Тіленшілік кәсіп пе?

Еңлік АРЫҚБАЙ

24.11.2021, 13:20

574

Қала тұрғындары үшін қаланың әр жерінен тіленшіні кездестіру әдетке айналып кеткендей. Оларды алақанын жайып көшеге шығуға не мәжбүрледі? Қажеттілік пе, мүмкін, олар үшін бұл тиімді кәсіп көзі шығар? Адамға сыртқа шығып, алақан жайып, ақша сұрау оңай дүние ме? Күн сайын қайыршыларды көреміз. Базарда, көшеде, вокзалда болсын олар үлкен де, кіші де қалалардың ажырамас бөлігіне айналды. Саны азайғанның орнына қатары толығып келеді. Алматы көшелерінде тіленшілер қалай жанын бағып жүр? Олар кімдер және олардың күн сайынғы «табысы» қандай? Садақа сұрап, алақан жаюға не себеп? Осы сұрақтарға жауап іздеуге тырысып көрдік.         

Базардағы, көп адам жүретін жерлердегі тіленшінің табысына көпшілік таңданыспен қарары сөзсіз. Орта есеппен айына 150-200 мың теңге табатын көрінеді.

– Есімім Роза, – деп бастады сұлу келіншек әңгімесін, – 34 жастамын. Шымкенттің тумасы болғаныммен, Алматыда өмір сүріп жатқаныма жиырма жылдан асты. Туған-туысым, ата-анам бар. Бірақ ешқайсысымен араласпаймын. Сезімнің жетегіне еріп, отбасылы азаматтан сәбилі болдым. Әке-шешем бұл қателігімді кешірмей, үйден қуды. Содан тағдырыма көніп, үш жасар қызымды жетектеп, осы тірлікті кәсіп етіп жүрмін. Тапқаным пәтерақыма, күнкөрісіме жетеді. Өзіммен тағдырлас екі құрбым бар. Бәріміз бірге тұрамыз. Балалы болмай тұрғанымда асханада, мейрамханада ыдыс, еден жуушы болып жұмыс істедім. Кейін балалы болған соң, ол жерден табатын 2-3 мың теңгеге күн көре алмайтынымды түсініп, осы жолды таңдадым. Оның үстіне баланы қарайтын адам жоқ, тәрбиеші алайын десем, оның өзі удай ақша. Тұрақты табыс жоқ. Бірде 5-6 мың, ал кей күні 10-15 мың теңге табамын. Кейде таныстарымды көріп қаламын. Маған емес, қызыма жандары ашып, қолыма жасыл, қызыл ақшаларды қысып кетіп жатады. Болашақта не істейтінімді әзірге ойластырмадым. Қатты қиналып кеттім. Тапқаным күнкөрістен артылмайды. Жақындарыма барып кешірім сұрайын десем, қабылдамайтындарын білемін. Тағдырым осы шығар?! Көнемін де, басқа амал жоқ, қызым үшін өмір сүріп жүрмін.

Осылайша ағынан жарылып әңгімесін айтқан ол көз жасын көл етті. Жүрегіне беріш боп қатқан ауыр тағдыры әдемі бойжеткенді біраз жасқа қартайтыпты. Өкінішті.

Базардан нәпақасын тауып жүрген саудагерлер тіленшілерді бес саусағындай танып, әр әрекетін жаттап та алған. Олар қол жайғандарға бір тиын да татырмайтынын айтады. Себебі он екі мүшесі сау бола тұра, елге алақан жайғандарына қарсы. Тіпті оңай жолмен пайда табуды балаларына да үйретіп қойған. Базар тірлігіне отыз жылдай араласқан ағамыз кейінгі кезде тіленшілердің қатарын қазақтар да толықтырып жүргеніне наразы екенін айтты. Қаракөздердің тірлігі намысына тиген соң, тұрақты жұмыс тауып бергісі-ақ келген. Алайда таңның атысынан күннің батысына дейін тік тұрып жұмыс істеуге құлықсыздар мұндай көмектен бас тартқан.

Сау балаларын мүгедек етіп, пайда тауып жүргендерді естігенде жаға ұстадық. Ақша адамды сонша азғырғанын түсіндік. Бұл кәсіп сыған халқына тым жақын. Олардың табиғаты осыған сұранып тұрғандай. Тепсе темір үзетін азаматтардың әр бұрышта отырып, бір жапырақ қағазға «көмектесіңізші» деп жазып алып, қайыр тілегені ұлтқа сын. Қақаған аязда да, шіліңгір шілдеде де баласын бауырына басып, ел тастаған бақыр тиынды қуып жүрген қаракөздердің бұл қылығы көңілге көлеңке түсіреді.

Базарда қайыршылардың негізгі бөлігі – Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтары. Олардың тегі – люли. Бұл сығандардың шығыс жақтағы бір тармағы. Люли көбінесе Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстан мен Қырғызстанда көшіп-қонып жүреді. Сондай-ақ оларды Ресей мен Ауғанстанда да көптеп кездестіруге болады. Тілдері дом-сығандардан (бұл да бір этникалық топ – авт.) бастау алады деген дерек бар. Қазір олардың диалектісінде тәжік сөздері көп. Содан болар, көбісі люлиді тәжік деп санайды. Алайда олар өздерін «мугат» (арабтың сөзі «муг» – «отқа табынушы», «пұтқа табынушы») немесе «гурбат» (арабтың сөзінен – жалғыздық, жат елдік, тексіздік) деп атайды. Өзбектер «люли» десе, тәжіктер «джуги» (үнді сөзінен – қайыршы, дәруіш) деп те атайды.

