қазіргі билік Совет Одағы кезіндегідей ісқағаздарын бұрынғыша орыс тілінде жүргізеді, шенеуніктер орыс тілінде ел басқарады. Бірақ та бұл заңсыз, себебі Қазақстан Конституциясында «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылған. Сондықтан қазақ халқы мемлекетқұрушы титулды ұлт ретінде ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуін талап етуге толық құқы бар. Дегенмен қазақ халқы әзірге мұндай талапты билік алдында қоюға оның ұлттық менталитеті жібермей отыр. Себебі Ресейге бірнеше ғасыр отаршылдықта болған кезінде қалыптасқан құлдық санадан әлі толық арылған жоқ.

1991 жылы еліміз егемендігін алды, бірақ саяси билік басында сол бұрынғы метрополияға қызмет еткен шенеуніктер қалған болатын. Олар қоғамымызда авторитарлық саяси жүйе орнатып, адамдарды сол бұрынғы интернационалдық идеологияда тәрбиеледі. Кезінде Германия канцлері Отто Бисмарк «Революцию приготовливают гении, осуществляют фанатики, а плодами пользуются проходимцы» деген екен. Шынын айтқанда, Қазақстанға да соның кері келді. Өткен ғасырдың 90-жылдары Совет Одағы деп аталатын алып империя ыдырай бастағанда, оны сақтап қалуға Назарбаев біраз тер төкті. Қазақстанда сол кезде «Азат» қозғалысы тәуелсіздік пен егемендікті талап етпегенде біздің билік егемендік туралы декларация қабылдап, елдің тәуелсіздігін жариялауы неғайбіл еді.

Енді, міне, еліміздің тәуелсіз мемлекет атанғанына 30 жыл болғандағы жеткен жеріміз осы. Халқымыздың көпшілігінің не істейтін жұмысы, не тұратын үйі жоқ, кедейшіліктің азабын тартып жүр. Оған, керісінше, аздаған топ адамдар аяқастынан шексіз байлыққа ие болып, шалқып өмір сүруде.

Әрине, оның өз еркімен президенттік лауазымды басқа адамға бергені рас, бірақ ол биліктен кеткен жоқ. Сондықтан бұрын жіберген қателіктерін түзеп, ел есінде тұңғыш президент ретінде жақсы атпен қалғысы келсе қазіргі президент Тоқаевқа жер мен тіл проблемасын шешуге көмектесуі керек.

Егер де экс-президенттің шын ниетімен қазақ тілінің тағдырына  жаны ашыған болса, 29 жыл президент болғанда өзі тағайындаған министрлер мен әкімдерден мемлекеттік тілді меңгеріп, ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуді талап етуге толық мүмкіншілігі болды, бірақ ол ондай қадамға бармады. Қайта, керісінше, үш тұғырлы тіл болу керек деп, қазақ тілін ағылшын, орыс тілдерімен бәсекеге салып қойды, сондықтан да елімізде қазақ тіліне қажеттілік болмағандықтан, жастардың оны үйренуге құлықтары болмады. Оның үстіне Конституциямызда «орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылған.

Қазіргі Ресейдің мақсаты – өзінің үстемдігін Совет Одағы кезіндегі аймақтарға қайта орнату. Оған Украина мен Белоруссиядағы болып жатқан оқиғалар толық дәлел бола алады. Олардың бар айыбы – өздерінің елдерінде егеменді мемлекетін құрып, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін дамыту. Егер де олардың патриот ұл-қыздары орыстардың үстемдігіне қарсылық көрсетсе, оларды орыстардың шовинистері «ұлтшыл», «фашист» деп кінә тағады. Ал өздері Ресейде тұратын адамдардың бәрі орыс тілін білуге міндетті деп талап қояды. Бірақ шетелдерде тұратын орыс диаспоралары олардың мемлекеттік тілін білуге міндетті емес деп дау-жанжал шығарады, сонда әділдік кімнің жағында болғаны?! Әңгіменің қысқасы, қазіргі орыс шовинистерінің мақсаты – бұрынғы Совет Одағының құрамында болған елдердің халқын рухани бодандықта ұстау үшін олардың ұлттық тілінің, мәдениетінің дамуына кесел келтіру. Егер де олардың тілі, мәдениеті дамымаса, ұлттық санасы да өспейтінін олар жақсы біледі. Ұлттың ұлттық санасы болмаса, ол ұлт тәуелсіздікті, бостандықты талап етпейтіні белгілі. Сондықтан өзінің ұлттық тілін, егемендігін талап еткен адамдар орыс шовинистеріне «ұлтшыл», «фашист» болып көрінетіні белгілі.

Қазіргі қазақ халқының алдында тұрған басты міндет – егер ұлт ретінде өзінің тәуелсіздігін, мемлекетінің тұтастығын сақтап қалғысы келсе, бірінші кезекте қазақ  халқының болмысын сақтауы керек, ұлттық болмысқа сол ұлттың тілі, ділі, діні жатады.

Қазіргі билік қазақ халқының мүддесін, болашақ тағдырын шын ниетімен ойласа, ертең латын әрпіне көшіп, ісқағаздары қазақ тіліне көшкеннен кейін қазақ тілін білмейтін шенеуніктер қалай жұмыс істейді? Неге олар балаларын, немерелерін орыс мектептерінде оқытады? Әлде бәрі бұрынғыдай орыс тілінде қала береді деп ойлай ма? Олардың бұл мәселе жөнінде бейқам жүрулеріне қарағанда, биліктің бұл жөнінде халықтан жасырған бір құпиясы бар сияқты, әйтпесе шенеуніктер өздерінің болашағын ойламаулары мүмкін емес. Бүгінде тіл проблемасы Қазақстан үшін нөмірі  бірінші  проблемаға айналып отыр, себебі қазақ ұлты орыстілді, қазақтілді болып, болашақта қоғамымыз екі топқа бөлініп кетуі мүмкін, сондықтан тіл проблемасын қазір шешіп алуымыз керек.

