Туризм тұралап тұр

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

26.05.2021, 09:00

2614

Осыдан бір апта бұрын ресейлік журналист, блогер Юрий Дудьтың Алматыға келіп, табиғат аясында қазақстандық рэп-группа «Ирина Кайратовнадан» сұхбат алғаны ғаламторда қызу талқыланды. Блогердің YouTube-тағы арнасына шыққан шығарылым 7 миллионнан астам қаралым жинады. Жастар арасында танымал, ал аға буын елей бермейтін бұл топты кейбір қазақстандықтардың өзі де осы сұхбаттан кейін ғана тани бастады. Бірақ айтпағымыз ол емес, қанша адам болса, сонша пікір болатынына сәйкес, жұртшылық арасында «Қазақстандағы туризм комитетінің жұмысын ондағылар үшін Дудь жасап берді» деген сындар айтылды. Өйткені Алматы облысындағы Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалы сияқты табиғаттың сұлу жерлерін осы шығарылымнан кейін бірақ-ақ біліп жатқандарын жазғандар бар. Сонда, үкімет осы уақытқа дейін туризм саласын дамытуды дұрыс жолға қоя алмай келе ме?

         Ел экономикасын жандандыруға айтарлықтай үлес қоса алатын бұл саланы дамытуға, оны жаңа сатыға көтеруге мемлекеттік бюджеттен қаражат  бөлінеді. Үкімет дайындап берген түрлі бағдарламаларға жыл сайын миллиондап ақша салынады. Мысалы, 2025 жылға дейін отандық туризмді дамыту үшін 163,7 млрд теңге бөлінбекші. Бұл туралы мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ғабидулла Әбдірахымов ақпан айында ведомствоның алқалы отырысында мәлімдеген. Оған дейін де, 2011-15 жылдары маркетингтік іс-шараларға 1,3 миллиард теңге бөлінген. Шетелдік туристердің Қазақстанға келуге деген қызығушылығын арттыру үшін бейнероликтер жасауға 2018 жылдан бастап, 2020 жыл ішінде 170,6 млн теңге жұмсалған. Бұл жұмыс ішкі және сыртқы нарықта Қазақстанның имиджін жасау үшін 2017 жылы құрылған мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ-ның міндетіне кірген екен. Компания ол туралы есебін де берген, аталған роликтер  халықаралық арналардан көрсетілгенін де айтқан. Бірақ бар мәселе тек насихаттау жұмыстарында ғана ма?

Бірнеше елді аралап, білгенімен бөлісіп, туристерді шетелдермен таныстырып жүрген, ғаламторда көпшілік танитын, 67 мыңнан аса жазылушысы бар, жиһанкез блогер Динара Болат: «Биліктегілер шетелден блогерлер мен фотографтар шақырып, елдегі табиғи көрнекі орындарды насихаттап жүргенін көрдім. Бірақ бізде олардың бар екенін насихаттамас бұрын, қолжетімді қонақүй, жол бойындағы таза дәретхана, панорамалық алаңдар, кемпинг үшін орындар, еш кедергісіз түзу жол мәселелері шешілуі керек. Меніңше, шетелден турист келуі үшін насихат жетіп жатыр, бірақ бір туристің өзі келіп, елімізді көргеннен кейін өз ойымен еліне барып айналасындағы адамдармен бөліседі. Сондай кезде туристің бір ғана теріс пікірі оның ар жағындағы 10-20 адамды біздің елге келгізбей қоюы мүмкін», – дейді.

Рас, көздің жауын алатын тамаша табиғатымыз бар. Туристерді тамсандыратындай тарихи жерлер де бар. Алайда бірнеше жыл бұрын «елдегі сервис, инфрақұрылым нашар» деген сындар қалай айтылды, әлі де солай. Жолды жөндеуге талайдан бері қыруар ақша бөлініп келе жатқаны баршамызға аян. Дәретхана жасау үшін 2019 жылы 23 миллион теңгені қия салғанбыз. Алайда нәтиже көңіл көншіте қоймайды. Дарақылық па дерсің. Мәселен, туризм үшін ең ыңғайлы, үздік елдердің биылғы рейтингісінде Қазақстан ең соңғы орындардың біріне түсіп кеткен, 78 елдің ішінде 76-орын алыпты. Көрші Өзбекстан мемлекеті 74-орынмен бізден біртабан алға шығып отыр. Ресей 51-орында. Бұл көршілерімізге деген көреалмаушылық емес, қайткенде де бәсеке болуы тиіс. Бізді алға жетелейтін де сол. Ал рейтингте топ жарғандардың ішінде Бразилия, Италия, Испания, Грекия, Таиланд елдері бар. Ол аздай, былтыр пандемия кезінде елімізге аяқ басатын туристердің қатары 3,6 есеге, яғни 1,8 млн адамға азайған.

         Жиһанкез блогер Динара Болат бізде туризмнің дамуы үшін қарапайым инфрақұрылымның өзі жасалмағанын айтады. «Қазақстанда туризм дамыған деп айта алмаймыз. Себебі әлі де қолға алатын, жөндеу керек нәрселер көп. Бізде қарапайым жолдың өзі нашар, тарихи ғимараттар мен табиғи көріністер бір-бірінен алыс жатыр, ал авиабилеттер қымбат. Көрші Өзбекстанның пойызымен салыстыратын болсақ, біздің пойыздағы жағдай өте нашар. Бұл қарапайым ғана дүниелер. Ал инфрақұрылым мәселесінің негізгі сатылары шешілмей жатқанда туризм туралы айту ерте сияқты», – дейді.

Тегтер: туризм экономика үкімет қаражат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 24.09.2021, 19:47
Байбек: Nur Otan-ның сайлауалды уәделері өңірлерде 14%-ке іске асырылды
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 24.09.2021, 13:06
Баланың мұңын кім тыңдайды?
Жарлы БАЙҒАНИН 24.09.2021, 10:08
Солтүстік қазақылана бастады
Әдина ЕРҚАРАЕВА 23.09.2021, 17:30
Құл ететін құмар ойындар
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 15:40
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін...
Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ 22.09.2021, 14:20
Аралас мектептер азаюдың орнына артып кетті. Неге?

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39