Айтпақшы, люлидің заңы бойынша отағасылар түк бітірмейді деуге болады. Ол рас. Отбасыны қайыршылықпен асырау – әйелдердің міндеті.

Жалпы, халықтың тіленшіге деген көзқарасы да әртүрлі. Көбі олардың тіленшілікті кәсіп көзіне айналдырғанын білсе де, жылаған бала, арбаға таңылған қартқа қалай жаның ашымасын? Жандары ашығандықтан, қайыр сұраған жанға 5-10 теңгесін болсын тастап кетуге тырысады.

– Қылмыстық кодексте тіленшілерге қатысты ешқандай жаза қарастырылмаған. Егер өзге елден көшіп келген азаматтар болса, көші-қон полициясына хабарлаймыз. Егер жергілікті тұрғындар болса, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Ары қарайғы әрекетке құзыретіміз жоқ, – дейді ішкі істер бөлімінің қызметкері Ержан Шеңгелбаев.

Осы мақаланы жазу барысында тіленшілермен тілдесу жеткіліксіз болды. Сондықтан тіленшінің тірлігін өз басымнан өткізіп көруге тырыстым. Саябақ аялдамасында өзім қатарлас, 25-30 шамасындағы қыз бен жігітті байқадым. Бойымды ұят пен қорқыныш сезімі биледі. Қастарына баруға бірнеше рет оқталдым. Дәтім жетпеді. Содан ұятты ысырып қоюға тырысып, келе жатқан ерлі-зайыптыларға жақындадым. Жергілікті емес екенімді, қалтамда көк тиын жоқ екенін, қаланың басқа шетіне жету керек екенін айтып, такси не болмаса автобусқа тиын-тебен берулерін сұрадым. Өтінішті барынша аянышты дауыспен айтуға тырыстым. Олар ойланбастан қолыма 500 теңге ұстатты. Рақмет айтып, ары қарай қайыр сұрап көруге тырыстым. Бірнеше мәрте көмек сұрағаннан кейін етің де үйреніп қалғандай бола ма, қалай… Адамдардың соншалықты мейірімді, жақсылық жасағысы келіп тұрғанына таңғалдым. Әрқайсысы қолындағы соңғы тиыны болсын беруге тырысты. Содан бар-жоғы екі жарым сағаттың ішінде 5050 теңге қаражат жинадым. Соңынан ол қаражатты мешітке апарып, қайырымдылық жәшігіне салдым. Соның өзінде өзім үшін қол жайып, қайыр сұрау үшін намыс пен ар-ұятты, өзіңнің кім екеніңді ұмытуың керек екенін түсіндім.

Имам Батыржан Мансұровтың айтуынша, тіленшілік күнә саналады екен. «Исламда қайыр тілеу – жағымсыз іс-әрекеттің бірі. Исламда, негізі, қайыршылыққа рұқсат берілмеген. Мұның тек бір ғана рұқсаты бар. Бір адамның жұмысқа қауқары қалмағанда, әл-қуаты қалмай, зәру қажеттіліктерін қамтамасыз ете алмаған уақытта ғана мүмкіндік берілген. Бұл жағдайда қайыршылық бір табыс көзі емес, зәрулік жағдайындағы шектеулі бір рұқсат. Құранда да қайыршылық туралы адамның адамдық қасиетіне сай келмейтін бір ұстаным ретінде қарастырған. («Бақара» сүресі, 2/273). Алайда қажеттілікке байланысты сұрағанның байлардың малынан белгілі бір ақысы бар екенін айтқан», – деген имам он екі мүшесі сау бола тұра, күні бойы алақан жайып, қайыр тілеу үлкен күнә екенін айтты.  

Хакім Абайдың «Есектің артын жусаң да, мал тап» деген аталық сөзі еріксіз ойға оралады. Қазір мұндай сөзді айтатын, оны құлаққа құятын адам тым сирек. Тегінде, қазақ бала-шағасын, ағайын-туысын қаңғытып, қол жайып, қайыр сұратуды ар-намыс санайтын халық емес пе еді? Тіленшілікті тірлік етіп жүргендер жақыннан қайыр болмаса, намысқа тырысып жұмыс істеп, еңбек етіп, өз күндерін өздері көруге әрекет жасаса қуанар едік. Бәрінің айтар бір ғана жауабы – жұмыс жоқ. Жоқ емес, бар, тек ниет болса. Ал еріншек, жалқау адамға қашанда сылтау табылып тұратынын бәріміз білеміз.

Иә, тағдыр жаза басып сәл қателескеніңді кешірмейді. Жеті рет өлшеп, бір рет кеспесең, құрдымға кеткенің – кеткен.

Тегтер: кәсіп нәсіп еңбек еңбек нарығы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бифат ЕЛТАЕВА 03.12.2021, 11:30
Инстаграмның жетегінде кетпейік
Сайт әкімшілігі 03.12.2021, 10:30
Халыққа бермеудің амалы ма? Зейнетақы жинағын алу: жеткілікті деңгей екі есе өседі
Сайт әкімшілігі 03.12.2021, 08:44
«Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өтуде
Сайт әкімшілігі 02.12.2021, 12:44
Kaspi.kz мобильді ақша аударымына байланысты сұрақтарға жауап береді
Сайт әкімшілігі 01.12.2021, 13:00
Шымкентте жалдамалы пәтерден 22 жасар қыздың мәйіті табылды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 01.12.2021, 09:20
Қазақ-түрік лицейлерінің орнын немен толтырамыз?

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00