Тіл – әрбір халықтың тағдырында шешуші рөл атқарады және сол халықтың бүгіні мен болашағын байланыстырып, оның тұтас ұлт болып қалыптасуының кепілі. Сондықтан жастарымызды ана тілінде оқытып, өзінің туған Отанын қорғайтын, елін сүйетін патриот азамат болып өсуіне күш салуымыз керек. Қазіргі жастарды тіл проблемасы онша толғандырмайтын сияқты, себебі олардың билікпен күресіндегі күн тәртібіне әлеуметтік-материалдық мәселелерді қояды да, рухани тәуелсіздік, тіл проблемасын сөз қылмайды.

 Ресейде қазір «Русский мир» және «Соотечественникий» деген мемлекеттік емес ұйымдар бар, осы ұйымдар арқылы ТМД елдеріндегі орыс тілі мен мәдениетін насихаттау үшін орыс, славян, казак ұйымдары арқылы жылда миллиондаған қаржы құйылып жатыр. Ондағы мақсат – сол елдерде орыс тілін екінші мемлекеттік тіл жасау. Ал егер де сол елдердің мемлекетқұрушы титулды ұлт өкілдері өз мемлекетінде ұлттық тілін мемлекеттік тіл жасауға ұмтылады.

Қазақстанда Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Қазыбек Иса өткен жылы осы кеңестің отырысында мемлекеттік тілдің жолын ашу үшін Конституциядағы 7-баптың 2-тармағын алып тастау жөнінде ұсыныс жасаған болатын, бірақ осы кезге дейін бұл мәселе жөнінде Ұлттық қоғамдық кеңесте сөз болған жоқ, соған қарағанда бұл ұсынысты билік қолдамайтын сияқты.

Назарбаевтың 2025 жылға дейін қазақстандықтардың 90 пайызы мемлекеттік тілде сөйлейтін болады деген уәдесі ел есінде. Сонан бері он жыл өтті, президенттің берген уәдесі  қаншалықты орындалғаны туралы ресми мәлімет жоқ. Бүгінгі күні  елімізде қазақша сөйлейтіндердің басым көпшілігі Совет Одағы кезінде өмірге келгендер де, орысша сөйлейтіндердің басым көпшілігі тәуелсіздік алғаннан кейін өмірге келгендер.

 Қазіргі кезде қазақты қатты толғандыратын мәселенің бірі – жер мәселесі. Оның үстіне қазіргі кезде Ресейдің кейбір Жириновский сияқты шовинист саясаткерлері «Қазақстанның кейбір солтүстік облыстары  даулы жер болып табылады, ол жерлер негізінен Ресейге қосылуы тиіс» деп, әдейі пікір тудыру үшін арандату әрекетіне барып жүр. Олардың сондағы мақсаты Қазақстанды өздерінің ықпалынан шығармау үшін әдейі осындай байбалам жасайды. Біздің билік олардың осындай пиғылын біле тұра, оған қарсы ешқандай шара қолданбайды және наразылық білдірмейді. Қайта оларға орыс шовинистерінің осындай арандатуға барғандары қазақтарды өздеріне бағынышты ұстау үшін пайдалы санайтын сияқты.

Егер Қазақстанда да Украинадағыдай, Белоруссиядағыдай жағдай туа қалса, Ресей ЕуроАЗЭС одағын сылтауратып, өздерінің қарулы күштерін кіргізетіні анық, олар бір кіргеннен кейін қайта шықпайтындары тағы белгілі. Сондықтан Қазақстан билігі бұл мәселені Ресей үкіметінің алдына ресми түрде қойып (жер мәселесін) түпкілікті шешіп алулары керек. Себебі бір-біріне жер проблемасы бар елдер одақтас  болуы мүмкін емес. Алдағы уақытта ондай арандату мақсатында пікір айтатын адамдарды заң жүзінде жауапқа тартуды талап ету қажет. Егер Ресей билігі бұл талапты орындамаса, онда олар осындай пікір айтқандарды қолдайды деген сөз. Ондай жағдайда Қазақстан Ресеймен одақ туралы шарттардан шығатынын мәлімдеуі тиіс. Сондай жағдайда ғана мемлекеттер арасында сенім орнап, әділдік салтанат құратын болады.

Жер мен тіл мәселесі – қазақ халқы үшін ең маңызды мәселе, сондықтан тұңғыш президентіміз Назарбаев пен қазіргі президентіміз Тоқаев осы проблеманы бірігіп тез шешетін болса, оларға халқымыздың сенімі артып, үлкен құрметке ие болатындары анық. Бұл мәселелер еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, егемендігіміздің баянды болуына септігін тигізері сөзсіз. Сондықтан Қазақстан билігі бұл мәселені тез арада қолға алып, оң шешілуіне күш салады деп сенемін.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еңлік АБАҒАН 04.08.2021, 13:22
Қарасай ауданы: Қоймалжың батпақ пен қою шаң
Нұрболат ӘЛДИБЕК 03.08.2021, 11:01
«Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 03.08.2021, 09:25
«Естімейтін үкімет» пен екпеге сенбейтін халық
Елеусіз МҰРАТ 03.08.2021, 09:20
Еріккеннің ермегіне айналған әлеуметтік желіге тәртіп керек
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 14:30
Қазақстандықтар қаржы пирамидаларына 21 миллиард теңге салған
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 12:04
Жаңа оқу жылы онлайн бола ма, офлайн бола ма?!

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58