Тұңғыш ғарышкер Тоқтарды неге табандап таптаймыз?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

19.04.2021, 15:29

13104

       Тоқтар Әубәкіровпен кездесіп, дидарласу бала кездегі арман еді. Сол мақсатыма 1997 жылы «Хабар» агенттігінде тілші болып жүргенде қол жеткіздім. Ол тұста тұңғыш ғарышкер президенттің аэроғарыш жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарды. Онымен телефонмен тілдесу, жолығу тіптен қиынға соқпады. Ақжарқын ағамыз  кездесу күнін белгілеп, алдымен  кеңесіп алуға шақырды. Ғарышкердің алдына ізденісімді тереңдетіп, білімімді толықтырып, әбден сайланып бардым. Алдын ала сезгенімдей, осылай қамданғаным абырой болар ма, жүздесуге кірген күні ол бірден маған: «Әзірлеген сауалдарыңызды оқыңыз!» – деп бұйырды. Мен қамшы салдырмай, ғарыш саласының қатпар-қатпар проблемасы жайлы жиырмаға жуық сауалымды бірінен соң бірін іркіліссіз зулаттым. Кенет батыр ағаның жүзінен күн ойнағандай, бет әлпеті шырайланып, сауалдарыма дән риза болып, сұхбат беруге келісімін берді.

         Тоқтар Әубәкіров сол кезде қалт айтпаған екен. Қанша дегенмен ғарыш ғылымын игеріп, аэроғарыш саласының майын ішкен маман  емес пе?! Сол сұхбатта ол еліміздегі  жолаушылар ұшақтарының тозығы жетіп қалғанын, жақын арада әуе рейстерін жаңартпаса ұшақ апаттары орын алатынын,  сондай-ақ қазақ жастарын техника саласы ғылымына көптеп тартуға күш салу керектігіне баса назар аударып, ескерткен еді. Міне, ғарышкер тілге тиек еткен проблемаларға  дер кезінде құлақ аспағандықтан, енді етігімізден су кешіп отырған жайымыз бар. Ел мен жердің мүддесін көздейтін Әубәкіров қазір қоғамнан алыстап кеткендей. Оны ысыртқан өзге емес, өзіміз. Біреуге өзі, біреуге сөзі жақпайдының кері келген бе, тәйірі?!  Бірақ бір анығы...

Тоқтар Әубәкіров қазақ үшін жалғыз. Оның халқының алдында ары таза, абыройы асқақ, адамға  қажет адалдықтың  үлгісі  ұшқыштың бойында тұнып тұр. Задында, ол Қазақ елі үшін  ұлы. Келешекте де осылай болып қалады. Себебі тұңғыштарды тарихтан ешкім сызып тастай алмайды. Жылнамадан жылыстатса да, бәрібір жүректерде сақталады. Орайы келгенде айта кеткен жөн, журналистерге берген кезекті бір  сұхбатында батыр ағамыз былай деген еді: «Үшінші ретінде президент Назарбаев мені жеке қабылдауына шақырды. «Тоқтар, халқымыз бұл күнді 30 жыл күтті. Әзір қолымызда тұрған ғарыштық технологияның барлығы біраз уақыттан кейін ешкімге керексіз күйінде қалады. Ғарышқа халқың үшін ұш!» – деді. Келістім. Барлығының түбінде қазақтың намысы жатты».

Ақиқатында, халқының қамын жеген, елінің намысы үшін шыбын жанын қиюға бас тіккен қаhармандар мәңгі жасайды. Тоқтар ондай емес деп ешкім айтпас. «Отан қандай болса да, ол – ана», – деп қажымай айтып келеді. Ол «18 миллион халқы бар қазақ космосты бағындырды!» деген бір ауыз сөзбен әлемді шарлатқан жан. Жасыратыны жоқ, Тоқтарға дейін  ғарышкерлік біз үшін қол жетпейтін, алабөтен құр  қиялдаудан аспайтын ой-арман еді. Гагаринді пір тұтып, ұшқыш болуды көксеген қазақ балалары  Тоқтардың ғарыш кеңістігіне жол салған ерлігінен соң,  өз қандасына еліктей бастады. Қазіргі өскелең ұрпақтың бойында ұлттық рухтың нышаны жоқ, отансүйгіш қасиеттен ада. Ортамызда жүрген бейбіт күннің батырының тәлімін әр бала естуге әуес. Жасөспірім үшін  тау тұлға бейнесінің өзі тұнып тұрған тәрбие емес пе?

Қолда бар алтынның бағасын білмей  жүрген жайымыз бар. «Ұлттық брендіміз» – Әубәкіровтің қадірін неге жете түсінбейміз? Бүгінде қоғамнан алыстап кеткен  тұңғыш ғарышкер жайлы жаңсақ  ойға шомудың өзі артық. Бір кездері сенсация қуып, оқырман жинауды дағдыға айналдырған қайсыбір жазғыштар шімірікпестен «Әубәкіров броконьер» деп жала жапты. Бұдан кімнің ұпайы түгенделді?  Олар Отанға қандай пайда тигізді? Әлде сол «батыл» айтқыштар үшін Әубәкіровтің ерлігі ескірді ме? Бұлай деуге біздің тіліміз тұтығып,  қаламымыз мұқалады. Өйткені ол қазақ үшін  қайткенде де  қайталанбайтын  алғашқы.

«Тоқтар Әубәкіров – Кеңестер Одағының және Қазақстанның батыры. Ең қуатты кеңестік 50 әскери ұшақтың тұсауын кескен әйгілі сынақшы-ұшқыш. Әскери авиациядағы қомақты жетістігі үшін оның есімі Гиннесстің рекордтар кітабына жазылып, дүниежүзілік авиация мұражайына енген». Атан түйенің салмағындай даңққа ие тұңғыш ғарышкердің сұлу да сымбатты келбеті кескінделген еңселі ескерткішті ел аумағын айтпағанда, туған өлкесі  Қарағандыдан қанша шарласаңыз да таппайсыз. Одан қалса, кеншілер шаһарында жұрттың жадын жаңылдыратын Кислородный переулок, Кирпичная, Охотская, Моторная секілді атауы құлаққа түрпідей тиетін көшелерді тізбектей берсең шегі жоқ. Билік бастама көтеріп, осылардың бірін  Оңғарбайұлына қиса, кімді кемітіп, неден ұтыламыз?

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ 08:53
Сағынтаев Маминнен Шымбұлақты сұрап жүр
Сайт әкімшілігі 26.07.2021, 14:54
Нұр-Сұлтанда жаңа қаулы күшіне енді
Сайт әкімшілігі 26.07.2021, 09:15
Қазақстанда COVID-19 жұқтырудың 6 637 жағдайы тіркелді
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 23.07.2021, 14:17
Бал татыған балық сорпасына зар болып қалмайық
Еркежан АРЫН 23.07.2021, 11:18
Қазақстан өнімдерінің сапасы стандарт бойынша қалай артып жатыр?
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 23.07.2021, 08:49
Өзге елдер вируспен, ал біз жемқорлықпен күресіп жүрміз

Аңдатпа


  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15
  • «Жас Алаш» Түркістан төрінде
    07.07.2021, 08:59
  • Жайыққа келді «Жас Алаш!»
    28.06.2021, 09:02
  • "Жас Алаштықтар" "Қазақстанның құрметті журналисі" атанды
    24.06.2021, 13:55