Төбелер көп, Мәртөбе жалғыз

М.СӘУЛЕБЕК

09.09.2021, 16:06

702

Үшінші мегаполис мәртебесін алған Шымкентте тарихи, киелі орындар аз емес. Бір ғана Ескі қалашықтың өзінде мегаполистің өткен тарихын танытатын, туристерді тартатын көптеген жобалар жүзеге асырылып жатыр. 2013 жылы шаһар құрамына сансыз баптардың мекені атанған Сайрам елді мекені өтті.

  Тарихшы, археологтардың айтуынша, Шымкент пен Сайрам тарихтың әрқилы кезеңдерінде бір-бірімен тығыз байланыста болған. Сонымен бірге бұл екеуі алма-кезек өңірдегі жетекші қалаға айналып отырған. Мәселен, көне дәуірлерде Шымкент Сайрамсу, Бадам өзені аңғарларындағы ірі қала атанса, орта ғасырларда Сайрам басты шаһарға айналған. Өз тарихында қос қала алғаш рет бір мегаполистің аумағына біріктірілді. Бұл Шымкенттің туристік әлеуетіне үлкен серпін берді.  

  Шымкент қалалық әкімдігінің таратқан мәліметіне қарағанда, үшінші мегаполистің аумағында бүгінде 110 туристік нысан бар. Оның ішінде жеті тарихи нысан республикалық маңызы бар «Қазақстанның киелі жерлері»  жобасына енген. Осындай тарихи әрі туристік нысанның бірі – Мәртөбе кешені.

Ерекше кешен Шымкент қаласындағы Сайрам тұрғын алабы мен Қарамұрт ауылының аралығында орналасқан. Жазба деректерге қарағанда, Мәртөбе өз заманында билеушілердің ордасы болған. Қалашықтың орны VІІ-ХІІ ғасырларға тән.  Биіктігі 6-7 метрді құрайды.  Мәртөбені көбіне «Ұлы дала парламенті» деп те атайды.

Мәртөбе кешені бүгінгі таңда танымал туристік бағыттардың бірі болып отыр. Өткен жылдан бергі аралықта Сайрам тұрғын алабындағы тарихи нысандарды тамашалауға 70 мыңдай турист келген.

Қазақ жерінде ұлы жиындар өткен, маңызды шешімдер қабылданған жерлер, оның ішінде тарихи төбелер аз емес. Ұлы хандар жерленген – Ұлытау,  орда тіккен – Кішітау, хан жайлаған – Қаратау, Хантау. Жәнібек пен Керей хандардың қазақ тайпаларының басын қосып, Қазақ хандығының туын тіккен әйгілі Қозыбасы.  Жоңғар басқыншыларына қарсы қазақ жасақтарының басын қосқан, бірліктің символы саналатын  Ордабасы тауы. Тарихшылардың айтуынша, қазақ жерінде төбелер көп, бірақ Мәртөбе  жалғыз. Дәл осы Мәртөбеде үш би – Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би «Жеті жарғыға»  қол қойып, ал Тәуке хан оларды өз мөрімен бекітті деген аңыз бар.

Осы Мәртөбедегі жиындарда көшпелі қазақ қоғамындағы шаруашылықтан бастап, халықаралық қатынастарға дейінгі мәселелер талқыланған. Рулар мен тайпалардың ақсақалдары даулы істерді қарап, төрелік айтқан. Мәртөбені 1978 жылы «Қазақстан тарихы мен мәдениеті ескерткіштері жинағы» авторларының бірі, белгілі қазақстандық ғалым-археолог Николай Подушкин бастаған Шымкент педагогикалық институтының археологиялық отряды  зерттеді.

Мұнда ХVІІ ғасырда билік басына келген Есім ханнан бастап, ХVІІІ ғасырдағы Тәуке хан тұсына дейін алты Алаштың баласы бас қосып, билер кеңес құрған. «Есім ханның ескі жолы» да осы жерде талқыға түсіп, жарияланған. «Жеті жарғыны» қабылдар сәтте қазақтың атақты би-шешендерінен 12 би, олардың қатарында Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билерден өзге, Жайма, Сасық, Көкім билер да қатысқан. Мәртөбенің «Ұлы дала парламенті» аталуы осыдан.

Былтыр тарихи кешенде келешек ұрпаққа жолдау жазылған капсула қаланды. Келешек ұрпаққа өз жолдауын сот қызметкерлері қалдырды. Онда ХІV-ХV ғасырлардан бастау алған Қазақ елінің заңнама тарихы мен егеменді еліміздің бүгінгі заң үстемдігі баяндалған.

— Мәртөбе – елдігіміздің мәртебесін, бірлігіміздің берекесін айшықтаған жер. Бұл аумақта әйгілі «Ұлы дала парламентінің» келелі жиындары өтіп, «Жеті жарғыға» сүйене отырып, тарихта ізі қалған маңызды шешімдер қабылданған. Қазақ тарихы қашанда бірігу тарихы болғанын білеміз. Ішкі бірлігімізді бекемдеген, елдігіміздің еңсесін көтерген мұндай қасиетті орындар ел жадында мәңгі сақталмақ, – деді осы шараға арнайы қатысқан Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов.

      Мәртөбе кешеніне деген туристердің қызығушылығы жыл санап артып келеді.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еңлік АБАҒАН 15:30
Тағы да саяжайлықтар мәселесі
Сайт әкімшілігі 12:16
«Astana Media Week – 2021» биыл жаңашылдыққа толы болмақ
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 16:07
Экс премьер-министр Серік Ахметов жазасын өтеп шықты
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 12:00
Маминге "Алтын-Емел" және "Шарын" ұлттық саябақтарын дамыту тұжырымдасы таныстырылды
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 11:09
Бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы шықты
Сайт әкімшілігі 20.09.2021, 09:51
Павлодарда киімі үшін оқушыны қорлаған мектеп директоры жазаланды

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39