Тренд, қайда барасың?

Айнұр ӘЛИ

17.08.2021, 15:10

783

Hip Hop, К-pop Q-pop – жастарды еліктіріп әкеткен жанрлардың бірі. Өзге мәдениетке төселіп, бой түзегені былай тұрсын,көзі бояулы, құлағы сырғалы жігіттерді көріп жағамызды ұстадық. Уақытымен көз үйренсе де,күн сайын жаңа дүниелер індеттей жайылуда. Мәселен, соңғы кездері хайп қуып айып болған жастар көбейсе, тренд іздеп, өзінің брендін паш еткісі келетіндер артты. Қазаққа керегі өзгенің қаңсығы ма еді?

Айтпағымыз – жасы, үлкені, есері мен естісі де мәні жоқ дүниеге қызығып, еліктеп бара жатқаны. Осындайда «осы жұрттың басқа тірлігі жоқ па» деген ойға қаласың. Әрине, құмарту әркімде бар. Бірақ жөнсіз желпілдеу қазаққа жат. Тау көтерген Толағайдай сәт санап, жұртшылыққа кең тараған Тик-Ток – әлеуметтік желілердің бірі. Онда түрлі қысқа форматта қалаған видеоны түсіре аласыз. Оның несі әбестік деп отырған боларсыз? Ендеше мына қызықты қараңыз. Жақында таныс жігіттің осы Тик-Токка ессіз есі кеткенін аңғардым. Күнде 2-3 видео жүктемесе құдды зомбидай көзі бақырайып, шашы тік тұра видеоға түсетін жер іздеп сабылып кететіні бар. Сондайда «Айналайын-ау, не істеп жүрсің?» десем, «Тик-Ток қой, бүгін видео жүктемесем, «охватым» төмендеп кетеді» деп жауап қатады.

Бірде сүйкімсіз қылығына куә болғаным тағы бар. Кезекті видеосын трендтен қалмай түсіріп жатса керек. Қалтафонды ыңғайына қарай қойып, аузын жыбырлатып, түрін қозғалта денесін бұлғаңдатады. Сырттай қарасаң есінен адасқан ба дерсіз. Солай біраз уақыты видеоны түсірумен, одан қалды, оны монтаждаумен өтті. «Міне, дайын» деп көрсете бергені сол еді, еріксіз күлкі қысқанын қайтерсіз. Онымен қоймай, осы желіні қолдануға кеңес бергені де бар. Апыр-ау, жұртты сонша еліктірген бұл не ғажап деп, әлгі Тик-Токты смартфоныма жүктедім. Көк экранды аша бергенім сол еді, бүгінгінің трендтері бірінен соң бірі шыға бастады. Соның ең көп тараған түрі екі қытайлық жігіттің видеожазбалары екен.

 Сюжеттің желісі мынадай: көшеде қарапайым киіммен келе жатқан екеуі музыка ырғағымен қолын бір сермейді. Сол кезде әп-әдемі кәстөммен образға ене кетіп, талайын көзбен «сындырады». Не түсіндіңіз? Ештеңе. Оны көрген біздің кей жастарымыз артынша трендке айналдырып алып қайталап жатыр. Сорақысы – сондай дүниені өзіміз төбемізге көтергеніміз. Әлгі қытайлық тиктокерлердің инстаграм парақшасындағы оқырмандардың басым бөлігі қазақстандықтар. Пікірде де қазақ жастарының түрлі сөзі бірінен соң бірі шыға береді. Қарайсың да, тағы басыңды шайқайсың. Білімділер заманында жалындайтұғын жастардың бұл қылығы еріккендік емей, немене?

        Осыдан-ақ қисынсыз, жат, жаман әдеттің адам бойына тез сіңісуі рас екен дерсіз. Жоқ емес, әрине, жастайынан кәсіп ашып, білімділер бәйгесінде топ жарған жастарымыз бар. Олардың осылайша көлеңкеде қалып қоюына әлеуметтік желідегі есерсоқ дүниелер кінәлі. Бірақ солай екен деп, кінәні өзгеге арта салуға тағы болмайды. Жақсы, пайдалысын алып, қажет емесін тізімнен сыза білу керек.

Тегтер: тренд. бренд тик-ток инстаграм

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16:07
Экс премьер-министр Серік Ахметов жазасын өтеп шықты
Сайт әкімшілігі 12:00
Маминге "Алтын-Емел" және "Шарын" ұлттық саябақтарын дамыту тұжырымдасы таныстырылды
Сайт әкімшілігі 11:09
Бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы шықты
Сайт әкімшілігі 09:51
Павлодарда киімі үшін оқушыны қорлаған мектеп директоры жазаланды
Сайт әкімшілігі 09:30
49 адам коронавирус пен пневмониядан қайтыс болды
Сайт әкімшілігі 09:20
Қазақстанда 8 облыс "қызыл" аймақта

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39