Трендке айналған «Бу»

Бифат ЕЛТАЕВА

13.10.2021, 10:18

650

Кейінгі уақытта темекі шегушілердің саны күрт артқанын байқап жүрміз. Бұның себебін денсаулық саласының мамандары электронды темекінің пайда болуымен байланыстырады. Мамандардың айтуынша, электронды темекіні ересектерге қарағанда 13-15 жас аралығындағы жасөспірімдер көп тұтынатынын айтады.

Әсіресе бір рет қолданылатын «вейп» деп аталатын өнімді мектеп оқушыларының қолдануы үйреншікті әдетке айналып кеткен. Мұны ата-аналардың бірі білсе, бірі білмес. Себебі кейбір ата-аналар бұл затты балаларының қолынан көрсе де, сырт пішіні әдемі қаламсапқа ұқсас зат болғандықтан, аса мән бермегендерін әрі мектеп оқушыларының үйір болғанына қатты алаңдап отырғандарын айтады. Осындай затпен әуестеніп жүрген мектеп оқушыларынан сұрастырғанымызда: «Бұл жай ғана бу шығаратын  бір реттік электронды темекі. Дәмі де, иісі де күшті. Әсіресе бізге вейптің құлпынай, банан секілді дәмдері ұнайды. Кейде ақша болмаған жағдайда он шақты бала 2500 теңгеге сатып алып, кезекпен шегеміз. Темекіге қарағанда зияны да жоқ», – дейді қымсынбастан.

    Ал бұған денсаулық саласының мамандары не дейді? Шынында да, оқушылардың қаймықпай шегіп жүрген электронды темекілер зиянсыз ба? Бұл туралы нарколог-дәрігер Сәбина Қалжанқызы электронды темекі жай темекіге қарағанда өте қауіпті екенін айтады.

— Қазір заман ағымына қарай электронды темекілердің түр-түрі пайда болып жатыр. Көпшіліктің бұлай қате ойлауына айкостың темекіні қойдырады деген қате түсінігі бастамашы болған секілді. Бірақ электронды темекі, вейп, айкос секілді бу шығаратын өнімдер темекіге қарағанда тым қауіпті екенін көбісі біле бермейді. Мәселен, электронды темекінің құрамында глицерин, прополингликоль, никотин, дәм беруші ароматизаторлар мен бояулардан құралған химиялық сұйықтықтар бар. Глицерин мен прополингликоль адамның тыныс алу жүйелерін зақымдап, өкпенің қатерлі ісігі, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, демікпе, қанайналым жүйесі ауруларын: жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертония, қан тамыры ауруларын тудырады, сондай-ақ ағзаның инфекциямен күресу қабілетін төмендетіп, иммундық жүйеге кері әсер етеді. Ал никотиннің денсаулыққа зиян екені бесенеден белгілі. Тіпті электронды темекі жүйке жүйесін әлсіретіп, адам ашушаңдыққа бейім болады. Сол себепті электронды темекілерді балалар мен жасөспірімдердің тұтынуына жол бермеу керек. Сондай-ақ балалардың жанында шегуге болмайтынын ересектер ескерсе екен, – дейді дәрігер Сәбина Қалжанқызы.

 Жасөспірімдердің электронды темекіге әуестігін Қазақстан ата-аналар одағының өкілі, қоғам белсендісі Бағила Балтабаева денсаулық сақтау министрлігі мен білім және ғылым министрлігі жасөспірімдерге қатысты керексіз дүниелерден гөрі пайдалы жұмыс жүргізілмейтінін айтады.

