Тіліміз қашан егемендік алады?!

Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ

22.04.2021, 11:38

819

Басқасын былай қояйық, біздің ең бірінші егемендігіміз – ол тіл егемендігі. Алайда тәуелсіздік алғалы отыз жыл болса да, тіліміз егемендік алған жоқ. Мемлекеттік тіл екінші сорттағы тілдің күйін кешіп отыр. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. «Қазақ тілінің бүгінгі жағдайына кім кінәлі?»  деген сұрақтың жауабын биліктен іздеуіміз керек. Тәуелсіз ел болғалы 30 жылдың ішінде қаншама қаулы, қарар, үндеулер қабылданды. Тіпті санынан жаңылып қалдық. Сол үндеулердің бәрі құмға сіңген судай жоқ болды. Асықпайық дедік, мақсатымызға мысықтабандап жетейік дедік. Ол да бос сөз болды. Отыз жыл бұрын қазақ тілін керек етпеген елдің игі жақсылары сол тілді қазір де керек етпейді. Себеп біреу-ақ – қазақ тіліне деген қажеттіліктің жоқтығы. Қазақ ұлты атауы бар мемлекет басшылары – президент болсын, әкім, министр болсын Ресейдің Кремлінде отырғандай, бүкіл қазақтың көзін бақырайтып қойып қазақ пен қазақ орысша сөйлескенде ыңғайсыз күйде қаласың. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дегенді билік пен айналасында жүргендердің өзі бұзып отырса, қалған шала қазақ шенеуніктерге қазақ тілінің керегі не?

Билік басындағылардың жүргізген солқылдақ тіл саясатының арқасында қазақ халқының едәуір бөлігі өз ана тілінде оқи да, жаза да алмайтын жағдайға жеткені шындық. Егер қазақ тіліне осындай көзқарас қалыптасса, енді отыз жылдан кейін мұнаймен бірге қазақ тілі де құрып бітпесіне кім кепіл? Мансабы биік, биліктің шыңында отырған қазақ! Ең алдымен ана тіліңді өзің сыйламасаң, кім сыйлайды? Өз тіліңді құрметтемей тұрып, қай бетіңмен өзгелерді қазақ тілін меңгеруге шақырасың?! Алайда халықтың осы бір жанайқайына биліктегілер әлі күнге былқ етер емес. Егер Қазақстанда қазақ тілі өзінің позициясын жоғалта берсе, онда тілдің қуаты әлсіреп, жоққа тән болуы мүмкін. Мұндай жағдайда Қазақстанның Ресейдің бір құрамдас бөлігіне айналып кетуі ғажап емес.

Қазір мемлекеттік тіл мәселесі мемлекеттік қауіпсіздік мәселесіне айналып отыр. Тіл мәселесінің туындауы осы салада айқын да шынайы мемлекеттік саясаттың жүргізілмеуінен. Қазақ тілін дамыту үшін ең қажеттісі – әділетті, халықтың мұң-мұқтажын көре білетін және онымен есептесетін билік жүйесін құру. Қазіргі жағдайда президент қазақ тіліне бет бұрмай, номенклатуралық-бюрократиялық ортадағы мемлекеттік тілдің жағдайы өзгермейді. Қазақ тілінің өз дәрежесіне ие болуы тек мемлекет басшысының қолында. Егер президент «біз енді ана тілімізді аяқасты ете алмаймыз, сондықтан мен қазақ тілінде сөйлеймін» деп кесіп айтса, өзі әлемдік деңгейдегі қарым-қатынаста сол тілде ғана сөйлесе, ұлттық идеямыз, қазақ тілі деп, өз елінің намысын жыртса, онда барлығы да қазақшаға көшеді.

 Бүгінгі мемлекеттік қызметтегі бюрократияның 95 пайызы қазақ ұлтының өкілдері. Егер сол 95 пайыз қазақша сөйлесе, онда бұл проблема шешіледі. Бұл қолдан жасалып отырған проблема. Қазақ тілінің жағдайы «Нұр Отан»  партиясының парламентте топ құрғанымен немесе комитет құру, халыққа үндеу тастау арқылы жақсарып кетпейді, оны бүкіл мемлекет болып, оны мемлекеттік маңызды мәселе ретінде мойындап, жұмыла жұмыс жүргізгенде  ғана  жақсарады. Сондықтан бүгінгі билік әлі күнге дейін босағадан сығалап жүрген қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіне жетпеуінің нақты себебін анықтап, батыл шара қабылдайтын кез жетті. Бүгінде халықтың назары ұлттық құндылыққа ауғанын орысша ойлайтын біздің жалтақ билік айқын түсінуі тиіс.

Тегтер: тіл мемлекеттік тіл мәселе латын әліпбиі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 08:53
Сағынтаев Маминнен Шымбұлақты сұрап жүр
Сайт әкімшілігі 26.07.2021, 14:54
Нұр-Сұлтанда жаңа қаулы күшіне енді
Сайт әкімшілігі 26.07.2021, 09:15
Қазақстанда COVID-19 жұқтырудың 6 637 жағдайы тіркелді
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 23.07.2021, 14:17
Бал татыған балық сорпасына зар болып қалмайық
Еркежан АРЫН 23.07.2021, 11:18
Қазақстан өнімдерінің сапасы стандарт бойынша қалай артып жатыр?
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 23.07.2021, 08:49
Өзге елдер вируспен, ал біз жемқорлықпен күресіп жүрміз

Аңдатпа


  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15
  • «Жас Алаш» Түркістан төрінде
    07.07.2021, 08:59
  • Жайыққа келді «Жас Алаш!»
    28.06.2021, 09:02
  • "Жас Алаштықтар" "Қазақстанның құрметті журналисі" атанды
    24.06.2021, 13:55