— Жалпы, қай саланы алсақ та, кейінгі болып жатқан жағдайлардың барлығы өте үрейлі. Ал енді соның ішінде балаларға қатысты мәселе өте күрделі. Ғаламтордың пайдасынан зияны басым болып тұрған заманда балаларымызға өзге елдің, әсіресе Еуропа мен батыстың  теріс дүниелері демде жетіп, соларға еліктейміз деп, құрдымға кетіп бара жатқан қайран ұрпақты көзбен көріп қиналамын. Сенген ұрпағымыздың түрі осылай құрдымға кете беретін болса, болашақ не болмақ? Сан түрлі зиян дүниенің ішінде 18-ден жоғары жастар тұрмақ,  мектеп қабырғасындағы бүлдіршіндеріміздің әуестеніп әлден құмар болып жатқан электронды темекілер бар. Бұл вейпинг деп аталатын заттан еш жақсылық күтудің қажеті жоқ. Өз басым электронды темекіні жас ұрпақты, жалпы, халықты улаған үлкен дерт дер едім.  Әрі өсіп келе жатқан өрімдей жастарымыздың, болашақ ұрпақтың денсаулықтарына балта шабу деп есептеймін.

    Неге үкімет тарапынан, соның ішінде денсаулық сақтау министрлігі дабыл қағып қолға алмайды бұл мәселені? Осы күнге дейін белсенді түрде жай темекі мен электронды темекіге қарсы жастар арасында  жүріп жатқан қарқынды үгіт-насихат жұмыстарды өз басым әлі көрмедім. Неге білім министрлігі бүкіл мемлекеттік мектептердің қабырғасында оқып жүрген жеткіншектерімізге дәл осы жай темекі болсын, электронды темекі болсын оның қаншалықты зиян екенін сынып сағаттарын өткізіп, болмаса тренинг өткізіп, балаларға түсіндіру жұмысын жасап, қатаймаған жас сананың көзін ашпайды?

Есесіне ҚР халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы кодексінің  92-бабының 2-тармағы бойынша он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастарға репродуктивтік және психикалық денсаулықты сақтау бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсыну ерекшеліктері деп, кішкентай балаларымыздың жыныс мүшесі мен оның қалай жұмыс істейтінін түсіндіретін тренингтер өткізіп, көздерін сол салада ашу жұмысы жүріп жатыр. Күні кеше бұл жайында ата-аналар осындай мәселелерге наразы болып, видео түсіріп, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.

     Шынында, осы дүние енді біздің менталитеттің ұрпағына керек пе?  Ал электронды темекіге тәуелді болып қалған жас жеткіншектеріміздің саны аз емес екенін былай-ақ байқап отырмыз. Біреуі ашық шегіп жүрсе, қалғаны жасырын шегіп жүр. Тіпті мектеп қабырғасында, сынып ішінде тығылып шегеді дегенді де естіп жатырмын, өз ортамдағы оқушылардан сұрастырып… Бұл  жасөспірімдер арасында өздерінше бір абырой, мақтаныш сияқты. Темекі шексе, қатарластарынан мансабы биіктеу болатындай. Бірақ темекі шегудің басы солай «жай көрейін» деп басталып, аяғы тәуелділікке ұласып, уланып ауруханадан бір-ақ шығып жатқаны қаншама, – дейді қоғам белсендісі.

Жалпы электронды темекіден бөлек жай темекінің өзіне тосқауылды мықтылап қою керек секілді. Әзірге бұған тосқауыл тек 18 жастан аспаған балаларға сатылмайды дегенімен әлі де нақты жұмыс жасалынбай жатқан секілді.

                                                                                     

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұрай РАХЫМ 22.10.2021, 19:23
Қуатты өңірлерді дамытудың міндеті айқын
Сайт әкімшілігі 22.10.2021, 19:16
QAZFORUM-2021 басталды
Сайт әкімшілігі 22.10.2021, 09:08
Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев
Еңлік АРЫҚБАЙ 21.10.2021, 15:00
Тегің қазақ па?
Еңлік АБАҒАН 21.10.2021, 13:27
Ана мен бала өліміне кім кінәлі?
Сайт әкімшілігі 21.10.2021, 10:50
Nur Otan сайлауалды бағдарламасының 24,8% орындалып үлгерді

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31